Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4788 0 пікір 30 Қаңтар, 2014 сағат 04:33

Амангелді Кеңшілікұлы. Тағдырым, саған не істейін...

1-сурет: ақын Кеңшілік Мырзабеков

2-сурет ақынның ұлы, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы

Ерте көктемде тулап ағатын келте өзендер болады. Қара жердің бетіне тебіндеп көк шыға бастағанда, тебіреніп тасыған өзеннің асау толқындары жеткен жерінің бәрін де суға малады.

Міне, осы кезден бастап дүние жасарып, Табиғат-Ана жаңа жуылған кілемдей құлпырып, тіршілікке жан бітеді.

Нағыз ақындардың өмірі де осы өзендердің мінезін еске түсіреді. Құдіреті күшті Алла-тағала олардың өмірін қысқа қылып жаратса да, пешенесіне бұйырған азғантай ғана ғұмырының ішінде ол ақындар поэзия көшін өгіздей өрге сүйреп, қыруар жұмыс тындырады, әр ізгі жанның көкірегіне жарық сәулесінің ізін қалдырады.

Поэзия – имандылықтың нұрына шомылған Алланың мейірімі. Сондықтан поэзияның жұмбақ сырын сөзбен түсіндіріп беру мүмкін емес. Монтеньнің сөзімен айтсақ: «Поэзия – адамның санасынан да биік құдірет». Ақынды да Алла өзінің бар екенін сездірту үшін жаратқан.

Осыдан жиырма бес жыл бұрын өмірден өткен қазақтың аса көрнекті ақыны, әкем Кеңшілік Мырзабековтың жауһар жырларын қайта бір оқып шыққанымда осындай бір ойдың мұнарына баттым.  

1-сурет: ақын Кеңшілік Мырзабеков

2-сурет ақынның ұлы, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы

Ерте көктемде тулап ағатын келте өзендер болады. Қара жердің бетіне тебіндеп көк шыға бастағанда, тебіреніп тасыған өзеннің асау толқындары жеткен жерінің бәрін де суға малады.

Міне, осы кезден бастап дүние жасарып, Табиғат-Ана жаңа жуылған кілемдей құлпырып, тіршілікке жан бітеді.

Нағыз ақындардың өмірі де осы өзендердің мінезін еске түсіреді. Құдіреті күшті Алла-тағала олардың өмірін қысқа қылып жаратса да, пешенесіне бұйырған азғантай ғана ғұмырының ішінде ол ақындар поэзия көшін өгіздей өрге сүйреп, қыруар жұмыс тындырады, әр ізгі жанның көкірегіне жарық сәулесінің ізін қалдырады.

Поэзия – имандылықтың нұрына шомылған Алланың мейірімі. Сондықтан поэзияның жұмбақ сырын сөзбен түсіндіріп беру мүмкін емес. Монтеньнің сөзімен айтсақ: «Поэзия – адамның санасынан да биік құдірет». Ақынды да Алла өзінің бар екенін сездірту үшін жаратқан.

Осыдан жиырма бес жыл бұрын өмірден өткен қазақтың аса көрнекті ақыны, әкем Кеңшілік Мырзабековтың жауһар жырларын қайта бір оқып шыққанымда осындай бір ойдың мұнарына баттым.  

Әкем дүниеден өткеннен кейін баспасөз бетінде жора-жолдастары, қаламдастары мен сапарластары «Ақынның өмірі тым қысқа болды» деген сыңайдағы әңгімені жиі айтумен келеді. Әрине, бұл сөздердің бәрінің де ақынды ажалға қимағандықтан жүректі жұбату үшін айтылып жатқан әңгімелер екенін жақсы түсінемін. Бірақ, менің ойымша, кез келген адам өзінің ақындық табиғатына тән өлшемнен артық өмір сүре алмайтын сияқты. Кезінде орыстың ұлы ақыны Сергей Есенин «Нағыз ақынға ұзақ өмір сүру жараспайды» деген екен. Ақындық шабытпен, бәлкім бір еркелікпен  айтылса да, осы сөздердің астарында бір үлкен шындық бар. Ұлы өнер үшін өзінің жанын аямай, отқа да, суға да салып, табанымен талай шоқ басып:

Өлімнің бәрі бірдей ме,
Жо, жо, жоқ, оған қарсымын.
Мен өлсем ертең гүлдейді
Тамырым мен менің талшығым, - деп өлімнің өзімен тәжікелесіп, тағдырдың ноқтасын басына салғысы келмей сүйреген ақынның ұзақ өмір сүруі мүмкін бе?

Асылы, дүниеден ерте кеткен ақындардың өлеңдерінде орындалмай кеткен арман аңсары, махаббатымен бірге:
Тәубаңа мені түсірсеңші, Өмір,
Таупиық маған берсеңші!
Тазалығымды түсінсеңші, Өмір,
Сенбесе де ешкім, сен сенші!

деген мағынадағы сәбидің кіршіксіз жүрегіндей тазалығы жатады.

Жалпы, біздің әдебиетімізде «Нағыз ақын өмірді жырлауы керек» деген сипаттағы ғана біржақты ұғым қалыптасқан. Шын мәнісіндегі ақын өмір емес, өлім туралы көбірек толғанады. Өлімді еске түсіру арқылы, өмірдің көзінен жас сорғалатады. Поэзия пайғамбары Абайдың өзі: «Өлсем – орным қара жер, сыз болмай ма» деп тебіренді емес пе? Ал ұлы Мағжан:
Мен де тезірек өлейін,
Әлі жаспын демейін.
Келші өлім, тезірек!
Жан ұшудан тоқтады,
Жынданып қайта соқпады, - деп, неге аласұрды.

Немесе ұлы Байрон:

О, дариға,
О, пейіштің ішінде
Жаның өлмей,
Қалса сүю кешінде,
Рас болса, қауышарсың есен-сау
Тірліктегі жүрек ынтық кісіңе, -
деп өмірден гөрі өлімге неге ынтықты?

Себебі, ақын Құдайдың  кішкентай көрінісі болғандықтан, өлімді жырлау арқылы Тәңірдің елесін еске түсіреді. Ұлы Толстой айтпақшы: «Өмір дегеніміз - өлім». Өмір дегеніміз – пендешілік тағдырыңа мойынұсыну немесе өзіңнің әлсіздігіңді сезіну ғана.

Ал ақын өмірдің мұндай заңдылығына бағынғысы келмейді. Сондықтан оның ноқтаға басы маталып, аласұрған жанын тек өлім ғана жұбатып, тек өлім ғана тыныштандыра алады. Ақын үшін өлім – Құдайдың рухани дидары. Ұлы ақынддардың ең атақты өлеңдерінің бәрінде де Құдайға даген сағыныш жатады.  

Әкемнің осындай әйгілі өлеңдерінің бірі – «Жұқарған менің жүйкелерім-ай» атты лирикалық шығармасы.

Жұқарған менің жүйкелерім-ай,
Үйкеледім-ай сендерді.
Сүйкенбес жерге сүйкегенім-ай
Көтеріп көкке кеудемді.

Сүйемес жерге сүйеп денемді,
Сүлдерім сүйреп құтылдым.
Сайтанды сезім иектегенде
Санадан ноқта сыпырдым.

Санадан ноқта сыпырдым-дағы,
Санаттан кейде сытылдым.
Өрекпіп, өршіп құтырдым-дағы,
Өмір – есептен ұтылдым.

Бір оқыған кезде осы өлең жолдары ақынның өмірден жеген опық, өкініші мен нала-мұңын еске салады. Бірақ ақиқатында ғұмырының үзілер, дәм-тұзының таусылар сәтінде әкемнің жазған бұл өлеңі өмірмен соңғы рет бақұлдасар алдындағы ақынның – жалған дүниемен қоштасқан реквиемі.

Зады, ақындық жаратылыстың Тәңірі тектес құбылыс екенін әркім біледі. Олардың өй-өрісі, түйсіну сезімі Тәңірлік санаға жете алмағанымен, ерекше жаратылған. Міне, сондықтан талантты ақындардың бәрі ғұмырының аяқталар сәтін жан-тәнімен түсінеді. Ақындық жүрекке Жаратқан-иесі ажалдың тықыры таянғанын ерекше сездіртеді, осы сәтте ақын үшін өз ғұмырын созудың бір-ақ жолы бар. Ол – өмірмен қоштасып, соңғы рет бақұлдасып қалу. Ақынның соңғы тілегіне Жаратқан-иесі қысымшылық жасай алмасы анық.

Өмір – есептен ұтылдым-дағы
«Опасыз – ол»  - деп, опындым.
Тәттісін сезіп жұтындым-дағы
Көбірек таттым қату-мұң.

Тәтісі неге тіл үйіреді,
Ащысы неге ашутас.
Күндерім болды тірі мен өлі,
Ара жігі, әттең ашылмас.
 

Байқадыңыз ба, ақынның өлеңі өткен шақ формасында жазылған. Басқаша сөзбен айтқанда, ақын бұл лирикалық шығармасында дүниеден өткен адам кейпінде сөйлеп тұр. Эдуард Гартманның еріктен тыс философиясының («философия бессознательного») заңдылығына сүйенсек, бұл жердегі лирикалық кейіпкер ажалының келгенін жан-тәнімен сезінді. Әрине, бұрын-соңды жазылған шығармаларында да ақынның өліммен іштей монологқа түскен сәттері аз емес. Бірақ ол шығармаларында лирикалық кейіпкер ажалдың бар екенін ғана мойындайды, оның келіп тұрғанын мойындамайды. Сөзісіз дәлелсіз болып шықпас үшін мысал келтіре кетейік:

Пендеміз ғой біз, пенделікті егер сөз қылсақ,
Сені де кейде үркіткен кездер болып жүр.
Елеме оны, қасиетті құсым, көз жұмсақ,
Қабірімізге құрғатпай келіп қонып жүр.

Ақынның әлі сүйегі қатып, бұғанасы бекіп үлгермеген қаршадай кезінде, бар-жоғы он алты-ақ жасында жазған «Қарлығаш құс-ау, келдің бе тірі келдің бе» атты осы лирикалық щығармасынан Ажалдың бар екенін сезіну сәтін ғана ұшыратамыз. Ақын үшін Өмір әлі ашылмаған кітап немесе жазылмаған парақтай. Ақынға ажал алыстан ғана қол бұлғап қалды. Сондықтан:

Қарағым деймін, қайда әлгі бақыт, қайда арман,
Басымызға біздің бала жылдарда айналған.
Бұлдырап ұшып, буалдыр кеште кетті ме,
Қолға ілікпейтін суыртпақ сәуле сайлардан, - деп, ақынның жаны бақыт іздеп, шарқ ұрады.

Немесе:

Махаббат бір дерт емес пе еді, қарағым,
Өрті емес пе еді назырқау менен наланың – деп әлемге ынтызар жүрегімен өмірден шын ләззат, шын рахат, махаббат   дәметеді.

Тек анасына жазған бір хатында ғана:

Жүрегімді жылуы жібіткенде,
Уайымнан да жанамын, үміттен де.
Жанып жүріп бір күні өшіп қалсам,
Күлім ұшып кетер деп күдіктенбе! - деп, Ажалға тәкаппарлана қарайды. Алайда, он сегізде бір гүлі ашылмаған, ештеңе тындырып үлгірмеген жас жігіттің бұл мінезін түсіндіру қиын. Асылы, ақын осы тұста ажалға бір табан жақындап  қалғанын өзі де сезді. Ажал ақынның басынан сипап, еркелетіп қойды.

Соны түсінген ақын осыдан кейінгі жазған бір өлеңінде:

Жүргем жолда, өрде де, ылдида да,
Күндер болды малтыққан, құлдилаған.
Жалғыз ауыз жыр болып қалар ма екен,
Бүкіл дүнием мен талай жыл жинаған, - деп секем алып та қалады.

Әкемнің отыз жасында жазған лирикалық шығармаларынан осы тектес құбылысты байқайсыз, бірақ сонымен қатар ақынның ажалға тым жақындап барғанын да аңғарасыз.

Қарағым, біздің баста да,
Қарлығаш дәурен көп тұрмас.
Құласақ жер ғой – баспана,
Жер бізді көкке лақтырмас.

Немесе:

Мертіге жаздап, мерт бола жаздап кенеттен,
Қаламын аман қалтылдап құйттай себептен.
Соққанда дауыл солқылдап басын жерге ұрып,
Айрылмай қалған айыр бұтақтай теректен.

Бірақ қалай жазса да, осы жыр шумақтарында Ақын мен Ажалдың арасында үлкен қашықтық бар. Ал өмірінің соңында жазған лирикалық шығармасында араны бөліп тұрған мұндай қашықтық байқалмайды. Ол өлеңде Ажалдың бар екенін мойындаудан гөрі, сезіну басымырақ. Мұнда ақын Ажалмен құрдасындай қалжыңдасып немесе қарсыласпайды да. Мұнда ақын тек ағынан ақтарылып бар шынын айтады. Өйткені Ажал – міне дәл қасына келіп тұр. Тура келген Ажал ештеңеге қарамайды. Оған керек бір-ақ нәрсе бар. Ол –ақынның жаны. Соны сезген шайырдың жалған дүниемен қош айтысар алдындағы жазған лирикалық шығармасы ерекше бір қасіретті мұңға боялған.

Солардың жігін ашпаған сендер,
Сорлаған жүгін арқалап.
Тигенде талай тасқа меселдер,
Қайтқанда тауым шалқалап.

Келісу, келіспеу шарт емес. Бірінші жақтан жазылғанымен, бұл өлеңде лирикалық «мен» атымен жоқ. Бұл өлеңде Ажалмен келісімге келген о дүниелік кейіпкердің жаны ғана бар.

Шын мәнінде ақын сол о дүниелік кейіпкердің сөзін жеткізуші ғана. Томас Эллиот поэзиядағы мұндай құбылысты «ақынның үшінші дауысы» деп атапты.

Әкемнің осы лирикалық туындысы орыстың ұлы ақыны Сергей Есениннің «Қош бол достым, қош достым Аяулым» атты өлеңімен үндес. Дегенмен Есенин Ажалдың алдына саналы түрде өзі барып тұр. Есенин үшін мына жалған тіршілікте қимайтын ештеңе де қалған жоқ. Қайта ол Ажалдың келуін асыға күтеді. Сондықтан да Сергей:

В этой жизни умирать не ново,
Но и жить конечно не новей,- деп, өмірінің өтіп кеткеніне түк те өкінбейді.

Әкемнің өлеңінде керісінше өмірге деген құштарлық басым. Ақын мына жарық дүниені тастап кеткісі келмейді. Ажалды тек мәжбүрсіздіктен ғана мойындайды. Есенин Ажалдың құшағына енуге асықса, ал әкемнің лирикалық кейіпкері қас-қағым сәттік тіршілікті де қимайды.

Сендердің әрбір талшықтарыңды
Шашымды, жұлдым жұлғандай,
Жегідей жедім, жаншып жанымды,
Жындана жаздап, жынданбай.

Жындана жаздап, жынданбай қалдым,
Мұң-нала қоздап жүректен.
Жүрегім қызыл тудай, байрағым
Лүп ете қалған, дір еткен…

Жиырма алты-ақ жасында дүниеден өткен орыстың ұлы ақыны Лермонтовтың «Айыптама мені, Тәңірім» атты лирикалық шығармасы бар. Әкемнің жалған тіршілікпен қоштасар алдындағы жазған соңғы өлеңінде  Лермонтовтың осы лирикалық туындысымен рухтастық бар Сенбесеңіз салыстырып көрелік.

М. Лермонтов:
Не обвиняй меня, всесильный,
И не карай меня, молю,
За то, что мрак земли могильный
С ее страстями я люблю;
За то, что редко в душу входит
Живых речей твоих струя,
За то, что в заблужденье бродит
Мой ум далеко от тебя;
За то, что лава вдохновенья
Клокочет на груди моей;
За то, что дикие волненья
Мрачат стекло моих очей;
За то, что мир земной мне тесен,
К тебе ж проникнуть я боюсь,
И часто звуком грешных песен
Я, боже, не тебе молюсь.

Но угаси сей чудный пламень,
Всесожигающий костер,
Преобрати мне сердце в камень,
Останови голодный взор;
От страшной жажды песнопенья
Пускай, творец, освобожусь,
Тогда на тесный путь спасенья
К тебе я снова обращусь.

Көрдіңіз бе, Лермонтов жарық дүниені барлық күнәсымен еміреніп сүйеді, тіпті, кейде Тәңіріне сыйынбай жүргенін де жасырмай ағынан ақтарылады. Әкемнің лирикалық кейіпкері де Ажалының ерте келгені үшін ешкімді жазғырмайды, тағдырына еріксіз көндігеді. Тәңірінен жалбарынып кешірім сұрайды. Себебі, Ажалдың ақынмен ойнап отырмағанына оның көзі анық жетті. Жарық дүниеге деген махаббатының адалдығына сендірту үшін Ақын мына өмірді тастап кетуі тиіс. Ажалдың сұрауы осы. Сондықтан ақынның лирикалық кейіпкері өлеңнің соңында жалған дүниеге ерекше бір ынтызарлықпен, ерекше бір қимастық сезіммен қарайды. Оның жанарында тіршілікпен қоштасқысы келмейтін айрықша мұң мен қасірет бар.

… Білетін мен ғой, өзім емес пе?
Өзімнен шошып ес жидым.
Айналды рахат көзім елеске
Кеш қапылдым, кеш күйдім.

Күйігі бойда, күйініші ойда
Қиын іс – айла таба алмай.
Тәубаға сезім қиылысарда
Тәуекел тұғыр бола алмай.

Өзімнен өзім алаң боламын,
Заманға тағы сүйкендім.
Жоғалды жылдар…
                                 жоғалмағаным,
Тоналған, тозған жүйкемен.

Жоғалды жылдар…
                                 жоғалмағаным,
Тоналған, тозған жүйкемен.
Жұқарып жүйкем, Адам қоғамы,
Сүйемін сені, сүйкенем…

Өлең аяқталды. Ақынның жүдеген жүрегі, басын тауға да, тасқа да ұрып не істерін білмей аласұрған тағдыры Өлімнен барып тыныштық тапты. Ақын бақилық болып кетті. Бірақ осы өлеңі арқылы ол мына жердің бетінде өмірге деген адал махаббатымен фәни мен бақидың арасын жалғап тұрған мәңгі сағынышын қалдырды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322