Сәрсенбі, 2 Сәуір 2025
Ақмылтық 1719 0 пікір 30 Наурыз, 2025 сағат 12:51

Тасмағамбетов: Мен үшін халқымның мүддесінен биік нәрсе жоқ!

Сурет: odkb-csto.org сайтынан алынды.

Бүгін ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов, Қазақстан халқына бейне үндеу жасап, соңғы уақыттары әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарияланып жатқан кейбір ақпараттар мен қауесеттерге жауап беріпті.

«Қазір адамзат әлемі бұрын-соңды болмаған соғыс қаупінен арылмай тұр. Бұл соғыста жеңімпаз болмайды. Бәрі де жеңіледі. Мұндай жағдайда біреудің сойылын соғу – нағыз соқырлық. Ал өз ұлтына соғыс тілеу – қаныпезерлік болар еді», - деген Иманғали Тасмағамбетовдің үндеуін толықтай Abai.kz ақпарттық порталы оқырмандарына ұсынамыз...

Иманғали Тасмағамбетов, ҰҚШҰ Бас хатшысы, мемлекет және қоғам қайраткері:

Қадірменді ағайын!

Менің өмір жолымды қалың қазақ біледі ғой деп ойлаймын. Егемен мемлекет болғалы ел игілігіне аз да болса, өз үлесімді қосқандаймын.

Әрине, «ауыр жол атыңды сынайды, қиын іс адамды сынайды», деген. Осы жолда талай сый да, сын да болды. Оның ішінде қадіріңді байыптағандар да, жалған жала жауып, бос айыптағандар да болды. Дегенмен, сол жалған айыптарға көңіл бөлмедім. Сотқа жүгініп, кеткен есемді ешкімге артпадым. Өйткені, атам қазақ айтпақшы: «Ақтың отын ақымақ өшіре алмайды. Қашанда әр мәселенің әділдігін адам көрмесе де, Алла көреді», деген қағидаға сүйендім.

Десе де, «өтірігі шындай, шыны Құдай ұрғандай» болған мынау әлеуметтік желіге сенген кейбір адамдар үндемегенді басқа теуіп, табанына тастауға даяр. Жағадан алып, жаныштауға құмар екендігіне көзім әбден жетті.

Сондықтан да азды кем, абырой-атымды болымсыз ортаның саудасына салмай, барша айып таққыш жаранға бір жауабын берсем деп шештім.

Біріншіден, мен әрбір тасы қазақтың исі аңқыған Атырауда туып, түшкірсе де баба дәстүрі деп түшкірген атамның тәрбиесін, көз ашқаннан санама қазақтың рухын, мәдениеті мен әдебиетін сіңірген, анамның тәлімін алып өскен қазақпын.

Шыңғыс Айтматов айтқан: «Жеті атасына тамыр жібермеген адам – жетесіз! Оны білмеген жерден әдепсіз қылық пен арам істен жиіркенбеу басталады», - деген. Қарапайым да қатал елдік философияны үлкендердің аузынан көп естіп, шыққан тегін, барар жерін, жақын мен жетті айыруды біліп өскендердің қатарынанмын.

Ал енді бүгін ше? Туған жеріне салмағы жоқ, жел айдаған дәнсіз қауыз тәрізді кейбір бақытсыз жандар үшін мен «ресейшіл, сатқын екенмін». Сонда қалай?

Келісімсөздің күші емес, зымыранның мысы басып тұрған мына заманда, халықаралық әскери ұйымға туған елімнің атынан барып, қауіпсіздік үшін отқа,мүдде үшін суға түскенім үшін бе? Егер дәл солай болса, онда мен заманында «орысшылсың» деп айыпталған Ұлы Абайдың сөзімен қайырайын:

«Адамнан надан артпас, ұққанменен,
Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен», - дейді. Яғни, жүрегің азаптан жарылайын деп тұрса да, қадіріңді білмегендердің алдында есеңді түсірме деген... Сондықтан, түсінгендерді бағалап, түсінбегендерді саралап өтетін өмір бұл.

Екіншіден, мен қолыма қару алып, оқ атпасам да, жауынгершілік заманның зардабын, соғыс атаулының зар-заңын жақсы білетін, жастайымнан жаным сезетін жандардың бірімін. Өйткені, әкемнің екі ағасы Ұлы Отан соғысында қаза болған. Қазір адамзат әлемі бұрын-соңды болмаған соғыс қаупінен арылмай тұр. Бұл соғыста жеңімпаз болмайды. Бәрі де жеңіледі. Мұндай жағдайда біреудің сойылын соғу – нағыз соқырлық. Ал өз ұлтына соғыс тілеу – қаныпезерлік болар еді.

Осы орайда, атамның бір әңгімесі еске түседі. Өткен ғасырлар болса керек, барымта жасаған қазақтың бес-алты жігітін жергілікті отарлық сот үкім шығарып, итжеккенге айдағалы жатыр екен. Сонда, сол елдің ағасы болған бір ақсақалдың көзінен парша-парша жас ағып, жылап тұр екен. Жанындағылар: «Еу, ақсақал, неге жылайсыз? Ұры жазасын алды. Әділ емес пе?!» деген екен.  Сонда ақсақал: «Ей, мен бұл бейбақтардың басы үшін емес, әрқайсының белінде он-оннан кеткен бала үшін жылап тұрмын», - деген екен.

Осыдан кейін, «өз қазағын соғысқа тартып жатыр», деген қасаң әңгімеге қалай шыдайсың?

Білем, тұтас ойдан оймақтай сөзді жұлып алып, жаранға жар салатындар болған, бола да бермек. Өз тарапымнан халқыма айтарым: Ағайын, не нәрсеге де ақылмен қарайық! Ал ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын!

Әрине, әлеуметтік желіде отырып, мән-жайды анықтамастан, жалған ақпарат тарату өте оңай. Қиыны – ар алдынағы жауап. Әбіш Кекілбаев ағамыз айтпақшы: «Арыл адам – ең күшті адам. Өйткені ол – өткінші бақыттың, өткінші қайғының ырқына мойынсынбайды. Сондықтан, оның тағдыры ауыр болуы, қиын болуы, өкінішті болуы мүмкін емес».

Менің де, өмірімдегі ел-жұртым сеніп, мойныма артқан қай қызмет, қандай жұмыс болсын, ұялатын жерім жоқ! Мен үшін халқымыздың мүддесінен биік еш нәрсе болған емес. Бүгінде, елден жырақ жүрсем де, туған елдің әрбір жетістігі мен жемісі мәнді, сағынышы тәтті. Әрине, мен үшін еліміздің сенімінен шығу жолында, мемлекетіміздің мүддесін сыртта сақтап, жүргізудің маңызы өте зор. Оған қоса, мұндай мәртебелі міндеттің үдесінін шығуда, халқымыздың рухани қолдауы қашан да қымбат!

Сөз соңында, ардақты ағайын, Ораза Айт құтты болсын! Ұстаған Оразаларыңыз, ізгі тілектеріңіз қабыл болсын! Еліміз аман болсын! Рахмет!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Азамат

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 439
Болған оқиға

Тілендиев неге Таразидың құлағын қыршып алды?

Төреғали Тәшенов 2081
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 1751
Алтын Орда

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 903