Көлік министрі Марат Қарабаев өңірде жалпы құны 1,9 триллион теңге болатын 24 инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асырылып жатқанын айтты

Былтыр Транскаспий халықаралық көлік дәлізі бойынша жүк тасымалы 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жеткен.
Аталған бағытпен 358 контейнерлік пойыз, 27 мың автокөлік жүк тасымалдаған. Экспорт көлемі 3,2 миллион тоннаны құраған. 2028 жылға дейін бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Ақтауда контейнерлік хаб салынып жатыр. Бұл жоба порттың жүк өткізу қабілетін 140 мыңнан 240 мың ЖФЭ-ге дейін ұлғайтады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Кендірлі курорты аймағында жаңа әуежайдың құрылысы басталды. Әуежай сағатына 150 жолаушыны қабылдай алады. Кендірліні Алматы және Астана қалаларымен жалғайтын тұрақты әуе рейстерін ашу жоспарланған.
Бұдан бөлек, Орталық – Батыс және Бейнеу – Сексеуіл секілді ауқымды жол құрылысы жобаларын жүзеге асыру көзделген. Соның нәтижесінде басты бағыттардағы логистиканы оңтайландырып, транзит және экспорт жүктерін тасымалдау шығындарын едәуір азайтуға мүмкіндік туады. Атап айтқанда, Астанадан Ақтауға дейінгі жол 800 шақырымға, ал Қорғастан Ақтауға дейінгі арақашықтық 900 шақырымға қысқарады.
Мемлекет басшысы Кендірлі курорты аумағындағы әуежай құрылысын тезірек аяқтауды тапсырды. Президенттің айтуынша, Қазақстанды Еуразияның көлік-логистика хабына айналдыру жолында Маңғыстаудың алатын орны ерекше. Сондықтан оның әлеуетін тиімді пайдалану қажет. Өйткені бұл міндеттің стратегиялық маңызы зор.
Abai.kz