Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Билік 1162 0 пікір 25 Шілде, 2024 сағат 16:55

АЭС бойынша референдум: Оң мен терісті халық даусы шешеді

Сурет: e-cis.info

АЭС құрылысы бойынша референдум қазақ елін толғандырып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласының қызметкерлерін марапаттау рәсімінде атом электр станциясының құрылысы туралы: «Экономиканы тұрақты энергиямен қамтамасыз етпей дамыту мүмкін еместігін сіздер жақсы білесіздер. Сондықтан мен атом электр станциясын салу мәселесін пысықтауды тапсырдым. Қазіргі уақытта кеңінен талқыланып, түрлі көзқарастар айтылуда. БАҚ да бұл үдеріске белсене қатысуы тиіс. Шын мәнінде, елде атом энергетикасын дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Оларды дұрыс және тиімді пайдалану маңызды. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешімді халық қабылдайды. Референдум биыл күзде өтеді. Үкімет нақты күнін анықтайды», - деді.

Қазақстанда АЭС құрылысын 2019 жылы Алматы облысында салуға ниетті екені хабарланған болатын. АЭС құрылысына Үлкен кенті таңдалған еді. Бұл жайында 2021 жылдың соңында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев атом станциясын дәл осы ауылда орналастыруға болатынын ресми растады. Осы орайда Сәтқалиев егер қазақстандықтар бұл идеяны қолдамаса, станция салынбайтынын мәлімдеді.

Өткен жылдың 1 қыркүйегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында елімізде АЭС салу туралы мәселені жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынған болатын.

Бұрынғы вице-премьер және қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев АЭС құрылысы бойынша референдум мемлекеттік бюджетке қандай сомаға түсетінін алға тартты. Энергетика министрлігінде сондай-ақ Қазақстанда АЭС-тен басқа не сала алатынын айтты. Қаралып отырған нұсқалардың бірі - американдық мамандар ұсынып отырған шағын модульді реактор. Өткен жылдың қараша айында Энергетика министрлігінің басшысы Қазақстанда АЭС салатын компанияны қашан таңдайтынын айтты.

2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда АЭС салу туралы мәселені жалпыұлттық референдумда қарастыруды ұсынды. Дәл сол жылдың 16 наурызында ҚазТАГ агенттігі жасырын дереккөзге сілтеме жасап, референдум 2024 жылдың жазының соңында немесе күзінде өтуі мүмкін деп хабарлаған болатын. Жобаны қаржыландыру көзі туралы мәселе әлі күнге ашық күйінде қалып отырған жайы бар. Міне тап осы мәселенің басын алу үшін 2024 жылдың ақпан айының басында «Парасат» кәсіпкерлер альянсы АЭС құрылысына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан бөлінген қаражатты пайдалануды ұсынды. 2024 жылдың 27 маусымында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС бойынша референдум 2024 жылдың күзінде өтетінін мәлімдеді.
Сонымен АЭС салу мәселесінің түп тарихына көз жіберетін болсақ, Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі ел тәуелсіздік алғаннан бері үнемі көтеріліп келеді. АЭС салу қажеттілігі туралы алғаш рет 1997 жылы сол кездегі ғылым министрі Владимир Школьник жария түрде айтқан еді. Бұған дейін Қазақстанда АЭС салу мәселесі бірнеше рет қаралған болатын. 1999 және 2006 жылдардағы, сонымен 2014 жылы жобалар қолға алынды. Алғашқы екі жоба техникалық-экономикалық негіздеу сатысына, үшінші жағдайда, яғни, 2014 жылы - жеткізушілердің ұсыныстарын қарауға дейін сараланды. Аталған жобаларда АЭС орналастыру үшін ықтимал орын ретінде Ақтау қаласы, Курчатов қаласы және Балқаш көлінің жағалауындағы Үлкен кенті аталды.

Осыдан 4 жыл бұрын, яғни, 2019 жылғы маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда АЭС құрылысы әзірге жоспарланбағанын, бірақ мұндай жоспарлар пайда болса, мәселе референдум арқылы щешілетіндігін мәлімдеді: «Атом электр станциясының құрылысы әзірге жоспарланбаған. Қажет болса, бұл мәселені халықпен міндетті түрде талқылаймыз. Қажет болса, референдум өткіземіз».

2023 жылғы 31 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына жолдауында АЭС салу қажеттігі туралы мәселені тағы да қозғап, бұл мәселені жалпыұлттық референдум өткізу арқылы шешуді ұсынды:
«АЭС салу немесе салудан бас тарту - бұл біздің еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынамын. Нақты мерзімдер бойынша кейінірек анықтаймыз».

Президент сондай-ақ мәселенің қарама-қайшылығына қарамастан, атом энергетикасын дамыту Қазақстан азаматтарының экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін аса маңызды болып табылатынын атап өтті: «Өздеріңіз білесіздер, елімізде АЭС құрылысының орындылығы туралы түрлі пікірлер бар. Бір жағынан, Қазақстан әлемдегі ең ірі уран өндіруші ретінде өзінің атом генерациясына ие болуы тиіс. Кейбір мамандар шағын реакторлы станциялар құрылысын жақтайды. Екінші жағынан, көптеген азаматтар мен бірқатар сарапшылардың атом станцияларының қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықтары бар».
Тоқаев Семей ядролық полигонының қайғылы мұрасын ескере отырып, жекелеген азаматтардың қауіптенуі түсінікті екенін атап өтті. Оның пікірінше, осы мәселе бойынша қоғамдық тыңдаулар мен жан-жақты кеңінен талқылауды жалғастыру қажет.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) сарапшылары Алматы облысындағы Үлкен алаңы атом станциясын салуға дайын екенін мәлімдеп, Қазақстанның АЭС құрылысына дайындығы мен құзыретінің жоғары деңгейін атап өтті.

«Олар ядролық қалдықтарды сүйемелдеу, салу, пайдалану және одан әрі кәдеге жарату бойынша қауіпсіз технологияларды таңдау бойынша қызметтердің толық кешенін көрсетуге дайын. МАГАТЭ-де атап өткендей, жалпы Үлкен алаңы атом станциясын салуға дайын және жарамды», - деді Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Үлкен ауылының тұрғындары көпшілік тыңдауларда Қазақстандағы АЭС құрылысын қолдады.

2023 жылғы 22 тамызда Үлкенде өткен қоғамдық тыңдауларда тұрғындардың көпшілігі Қазақстандағы АЭС құрылысына қолдау білдірді.

Жалпы, АЭС құрылысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының катализаторы болып, оның тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруы мүмкін.

2023 жылғы 22 қыркүйекте Алматыда «Қазақстандағы АЭС бойынша референдум: жұртшылықтың қатысуы» атты ашық пікірталас өтті. Кездесуге Қазақстандағы АЭС құрылысының жақтаушылары да, қарсыластары да қатысты.

Қазақстанда энергия тапшылығы проблемасы

Қазақстанда энергия тапшылығы проблемасы өзекті болып қалуда. Атом электр станциясын салу осы проблеманы шешіп, өңірлік инфрақұрылым мен экономиканы дамытуға ықпал ете алады.

«KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов 5 наурызда Энергетика министрлігінің алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша өткен брифингте 2023 жылы Қазақстанның электр энергиясын тұтынуы 115,06 млрд кВтс құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 1,9% -ға өскенін хабарлады.

"Сонымен қатар, электр энергиясын өндіру 2022 жылдың деңгейінде қалып, 112,82 млрд кВтс құрады. Өткен жылы ең көп тұтыну көлемі 13 желтоқсанда тіркеліп, 16 626 МВт құрады, бұл 2022 жылғы ең жоғары көрсеткіштен 167 МВт жоғары. Бұл ретте генерация 15 107 МВт құрады, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 96 МВт төмен. Осылайша, 2023 жылы жүктеменің өсуі кезінде Қазақстанның электр станциялары генерациясының төмендеуі байқалады. Тұтыну мен генерациялаудың осы көрсеткіштері кезінде электр қуатының тапшылығы 1 519 МВт құрады, ол Ресей Федерациясынан жоспардан тыс ағындармен жабылды ", - деп хабарлады спикер.

Ол 2024-2030 жылдарға арналған электр қуатының болжамды теңгерімі 2030 жылға қарай 6,2 ГВт-қа дейінгі электр қуатының айтарлықтай тапшылығымен қалыптасатынын қосты. «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры, еңбек сіңірген энергетик, тәуелсіз сарапшы Жақып Хайрушев бүгінгі таңда бұл тапшылықтың көлемі өте әсерлі екенін айтады.

"Қазіргі таңда бізде тапшылық 1,5 мың мегаватты құрайды. Егер бүгін бізде АЭС болса, онда бұл тапшылық жабылатын еді. 1,5 мың - бұл Батыс Қазақстан облысы сияқты Орал қаласы сияқты бес-алты облыс орталығы. Қазіргі уақытта онда тұтыну 250-300 мегаватты құрайды - бұл ең жоғары жүктеме "- Жақып Хайрушев.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2035 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 152,4 миллиард киловатт/сағатқа жетеді, ал жұмыс істеп тұрған станциялар 135 миллиард киловатт/сағатты ғана бере алады. Бұл ретте көптеген ЖЭО ескі және өте тозған күйінде өз мүмкіндіктерінің шегінде бұрыннан жұмыс істейді. Оларды жөндеу мен жаңғырту миллиардтаған бюджеттік теңгеге түседі. Олар қазіргі генерацияны айтарлықтай ұлғайту мәселесін шешпейді.

Енді күзде болатын референдум жақтаушылар мен қарсыларға істің оң мен қарасын шешіп беретін болады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1543
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3329
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6087