Куликово шайқасы – кейін ұлғайтылған тарихи аңыз
Бізге ұзақ жылдар бойы тарихи оқулықтарда әсірелей баяндалып келгендей, Дмитрий Донской 1380 жылы Алтын Орданың негізгі күшін талқандап, Русьті Орда билігінен азат еткен жоқ. Керісінше, XIV ғасырдағы өзге орыс кінәздері секілді Дмитрий Иванович те Алтын Орда ханымен санасып, хандық билікті мойындап, алым-салық төлеп отырған.
Куликово даласындағы шайқас – Алтын Орданың заңды ханына қарсы соғыс емес, сол кездегі Ордадағы саяси дағдарыс кезінде аса зор ықпалға ие болған беклербек Мамаймен арадағы қақтығыс еді. Мамай өзі руы қият болғанымен, Шыңғыс әулетінен шықпағандықтан, хан тағына отыруға құқы жоқ болатын. Ол Алтын Орданың батыс бөлігінде билікті өз қолында ұстап, Шыңғыс тұқымынан шыққан хандарды таққа отырғызып, солардың атынан мемлекет басқарды.
Сондықтан Куликово шайқасын «Русьтің Алтын Орданы жеңуі» деп көрсету тарихи шындықты тым қарабайыр түсіндіру болып табылады. Оның үстіне, Кулиководан кейінгі оқиғалардың өзі мұндай түсініктің әлсіздігін анық көрсетеді.
1380 жылғы шайқастан соң Алтын Орданың заңды билігін қалпына келтіруге ұмтылған Тоқтамыс хан күшейді. Ол Мамайдың саяси тобын біржола жойып, Алтын Орданың негізгі аумағын қайтадан бір билікке біріктірді. Мамай көп ұзамай Қырымда қаза тапты.
Ал арада небәрі екі жыл өткенде, 1382 жылғы 26 тамызда Тоқтамыс Мәскеуді басып алып, өртеп жіберді. Осы оқиғадан кейін Дмитрий Иванович Алтын Ордамен бұрынғы саяси қатынасын қайта қалпына келтіруге мәжбүр болды. Русь кінәздері Орда хандарынан билік жүргізуге жарлық алып, алым-салық төлеуді әрі қарай жалғастырды. Ордаға саяси тәуелділік те Куликово шайқасынан кейін бірден жойылған жоқ, ол тағы ұзақ уақыт сақталды.
Осы жағынан қарағанда, 1382 жыл кейін қалыптасқан «Куликово – Русьтің Ордадан азат болған күні» деген аңызға өте қолайсыз тарихи дата.
Куликово шайқасының тарихында тағы бір қызық құбылыс бар. Біз бүгін осы оқиғамен байланыстырып жүрген көптеген әйгілі эпизодтар шайқас болған 1380 жылдың өзіндегі деректерден емес, кейінгі ғасырларда жазылған әдеби шығармалардан тараған. Мысалы, Пересвет пен Челубейдің жекпе-жегі, шешуші сәтте «жасырын полктің» атойлап шыға келуі, екі жақтағы әскер санының жүздеген мың адамға жетуі тәрізді көріністердің дені кейінгі әдеби дәстүрде мифке айналып кетті.
Әсіресе «Сказание о Мамаевом побоище» тәрізді шығармалар Куликово оқиғасынан едәуір кейін қалыптасқан. Сөйтіп нақты тарихи шайқас уақыт өте келе діни және ұлттық қаһармандық эпосқа айналып шыға келді.
Тіпті Дмитрий Ивановичке қатысты «Донской» атауының өзі оның көзі тірісіндегі негізгі ресми аты емес. «Донской» деген лақап аттың өзі кінәзге оның өлімінен шамамен 100-150 жыл өткен соң ғана тұрақты түрде теліне бастаған.
Ал, сол соғыста жүздеген мың әскер болды ма?
Кейінгі орыс тарихнамасында Куликово шайқасының көлемі де таңғаларлық дәрежеде ұлғайтылған. Бір кезеңде Мамай жағында 300 мың, Дмитрий жағында 150 мыңға дейін әскер болды деген сандар айтылды. Бүгінгі әскери тарихшылар мұндай көрсеткіштерді шынайы деп қабылдамайды.
XIV ғасырдағы қиыр жол, азық-түлік, ат-көлік, әскерді жабдықтау мүмкіндіктерін есепке алғанда, жүздеген мың адамның бір жерде соғысуы аса күмәнді. Қазіргі зерттеулер екі жақтың күшін әлдеқайда төмен бағалайды, бірақ нақты саны жөнінде ғалымдар арасында ортақ пікір жоқ. Кемі жоғарыдағы саннан 15-20 есе кем болғаны анық.
Археологиялық деректер де кейінгі жылнамалардағы жүздеген мың адамдық алып қырғын туралы суретті дәлелдей алған жоқ. Ұрыс алаңынан табылған бірер зат кейінгі аңыздардағыдай орасан зор армиялардың қақтығысын біржақты растамайды.
Бұл «орыстар мен Орда» арасындағы ұлттық соғыс та емес еді. XIV ғасырдың екінші жартысы – Алтын Ордадағы ұзақ саяси дағдарыс пен тақ таласының, азаматтық соғыстардың кезеңі. Сондықтан Куликово шайқасын қазіргі ұлттық өлшеммен «орыстардың татар-моңғолдарға қарсы азаттық соғысы» деп түсіндіру де тарихи жағдайды толық ашып бере алмайды.
Мамайдың жағында әртүрлі этникалық және саяси топтар болды. Дмитрий жағындағы орыс кінәздіктерінің өзі де біртұтас ұлттық мемлекет болған жоқ. Олардың арасында өзара бақталастық, соғыс пен саяси тартыс үздіксіз жүріп жатты.
Дмитрий Донской да өмірінің едәуір бөлігін көрші кінәздіктермен күресте өткізді. Сол кездегі Мәскеу, Тверь, Рязань, Нижний Новгород және басқа кінәздіктердің арасында бүгінгі түсініктегі «біртұтас орыс мемлекеті» болған жоқ. Олар бір-бірінің қалаларын тонады, егінін өртеді, адамдарын өлтірді. Мұның салдары сұмдық індеттерге әкеліп соқты. Мысалы, сондай індеттердің бірі XIV ғасырдың соңында сол кездегі Смоленск халқын түгелге жуық қырып кеткен.
Бірақ кейін бұл шағын соғыс бірнеше ғасыр бойы қайта жазылып, оған бастапқы тарихи мағынасынан әлдеқайда зор рәміздік мән берілді.
Тоқтамыс хан Мәскеуді басып алып, өртеп жіберген соң кінәздердің Ордаға тәуелділігі бұрынғысынан ауыр күйде жалғаса берді. Сондықтан Куликово даласындағы шайқасты тарихи орнынан жұлып алып, «екі ғасырлық Орда билігін қиратқан шешуші жеңіс» дәрежесіне көтеру кейінгі дәуірлерде жасалған тарихи мифологияның жемісі.
Қысқасы, жоғарыда айтылған мифтің шынайы сиқын Мәскеу қақпасының алдына жеткен айбынды Тоқтамыс ханның қалың қолы күллі Еуропаға да дәлелдеп берген-тұғын....
Ұларбек Дәлейұлы
Abai.kz