Жұма, 5 Маусым 2026
Жаңалықтар 123 0 пікір 5 Маусым, 2026 сағат 15:42

Астана бюджеті 1,48 трлн теңгеге дейін артады

Сурет: Ақорда сайтынан алынды

Астананың 2026 жылға нақтыланған жергілікті бюджетінің жалпы шығыстары 1 трлн 483 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева мәслихаттың кезектен тыс сессиясында мәлім етті. 

Оның айтуынша, бюджетті нақтылау қаланың өз табысының өсуіне байланысты болып отыр. Жалпы кіріс жоспары 111,4 млрд теңгеге дейін өскен, оның ішінде 86,4 млрд теңге қосымша салық түсімдері есебінен қамтамасыз етілетін болады.

– Астана қарқынды түрде дамып келеді. Экономикалық өсімінің орташа қарқыны 10% деңгейінде. Халық саны орта есеппен 7,5%-ға өсіп отыр. Құрылыс жұмыстарының қарқыны 8,2%-ға, көлік және логистика саласындағы белсенділік 30%-ға артты. Сауда көлемі 3%-ға өсті, - деді мекеме басшысы.

Оның айтуынша, жыл басынан бері субсидияланатын қоғамдық көлік бағыттарының саны 110-ға дейін артқан, ал жолаушылар ағыны 12%-ға өскен. Жол инфрақұрылымы бойынша 30 шақырым жол жөнделіп, тағы 7,6 шақырым жол салынып жатыр.

Жылу энергетикасы және коммуналдық шаруашылық саласында қуаттылықты арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олар жылу энергиясын өндіру қуатын сағатына 1000 гигакалорияға, ал электр энергиясын 423 мегавольт-амперге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

– Қала көркін жақсартуға қосымша 18,3 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржы аулаларды жөндеуге, көгалдандыруға, санитарлық тазалыққа және LRT станциялары мен шеткі аудандарды абаттандыруға жұмсалады, - деді ол.

Айжан Түгелбаева атап өткендей, қосымша шығыстар қаланың жедел қажеттіліктерін, стратегиялық даму міндеттерін, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмаларын, сондай-ақ мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып жасалған.

Abai.kz

 

0 пікір