Жамбыл облысы: Ақпараттық түсіндіру тобы діни экстремизмге қарсы кездесу өткізді
Қазақстан Руспубликасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің қолдауымен а.ж. 16 - 20 қыркүйек аралығында Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелері Жамбыл облысына іс-сапарға барды.
Аталған іс-сапардың мақсаты жастардың экстремизмге қарсы санасын қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерінде құқықтық және азаматтық жауапкершілік деңгейін арттыру, Қазақстан жастарын радикалды және деструктивті діни топтарға айналдыруға жол бермеу болып табылады.
Облыста жалпы саны 20 іс-шара ұйымдастырылып, 500-ден астам адам қамтылды.
Аталған іс-шараға: Ботақараев Бауыржан Қуанышбайұлы – “Нұр-Мұбарак” Египет ислам мәдениеті университеті оқытушысы, PhD доктор, Сабырұлы Әбілхайыр - Жамбыл облысы «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» бөлім басшысы, теолог, Бесбаев Мәди Әбзелбекұлы – Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті «Әлем тарихы және дінтану» кафедрасының аға оқытушысы, Халықов Медет Мұзапбарұлы – Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры, Мутанов Самғат Маратұлы - Жамбыл облысы «Дін істері басқармасының» бас маманы, теолог, дін мәселелері бойынша Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері қатысты.
Түсіндіру тобының мүшелері Тараз қаласы, сондай-ақ Жамбыл, Меркі, Жуалы және Шу аудандарында болды. Олар жастар арасында «Діни білім берудің заманауи тетіктері», «Діни экстремизм – бейбітшілік пен тұрақтылыққа төнген қауіп», «Дін мен дәстүр сабақтастығы», «Ұлтқа құрмет-тәрбиеден» және т. б. тақырыптарда түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-сапар барысындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында жоғары оқу орны студенттері, мектеп оқушылары, медресе-колледж студенттері және т.б. топтар қамтылды.
Abai.kz