Сәрсенбі, 12 Ақпан 2025
Жаңалықтар 139 0 пікір 12 Ақпан, 2025 сағат 14:17

Қазақстан Тәжікстаннан электр энергиясын импорттамақ

Сурет: Ақ орда сайтынан алынды

Қазақстанға ресми сапармен келген Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин екі ел арасында биыл қандай бірлескен жобалар жүзеге асырылатынын жеткізді.

«Өткен жылы жоғары деңгейдегі келіссөздердің бүгін нақты нәтижелері бар. Бірінші, Қазақстан территориясында күнбағыс дәнін өңдеп, күнбағыс майын шығаратын кәсіпорын салу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл өнім кейін Тәжікстанға экспортталатын болады. Екінші, Қазақстанның Freedom Bank-інің Тәжікстанда еншілес ұйымының ашылуы. Үшінші, Астана, Павлодар, Шымкент, Көкшетау, Қостанай қалаларында тәжік өнімдерінің ірі көрмелерін өткізу. Төртінші, Тәжікстан территориясында жеміс-көкөніс өнімдерін экспортқа әзірлейтін бірлескен ірі логистикалық орталықтың салынуы. Бесінші, цифрлық салада әріптестік орнатылды. Атап айтқанда Қазақстан ұсынған цифрлық жүйені Тәжікстанның мемлекеттік органдарының веб-ресурстарына енгізу жүргізіліп жатыр», - деді ол.

Сондай-ақ, Сироджиддин Мухриддин премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездесуінде экономикалық әріптестік жөніндегі үкіметаралық комиссия жұмысын талқылағанын айтты.

"Инвестициялық әріптестік мәселесіне аса мән берілді. Соның ішінде Тәжікстанда әртүрлі салада қызмет етіп жатқан 100-ге жуық қазақстандық компанияға қолғабыс жасау мәселесі талқыланды. Екі елдің энергетикалық әріптестігінің болашағы зор екенін атап өттік. Жуық арада екі ел үкіметтерінің арасында электр энергиясы жөніндегі келісімге қол қойылатыны жайлы келістік. Бұл құжат "Рогун" ГЭС-і өндіретін электр энергиясын Қазақстанға жеткізу мәселесін реттейді", - деді ол.

Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 7 пайыз артып, 1,2 млрд долларға жетті.

Abai.kz

 

0 пікір