Жұма, 7 Ақпан 2025
Айбын 161 0 пікір 7 Ақпан, 2025 сағат 01:06

Қазақстандық арнайы жасақтардың командалары халықаралық жарыстан елге оралды

Сурет: ҚР ІІМ баспасөз қызметінен алынды.

Қазақстандық арнайы бөліністердің командалары БАӘ-ден елге оралды. Халықаралық «UAE SWAT Challenge» жарыстарында мемлекет намысын қорғап, үздік нәтиже көрсетті.

Элиталық турнирдің жүлдегерлері мен қатысушыларын елорда әуежайында жақындары, әріптестері, сондай-ақ күштік құрылымдардың басшылығы салтанатпен қарсы алды.

Сурет: ҚР ІІМ баспасөз қызметінен алынды.

«Жауынгерлеріміздің жетістігі - бұл жеке жеңістері ғана емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі. Бұл еліміздің күштік құрылымдарының қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша міндеттерін тиімді орындауға әрдайым дайын екендіктерін көрсетеді. Сіздер баршаға өз күштеріңізді, төзімділік пен кәсібиліктеріңізді көрсетіп, әлемдік деңгейде арнайы бөліністердің элитасы арасында еліміздің позициясын нығайттыңыздар», - деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Бес күн бойы өткізілген «арнайы жасақ арасындағы олимпиада» әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ден астам команданы біріктірді. Қазақстанның күштік құрылымдарының атынан 12 команда қатысты.

Әлемнің үздік жауынгерлері шынайы операциялар негізінде жасалған бес күрделі кезеңнен өтті. Әртүрлі тактикалық сценарийлер бойынша әзірленген сынақтар әлемдік стандарттарға сай жабдықталған Дубай полициясының оқу орталығының базасында жүргізілді. Бұл тактикалық операциялар, шабуылдау, адамдарды құтқару, биік нысандарды еңсеру және кедергілерден өту.

Сурет: ҚР ІІМ баспасөз қызметінен алынды.

Тартысты турнирде қазақстандық командалар жеделдік, ұйымшылдық, дәлдік және біліктіліктерін көрсетті. ІІМ «Сұңқар» командасы үш кезеңде жүлделі орынға ие болды - олардың екеуі «алтын». Жалпы көрсеткіш бойынша «Сұңқар» сайыпқырандары жарыстың күміс жүлдегері атанды.

Басқа да командалар қазақстандық жанкүйерлерді жоғары нәтижелерімен қуантты. Екінші кезеңде Мемлекеттік күзет қызметінің «Sardar А» командасы «алтын» алса, ҚР ҰҚК-ның «Arystan Team» командасы екі кезеңде үздік үштіктен көрінді.

ҚР ІІМ-нің «Tomiris» әйелдер командасы ерекше көзге түсті. Қазақстан атынан нәзік жандылардың құрамасы мұндай жарысқа алғаш рет қатысуда. Бәсекелестіктің жоғарылығына қарамастан олар әйелдер командалары арасында 2-ші орынға ие болды.

Арнайы бөліністер арасындағы бұл турнир биыл алтыншы рет өткізілді. Әр жыл сайын қатысушылар саны да артып келеді. Аталмыш сайысқа алғаш рет 2019 жылы ІІМ Ұлттық ұланының командасы қатысқан. 2023 жылдан бастап бұл қатарға еліміздің басқа да арнайы бөліністері белсенді түрде қосыла бастады.

Сурет: ҚР ІІМ баспасөз қызметінен алынды.

Өткен жылы қазақстандық арнайы бөліністердің арасында ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің «Sardar» командасы елімізге тарихи жеңіс – жүлделі үшінші орынды сыйлады. Олар тек Дубай полициясының екі командасына есе жіберген болатын.

Турнир заманауи тәсілдер бойынша тәжірибе алмасуға, арнайы жасақтың дайындық деңгейі мен халықаралық ынтымақтастықты арттыруға септігін тигізіп, жалпы жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға оң әсер етеді.

Abai.kz

0 пікір