Сәрсенбі, 12 Наурыз 2025
Дін 489 4 пікір 11 Наурыз, 2025 сағат 14:16

Дінде зорлық емес, даму бар...

Сурет: kazislam.kz сайтынан алынды.

Дін қоғамның бір бөлшегі және рухани мәдениет феномені. Ол қарым-қатынас нормаларын реттейтін адамның бүкіл рухани өмірі. Қазақ халқының мәдениетіне көз жүгіртсек, оның ішкі мәні Ислам дінінің құндылықтарымен қалыптасқан. Ол бізге ата – бабамыздан дәстүр сабақтастығы арқылы жалғасып келе жатқан жол. Осы үрдісті келешек ұрпаққа аманат ретінде жеткізу біздің мұсылмандық парызымыз.

Ислам діні ешқашан басқа сенімдерге немесе қоғамның құндылықтары мен дәстүрлеріне қарсы шыққан емес. Қазақ халқы дінді мәдениет пен халықтың философиясымен табиғи байланысы бар әмбебап діни ілім ретінде қабылдады. Мәдениет дегеніміз бір қоғамды қоғам, жамағатты жамағат, ұлтты ұлт жасайтын, оны өзге ұлттардан ажырататын өмірлік көріністердің топтамасы. Осы өмірлік көріністер әр ұлттың өзіне тән болып келеді. Демек, әр ұлттың өзіне тән ойлау және өмір сүру салтының жүйесі болып табылады.

Қазақтың әдет-ғұрпы әрдайым ізгілікке шақырады. Әрбір салттың терең тәрбиелік мәні бар. Мысалы, ақсақалдарымыз жастарға батасын береді. Жастарымыз үлкеннің алдын кесіп өтпейді, құрметін көрсетеді, ешкімнің ала жібін аттамайды. Халқымыз қашанда қыз баланы сыйлап, қадірлеген. Мұның бәрі дәстүрлі ислам құндылықтарымен тығыз үндеседі. Осыны жастарға түсіндіру қажет етеді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев қазіргі уақытта өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу қажет екендігін ескере отырып, «...Жұрттың діни сауатын арттыру керек. Азаматтарымыз шынайы исламның құндылықтарын білуге тиіс. Сол құндылықтарды халық арасында түсіндіріп, дәріптеу қажет. Әсіресе өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген жөн. Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, санасы сергек ұрпақ ұлтқа адал қызмет етеді» - деп айтқан болатын.

Еліміздегі Ислам дінін насихаттауда көптеген методологиялық қайшылықтар болғандықтан көпшілік арасында дінді түсіну қиынға соғуда. Ата-баба жолынан ауытқып, өз тарихын мен мәдениетін терістеу әсіресе, жастар арасында кеңінен етек алып жатқан факторларда бар. Рас, қазіргі жастар зиялыны, рухани тұлғаны көргісі келеді. Соған еліктеуге тырысады. Бірақ бүгінгі зиялы қауым өкілдерінің көбі, шыны керек, діни мәселеге шорқақ болып келеді. Ата-бабалар бізге «екі дүниені тең ұста» деп өсиет қалдырып кеткен. Зиялыларымыз да екі дүниені тең ұстап, жастарға бағыт-бағдарын, ақыл-ойын айтып отырса, жақсы болады деп есептейміз. Жастардың деструктивті діни ағымдардың ықпалында болуы негізгі үш себебін айтуға болады. 1. Жалпы қоғамда діни сауаттылықтың әлсіз болуы. 2. Жағдайы төмен отбасыларды материалдық тұрғыдан қамтамасыз етеміз деген уәде арқылы өз қатарларына тартып жатқаны. 3. Шетелдік діни уағызшылардың  әсіресе интернет желісінде өз қызыметтерін жоғары деңгейде жүргізуінде болып отыр. Бұл діни ағымдардың астарында еліміздің тыныштығын бұзу, дінаралық алауыздық тудыру сияқты саясиланған мүдде жатқандығы жасырын емес.

Қазіргі кезде дін үйренудегі бір қиыншылық  - діннің бұрмаланып жеткізілуінде. Ғылымда дәлелсіз ешбір қағида қабылданбайтынын ғалымдар жақсы білгенімен, бұл принципті дін саласында ұстана алмай келеді. Ал, шындығында діннің ең күрделі, көлемді, қажетті де ілім екені даусыз.  Әзірет Пайғамбар өзінің өсиетінде: «Алла Тағала адамдардан олардың білімін тартып алмайды, білім ғалымдардың дүние салуымен жоқ болып кетуі мүмкін. Надандықтың ой-пікірі қалады. Білімі жоқ бола тұра пәтуа береді, солайша өздері де адасады біреулерді де адастырады». Елдік құндылықтар – дін мен діл, дәстүр мен білік үйлесімін лайықты кәдеге жаратып, халықтың ынтымағын арттыру үшін не істеу керек? Дін мен діл, дәстүр мен білік – қай заманда болсын маңызы мен мәнін жоғалтпайтын елдік құндылықтар. Ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді сақтайық. Дәстүрлі ислам – халқымыздың ұлттық бірегейлігін танытатын басты құндылықтың бірі. Біз оны берік ұстану арқылы экстремизмге және кертартпалыққа қарсы тұра аламыз. Ислам діні қазақ даласына кең таралған және дәстүрлі бағытымыз - Әбу Ханифа мәзһабы. Ханафи мәзхабы Орта Азияның рухани мұрасы және орта азия мұсылмандарын біріктіріп отыр. Ханафи мектебінің қисынды ойға сүйенген ұстанымы, исламдық қағидаттар мен дәстүрлі құндылықтарды үйлестіре білуі осы көп этносты және көп дінді аймақта халықтардың бейбіт өмір сүруіне негіз болып табылады.

ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң аясында елімізде дін саласында қызмет жасайтын екі мекеме бар. ҚР Дін істер комитеті  – дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын мемлекеттің уәкілетті орган және ҚМДБ – Ислам дінінің сүнни бағыты Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын Қазақстан азаматтарының уәкілетті діни ұйымы. Ортақ мақсат – халыққа дін саласында дұрыс ақпарат беру, жастардың діни сауаттылығын қалыптастыру және  мемлекетімізді теріс діни ағымдардан сақтау болып табылады. Қасиетті Құран кітабында «Дінде зорлық жоқ» деген аятқа сәйкес ҚМДБ рөлі біріктіру, үлгі болу, насихат айту және ынтымаққа үндеу.  Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Ол – елдің бірлігі, мұсылмандардың ынтымағы. Қазіргі таңда қоғамда әсіресе, жастардың арасында дінге, діни рәсімдерге, діни ақпаратқа сұраныс артып отыр. Егер біз жастардың осындай сұранысын қанағаттандыра алмасақ, онда олар бұл діни ақпараттарды сырттан басқа діни ағымдардан іздейді.

Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқанындай «Ел бастайтын жастар жай жатпауы керек. Ғылымға аш болуы керек» деп қазіргі жастар ғылымға, білімге жақын болса, сонда біздің қоғамда даму болады. Қазақтың ұлт болып өркениетті ел қатарлы өмір сүруі үшін, ең алдымен, халықтың сана-сезімін оятатын жағдай тудыру керек, қазақтың ұлттық тілін, әдебиетін өрістету керек. Өнер-білім керек, онан да керегірегі – тәрбие. Қанша оқысақ та, тәрбиеміз кем болса, онда қасиетіміз аз болмақ.

Бахтияр Алпысбаев, дінтанушы

Abai.kz

4 пікір