Сәрсенбі, 4 Маусым 2025
Әне, көрдің бе? 1043 0 пікір 2 Маусым, 2025 сағат 14:51

Мәскеуге сапар: Назарбаев Путинмен неге кездесті?

Сурет: ria.ru сайтынан алынды.

29 мамыр күні Мәскеуде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин жеке кездесу өткізді. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ТАСС агенттігіне берген түсініктемесінде мәлімдеді.

«Бүгін, 29 мамыр күні, президент Кремльде Мәскеуде жүрген Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті», – деді Песков.

Кездесу бейресми сипатта өткен. Алайда тараптар қандай мәселелерді талқылағаны туралы нақты ақпарат әзірге жарияланған жоқ.

Бұл екі саясаткердің соңғы жеке кездесуі 2024 жылдың желтоқсанында өткен болатын. Сол жолы да Назарбаев Мәскеуге арнайы барып, Путинмен жеке жүздескен еді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жолғы сапарына қатысты ел ішінде түрлі пікірлер мен алып-қашпа әңгімелер тарай бастады. Әсіресе әлеуметтік желі қолданушылары арасында «Назарбаев Мәскеуде не істеп жүр?» деген сұрақ жиі көтерілді.

Осыған байланысты Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай арнайы түсініктеме беріп, жағдайға нүкте қойды. Оның айтуынша, Назарбаев Мәскеуге өз еркімен емес, Ресей тарапының шақыруымен барған және сапар ресми шаралармен байланысты болмаған.

«Сапар Жеңіс күнімен орайластырылған. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен ресми парадпен қабаттаспау үшін, Нұрсұлтан Әбішұлы Кремльге кейінірек барған. Бұл – достық сипаттағы, бейресми кездесу болды», – деді Үкібай.

Ол сондай-ақ Назарбаевтың Путинмен ғана емес, Түркия, Қытай, БАӘ, Өзбекстан және Беларусь басшыларымен де жиі хабарласып, бейресми форматта кездесіп тұратынын атап өтті. Мұндай дипломатиялық қарым-қатынас халықаралық тәжірибеде қалыпты жағдай саналады.

Соңында Үкібай экс-президенттің шетелге біржола көшіп кеткені туралы қауесетті жоққа шығарды.

«Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанда тұрады. Ешқайда қоныс аударған жоқ. Алып-қашпа әңгімелерге сенбеңіздер», – деп мәлімдеме жасады баспасөз хатшысы.

Abai.kz

0 пікір