Бейсенбі, 30 Қаңтар 2025
Ақмылтық 2400 11 пікір 29 Қаңтар, 2025 сағат 13:48

Отыз жылда өзгере алмадық, енді қашан?!

Сурет: spik.kz сайтынан алынды.

«Бодан елге әскер ұстатпау және қалам-қағаз бермеу, күн тәртібінде үнемі тұруы тиіс».

Император Шан Кай Ши

Бұл сөзді неге айтты екен? Әскер ұстатса, көтеріліс жасауы мүмкін, қалам-қағаз берсең, үгіт-насихат жүргізіп, ой-санасын дамытып, тілін, әдеп-ғұрпын жоғалтпайды. Сөйтіп, халық ретінде сақталып қалуы мүмкін. Ал үстем халыққа олардың есек секілді құлағы салпиып, жүре бергені керек!

Осы орайда бір мысал келтіре кетейік: Бұл осыдан бірнеше ғасыр бұрын болған оқиға еді. Ресей империясының билігін әкеден балаға, баладан немереге ауысып, үш ғасыр ұстаған Романовтар тұқымы осы оқиғаға байланысты үлкен той жасайды. Бұл ұлан-асыр тойға дүниежүзінің көптеген мемлекет басшылары шақырылып, мерекенің сәнін келтірген. Сондай бір шақырылған қонақ Пруссия мен Германияны кезінде біріктірген темірдей Бисмарк екен. Бірер күн басқалармен бірге көңіл көтеріп, шаршаңқыраған канцлер қасына өзімен бірге келген дос-жарандарын алып, императордың бірнеше гектарға созылған бау-бағын атқа отырып аралап кетеді. Бақта қаншама ағаштың түрі, түрлі шөптің хош иісі адамға сезім беріп, сергіткендей болады.

Орманды аралап келе жатқан Бисмарк бір жерден күзетте тұрған екі әскерді байқайды. Қастарынан өтіп бара жатып, орман ортасында нені күзетіп тұрғандарын сұрайды.

Олар нені күзететінін білмейтін болып шығады. Тек күнде күзет ауысып тұратынын айтады. Бұған қайран қалған канцлер, серуеннен қайтып келген соң 2-ші Николайдан орман арасындағы күзеттің не үшін қойылғанын сұрайды. Ол да ештеңе білмейтін болып шығады. Ақыры, сарайдағылар сұрастыра келіп, жауабын тапқандай болады.

Осыдан үш ғасыр бұрын 2-ші Екатерина көктем күні бақты аралап жүріп, бір жерден жауқазындардың өсіп, гүл жарып тұрғанын байқайды. Сарайдағы дворяндардың балалары үзіп тастамас үшін күзет алдырып, бақылатып қойған болып шығады. Содан кейін ол қойдырған күзетін ұмытып кеткен ғой! 1 жыл, 5 жыл, 10 жыл, 100 жыл, 300 жыл! Қаншама буын өтті. Күнделікті бұл жерге келетін күзет нені күзететінін де ұмытқан. Әйтеуір, осы араға күзет тұруы тиіс. Масқара болғанда, егер Бисмарк болмағанда бұл жалғаса берер ме еді?!

«Рейх. История германской империи» кітабынан

Борис Соколов

Біз қазақ халқы тәуелсіз елміз, мемлекетіміз тәуелсіз, алайда қашан өзгереміз?! Дегенмен, қазақ даласы бұрынғы ата-бабамыздың жеріндей өзге сөзден, атаудан таза ма? Қазіргі қазақ мемлекетінің ауыл, мектеп, көше, кәсіпорын, аудан, қала, облыс орталықтары жиналып, 60 пайызға жуығы орыс тілінде аталады екен. Сонда бізде ономастика мүлде жұмыс істемейді десек, артық болмас!

Ешкімге ештеңе дегеніміз жоқ. Дос, бауыр көріп, бірлікке шақырдық. Қасымыздағы көршілердей тұрақтылық, өндіріс орындарын дамыту, Ұлы Жібек жолын жандандыру, мектеп, аурухана, балабақша салу дұрыс жолға қойылды. Инвестицияны көптеп тартып жатырмыз. Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстаннан да инвесторларға жол ашып қойған екен. Эволюциялық жолмен олар да өркендеп келеді. Бізден соншалықты артта қалып қойған жоқ. Ал неге біз тәуелсіз халық болған соң, кесірткенің жорғалауындай-ақ болсын, еліміздегі ауыл, аудандарды, қалаларды ептеп болса да, ауыстырып отырмаймыз. Бұл көп емес қой. Қазақ елі болғандықтан, әрі бауырына тартып отырған соң, осындағы этностар ештеңе демейді, әрі олар ештеңе деуге тиісті емес. Тек өзіміздің жалтақтығымыз ғой баяғы.

Қазынадан бөлінген миллиардтаған ақшаны да игере алмаймыз. Әкімдердің көбі бұрынғы зоотехник, мал дәрігері, агрономдар. Бұлардың орнына мықты, жан-жақты білімі бар педагогтар, шыңдалған журналистер, саясаткерлер керек шығар. Еліміздегі өзге атауларды өзгертсе, осылар өзгертер.

Яғни Әмір Темірдің сөзімен айтқанда: «Алыстағы жауыңды күш және шеберлігіңмен жеңуге болар, қасыңдағы қаскүнемнің тізгінін мықтап ұстап, тізерлетіп қой, одан артық бойын көтеруге ерік берме!» деген екен. Мүмкін, осыны ескерерміз, ә? Сіз қалай ойлайсыз?

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Abai.kz

11 пікір