Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 6875 0 пікір 24 Қаңтар, 2014 сағат 07:48

Жаңабек Жақсығалиев. Тектілік феномені (жалғасы)

(тарихи-этнографиялық пайым)

Көп әйел алушылықтың негізгі сыры неде?

(тарихи-этнографиялық пайым)

Көп әйел алушылықтың негізгі сыры неде?

Көшпелі қазақ қоғамында полигамиялық некеге негіз болған басты себептердің бірі, бәйбіше мүлдем бала көтермесе не ұл тумаса, не аурушаң болса, не күйеуі өліп жесір қалса, т.б. еркек сондай қадамға барған. Мысалы, қазақтың біртуар перзенті Мұстафаның әкесі Шоқай (Шоқмұхаммед) екі әйел алған жан. Алғашқы әйелінен бала болмаған. Кейінгісінен бес бала – екі қыз, үш ұл көрген. Шоқмұхаммед ортаншы ұлы Мұстафаны елу бес жас шамасында сүйген. Мұстафа ағасы Сыздықтан он бес жас кіші. Әлем таныған текті тұлғаның атасы Торғай Сыр өңірінде өте беделді адам болған. Бұл өңірді Қоқан хандығы билеген кезде Торғай датқа дәрежесіне көтерілген. Мұндай мысалдар Қазақ тарихында жеткілікті. Демек, қазақ үшін көп әйел алудың негізгі сыры тектің тамырын үзіп алмай кейінге жалғау аңсарымен тікелей байланысты болса, екіншіден, қазақ жесірін қаңғытпаған ел. Әмеңгерлік салтымен ұрпақ жалғастығын сақтап отырған. Осыған дейін әмеңгерлік ғұрпының сәулелі жақтары да бар екеніне мүлде мән берілген жоқ. Күйеуі өліп, жесір қалған жас әйелге марқұмның жақын туыстарының біреуі әмеңгерлік жолымен үйленуге құқылы саналатын. «Келін ерден кетсе де, елден кетпейді» деген сөз – осы әмеңгерліктің куәлігі. Дұрыстап тереңнен үңілген адамға әмеңгерлік ғұрпының ең бірінші көздейтіні ұрпақ қамы, жетімді жат босағаға телміртпеу. Қазақтың әмеңгерлік салты қара жамылған шаңырақтың өмір талқысының құрбаны болып кетпеуін көздеуден туындағанын дәлелдейді. Әмеңгерлік салты жасы келген, үйлі-баранды, балалы-шағалы әйел жесір қалғанда қолданылмайды, тек жас, әлі де бала туа алатын әйелдерге жүреді (Қалиев С.,Оразаев М., Смайылова М. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. А., 1994. 131-б.).

Осы тұста ерекше назар аударарлық нәрсе әмеңгерлік (левират) ғұрпы ұлтымыздың қаймақтары саналатын талай тарланбоздардың тағдырына да тікелей қатысты. Деректерге жүгінсек, Құнанбай өзінен кейінгі інісі Құтпамбет (Құлмұханбет) қаза болған соң, оның атастырған қалыңдығы Ұлжанмен отасқан. Тарқатып айтсақ, інісі жастай бақилық болып, Ұлжан «қыздай жесір» қалыпты. Құнанбай Күңкеден кейінгі екінші әйелі қылып, текті жердің қызы Ұлжанды тоқалдыққа келіндей алған. Осы некеден Абай дүниеге келген. Кейін Абайдың өзі де інісі Оспанның әйеліне әмеңгерлікпен үйленген.

Көтеріліп отырған мәселені аша түсетін, бұрын көп назар аударылмаған тағы бір тарихи дерек. Қазақтың маңдайына біткен марқасқа ұлдарының бірі Қаныш Сәтбаев – Имантайдың екінші әйелінен туған. Имантай қырық жеті жасқа келгенде екінші рет үйленіп, қазақ тарихындағы текті әулеттердің қатарынан орын алатын атақты Шорман ауылында жесір отырған жас әйел Әлиманы алыпты. Дүниеге Қаныш келгенде Имантай өз болысының биі болған екен. Ол сөзге шешен, қазақтың мақал-мәтелдеріне жетік, ән салып, домбыра тартатын жан болыпты. Академик Ә.Х.Марғұлан Е.А.Бөкетовке жазған хатында: «Қаныштың сыпайылығы, көп білуі әкесінен ауысқан қасиет. Оның әкесі Имантай осы күнгі университетте оқытып жүрген профессорлардың көбін үйрете алар еді. Ол кісі өзінің байтақ білімімен Г.Н.Потанинге де көп көмек көрсеткен» деп айтқан екен. Қаныштанушы Медеу Сәрсекенің деректеріне жүгінсек, Қанекеңнің де екі әйелі болған.

Демек, бірнеше әйел алу салты сол кездегі қыз-келіншектердің мүддесін қорғаудан туындаған. Ұлттық мүдде әйел адамдар бойындағы қызғаныш сезімінен жоғары тұрған. Тоқал алу құбылысын тек нәпсіқұмарлықпен байланыстыру сияқты сыңаржақ көзқарас, мәселенің ішкі мәнін терең түсінуге мүмкіндік бермесі хақ. Мұның астарында құлаққа әбден сіңген «қазақ байыса қатын алады» деген түсініктен шығатын мал-дәулетті шашу емес, көшпелі өмір қажеттілігінен туындаған текті сақтау, ұрпақ қамы, ұлт мүддесі, ел болашағы сияқты ұлы мұраттар жатқаны аңғарылады. Түсінген жанға ұлт ұтылмаған жердегі нәрсенің бәрі ұлықтауға лайық.

 

«Қарт бойында қалаш бар»

Ой орамында мына нәрсе де ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Ғалымдардың пайымдауынша, тұқымның асыл болуының көзге көп байқала бермейтін тағы бір қыры ері мен әйелінің жас алшақтығы. Тектілік феноменінің тағы бір құпиясы: сақарып, егде жасқа жетіп, ақыл-парасаты толысқан, бойынан күш-қайраты қайтпаған бабындағы еркек пен толықсыған жас тоқалдан көп жағдайда кемеңгер ұрпақ туатыны дәлелденген. Мұны дәйектейтін деректер аз емес. Бұған басқа халықтардың тарихында да мысалдар жеткілікті. Қытай халқының ұлы ойшылы Конфуций дүниеге келгенде әкесі 70-тің үстінде, шешесі 17 жаста болған көрінеді. Ата қазақта «қарт бойында қалаш бар» деген мәні терең сөз бар. Мамандардың пікірінше, өзінен гөрі жасырақ әйелмен төсек жаңғырту егде тартқан еркек бойына күш-қуат беріп, оны жасартады екен. Жаһанға танымал жарқын тұлғалардың ата-аналарының арасындағы жас айырмашылығына кезінде кеңес ғалымдарының өзі ерекше назар аударған болатын. Мәселен:

Гендель                                     (әкесі 63, шешесі 34)

Бородин                                    (59, 24)

Гончаров И.А.                            (58, 27)

Бальзак                                      (53, 21)

Лондон                                      (53, 29)

Франклин                                  (51, 39)

Салтыков-Щедрин                      (50, 25)

Софья Ковалевская                    (49, 29)

Герцен А.И.                               (45, 17)

Чайковский П.И.                                  (45, 27)

Шоу                                           (45, 28)

І Петр                                       (43, 19)

Короленко                                 (43, 20)

Шопенгауэр                               (39, 19)

Гете                                           (39, 17)

Эйнштейн                                  (32, 21)

Гоголь                                       (32, 18)

Лобачевский                              (31, 19)

Лермонтов                                 (27, 17) т.б. (Алексахин И., Ткаченко А. «Индекс отца» // Литературная газета. 29 ноября 1972г.) болып жалғаса береді. Өкінішке орай, қазақтан шыққан белгілі тұлғалардың әке-шешесінің жас айырмасына байланысты нақ осындай мәліметтер отандық тарих ғылымында сирек кездеседі. Қазақтың және бір жазылмаған заңы – әйел күйеуден сегіз жас, еркек әйелден жиырма бес жас үлкен болса, қосылуға рұқсат етілмеген. Әрине, әмеңгерлік жолда мұндай некелік ережелер мен шектеулерге қарамайтын жайлар да болған.

Сонымен, соңғы жылдары зерттеушілер көшпелі қазақ өмірінің қажеттілігінен туындаған полигамиялық отбасылық – некелік қатынастың қоғамға әкелген пайдалы, тиімді жақтарын саралауда. Жазушы-публицист Т. Әсемқұлов: «Соғыс негізінен еркектерді жояды, яғни халықтың жыныстық құрамы өзгереді. Көшпенді қоғамда бұл ауытқу полигамия, яғни көп некелік заңы арқылы қалпына келеді. Ұлы әмеңгерлік заңының арқасында қазақ халқы жойылмай аман қалды десек, артық айтқандық болмас» (Әсемқұлов Т. Аштық және соғыс. Қазақ алъманағы. №2 (06), 2010. 227-б.),- деп жазды. Тек көпәйелалушылықтың негізінде ғана қазақ халқы сандық мөлшерін өсіріп жаугершілік, жұт, оба, шешек, мерез, құрт, т.б. жұқпалы кеселдер мен әртүрлі індеттер арқылы ойсырайтын демографиялық шығындардың орнын жауып отырды. Кеңес өкіметі орнағанға дейін негізінен ұлт өсімі «балағынан бала саулатқан» тоқалдар есебінен жүзеге асты. Өйткені, ұшы-қиырына жету үшін құстың қанаты талатын даласы бар Қазақ үшін ұлт өсімі қай кезде де өзекті. Сөзімізге тұздық ретінде тағы бір мысал. Қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен байбақты Сырымның атасы Шолан батырдан Есенбай, Түркеш, Байторы, Дат есімді төрт бала туған. Ел ішінде осы төртеуінің өсіп-өнген әулетін жинақтап «Төрт Шолан» деп те атайды. Осы төрт шоланның Есенбайының Зеріп деген тоқалынан 9 ұл, Даттың Дүрдана деген тоқалынан 9 ұл, Түркештің Кенжеқыз деген тоқалынан 8 ұл туған. «Төрт Шоланды байытқан үш тоқал» деген сөз осыған орай айтылған. Дерек ретінде Даттың балаларын атай кетуге болады. Даттың бәйбішесінен – Адамбай, Атанай, Жомарт туған. Ал, тоқалы Дүрданадан – Сырым (Сырлыбай), Дүйімбай, Жандыбай, Қалдыбай, Базарбай, Қорлыбай, Шегебай, Нұрлыбай, Барлыбай туған (Сейдімбек А. Көрсетілген еңбек. 633-б.). Қысқасы, көшпелі қазақ қоғамында ұлтымыздың демографиялық ахуалын бірнеше әйел алуға мүмкіндігі бар осындай текті тұқымдар шешті. Зерттеушілердің пікірінше қай заманда да демографиялық жағдайды дімкәс ұрпақ пен кедей халықтың үлесінен көтеру, соған сәйкес ұлттың сапасыз ұрпақпен толығуы елді тұйыққа апарып тіреуі мүмкін. Мәселен, Мұхаммед пайғамбар өзінің даналыққа толы бір хадисінде «Өзің аштан өлейін деп отырып, көп балалы болу – күнә» деп қатаң ескерткен. Қалай десек те, дәстүрлі қазақ қоғамындағы текті тұқымдардың тамыр жаюында көп әйел алушылықтың (полигамия) рөлі өте зор және бұл құбылыс жеті атасынан құт үзілмеген бай, қуатты, дүмді әулеттердің тарихымен тікелей байланысты.

Қазақтың ұлы хандарының көбі тоқалдан туғандығын кезінде классик жазушы М.Мағауин жеріне жеткере жазған еді. Полигамиялық некеден ұлттың ұтпаса, ұтылмағандығын саралаған жазушының пайымын теріс түсінгендер оны сын садағына ілді. Ғалым Ш.Ш.Уәлихановтың жазуы бойынша ұлы бабасы Абылай ханның 12 әйелі болған. Осы арулардан әйгілі хан «сабы бір, қабы бөлек» 30 ұл, 40 қыз көрген. Бұл мәліметті 1781 жылы Уәли сұлтанның ІІ Екатерина патшайымға жазған хатындағы «Абылай ханның артында 30 ұл қалдық» деген сөзі бекіте түседі. А.И.Левшиннің деректері бойынша «Кіші жүз ханы Нұралының 16-17 әйелі, оның сыртында 15 көңілдесі (кәнизагы) болған. Некелі, некесіз әйелдері оған 32 ұл, 33 әлде 34 қыз туып берген» екен (Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей. – Алматы, «Санат», 1996. 334-б.).

Ақын Абайдың ата-бабалары да жеті атасынан бақ-дәулет үзілмей ел билеген әділетті, бақуатты болған жандар. Рухани тұрғыдан мықты, ата-тегі жағынан текті бесіктен Абай шыққан. Абайдың атасы Тобықты руының атақты биі Өскенбай Ырғызбайұлының бес әйелі болған екен. «Абай» энциклопедиясында: «Зереден кейінгі төрт тоқалынан Өскенбай тоғыз ұл көрген» деп жазылған. Ал, өз әкесі аға сұлтан Құнанбайдың Күңке, Ұлжан, Айғыз, Нұрғаным атты төрт әйелі болған. Ақын Абайдың өзінің де бірнеше әйелі болғаны белгілі. Бай, саудагер Қорамса ұлдарының ішіндегі Арқа ән өнерінің арғымағы, алаш баласы ардақ тұтқан Ақан серінің бірінші әйелі Бәтима, аз ғана уақыт отасқан жары Ұрқия сұлу, ғашық болған арулары Ақтоты мен Жамал есімдері исі қазаққа белгілі. Деректерге жүгінсек, Біржан Қожағұлұлы, т.б. сал-серілер хақында да осылай айтуға болады. Мысалдарды тәспідей тізе бергеннен мәселенің мәні өзгермейді және келтірілген тарихи деректерге қарсы шығу – тарихи шындыққа қанжар сұғумен бірдей. Полигамиялық некеде болғаны үшін жоғарыда есімдері аталған майталман ұлдарын қазақтың сөккен кезі бар ма?! Демек, ұлт ұтылмаған жердегі нәрсенің бәрі одан төмен тұрады.

 

Полигамия һәм моногамия: тәжірибе мен тағлым

Дәстүрлі қазақ қоғамындағы көпәйелалушылықтың тағы бір сырын, нақ осы мәселені арнайы зерттеген Т.Қ.Бесбаев былай деп түсіндірсе: «...Әйел баласының, еркек кіндікті азаматқа қарағанда, биологиялық заңдылыққа сай өзінің жұбайлық міндетіне ерте салқындап, шау тартатындығын жасырмаған жөн. Сондықтан да ер азамат төсек жаңғыртуға мәжбүр болады. Таңдай қағып, тамсанатындай жаңалық емес, егде тартса да қауқарлы, жыныс жүйесі тегеурінді ер азаматтың кіндігінен «Алпысбай», «Жетпісбай», «Сексенбай» есімді нәрестелер дүниеге келген», орыстың атақты ақыны Николай Гумилев: «Мен білетін бір ғана шындық, ол: нағыз еркек – полигамды (көп әйелді), ал нағыз әйел – моногамды болуға тиіс» - деп жазған. Ал, батыстық ғалым Густав Ли Вонның: «Мұсылмандардың көп әйелмен некелесуі – заңды түрде бір әйелмен некелесіп, жасырын түрде көп әйелмен көңілдес болып жүре беретін еуропалықтардан әлдеқайда артық» (Жолдыбайұлы Қ. Ислам діні көп әйел алуға неліктен рұқсат еткен? 11 қараша, 2011 ж. http://www.muftiyat.kz) деу себебіне де көз жіберген дұрыс.

Алайда, ХХ ғасыр қазақ қоғамындағы отбасылық-некелік қатынастарға түбегейлі өзгерістер әкелді. Патша тақтан құлағаннан кейінгі кезеңде билікке ұмтылған саяси күштер аталған мәселеде әрқайсысы өзінше таңдау жасады. 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынборда өткен Бүкілқазақтық съезде алаш арыстары әйелдерге қатысты «екі әйел алуға бірінші әйелдің келісімімен рұқсат етіледі» деген қаулы қабылдаса, 20-жж. Кеңес Үкіметінің қалыңмал алуды жою, көпәйел алушылыққа, әмеңгерлікке тыйым салу туралы Декреті шықты. Сөйтіп, дәстүрлі қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық институттың негізгі тетіктерін жоюды «біртіндеп және абайлап» жүргізген кеңестік билік – отарлаудың ең төте жолын болашақ некелік қатынастарды бұзудан бастады. Бұл ретте кеңестік моногамиялық некенің шеңберіне сыймай бұлқынған «асау» таланттардың (М.Әуезов, Т.Рысқұлов, М.Тынышбаев, Е.Бекмаханов, Қ.Сәтбаев, Ғ.Мүсірепов, Б.Момышұлы) отбасылық тағдырын еске түсірген жөн.

Жинақтап айтсақ, ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап өмірімізге енген моногамиялық неке уақыт өте көпәйелалушылық туралы түсініктерді көмескілендірумен шектелмей, осы жылдар ішінде еркек – әйелдің ешкіммен бөлісе алмайтын «жеке меншігіне» айналып шыға келді. Сайып келгенде, шаңырақтағы басты тұлға ер-азаматтың беделі бірте-бірте шайқала бастады. Француз ағартушысы Жан-Жак Руссо бұл жайтты былайша қорытқан: «Билікке ұмтылған әйел күйеуінің әміршісіне айналады, ал құлға айналған отағасынан асқан күлкілі де мүсәпір ешкім жоқ». Отбасы билігінен айрылып қалған отағасының мүшкіл халін бірнеше әйелі мен солардан тараған ұрпағының тағдырын құдіретті уысынан шығармаған ата-бабалармен әсте салыстыруға келмейді және аталған моногамиялық неке екі-үш нәрестемен шектелетін қалалық отбасылық өмірде талай нарқасқа еркектің бағын байлағаны ешкімге жасырын емес. Кейбір сарапшылардың пікірінше, шариғатқа қайшы қағидалардың қоғамға енуі аса зор құрбандықтарға әкелуде. Бұған табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы нәтижесінде кәрі қыздар санының артып, қазақ қыздарының өмірлік серіктерін таба алмай қалып жатқандығы, жезөкшеліктің қалыпты жағдайға айналуы, тастанды балалар санының толассыз өсуіне байланысты жетімдер үйінің көбеюі, қаракөздердің басқа ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығып, аралас некенің қоғамға сыналай енуі, ұлт өсімінің тежелуі, т.б. сияқты қазіргі қоғамда өткір тұрған мәселелерді жатқызуға болады.

Оқырман мына нәрсені дұрыс түсінгені жөн. Автор қазіргі заманда да дәл осылай болуы тиіс деген ойдан аулақ. Сөзіміздің негізгі өзегі ол емес. Біздің басты мақсат – дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан полигамиялық некелік қатынастардың көмескі жатқан тұстарына сәуле жүгіртіп, ата дәстүріне ұлттық мүдде тұрғысынан қарап, бабалар тарихын асқақтату. Тарихшы К.Нұрпейісовше айтсақ, кез-келген құбылысты бірыңғай мақтау не даттау ғылыми еңбекке жатпайды, нақтыласақ, қай нәрседе де медальдың күнгейі мен көлеңкесі болады. Кеңес дәуірінде қалың мал, көпәйелалушылық, әмеңгерлік институты біржақты түсіндіріліп, отарлаушылар ұлттық құндылықтардың жағымсыз жағын баса насихаттауға ерекше мән берген еді. Біздіңше, көтеретін жүгі өте ауыр әрі айқыш-ұйқыш пікір-таласын туғызатын, күн өткен сайын шендістіре саралауды қажетсініп келе жатқан күрделі мәселенің екі жағын таразыға тең тартқанда басып тұратын жағы салмақтырақ. Бірақ, қашып құтылуы қиын тарихи шындық сол – қазақ тарихына есімдері алтын әріптермен қашалған алаштың небір айбоз ұлдары мен текті оғландары полигамиялық некенің жемісі. Бұл тұжырым әлдеқашан тарихи деректермен дәлелденген шындық. Бір ғажабы, әуелден қазақтың қанында, ділінде бар ескі салт қазіргі қоғамда оқтын-оқтын көтеріліп, су асты ағыстарындай білінбей, ақырын жылжуда. Олай дейтініміз бүгінгі таңда саяси, бизнес, шығармашылық элитаның халыққа белгілі һәм беделді өкілдерінің арасында қанда бар көне дәстүр қайта жаңғыруда және қазірде күйеуге екінші не үшінші әйел боп тигендерді өз еркінен тыс барды дегенге сену қиын.

 

Ұлттың тектік қоры қалай әлсіреді?

Қазақ хандығын басқарудың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі жүйесінде бұрыннан келе жатқан ру-тайпалық тәртіп берік сақталынды. Бүгінгі күн биігінен қарасақ, жеті сатыдан қаланған Қазақ хандығы құрылымының әр буынының тізгінін ұстаған билікшілердің тектілігі мен мемлекетшілдігі таңқаларлық құбылыс және ел билігін тектілеріне сеніп тапсырған бабалардың даналығы тәнті боларлық. Тектілері мен асылдарын тез және әділ анықтайтын, соған сәйкес лайықты тұлғалар билік баспалдақтарына тез көтерілетін хандық билік құрылымының шын мәнінде көшпенділер өркениетінің құдіреті екеніне шек келтіру қиын.

Оның бер жағындағы бодау заманның өзінде патшаға қасқайып қарсы шыққан Қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтерілістердің көсемдері Сырым, Кенесары, Қаратай, Арынғазы, Исатай, Махамбет, Есет, Қайыпхан, Жанқожа, т.б. елді соңынан ерткен дарабоздардың шыққан тегі жеті атасынан құт үзілмеген хан-сұлтан, би, батырлар әулетінен болып келуі ойланарлық нәрсе. Басқаша айтқанда, мемлекетшіл тұлғалардың қай кезде де текті әулеттен шығатынын және тектіліктің елдік, мемлекеттік, ұлттық мүдделермен ұштасып, қабысып жататынын байқамау мүмкін емес. Олар тек қарақан басының қамын күйттесе қорасындағы малы да, қолындағы билігі де бір өздеріне жетіп артыла-тұғын. Демек, қай кезде де тектілік пен билік бірін-бірі толықтырып тұратын ерекше мәнге ие.

Күні бүгін жатжұртқа «қашып» жатқан ел ұстарларының қылығын көргенде кісілікті, ірілікті, елдікті бәрінен биік қойған кешегі игі-жақсылардың ұрпақтары неге ұсақталып кетті? Қазіргі ел тізгінін ұстаған ірілі-ұсақты шенеуніктер осы биіктен неге көрінбейді, биліктегі ақжағалы ұлықтарымыздың бойындағы тектілік қасиеттер қаншалықты? Неліктен бұрынғы текті билердің орнын қазір жемқор, есер шенеуніктер басты? Белгілі журналист-публицист Н.Жүсіпше айтсақ, оның сырын мынадан іздеген жөн: «Құлдан құл туады. Тектілер кетіп, кектілер қалған заман. Кім көрінгеннің әкім бола беретіні содан» (Жүсіп Н. Біз кімнен кембіз?.(публицистикалық пайым). Алматы: Шартарап, 2001. 135-б.).

Ақиқатын айтсақ, отаршылдық дәуір қазақ халқының генетикалық қорына орасан зор нұқсан келтірген еді. Бұл ойды белгілі тарихшы, академик М.Қозыбаевтың пікірі орнықтыра түседі: «Қазақ қауымы ғасырлар бойы езілген-жаншылған халық. Оның ең асылдары үзбей қырылып келді. Халықтың тұқымдық қоры әлсіреді. Асылдары кетіп, жасылдары (жасықтары – Ж.Ж.) қалып келді» (Қозыбаев М. Көрсетілген еңбек. 190-б.). Сөйтіп, текті болмысты терең тарихы бар халқымыздың ұлттық иммунитеті қатты әлсіреді. Соған қарамастан, қанда бар ұлы қасиет түбегейлі жойылып кетпей, қазақ халқының тағдыры сынға түскен сәтте Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Е.Бекмаханов, Ә.Марғұлан, т.б. тегі асыл тектілерді фәни дүниеге әкелді. ХХ ғасырдың табалдырығын қазақ – аталған алыптар шоғырын алға салып аттаған еді.

Өкініштісі, патша тақтан құлағаннан кейін, отаршылдықтың тізгінін алмастырған Қазақ жеріндегі Кеңес өкіметінің алғашқы қимылдары – ғасырлар сынынан сүрінбей өткен киелі салт-дәстүрімізді одан әрі құртуға бағытталып, текті сақтаудағы тегеурінді тетіктердің тас-талқанын шығарды. Тектіліктің діңгегі рулық тәртіпте жатқанын түсінген отаршыл империя алдымен осы құрылымға соққы беруге асықты. Коммунистік биліктің тектілікті тұқыртып, жермен-жексен еткені сондай бүр жарған бозбала өзінің туған әкесі мен атасынан сырт айналып, ру сұрау мен тектінің тұяғы екенін айтуды ұятқа санады. Отаршыл жүйе өзінің ұлттық құндылықтарын жатсынатын, тіпті оған жиіркене қарайтын тексіз ұрпақ тәрбиелеп шығарды. Пролетариат диктатурасын ту еткен, «бай менен молданы, қойдай қу қамшымен» деп ұрандап, жарлы-жақыбайды дәріптеген міскін қоғамда тектілік хақында қандай әңгіме болуы мүмкін?!

Азаттықты аңсаған алаштың талай айқасқа ұлдары тәуелсіздік үшін күресте оққа байланып, қылышқа туралса, нәубет жылдары талай әулеттер түп-тұяғымен жоғалып кетті. Ашаршылық жылдары туған топырақтан үдере көтеріліп, бейтаныс, бөтен елге босқан қалың қазақтың көшін негізінен текті атаның үмбеттері бастаған-тұғын. «37-нің зұлматы» қазақ оқығандарының ішіндегі ең жүйріктерінің жұлынын үзді. Сөйтіп санмен бірге сапа да кетті. «Бір қолына нан, бір қолына қан» ұстаған Кремль текті ұлттың тамырын түбірімен құрту саясатын жымын білдірмей жүргізіп, қазақ баласының қанын бұзу мен ұрпағын аздыруды алдына мақсат етіп, оны кезең-кезеңімен жалғастыра берді. Мәселен, орыстан әйел алған қазақ жігіттеріне жылы шырай көрсету арқылы аралас некеге саяси мән беріп, оларды нағыз интернационалистер деп дәріптеу үйреншікті дағдыға айналды. А.Сейдімбековтің дерегінше, КСРО кеңістігіндегі ең үлкен алапат һәм ХХ ғасырдың ең үлкен қылмысы – тоталитарлық өктемдікпен екі жүзден астам ұлттың мидай араластырылып жіберілуі еді (Тарақты А. Ауызша тарихнама. // Қазақ. А., 1994. 36-б.). Қарастырылып отырған кезеңде ата-дәстүр әдірәм қалып, тектілік жайына қалып, арақпен уланған ұрпақ өсім берді және бұған Қазақ жерінің атом полигондарының қоқысына айналғанын, тың және тыңайған жерлерді игеру деген сылтаумен жерімізге келімсектердің қаптағанын, т.б. қосыңыз.

 

Тобықтай түйін

Біздің бұл шағын мақаламыз дәстүрлі қазақ қоғамындағы тамырын тереңнен алатын тектілік феноменін тәптіштеп һәм тарқатып жазуды көтермейді. Жоғарыда келтірілген деректер мен дәйектерден ата-бабаларымыздың өз ұрпағының текті де мықты болуын аңсағандығын ұға түскендейміз. Шынында да ұлан-ғайыр даланы ұстап қалатын кейінгі толқын осал болмауға тиісті.

Қай кезде де тектілік қазақ үшін аяулы, қастерлі ұғым және осы бір ұлы қасиеттің табиғатын терең танып-білу тынымсыз, ұзақ ізденістерді қажет етеді. Дәстүрлі ұлттық мәдениетті және оның дүниетанымдық әмбебаптығын зерттеуде, қазақ халқының дүниеге көзқарасын айшықтауда – тектілік феноменіне терең зерттеу жүргізу үлкен маңызға ие.Тектілік туралы толғаныс терең парасатпен, кемел байыптылықпен ортаға салатын мәселе.Тектілік тағылымын терең зерттеп, терең меңгеруіміз қажет. Түйіп айтсақ, жеті ата, құда түсу, қалың мал, әмеңгерлік, полигамия институтының астарында тектілік феномені жатыр. Тектілік ғасырлар бойы жинақталған халықтық тәжірибенің сұрыпталған тұжырымы мен негізгі нәрі.

Қорыта айтқанда, тектілік феномені – қазақтың теңдесі жоқ даналық мектебі. Тектілік қасиет – қазақтың қасиеті. Тектінің тұяғы – қазақтың тұяғы. Тектілік тарихы – қазақтың тарихы. Ақын Сабыр Адайды сәл өзгертіп айтылған «Әр қазақ – менің асылым» деген ұлағатты сөз, «Мәңгілік ел» болуға ұмтылған ұлтымыздың ұстанымы мен ұранына айналып, тектілік феномені тәуелсіздік тұсында кекілі мен тұлымшағы желбіреген жас өскіннің жаңа ұлттық тарихи санасын қалыптастыру мақсатында мемлекеттік деңгейде үздіксіз насихатталуы керек.

(Соңы)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320