Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Масқара! 808 0 пікір 15 Тамыз, 2024 сағат 21:33

Ақтөбеде 17 адамды алдаған әйел сотталды

Фото: gov.kz

Нарық құнынан төмен бағада пәтер ұсынып, 17 адамнан 300 млн теңгеден астам ақша алған ақтөбелік сотталды. Ол 4 баласының болғанына қарамастан 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Abai.kz inform.kz-ке сілтеме жасап.

№2 Ақтөбе қалалық сотында Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, сотталушы Ақтөбе қаласы 11 шағын ауданындағы көпқабатты үйден нарық құнынан төмен бағада пәтер ұсынады. Ол «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-ның кепілдік хатын, сатып алу - сату шарттары секілді заңды күші жоқ құжаттарды көрсеткен. Сөйтіп адамдардың сеніміне кіріп, алдап 17 жәбірленушінің 314 млн теңгеден астам ақшасын иеленеді. Сотталушы 2 адамнан алған ақшасын кері қайтарып, үшінші жәбірленуші қаржысының бір бөлігін берген.

Сот отырысы кезінде сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін, жәбірленушілерге материалдық залалды өтейтінін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұрады.

– Сот үкімімен азаматша О. кінәлі деп танылып, оған 6 жыл мерзіміне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 15 жәбірленушінің жалпы сомасы 291 314 528 теңгені құрайтын азаматтық талабы қанағаттандырылды. Жәбірленушілерге залалды өтеу үшін сотталғанға тиесілі автокөлік, Алматы қаласында орналасқан жер учаскесі және банктік есепшорттар өндіріп алынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады Ақтөбе қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, сотталушының 4 баласы бар. Балалар Алматы қаласындағы қорғаншылық және қамқоршылық қызметіне берілді.

 

Abai.kz

0 пікір