Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 1998 5 пікір 25 Қыркүйек, 2024 сағат 18:56

Депутат: Әлеуметтік желілерге шара қолдану керек!

Сурет: aikyn.kz

Соңғы күндері балаларымыздың өз-өзіне қол жұмсау фактілері қоғамның қатты алаңдаушылығын тудыруда. Бұл жантүршігерлік қайғылы жағдайлар ешкімді бей-жай қалдырмағаны анық. Айдың-күннің аманында желкілдеп өсіп келе жатқан өрендерімізден айырылдық. Өмірден қыршын кеткен марқұмдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын.

Иә, ресми тергеу басталды. Бірақ қазірдің өзінде мұның бәрі нақты орындаушысы бар қылмыс, кісі өлтіру деп айтуға болады. Айуандықпен қылмыс жасағандарды, яғни арандатушыларды анықтап, заңды түрде жазаға тартуды құқық қорғау органдары қажет болса халықаралық іздеу жариялап, орындайды деп үміттенемін.

Ал енді осы қылмыстарды іске асыруға жағдай туғызып отырған әлеуметтік желілер мен мессенджерлер екенін ашық ақпарат көздерінен оқудамыз. Оны жалтақтамай айту қажет деп санаймын.

Олар санасы әлі қатпаған жеткіншектеріміздің психикасына теріс әсер ететін құралға айналды. Ең сорақысы сол, бұл ойындар мен квесттер психологиялық тұрғыдан айтқанға көндіру дағдыларын қолдана отырып, кәсіби түрде жасалуда.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілердің дамуы және гаджеттердің кең таралуымен мұндай ойындар елімізде жаппай сипатқа ие болып отыр. Бірде-бір отбасы бұдан өзін сақтандыра алмайды. Мемлекет тарапынан заң деңгейінде буллинг, өзін-өзі өлтіруге мәжбүрлеу сияқты әрекеттерге қарсы қылмыстық жауапкершілік енгізілді, бірақ қазіргі жағдай мұның жеткіліксіз екенін көрсетеді.

Сондықтан, әрбір ата-ана осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, балаларымен көбірек сөйлесулері керек.

Жауапты министрлік мектептердегі психологиялық қызметтердің жұмыс алгоритмдерін өзгертуі тиіс. Олар балалардың мінез-құлқындағы және жүріс-тұрысындағы белгілерді уақтылы анықтауда тиімді құрал болуы керек.

Бірақ, ең бастысы, мұны мен ұстаз ретінде, ана ретінде, депутат ретінде айтамын – мемлекет пен қоғам әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің әкімшілерінен таралып жатқан ақпаратқа бақылауды күшейтуін талап етуі керек деп санаймын. Таралып жатқан заңсыз, зиянды, бүлдіршіндердің санасын улайтын жүктемелерге бақылауды оқыс күшейтуді қатаң талап ету керек.

Олар «меморганнан құқықтық тұрғыдан негізделген талап-арыз күтіп отырмыз» деп сылтауратпай, қауіпті контенттің таралуына жол бермеу үшін өздерінің жұмыс алгоритмдерін өзгертулері тиіс. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, шындап келгенде бұл әлеуметтік желілер мен мессенджерлер иелерінің қолынан келетін шаруа.

Егер мұндай талап орындалмайтын болса, онда мемлекет бақылауды күшейтсін. Барлық қауіпті контентке қатаң тосқауыл қойылсын. Ал жекелеген контентке тосқауыл қоюға қол жеткізу мүмкін болмайтын болса, онда нақты заң бұзған әлеуметтік желі немесе мессенджер бұғатталуы керек.

Біздің балаларымыздың өміріне қауіп төніп тұрғанда ешқандай мәймөңкеге жол беруге болмайды. Мен мұны ана ретінде, педагог ретінде айтып отырмын. Барлық ата-аналар мен педагогикалық қауымдастық мені толықтай қолдайды деп білемін.

Тағы да қайталап айтамын, бұл мәселеде жайбасарлыққа жол беруге болмайды, дереу іске кірісу керек!

Жұлдыз Сүлейменова

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320