Жастар саясаты қай бағытта дамып келеді?
Мемлекеттің даму стратегиясы мен тұрақтылығы ең алдымен оның адам капиталына, соның ішінде өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тікелей байланысты. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан халқының шамамен 25%-ын 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтар құрайды. Бұл – елдің инновациялық әлеуеті, еңбек ресурстары және мәдени қозғаушы күші. Осы себепті де елімізде жастар саясатын қалыптастыру мен іске асыруға ерекше мән беріледі.
Бүгінгі күні мемлекеттік жастар саясаты білім мен кәсіби даярлық: Білім беру гранттарының көбеюі, жоғары оқу орындарының бағдарламаларын жаңғырту және сыни ойлау мен практикалық дағдыларды дамыту сияқтыбірнеше маңызды бағытты қамтиды.
Осы тұрғыдан мемлекетіміз жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда. Бұған мысал ретінде жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті атауға болады.
«Жастар – 2020» сияқты мемлекеттік бағдарламалар мен жас кәсіпкерлерді қаржылай әрі консультациялық қолдау жобалары жас мамандардың өз орнын табуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар әлеуметтік қорғау және азаматтық белсенділік те басты назарда. Жас отбасыларды баспанамен қамту, волонтерлік қозғалысты дамыту және Жастар парламенті сияқты жаңа институттар арқылы жастарды қоғамдық-саяси өмірге тарту ісі қарқын алған.
Бар мүмкіндік пен шешімін таппаған түйткілдер
Жетістіктермен қатар шешімін күткен бірқатар сын-қатерлер де бар. Атап айтсақ, ауыл мен қала жастары арасындағы мүмкіндіктер теңсіздігі, еңбек көші-қоны (білікті кадрлардың шетелге немесе ірі қалаларға кетуі), тәжірибенің жеткіліксіздігінен туындайтын жұмыссыздық және әлеуметтік қорғалмау мәселелері әлі де өзекті.
Сондықтан жастар саясаты тек қағаз жүзіндегі есеппен шектелмей, әрбір жас азаматтың шынайы сұранысына жауап беруі тиіс. Осы орайда қоғамдағы белсенді азаматтардың да пікірі ерекше маңызға ие.
Еркін Асқаров, Алматы қаласының тұрғыны:
«Қазіргі жастардың әлеуеті өте жоғары, олар жаңа технологияларды тез меңгереді, креативті әрі еркін ойлайды. Дегенмен, белсенді жастардың қызметін дамыту үшін тек жоғарыдан берілетін тапсырмалар немесе формальды іс-шаралар жеткіліксіз. Жастарға өз бастамаларын өздері жүзеге асыруға мүмкіндік пен сенім өте қажет. Қалалық ортада болсын, өңірлерде болсын, жастардың идеяларын тыңдайтын, оларды нақты қолдайтын ашық диалог алаңдары көбейсе деймін. Белсенділік ұйымдастырылған форумдармен өлшенбеуі керек, ол – жастың өз қоғамын жақсартуға деген шынайы ұмтылысынан көрінуі тиіс».
Болашаққа көзқарас
Қазақстандағы жастар саясатының келешегі білім беру саласын инновациялық бағытта жаңғыртумен, стартап-экожүйелерді дамытумен және халықаралық жастар ұйымдарымен тығыз ықпалдасумен байланысты. Жастар саясатын әр өңірдің және әртүрлі әлеуметтік топтардың ерекшеліктерін ескере отырып икемді жүргізу – заман талабы.
Азаматтық қоғам мен мемлекеттік құрылымдардың бірлескен кешенді жұмысы ғана жастардың ел дамуына бағытталған күш-жігерін тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Abai.kz