Жексенбі, 23 Тамыз 2026
Алаш аманаты 704 0 пікір 21 Тамыз, 2026 сағат 12:11

Патша заманындағы сайлау...

Сурет: ЖИ арқылы жасалған.

Патша заманындағы саяси аураны сипаттайтын хакім Абайдың: "Болды да партия, ел іші жарылды", "Болыс болдым мінеки, бар малымды шығындап" деген өлең жолдары бәрімізге мәлім. 1917-жылы "Алаш" газетінде жарияланған төмендегі жазба "Қазан төңкерісі" қарсаңындағы қазақ қоғамының шынайы саяси бейнесін дәл суреттейді. Абай өлеңінің түсіндірмесі спетті.

Сайлау

Ақмешіт – көп заманнан бері сайлау болмай, болып алған болыстар, билер, алды-артына қармай, қалталары қалыңдап, жүрістері шабандап, көздің еті іскендей болып бара жатыр еді. бұларға халықта шыдап, не керек, деген әмірінде еді.

Қазақ арасында сайлау болғанда, жұрттың екіге бөлініп партия болатұны қазақтың жәйін, ғұрпын білетін адамдарға мағлұм. Мұндай партиядан соң болыс болған жағы жотаға шығып, бола алмай қалған жағы не түрлі «сыбаға»дан бос қалып, салындысы суға кеткендей болып жүретіні тағы мағлұм.

Ел ішінде бір шығын түссе, сайлауға ат байланса, үйлер тігілсе, қойлар сойылса бәрін көтеретін сол жеңілген жақ. Ел аралап жүргенде де болыс жағының адамдарының иығы көтеріңкі, қалған жағынікі түсіңкі. Бар пайда болыс жақта. Жұрт ішінде болған «айып» да бұл жақтың қалтасына барады. «Қара шығын» деген олжа да болады. Ат қойылып, анықталмай алынатұн жолдары да болады...

Осындай пайда жұлындырмай қойсын ба, қазақ ішінде сайлау боларда, болыс болам деген адам бар малын салып партия көбейтеді. «Көк қасқа» сойып, қолдарын қанға батырысып уағда қылысады. Қорадағы малдың, сандықтағы ақшаның бірлігі қолдан кетеді. Міне қазірде осы қызық Қара Өзек болысына қараған елде «Перевский оязында» тұр екен. Болыс Саурамбай ақсақал жаса 74 де болса да, дүниеден кетпей тұруына көзі жеткен соң, болыстықты да ешқайда жібермей ұстап тұрмақ ниетте көрінеді.

Ақсақалда 200 қой бар екен, біраз күнде жүзін сойып өзіне қараған партияшыларға жегізген. Қоймен де тұрмай 70 түйенің 30 ы сойылған, 80 жылқының 30-40 ы сойылған. Ақшадайда 2-3 мың шашқан болса керек.

Қысқасы: қазақтардың өздерінің айтуына қарағанда болыс ағайдың әр күнгі шығыны 300 сом шамасы болса керек.

Саурамбай ақсақал қайтадан болыс болып алса бұл шашқан ақшасын, сойған малын жылдамырақ жиып алатынына ешкім таласпайды ғой. Бірақ бола алмай қалса сонда соры қайнайды ғой! Ақмешіт қазақтарының сөзіне қарағанда, Саурамбай ақсақал бұл жолы от басын шұқып, жерге қарап қалуы аспандағы жұлдыздай-ақ анық болса керек.

Болыстықтан да, малдан да айырылып шыға берсе, 74 жастағы ағайдың қарық олжаға батқаны ғой!

Осындай бас адамдары бар қазақ халқы қайтып алға кетеді?!

Бұл болыс ағамыздың екі қатұны бар еді. үлкен қатұны – ол Сары, 60 жаста, тоқал қатұны Айшық 26 жасында. Енді қартайғанда болыстыққа таласпай-ақ, от басында құдай деп, Айшық жеңгейге қарай отыратұн жөні бар едау!

74-ке келіп желіккен заман осы.

Сүлеймен Найман баласы.

"Алаш" газеті. 1917 ж. Ташкен.

Дайындаған: Абай Мырзағали

Abai.kz

0 пікір