Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Алашорда 3035 0 пікір 5 Қараша, 2024 сағат 14:51

Нұржан Наушабайұлы мұрасына адал болайық!

Суреттер Ақылбек Шаяхметтің мұрағатынан алынды.

Қазақтың біртуар ақыны Нұржан Наушабайұлының шығармашылығы туралы мәліметтер және кейбір назымдары мен тақпақтары «Қазақ әдебиетінің тарихына», әуелі «Үш ғасыр жырлайды», кейін «Бес ғасыр жырлайды»  антологиясына енгізілді. Оның есімі энциклопедиялар мен әдеби анықтамалықтардан орын алғаны да көпке белгілі.

Нұржан ақынның көзі тірісінде жарық көрген кітабы үшеу: «Маңзұмат қазақия» (1903 жыл), «Жұмбақ. Нұржан мен Сапарғалидың жұмбақ айтысы» (1908 жыл) және «Алаш» (1910 жыл). Нұржан Наушабайұлының осы кітаптардағы барлық өлеңі қамтылған, (құрастырып, алғы сөзін жазған Ақылбек Шаяхмет) «Алаш» кітабы Қостанайда («Баспа үйі», 1997 жыл) жарық көрді. Бірақ, ақынның  ел аузында жүрген, әлі баспа жүзін көрмеген жырлары баршылық. «Маңзұмат қазақия» және «Алаш» кітаптарындағы араб әрпімен жарық көрген өлеңдерді кириллицаға түсірген Алпысбай Жұмаділұлы және Бақытжан Икрам. Аталған кітаптарда кейбір жыртылып қалған беттер болуына байланысты көрінбеген немесе түсіп қалған жеке жолдармен қатар тұтас шумақтар да бар екенін оқырмандардың есіне саламыз.

Нұржан өлеңдеріндегі қалып қойған шумақтар, қате жазылған сөздердің біразы «Алаш» жинағын дайындаған кезде араб әрпімен басылған түпнұсқамен салыстырыла отырылып түзетілген болатын. Мәселен, «Бес ғасыр жырлайды» кітабындағы «Леп ұрған кейбір жігітке» өлеңінің аты «Лепірген кейбір жігітке» болып түзетілді. Сондай-ақ «ғұмырды зайық өткізер» (дұрысы: «зайғы»), «қаңтарда қарсы жел ұшар» (дұрысы: «қаңтарда қарсы желге ұшар») деген жолдар да дұрысталды. Осы орайда бір айта кететін жай, «Бес ғасыр жырлайды» антологиясында да, «XX ғасыр басындағы әдебиет» хрестоматиясында да Нұржан Семиозер (қазіргі Әулиекөл) ауданында туған деп жазылып жүр. Дұрысы: Арақарағай болысы (қазіргі Қостанай ауданы) Шамасы, Нұржан өлеңдерін араб әрпінен қазақшаға алғаш түсіргендер Арақарағайды Аманқарағай деп шатыстырғаннан осындай қате кеткен болар деп жорамалдаймыз. Алайда осы қателер сайттарда және басқа басылымдарда әлі сол қалпында тұр.

Ел аузынан жазылып алынған шығармаларды жарияларда кейде айтушылар, кейде көшіріп алушылар тарапынан жаңсақтықтар жиі ұшырасады.Кейінгі уақытта жергілікті баспалардан алуан түрлі кітаптар жарық көріп жатыр.Олардың ішінде пышақ қырындай жұқа болса да, салмақтысы бар екенін жоққа шығармасақ та, бес биенің сабасындай жуан болса да, мағынасы азы да аз емес. Менің ерекше назар аударып отырғым келген бір жағдай, кейбір кітаптарда қолжазбалардан көшірілген, кейде сілтеме жасалған, кейде жасалмаған, ел аузынан жазылып алынған әңгімелер жиі беріліп жүр. Алайда, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» секілді көзқарас  оқырманды ренжітетіні анық.

Ертай қажы Балахметтің (Қостанайдағы «Шапақ» баспасынан  2011 жылы жарық көрген) «Үш Алаш» деп аталатын кітабында Ахмет жырау деп аталған кісінің өлеңдері беріліпті.

Осындағы тақырыптары қойылмаған, бірақ, «Құрметсіз зайғы ғұмырдан»(470 бетте), «Бұтақтап сөздер шығады» (472 бетте) деп басталып, «Сөздері топқа салынған» деп жалғасын тапқан назымдар  мен тақпақтар, «Ер болмас атасы ту ұстамаған» (480 бетте) деп басталатын өлең Нұржан Наушабайұлының  қаламынан туған өлеңдер. Олардың барлығы да кезінде  Қостанайдағы Баспа үйінде Нұржан ақынның мен құрастырған «Алаш» кітабында (1997 жыл) жарық көрген болатын. Бұл жинақ шықпай тұрып та аталған жырлар «Бес ғасыр жырлайды» (Алматы. «Жазушы», 1989 ж.)  антологиясында  (254-266 беттерде) жарияланған. Айырмашылығы: «Хұрметлу зайғы ғұмырдан ұйқыда көрген түс артық» деп басталатын жырға «Тақпақ» деген тақырып қойылған. Ал екінші өлең «Несе фасыл, неше бап, біздің сөздің бұтақтап кетеді ұзап тарауы» деген жолдардан басталады. Бұл шығармаға «Терме» деген тақырып қойылған.

«Үш алаштағы» Нұржан жырлары басқа авторға телінгені өз алдына, грамматикалық және стилистикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. «Сақтасын Құдай пендесін» деген секілді Нұржан ақын аузынан шыққан сөздер «Сақтасын Аллах бәндасын» деген секілді жолдарға өзгертілген.Нұржан өлеңдерінде Құдай, Алла деген сөздер болғанымен, Аллах деген сөз жоқ. Нұржан: «Сақтаушы өзі иенің, айырыла көрме тобадан» десе, оны көшіріп алған ұрлықшысы «Сақтаушы Аллах өзің деп, айырыла көрме тәубадан» деп түзету жасайды. Кітапта Нұржаннның қаламынан шыққаны да, жолдан қосылғаны да, бәлкім, кезінде Нұржан жырларын көшіріп алушының өз қалыбына салып өңдеп-жөндегені де ешбір талғамсыз берілген.

Нұржан барлық өлеңдерінде өзінің атын қайталап айтып отырса, «демеңдер Нұржан сөз таппас» деген жолдар «демеңдер шешен сөз таппас» деген секілді шатпаққа өзгертілген. «Болмасам да Жиренше, демеңіз Нұржан сөз таппас» секілді жолар мүлде алынып тасталған. Оның есесіне Ахаң деп жинақта таныстырылған қарт жырау «Уай, Аха, неге отырсың қалам алмай» деп Нұржанға еліктеп сөз саптайды. Нұржанның: «Білмей шалқып сөйлеуден» деген сөзі «білімі шалқып сөйлеуден» деп өзгерген. «Ойға салсаң, Нұржанның көп ақыннан сөзі артық» деген жолдарын «ойға салсаң, жігіттер, нақыл қып жазған сөз артық» деп берген. «Сөйлемей тұру бес артық» деген жолдар «сөйлемей тұрған бей іс артық» деп жазылыпты. «Көктемесе жаңбыр боп» деген сауатты тіркес «Көк тимесе жаңбыр боп» деген сауатсыз өзгеріске ұшыраған.«Дүнияның бар ма сенімі, бар сөзімнің не міні?» деп берік жымдасып, ұйқасып тұрған жолдар «дүнияның бар ма сенімі, бар сөзімді, мінекей» деп берілген. Бәлкім, араб әрпімен таңбаланған жазуды көшіруші дұрыс көшіре де алмаған, содан «не міні?» «мінекей» болып кеткен тәрізді. Ахмет жырауға телінген жырлардағы «тақтақ» және тақпақ» деген сөздер Нұржанға ғана лайықты. Нұржан Жиреншені тақтақ деп атағаны белгілі. Айта берсек, мұндай қателер өте көп. Оның бәрін тізіп жатуды мақсат тұтпадық.

Мүмкін, бұл қателерге кітап авторының қатысы да жоқ шығар, өйткені, тақырып қойылмаған жырларда Нұржан деген сөз абайсызда компьютерлік терімнен ұшып кетуі де мүмкін деген ой болғанымен, оның есімі өзі айтып отырған өлеңдердегі мәтіндерден алынып тасталғаны таң қалдырады.Бұл Нұржан шығармаларына көпе-көрінеу жасалған зорлық.

Нұржан секілді діндар дәуір әдебиетінің көрнекті өкілінің шығармаларын өзіне қайтаруымыз керек.Оның сөз саптасы да, стилі де, жазылу үлгісі де «мен мұндалап», Нұржанның жыры екендігін айғақтап тұрады. Қостанай топырағының перзенті Нұржан жырларын басқа автордың шығармасы ретінде ұсыну ақынға жасалған үлкен қиянат. Ал тегі де, туған жері де көрсетілмеген Ахмет жырау деген жолдан қосылған жолаушы екенін баса айтқымыз келеді.

Сапарғали Қуанышұлымен өткен хат үлгісіндегі жұмбақ айтысы мәтіні  алғаш «Манзұмат қазақия» (1903) кітабында, кейін «Айтыс» жинағының  2-томында (Алматы: «Жазушы», 1965 жыл) жарық көрді. Ғалым Жұмақыз Шалғымбаева «История казахского книгоиздания: фольклор художественная литература и их цензура (XIX – нач. ХХ вв.»  Алматы, 1994 г). деп аталған диссертациясында Нұржан Сапарғали Жанұзақов деген ақынмен айтысқан деген дерек келтіреді. Автордың айтып отырғаны Сапарғали Қуанышұлы болса керек.

Сапарғали есімді ақын екеу болған. Солардың бірі ұлты татар Сапарғали Нұрымұлы мен Нұржанның жұмбақ айтысы Сыздық Әбілғазинның  «Дала қоңырауы» газетінде (Қостанай, қараша, 1991 жыл) жарық көрген мақаласынан алынды.

«Жыр-шежіре» кезінде Қостанайда шығып тұрған «Дала қоңырауы» газетінде (№2,1990 жыл) жарияланған. Жырды ұсынушы Қостанай қаласының тұрғыны Дүйсенбай Өтебаев. Шежіренің кейбір шумақтары қарт ақын Өтеміс Қалабаевтың айтуымен қағазға түсірілді.

Ал 2014 жылы «Фолиант» баспасынан жарық көрген Нұржан Наушабайұлының «Ұйықтама, оян, Алашым!» деп аталған кітабында (құрастырған Ақылбек Шаяхмет) жарияланған «Сатыпалды ишанға» атты өлең Файзолла Сатыпалдыұлының «Шерлі жылдар, шерулі жырлар» кітабынан (Қостанай: Баспа үйі, 2004 ж. 22 бет) көшіріліп берілді.

Осы кітаптағы «Замана азған шағында» деп ат қойылған өлең техника ғылымдарының докторы, профессор Жанкелді Отарбаевтың («Рухшыл ақын – мәңгі халық жадында» жинағында (Затобол, 2009) «Бүгінгі ұрпақ Нұржанның  тек  атын ғана біледі» мақаласынан алынды. Автор: «Сәйфи Құдаштың «Жастық шақтың ізімен» деген естелік кітабын парақтап шықтым. Сонда Нұржан өмір сүрген ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясы, өркендеп келе жатқан қазақ әдебиеті туралы Сәйфи Құдаш тамаша әңгімелейді» дей келіп, ақынның қашан жазғаны белгісіз, бірақ 1920 жылы көшіріп алынды деген бір өлеңінен осы үзіндіні келтіреді.

«Хат-жұмбақ» «Рухшыл ақын – мәңгі халық жадында» жинағында (Затобол, 2009) жарық көрген ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серiкбай Оспанұлының «Нұржанның жырлары мен қырлары» мақаласынан алынды.

«Көңiлiм, ендi сабыр ет!» деп аталған термені Серғали Досов ақсақалдың қолжазбасынан жазып алған едік. Оны бізге Серғали Досовтың баласы, ақын әрі аудармашы Әбдірахман Досов әкеліп берген болатын. Ақынның сөз саптасы, өлең ұйқасы оның Нұржан ақынның қаламынан туғанын айғақтайды.

Осы жинақтағы әндер «Ауыл кеші көңілді» («Қайнар» баспасы, 1991 жыл.) кітабындағы нұсқалар бойынша берілді. Ертай қажы Балахмет «Үш Алаш» деп аталатын жинағында: «Ореке,Нұрыш еді атағымыз» деген әнді  күні бүгінге дейін сан саққа жүгіртіп, бұл әнді әркімдерге теліп, әуре-сарсаңға түсіп, (өздері түссе ештеңе емес-ау, жұртты адастырып, арамтер болушылардың қарасыны  ұлғаймаса кемір емес. Мәселен, Ақылбек Шаяхмет өзінің «көзсіз»  батырлығына жол беріп, үшбу әнге «Ақ қайың» деген ат қойып, айдар тағып, Наушабайдың Нұржанына жағыстырғысы келсе, ақын ағамыз Нұрғожа Ораз бұл ән кешегі Шыңғыс төренің немересі, Кеңес дәуірінің қызыл қыраны Жақыпұлы Нұрыштың бақшасына тән деп, айды аспанға бірақ шығарыпты.(Қараңыз: Нұржан Наушабайұлы. «Алаш», өлеңдер мен толғаулар, тақпақтар мен термелер, айтыстар, мысалдар, әндер, аудармалар, Қостанай,1997, 168 бет, Нұрғожа Ораз. Көп томдық шығармалар жинағы. 6 том.Алматы,2007,206 бет) деп (280 бетте) көрсетіпті.

«Алаштағы» аталған әндегі:

«Бұл дүние жеткізбейді қашқан түлкі,
Бас қосса базар еді елдің көркі.
Самсаған сары азамат елден кетсе,
Бұзылып не қылады жердің көркі» деген шумақ «Үш Алашта» мүлде жоқ. Оның есесіне «Алашта»:

«Нұреке, Нұрыш еді атағымыз,
Көкшетау түрме болды жатағымыз.
Нұреке, Нұрыш болып жүрген кезде
Орыспен болып тұрды шатағымыз» деген шумақ «Үш алашта»:

«Ореке – Нұрыш еді атағымыз,
Көкшетау түрме болды жатағымыз.
Бермесең өзің жәрдем, Раббым Қадір,
Байлармен болып тұр ғой шатағымыз» деп берілген.

Яғни, мәтіндердегі айырмашылықтардың өзі күдік туғызады.Әлде Нұржан әніне жолдан кездейсоқ қосылып кеткен шумақ па?

Нұржанның «Алаш» жинағында жарық көрген әндердің барлығы да кезінде «Ауыл кеші көңілді» әндер жинағында («Қайнар» баспасы,1991ж.) жарияланған. Ал бұл әндерді тапсырушы қостанайлық термеші-жыршы Сыздық Әбілғазин.Ол өзінің «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» деп аталған кітабында (Қостанай, 2003 ж, 655 бет): «Уақыты келгенде ақиқатын көрген намысты адам адалын айтар. Наушабайұлы Нұржан елінде өскен Алматыдағы «Қайнар» баспасының директоры Тілемісов Қайдолламен кездесіп, сөйлескенде, «радиохабарларда естіп, көруімше, Нұржанның бірнеше ән, термелерін сенің орындауында алтын қордан алып жариялап жүр. Бізге де жіберсең, әндер жинағына басар едік» деген еді. Отызға тарта әндерді поштамен салдым деп Қайдоллаға телефонмен және хабарластым. Ол уәдесінде тұрып, «Ауыл кеші көңілді» кітабына 1991 жылы жариялады. Сондағы тоғыз әнді 1997 жылы «Алаш» кітабына көшіріп басты.Алғашында менің орындауымда телехабарда талай айтылып, жұртқа белгілі болғанын көрсетпеген» – деген  пікірін келтірген. «Алаш» кітабындағы «Ақ қайын» деп ат қойылған ән Нұржан ауылының тумасы Ыбырай Жүсіповтың аузынан жазылып алынған.

Өнер зерттеушісі, сазгер Қайыржан Мақанов «Егемен Қазақстан» газетінде (24 маусым, 2009 жыл) жарық көрген мақаласында: «1973 жылы қолыма музыкатанушы-әнші Талиға Бекхожинаның «Қазақтың 200 әні» деген жинағы түскен-ді. Жинаққа Байғоныс ағаның берген әндері енгізіліпті. Оның ішінде әкесі Мұхамеджанның «Жиырма бес», «Бәтжан қыз», «Назқоңыр», «Хиләу» әндері, кіші арғынның Сүгір деген руынан шыққан халық композиторы Нұрыштың Ореке деген жігітпен бірге Көкшетау түрмесінде отырған кезінде шығарған «Ореке-Нұрыш» және «Әридау» әндері, халық әні «Қараторғай», сондай ақ белгілі ақын-композитор Шөже Қаржаубайұлының «Хаудыр», «Гәкку» деген екі әні, барлығы он ән бар» – деп жазады.

Сондықтан да әннің нағыз авторы кім екенін анықтауды зерттеушілерге қалдырайық, өз басым бұл ән анық Нұржанның әні деп ешқашан да өзеуреген емеспін. Жоғарыда келтірілген пікірлерге сүйенсек, оның Нұржанның әні болмауы да әбден мүмкін. Сондықтан да ел аузынан жазылып алынған шығармалардың кімнен, қай уақытта алынғанын және қандай қолжазбадан көшірілгенін міндетті түрде айтып отырған дұрыс.

Сыздық Әбілғазин тапсырған тоғыз әннің «Бес арман», «Көкен-ай», «Көңілашар», «Жан-сәулем», «Асыл-ай», «Мұқидаш» деп аталған мәтіндері «Алаш» жинағында сол қалпында, өзгеріссіз жарық көрген. Бірақ, «Зарланамын» деген әннің атауы әндер жинағында «Зар заман» деп берілген. Нұржанның «Заман-ай!» дейтін жыры бар, шамасы, мына әннің атауын С.Әбілғазин сол «Заман-аймен» шатыстырып алған секілді. Әйтпесе, мәтін сөздері бірдей. Тек «Алаш» жинағындағы «Жігіттер, күдер үзбе бір Алладан» деген жол «Ауыл кеші көңілдіде» «Жігіттер, үміт үзбе бір Алладан» деп берілген. Ал әндер жинағындағы «Қапы қалма» деп берілген мәтін ән емес, ондағы жолдар Нұржанның назымынан алынған. «Алаштағы» «Жан-сәулем» әнінің мәтіні екі-ақ шумақ. Ал әндер жинағында ол үш шумақ. Сондағы ән ортасында тұрған шумақ:

«Ақ үйге ат байладым жанастырып,
Жан-сәулем, кеткенің бе адастырып,
Сөзің бал, лебізің шекер, қайран, сәулем,
Шерменде қалып барам құса болып» деп келеді. Байқаған кісіге, осы шумақтағы төртінші жолдың ұйқаспай, далаға кетіп жатқанын аңғару қиын емес. Осы ән мәтініндегі «Алаштағы» «Барыңда базарыңның күл де ойна» деген жол әндер жинағында «Барыңда қызылыңның күл де ойна» деп берілген.

Тағы бір айырықша тоқталатын жай, С.Әбілғазин жоғарыда аталған кітабында Нұржанның назымдарын да, термелерін де, тіпті Бибісарамен айтысының да ноталарын қоса жариялапты. Термелер Нұржанға тән әуенмен орындалуы мүмкін екенін жоққа шығармасақ та, айтыстың нотасы дегенді бірінші көріп тұрмыз. Оның үстіне Нұржанның Бибісарамен айтысы эпистолярлық жанрға жатады, яғни, екеуі көп алдында домбыраға қосылып айтыспаған, хат арқылы айтысқан. Ендеше термеші С.Әбілғазин осы әндердің біразын не өзі жанынан шығарған, не біреулерден көшіріп алып, Нұржанның әні деп насихаттап жүрген деген қорытындыға келуге болады.

«Ара-ай!»  әнінің сөзі бұған дейін жарық көрмеген. Бұл ән С.Әбілғазинның орындауында «Елім-ай» сайтында халық әні ретінде берілген. Алайда, А.Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» жинағында «Арарай» деген атпен берілген ән Нұржанның әні деп көрсетілген. Бұл жерде Нұржанның ауылына жақын орналасқан Арақарағай (Аманқарағай емес) орманы сөз болып отырса керек. А.Затаевич бұл әнді қостанайлық белгілі журналист Ерғали Алдоңғаровтың аузынан жазып алған екен. Ән мәтінін С.Әбілғазин орындаған әнді тыңдап отырып, қағазға түсірдік. Бірақ, орындаушының білместігінен кеткен бірер қатені жөндеуге тура келді. Мысалы, әншінің орындауында: «Бұл дүнияда әсемдік қайдан болар, Сегіз қырлы жігітке қыз болмаса» (дұрысы кез болмаса). «Саусағыңның басында оймақ тұрар, Кедейшілік жігітті ойлатқызған» (дұрысы: ойлаттырар).

«Өлеңді айт дегенде» деген әннің мәтініндегі «Домбыра тартайын деп алдым қолға» деп басталатын алғашқы шумақ «Ауыл кеші көңілді» жинағындағы ән нұсқасында жоқ. Біз бұл шумақты жоғарыда есімі аталған Ыбырай Жүсіповтың аузынан жазып алып едік. Ол кісі әнді орындаған кезде осы шумақты да қосып айтатын. Сөзінің мағынасына үңілсек, әннің алғашқы шумағына ұқсап тұрған секілді.

Төлеш Сүлейменов «Сегіз сері» кітабында: «Нұржан Наушабаев «Сегіз сері» дастанын жазар алдында Сегіздің інісі Қуаныштың баласы Сапарғали ақынмен дос болады. Оның аузынан естіген деректерді азсынып, ол 1880 (ұлу жылы) Шақшақовтың үйіне барады. Себебі, Сапарғали әкесінің ағасын өзі көрмегендіктен Нұржанға көп ештене айта алмайды. Әйтсе де ол Наушабаевты Сегіздің бәйбішесі Ырысбикемен, үлкен ұлы Мұстафамен таныстырып, атасының мұрасын оқып, жазып алуына жол ашады. Ақыры Нұржан Сапарғалидың көмегімен Ырысбике мен Мұстафаның қолындағы қолжазбалардан кемеңгер өнер иесінің өлең-жырларың, қисса-дастандарын және шежіресін мұқият зерттегеніне дастандағы:

«Әр сөзін, өлең сөзін, өсиет сөзін,
Сегіздің шежіресінен көрді көзім.
Нақыл сөз, жыр-қиссасын, жұмбақтарын
Көшіріп жинағынан жаздым өзім», дегені дәлел бола алады», – деп жазады.

Бұл дастан Қазақстан ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақтаулы жатыр. Бірақ, жазып алушы немесе көшірушілер кінәсінен бе екен, көптеген шумақтарды Нұржан жазды деп айтуға аузымыз бармайды. Өйткені, өлең сапасы нашар, ұйқастары әлжуаз, мағынасы бұлыңғыр жолдар жиі кездеседі. «Сегіз сері»  дастанындағы үзінділерде айтылған Сегіз сері шығарған деген қиссалар мен әндердің біразы да шындыққа жанаспайтын секілді. Олай болса, дастанды Нұржан ақын шығарған дегенге де күмән бар. Бәлкім, қолжазба қорына тапсырушылар тарапынан кеткен қате болар. Елге белгілі қиссалардың атын Нұржан ақын білмей жазып отыр деп айту қиын. «Қобыланды», «Қыз Жібек». т.б эпостық жырларды Сегіз сері  шығарды деп айта алмаймыз. Нұржан Сегіз сері туралы дастан жазса да, оның арасында жолдан қосылған шумақтар болуы да мүмкін.

Нұржан Наушабайұлының «Алаш» кітабында «МәшҺүр Жүсіп атына Нұржаннан бір-екі сөз» деген тақырыппен 36 шумақтан тұратын ұзақ өлеңі жарық көрген. (Нұржан Наушабайұлы. «Алаш», Қостанай: «Баспа үйі», 1997 жыл). Мәшһүр Жүсіп есімін білетіндер өлеңнің мазмұнына үңілмей, атына қараса, оны М.Көпеев деп қабылдауы да мүмкін. Өйткені, Мәшһүр аты мойындалған бірден бір ақын осы М.Көпеев. Алайда, одан басқа да Жүсіп бар екенін әдебиет зерттеушілері болмаса, оқырмандардың біразы біле бермейді. Біздің айтып отырғанымыз Жүсіпбек қожа.

Нұржанның аталмыш өлеңі де осы Жүсіпбекке арналып жазылған.

«Кім өндір жүйеменен сөйлегенге,
Ләззат, қадірі жоқ білмегенге,
Тауыққа көзі соқыр бәрі бидай,
Мысалы, сөзді өлшеп, білмегенге.
Нақылсыз, ғибратсыз өлең бе екен,
Өтірік ертегі айту өнер ме екен?!
МәшҺүр Жүсіп қожа деп зорайғанға

Ойлап ек, бүтін жөнін білер ме екен?» деп басталатын хатта Нұржан сөзінің қожаға арнап айтылғаны айдай анық емес пе?! Ал МәшҺүр Жүсіп Көпеев арғын руына жатады. Сондықтан да бұл өлеңді М.Көпеевке байланысты айтылған деп ойлау қисынға келмейді.

Кейбір оқырмандар тарапынан осы кітапты құрастырған маған: «осы өлең Мәшһүр Жүсіп Көпеевке арналған ба?» – деген сұрақтар да болған еді. Оларға айтар жауабым біреу-ақ. Нұржан өлеңінің Жүсіпбекке арналғаны осы өлеңнің мәтінінен  анық көрінеді. Нұржан:

«Мәшһүр ісін шығарған Жүсіпбекке
Тұрарымды сатпаймын аз деп көпке.
Қадірін шешендіктің зайғы қылып,
Мағынасыз жауҺарыңды төкпе текке» деп айыбын бетіне басады.

Жүсіпбек қожаның да әдебиет тарихында өзіндік орны бар. Ел арасынан көптеген аңыз, қисса, айтыстар, өлеңдерді жинап, кезінде Қазан қаласындағы ағайынды Каримовтердің баспаханасында кітаптарын бастырған. Ол 1857 жылы туып, 1937 жылы қайтыс болды деген деректер «Бабалар сөзі» көп томдығында келтірілген. («Фолиант» баспасы, Астана: 2002 жыл).

Жүсіпбек Шайхисламұлы осы көп томдықтың 2-ші томына енген «Мансұр әл-халаж» атты қиссасында Абайға да жиендік жасайды. Дастан соңында:

«Өлең – сөздің артығы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Болғанда қиюы жоқ сөз арасы,
Ол зейінсіз ақынның бейшарасы,
Айтушы, тыңдаушының көбі надан,
Халықтың сөз танымас бір парасы», деп жазады.

Әрине, «патшасы» сөзін «артығы», «білімсіз» сөзін «зейінсіз» деп өзгертіп, басқа да сөздерді ойынан қосқанымен Абай сөзінің өзгертілген нұсқасы тайға таңба басқандай көрініп тұр.

Жүсіпбек  осы дастанында: «мұсылмандар, дұғаңнан үміт қылам» – дейді.Нұржан осыған орай:

«Жоқ іске ақыл-миды бітіресің,
Әуелден керек емес, бекер осың.
Өтірік хикаятты жазып-жазып,
Қалайша дұға қыл деп өтінесің?» деп сын садағын  бағыттайды.

Нұржан ақын  «не айтсам өз қалыбыма бәрі лайық, мақтаншақ өлеңші емен тарқылдаған», –  дей келіп:

«Айтқаным өтірік емес жала қылып,
Сөйлесең не қыламын шама қылып.
Емессің дін иесі ишан, хазірет,
Сөзді қой мәшһүр деген тоба қылып.
Ібілістің бір есімі ғазиз еді,
Екі есімді жүрмісің жора қылып?» деген сауал тастайды.

Тақтақ ақынның түйдек-түйдек сөздері сол тұстағы Жүсіпбек секілді жалған атаққа құмар өлеңшілер шығармашылығына берілген әділ баға екені даусыз. «Беріде неше тазды емдегенмін, даруым дайын менің себетұғын, осыдан ғибрат алып тоқтамасаң, желкеңнен сөзім дайын мінетұғын, мен болдым өз ойымен дегендердің нешеуі ақырында бүлетұғын» – деген шымыр жолдар Нұржан ақынның қаншалықты талғампаз болғанын да дәлелдейді.

«Ұйықтама, оян, Алашым!» деп ат қойған осы басылымда бұған дейінгі біраз қате терілген сөздерді де түпнұсқамен салыстыра отырып өзгерттік. Мысалы, «Ыбырайға» деген өлеңдегі  жолдар «қылыш еді бір ыспатты» емес, «қылыш еді Асфаһани».

«Ыбырайға» деген өлеңнің соңына «Ұлы ағартушы қайтыс болғанда Ыбырайдың қабірі басындағы құлпытасқа Нұржанның:

«Сайран еттім дүнияда
Табылып көңіл хоштарым.
АҺли, дәулет, жиған мал,
Қалды қымбат достарым» деген төрт жолы жазылған» деген жолдар қосылды.Бұл туралы Ыбырай Алтынсаринның шәкірті, кейінірек Торғай облысы мектептерінің инспекторы болған мұғалім Ә.Балғынбаевтың хаттарынан деректер келтірілген. Ә.Балғынбаев: «Алтынсарин атақты ақын Нұржан Наушабаевпен дос болған. Алтынсаринның қабірінің басындағы тасқа жазылған өлең осы Нұржандікі еді» (Ә.Сыдықов. Ы.Алтынсаринның педагогикалық пікірлері және ағартушылық қызметі»,Қазақтың мемлекеттік оқу құралдар баспасы, Алматы, 1950 жыл,138 бет) – деп жазады.

Нұржанның заман туралы толғауларынан да ақын қолтаңбасы анық байқалады. Филология ғылымының кандидаты Серікқали Бәйменше «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Мөңке бидің Нострадамустан несі кем?» (2000 жыл 29 қараша) деп аталған мақаласында: «Мөңке би сөздерінің және бір жұрнағын көрнекті ақын, этнограф-ағартушы Мәшһүр Жүсіп Көпеев жинастырған ескі әдебиет үлгілерінен кездестіре аламыз. Ноғайлыдан шыққан Мөңке бидің сөздері деп айдарланған бұл нұсқаның көп сөздері Нұржан Наушабаев толғауына ұқсас келеді. Бірақ, онда жаңа сөздердің қосылғаны, Нұржан ақын айтқан кейбір егіз жолдар төрт жол болып толыққаны, өлеңнің буын санында да ішінара өзгерістер бар екендігі байқалады» – дей келе: «Ағартушылық бағыттағы кітаби ақын саналатын Нұржан Наушабаевтың «Шекті Мөңке бидің сөзі» деп аталатын қолжазбасы да бидің мұрасын насихаттауға қызмет етеді. Мұнда шығыстық нәзира үрдісі байқалғанымен, Нұржан Наушабайұлы «Мөңке бидің сөзі бұл» деп былай толғанады:

Құбыладан шыққан күң
Жанып шығар деп еді.
Жалғаны жоқ бұл сөзім
Анық шығар деп еді.
Балғын-балғын көлдерден,
Балық шығар деп еді.
Екі басы қайқайып,
Қайық шығар деп еді.
Қазақ, сенің сорыңа
Қырда – қоқан, ойда – орыс,
Жарып шығар деп еді…

Толғаудың баяндау мәнерін, сөз болатын нәрселердің Мөңке бидің айтып кеткендеріне қолда бар дүниелермен салыстыра отырып ескеретін болсақ, мұны Мөңке бидің төл туындысының нәзиралық тәсілмен қайта жырлануы деп қабылдауға болады» деген қорытынды жасайды.

Бірақ, бұл өлеңдер Нұржанның өзінің кітаптарында жоқ, ал қолжазба ретінде тапсырылған Мөңке бидің сөзімен оның «Заманның қалпына айтылған сөздер»  және «Таршылық таянған заманда» атты өлеңдері ойы жағынан өте ұқсас.

Бұған дейінгі басылымдарда бір ғана әріп қатесінен де (редакторлар мен корректорлардың кінәсінен)  өзгеріп кеткен сөздер бар. Ондай қателер «Алаш» жинағында да кездеседі. Мысалы, бұрынғы басылымдардағы шоқ қысқаш емес, шоқ қышқыш, екі дерек емес, екі дарақ, кәбік емес, кәбің, өмірді зайық өткізіп емес, зайғы өткізіп, сөз сөйледің жасыңнан-ақ емес, сөз сөйледің жасындай-ақ, мысал бары емес, мысал бәрі, хуммәтләрін емес, құрметтерін, асалықтан емес, асылықтан, айланып емес, айналып, қызыл гүлің құлағасын емес, қурағасын, жағалап келіп қонатын емес, жағалай, жүремін ептеп қана сайлауменен емес, сыйлауменен, туысы жаман баланы емес, тумысы жаман баланы, сауап-нұр қабірімнен енсін енді емес, қабіріме, атам марқұм емес, анам, он балық емес, нән балық, кір емес, гір, т.б. Бір-екі әріп қатесіне бола сөздердің мағынасы өзгеріп кеткен.

Ел аузында жүрген Нұржан айтты деген «Майда бол жігіт болсаң, тал жібектей, жақсы емес қатты болу тікенектей. Білімің ұшан-теңіз болса-дағы, пайда жоқ өз халқыңа қызмет етпей» деген шумақ бар. Оны кейбір орындаушылар «Жапанда жүрмін заулап ор киіктей» деген назым сөзіне қосып айтады. Алайда, осы шумақты кейбіреулер Міржақып Дулатовқа, тағы біреулер Шал Тілеукеұлына телиді. Оның анық-қанығын анықтауды зерттеушілер үлесіне қалдырайық.

Сәбит Мұқанов «Халық мұрасы» кітабында: «Нұржанның әкесі кедей болғандықтан, Троицк қаласы тұрғындарының малын баққан. Шешесі қазақтың XIX ғасырдағы күшті ақыны Шалдың қызы», – дейді.

Бейсенбай Кенжебаев «Қазақ халқының XX ғасыр басындағы демократ жазушылары» кітабында: «Нұржан ауқатты кісінің баласы болады. Жасынан діни оқуды оқып жетіледі», – дегенді айтады.

Мұхтар Мағауинның деректерінде: «Шал ақын қартайыңқыраған шағында Мәлімбай, Мәлике деген екі перзент көрген... Мәликені қалың қыпшақ ішінде Нұрым дегенге ұзатқан екен. Нұрымнан Айтбай, Айтбайдан Наушабай, Наушабайдан белгілі ақын Нұржан Наушабаев туған», – деген жолдар бар. Бұл деректердің қайсысы анық екенін айту қиын. Дегенмен, Нұржанның нағашы жұрты да осал болмағаны анық.

Марат Қасымовтың шежіресіне (Ақылбек Шаяхмет. «Есте қалар ел тарихы») жүгінсек, бес таңбалы қыпшақ ХҮ ғасырдан бастау алған. Торғай, Тобыл өзендерінің бойында осы өлкені атақоңыс қылған. Шежіре бойынша қыпшақтың ұзын атасынан өрбіген ұрпақтар ішінде Кеделден Сығай, Сығайдан Келімбет, Келімбеттен Жарбасты, Бердікей туады. Бердікейден: Тілеулі, Құттық. Құттықтан Сейіт. Сейіттен Тәтімбет. Тәтімбеттен Бостан. Бостаннан Айтбай. Айтбайдан Сансызбай. Сансызбайдан Наушабай. Наушабайдан Нұржан туады. Нұржанның азан айтып қойған шын есімі Нұрмұхамбет. Кейін ел-жұрты еркелетіп Нұржан атап кеткен.

Нұржанның жырмен жазып шыққан шежіресі де халық жадында. Оған кезінде Сәбит Мұқанов жоғары баға берген. Кейбір үзінділері «Дала қоңырауы» газетінде жарық көрді. Бұл шежіре толық қалпында жариялана қалса, танымдық-тағылымдық мәні зор еңбек екендігі дау туғызбайды. Әлкей Марғұлан: «Нұржан данышпан ақын ғана емес, сонымен бірге қазақ шежіресін жазған ғалым» – деп оның еңбегіне үлкен баға береді.

Нұржан бай да, би де болмаған деген пікірлер де бар. Қостанай өңірін мекен еткен Нұржан би деген кісі туралы ел аузында айтылатын әңгімелердің Нұржан ақынға қатысы жоқ болуы да мүмкін. Мәселен, Серікбай Оспанов Ғылым академиясының орталық кітапханасынан Нұржан мен Жұмабай Шалабайұлының айтысын тауып алғанын айтып, «Ана тілі» газетінде жариялады.

Жазушы Қойшығара Салғаринның «Көмбе» кітабында (Алматы: «Жалын», 1989, 414 бет) Досбол датқа Нұржан деген кісіден жеңіліпті деген сөз бар деген әңгіме мысалға келтіріледі. Автор:«бұл өңірде Нұржан атаулыдан сөз ұстаған Наушабайдың Нұржаны еді. Бірақ, Досекем заманында ол дүниеге де келген жоқ» дейді. Кітаптағы деректерге қарағанда, Нұржан би Ырғыз жағының адамы. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин Нұржан бидің сөзін «Қазақ хрестоматиясына» кіргізген. Ондағы Нұржан би айтты деген сөздер Нұржан ақыннан алынған жағдайда Ы.Алтынсарин Нұржан Наушабайұлының аты-жөнін толық келтірсе керек еді.

Ақындық қағысуда Жұмабай айтатын «Бай болсаң, Нұржан, қайтейін, би болсаң, Нұржан, қайтейін» деген сөздерге үңілсек, бұл жерде онымен айтысып отырған Нұржан би деген қорытындыға келеміз. Яғни, бұл ақын Нұржан емес, онымен аттас басқа Нұржан. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп аталған жинақта (Алматы: «Жазушы», 1988 ж.) «Нұржан шешен сөздері» деген тақырыппен жыр үлгісінде жазылған шумақтар  берілген. Оны да стилистикалық жағынан дәлелдеп алмайынша Нұржан ақынға телуге болмайды. Алайда, Нұржан Наушабайұлы тақтақ атанған, айтқан сөзі билер мен шешендерден артық болмаса, кем болмаған.

Жас ақын Батырлан Сағынтаев жақында Нұржанның дастаны табылғанын айтып, қуантып еді.

Батырланның ізденгіштігіне, зерттеушілік еңбегіне ырзашылық білдірсем де, бұл дастанды Нұржан ақын жазды дегенге күмәнім бар.

Әуелі Батырланның маған жазғанын келтірейін.

«Қарашаның 20 күні Қостанай қаласында республикалық «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» атты дәстүрлі ән байқауы өткен еді. Бұл байқау биыл екінші рет өткізіліп отыр. Алғашқысы 2019 жылы ұйымдастырылған. Облыстық мәдениет басқармасы, халық шығармашылық орталығы бұйырса осы дәстүрлі ән байқауын «дәстүрлі» түрде өткізуді қолға алмақшы. Бұл байқау жыл сайын өтіп тұрса көнеден тамыр тартқан асыл өнеріміздің қайта жаңғыруына жақсы ықпалын жасар еді деген ойдамыз. Әйтпесе Тобыл-Торғай топырағында ерекше атап өтерліктей Қарабалықтағы жыршылық өнер, Меңдіғарадағы ақындық-әншілік мектеп, Жітіқара мен Қамысты жағындағы би-шешендердің үлгілері, Торғай өңіріндегі ақындық-жыршылық дәстүрі, Қарабастан басталған домбырашылық үлгі, бақсы сарындарының негізінде қалыптасып дамыды…

Меңдіғарадағы ақындық-әншілік мектеп, Жітіқара мен Қамысты жағындағы би-шешендердің үлгілері, Торғай өңіріндегі ақындық-жыршылық дәстүрі, Қарабастан басталған домбырашылық үлгі, бақсы сарындарының негізінде қалыптасып дамыған, нұсқасы бөлек қобызшылық өнері ұмытылып кеткені жасырын емес. Нұржан атындағы байқау осы аталғандарды біртіндеп қалыпқа келтіре беруге, жаңғырта беруге мүмкіндік берер еді. Мұның бәрі өткен байқауда Алмас Алматов, Талғат Молдағалиев, Ерлан Қалмақов секілді ағаларымыздың айтқандарынан, өз ойымызда жүрген жайлардан шығып жатқан дүние ғой. Негізі жазбамыз Наушабайұлы Нұржанның әлі жарық көрмеген бір шығармасын жариялауға арналып еді. Қазақ арасында кеңінен тараған аңыз әңгіменің негізінде жазылған бұл өлең Алматы қаласындағы орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорынан алынды (ОҒК: Қ-1164 а. №12.). Қорға 1936 жылы А.В.Васильев (1861-1943) тапсырған. Александр Васильевич Васильев  Ыбырай Алтынсарин өмірден өткен 1889 жылдан бастап 1894 жылға дейін Торғай облысындағы халық мектептерінің инспекторы болған кісі. Одан кейін де Торғай облысында түрлі басшылық қызметтер атқарған. Орынборда шыққан «Торғай» газетінде 10 жыл бойы редактор болған А.В.Васильев қазақ әдебиеті мұраларының жиналуына зор еңбек сіңірген жандардың бірі. Өзі қызметте болған Торғай облысы көлеміне 10-нан аса экспедиция ұйымдастырып, қазіргі Қостанай, Ақтөбе облысының аумағындағы ертеректе өткен ақын-жыраулардың өлең-жырларын аса мол көлемде жинаған. Олардың көпшілігін қолжазба қорларына өткізген. Қазір А.В.Васильев тапсырған қолжазбалар қазір Алматы қаласындағы орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорында сақтаулы тұр.» Енді сол дастанды оқып көрелік.

Бұрынғы хикаяттан көріп Мисрайн деген патшаның бір кісілерге берген төресі.

Ей, Нұржан, сөзді ұзатпай ойла қысқа,
Әшкере ет іште сырды жүрме босқа.
Оқымақ адамдарға ермек үшін,
Артыңа сөз жайылып қалсын нұсқа.

Бар екен бір мүсәпір өзі ғаріп,
Бір тиын бұл таба алмай жүрді налып.
Күн-түні ғамкүн болып жүрген сорлы,
Қалайша жайдарланбақ(?) көңіліне алып.

Естіген бір шаһарды өзі бай деп,
Пақырға, міскінменен сонша жай деп.
Ішерге асы, киерге киімі жоқ,
Ойланды сол жақтарға барайын деп.

Кез болды бара жатып бір кемеге,
Пұлы жоқ мініп өтер ештемеге.
Кеменің бастығымен саудаласып,
Жолықты енді бір зор әңгімеге.

Мысқал ет арқасынан кесіп алмақ болды,
Бермесе жазғанында қалмақ болды.
Алдында бірнеше көп куәлердің,
Мықты шарт уағдада тұрмақ болды.

Бишара шарасыздан көнді бұған,
Не хайла етпек керек енді бұған.
Өткізіп кемесінен түсірген соң,
Алам деп етін кесіп келді бұған.

Бұл шын деп тұра алмады айтса-дағы,
Қолынан жұлып кетті тартса-дағы.
Келеді пышақ қолында олда қуып,
Емес-ау құтыларлық қайтседағы.

Келеді ұзай алмай ілестіріп,
Сөйлестірер қазы жоқ теңестіріп.
Бейшара қашпай тоқтап неғып тұрсын,
Қозғалмай өз тәнінен ет кестіріп.

Келеді бірі қуып, бірі қашып,
Екеуі көп жерге ұзап кетті асып.
Кез болар тағы екінші бір бәлеге,
Құдайым құтқармаса бағын ашып.

Алдынан біреу шықты түйе қуып,
Қашып келе жатқанда өзі жүріп.
Жіберген бұл пақырдың таяғымен,
Түйенің бір жақ көзі кетті шығып.

Түйені тастай беріп бұл да қуды,
Басына бір хикмет және туды.
Бұл жетпей тыңнан қуған қояр емес,
Маңдайдан тер тамшылап бітті күні(?).

Сасқаннан құтыла алмай қысылды жан,
Алдынан кез болды бір бұзылған там.
Секіріп ар жағына түсіп еді,
Байғұсқа бұрынғыдан болды жаман.

Құтылар бұл пақырың қайда барып,
Аяғы жүгіре алмай қалды талып.
Бір кемпір көлеңкелеп жатыр екен,
Кетіпті қарғығанда ішін жарып.

Кемпірдің тұра қуды баласы да,
Болмайды құтыларлық шамасы да.
Ғаріпті оншама көп ұзатпайық,
Әудем жер ұстап алды арасында.

Бейшара көзі жасты, көңілі жалын,
Айтуға кім тыңдайды мұның зарын.
Әуелден ақыр естіп бастан аяқ,
Сұрасты бір-бірінің ахуалдарын.

Үшеуі падишаға бармақ болды,
Әрбірі тиістісін алмақ болды.
Ет еді бір-ақ мысқал алғашқысы,
Байғұсқа онан да артық салмақ болды.

Патшаға алып барды жұдырықтап,
Қалмаса не ғилаж бар аман сақтап.
Ғәділдік төрдегіден табылмаса,
Жанында еш адам жоқ алар ақтап.

Падиша сол уақытта Мисрайн,
Жетектеп алып келіп айтты жайын.
Әуелі сен сөйле деп бастан-аяқ,
Ерінбей сұрап алды бар жағдайын.

Әуелі айтты уәде қылғандығын,
Түйенің көзі шығып қалғандығын.
Бихабар қысылғаннан қарғығанда,
Кемпірдің бұлайынша болғандығын.

Патша айтты: – Дұрыстықпен төре берем,
Я жақын кеуілім жоқ алыстықпен.
Көзбе көз бұл төртеуін тергеп едім,
Сөз айтады екен жағы дұрыстықпен.

Кемешіге айтты: -  төрем жем болмасын,
Кескенің мысқалдан артық я кем болмасын.
Әйтпесе өзің дарға асыларсың,
Бір ғаріп қиянаттан көр болмасын.

Бірақ кес, мысқал болсын, екі кеспе,
Дұрыс ал аласыңды бүгін кеште.
Ей, ғаріп, риза бол айтқаннан соң,
Уәде бұзып кеткен дұрыс іс пе?

Қалдырсын (?) неге мақрұм түзу ниет,
Осындай ғәділ болсын билік төре ет.
Төрені кемешіге айтты болып,
Екінші түйешіге келді рет.

Түйеңнің шығып еді қай жақ көзі,
Айтыңыз бәріңізде дұрыс сөзді.
Таяқпен шығарыпсың, мұның көзін шығар,
Сонан соң мұнан аларсың түйеңізді.

Осыны лақтырасың сондай жерден,
Тигізсең өзіңді асам бөтен жерден.

Үшінші келді кемпір баласына,
Тамның сен мұны жатқыз саясына.
Сенде қарғып бір басып өлтір мұны,
Өлмесе сен барасың дар басына.

Төре берсем көп зиян бостықпенен,
Бұған еткен төре емес достықпенен.
Ажал жетіп тұрған соң не шара бар,
Шешеңді өлтірген жоқ қастықпенен.

Кім артық Мисрайннен ғәділдікке,
Айтпайды төресіне ешкім өкпе.
Аламыз деп алдырып қаламыз деп,
Дағуадан үшеуі де қалды текке.

Енді кісі көрінсе қашқандай боп,
Көңілі қорқынышын басқандай боп.
Ғаріп байғұс жөнелді алдияр деп,
Мәңгі өлімнен құтылған тышқандай боп.

Ең алдымен дастанның сағыздай созылған аты күдік келтіреді. «Бұрынғы хикаяттан көріп Мисрайн деген патшаның бір кісілерге берген төресі» деген сөзден не хикаятты айтып отырғанын, Мисраил деген патшаның тарихта болған не болмағанын айырып алу қиын.

Дастан «Ей, Нұржан, сөзді ұзатпай ойла қысқа» - деген жолдан басталады. Нұржан ақын көптеген назымдары мен ғазалдарында өзінің есімін айтып отырғаны рас. Алайда, осы жолдағы «ойла қысқа» деген тіркеске назар аударсақ, Нұржан секілді ойшыл ақын өзіне өзі солай деп айтуы тіпті мүмкін емес қой.

«Мысқал ет арқасынан кесіп алмақ болды,
Бермесе жазғанында қалмақ болды.
Алдында бірнеше көп куәлердің,
Мықты шарт уағдада тұрмақ болды» деген шумақты өлең деп айту да қиын. Нұржанның балталаса бұзылмайтын ұйқастары мына дастанда жоқтың қасы. «Кемешіге айтты: -  төрем жем болмасын, Кескенің мысқалдан артық я кем болмасын» деген жолдарда поэзияның жұғыны да жоқ қой.

«Түйеңнің шығып еді қай жақ көзі,
Айтыңыз бәріңізде дұрыс сөзді.
Таяқпен шығарыпсың, мұның көзін шығар,
Сонан соң мұнан аларсың түйеңізді» секілді шумақтар баспасөзде сыналып жүрген Қаратай Биғожин деген кісінің Қожабарген жыраудың шығармалары деп жүрген шатпақтарына ұқсайды. Дастанның мазмұны да үлгі боларлықтай емес. Мына жазбаны да Нұржан ақынға телу орынсыз.

Біз өз сөзіміз ғана ақиқат деген ойдан аулақпыз. Алайда, Серікбай Оспанов ағамыз да, Батырлан Сағынтаев ініміз де жерден жеті қоян тапқандай жаңалық аштым демегені орынды болар.

Жалпы, орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қоры ма, Академияның қоры ма, соларда сақталған қолжазбаларға аса мұқият қарап, саралау керек. Онда өткізілген дүниелердің барлығы бірдей алтын емес.

Ақылбек Шаяхмет

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970