Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3503 0 пікір 21 Қаңтар, 2014 сағат 04:33

Қымызың – неміске, кәмпитің – кәріске. Таратып берер нең қалды, қазақ?

Қазақ кәмпитін кәрістер иемденді. Қазақ тағы бір брендінен айырылды.

Қазақ кәмпитін кәрістер иемденді. Қазақ тағы бір брендінен айырылды.

Мақтанышымызға айналған  «Рахат» акционерлік қоғамының кәмпиттері  біртіндеп атынан да, дәмінен де айырылмақ.  Ресей, Қытай, Ауғанстан, Маңғолия сынды  көптеген алыс-жақын шет елдерге қазақ атауларымен шығып жүрген кондитерлік өнімдер енді кәріс атпен аталуы мүмкін.  Себебі, 2013 жылдың  соңында Оңтүстік Кореялық  «LOTTE Confectionery» компаниясы мемлекеттік органдармен барлық қажетті келісімдерге қол жеткізе отырып, «Рахат» АҚ-ның айналымдағы акцияларының 76,25 %-ын иеленді. Мақсатына жету жолында  кәрістер 167 миллион АҚШ долларын құйған. Korea IT Times атап өткендей, Lotte Confectionery компаниясы  қазіргі жетістігімен тоқтамақ  емес. Қаңтардың соңына дейін «Рахат» акционерлік  қоғамына 100 пайыз қожалық етуге тырысып жатыр. Сөйтіп қалған 23,75% жай акцияларын сатып алмақ.  Бір акцияның    құны 6690 теңге. Ал  бүгінгі күнге дейін сатылып бітуі тиіс  23, 75 пайызың    855 133 акция екен. Компанияның өкілдері ашып айтпағанмен, дереккөз бойынша алдағы уақытта кәрістер жаңа технология әкелмек. Бірақ осыдан бірер жыл бұрын ғана «Рахаттың» басшылары  неміс технологияларын орнатқан еді. Осы уақытқа дейін фабрикада үш жарым мың адам жұмыс жасап келсе, алдағы уақытта оларға да тықыр таянауы мүмкін. Себебі, жаңа технология  орнатуды  сылтау еткен жаңа қожайын өз елінің мамандарын тартатыны сөзсіз. Lotte Confectionery 1967 жылы Сеулде құрылған Lotte Group құрамында. Оның Сеул, Тэджон, Янсан, Пхентхэк және Сихынде фабрикалары бар. Компания өнімдердің 200-ден аса түрін шығарып, әлемнің  70-тен астам еліне өнім ұсынады. Әлемдегі ірі сағыз өндірушілердің үшіншісі.

      Қазақстанда кондитерлік өнім өндірумен 200-ден астам кәсіпорын айналысса, олардың арасында сапалы тауар шығаратыны саусақпен санарлық. Нарыққа «Рахат» АҚ, «Қарағанды кәмпиттері» АҚ, «Баян сұлу» АҚ, Ақтөбе кондитерлік фабрикасы, «Волна» кондитерлік фабрикасы ықпал етеді. Бірақ бренд атанған «Рахаттың» болашақта бұл көшке ілесетіні күмәнді. Жалпы 60 жылдан астам уақыт тарихы бар,  соңғы 20 жылда нарықтың барлық талабына сай  аяғынан тік тұрған компанияның сатылуы түсініксіз. Оның қаржылық  қиындықтары  жоқ. Өндіріс қуаты екі жерде, Алматы  мен Шымкент қалаларында  орналасқан. 2012 жылы фабриканың таза пайдасы 1,997 млрд теңгені құраса, былтыр үшінші тоқсандағы  нақты табысы 717 млн теңгеге жеткен. Жылдың соңында өнімдердің сатылымы  20,6 млрд теңгеден асып түсті. Үлкен жетістікке жетіп отырған компания 3 600 000 акция шығарғанымен, оның  2 744  867-сі, яғни  76,25 пайызы  мәңгілікке сатылып кетті. 

      Кәмпитті тамақ деп санамасақ та,  қонақ   келгенде  дастарқанымызда ең құрығанда бір уыс кәмпиттің тұрғанын жөн көретініміз рас. Кәмпит-пішінәйіміз жоқ болса, жомарттығымыз көрінбей қалатындай пұшайман күй кешетініміз тағы бар. Ал кәпмит сыртындағы қағаздарда сонау көне дәуірден бері осы уақытқа дейін қазақ еншісіне тиесілі таңбалардың басылуы да  көңілге медеу болған. Енді оның орнына Кореяның дәстүр-тарихынан белгі беретін  суреттерге қарап отырып шәй ішеміз бе? Бұл – билік қайда қарады деген сұраққа келіп тіреліп отыр. Айтпақшы, осы күндері қымызды алмандардың (немістер) патенттеп алғаны туралы жиі айтылып жүр. Олар қазір қымыздан ұсақ ұнтақ жасап ауруханалар мен емханаларда пайдалана бастапты. Қысқасы, қымызың – неміске, кәмпитің –  кәріске кетті. Ураныңды – орыс, мұнайңыды – қытай алды.  Сонда дейміз-ау, былайғы жұртқа таратып берер нең қалды, қазақ?

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371