Сәрсенбі, 2 Шілде 2025
Билік 2026 0 пікір 4 Маусым, 2025 сағат 17:23

Рәмізге құрмет: Алматыда мемлекеттік Ту тұғырына қонды!

Сурет: Алматы әкімдігі сайтынан алынды

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай Алматыда «Батыр» Президенттік полкінің арнайы тобы Ту көтеру салтанатты рәсімін өткізді.

Патриоттық іс-шара тау баурайындағы «Медеу» спорт кешенінде ұйымдастырылды. Салтанатты рәсімге қала әкімі Дархан Сатыбалдымен қатар, мәдениет пен спорт қайраткерлері, қоғам белсенділері, Қазақстан Халқы Ассамблеясының және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көкке көтерілер тұста Б. Байқадамов атындағы хор капелласы мен Алматы гарнизонының үрлемелі оркестрі Мемлекеттік Әнұранды орындады.

Ал, салтанатты іс-шарадан кейін көпшіліктің назарына қаладағы жетекші шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.

Көрермен «Қазақстаным», «Отан», «Туған жер», «Туған жерім тамаша», «Сүйікті елім», «Мен Қазақпын», «Ұлы дала», «Қазағым», «Атамекен» сынды бірқатар патриоттық әрі эстрадалық композицияны тыңдады.

Қоса кетейік, Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мерекелік іс-шаралар қала аудандарында жалғасып жатыр.

Нұрбек Айтымбетов, саясаттанушы:

– Мемлекеттік рәміздер - еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Яғни қазіргі таңда ұлттар мен ұлттық мемлекеттердің нағыз өзекті мәселелері экономика, саясат, қорғаныс саласымен емес, керісінше, ұлттың басты құндылығы болып табылатын ұлттық нышандармен тығыз байланысты.

Мемлекеттік рәміздер ұлттық біре­гейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі болып табылады. Рәміздер тарихы алғашқы қоғамдағы тотемге табынудан бастап, кейін түркілер дәуіріндегі көк бөріге табыну, Орта ғасырдағы хандықтар мен патшалықтардың елтаңбалары мен жалау­лары және теңгелеріндегі айшықты бел­гілерімен сабақтасады. Қазіргі кезде елі­міздің мемлекеттік рәміздері оның бетке ұстар құжаты сияқты бірегей негіздері мен салт-дәстүрін айқындап көрсетеді. Көп көлемде мемлекеттік биліктің рәміздері кез келген мемлекеттің негізін құрайтын тұжы­рымдамасы - ұлттық идеяда көрініс табуы тиіс. Ал нақты ұлттық идея тікелей сол халықтың арасында қалыптасады. Саяси жүйенің көшбасшылары уақыт өте келе ауысып отыруы мүмкін, бірақ халық өзінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан, ғасырлар бойы иемденген және жоғалтып алған ұлттық құндылықтарымен, жағымды және жағымсыз қасиеттерімен қалады, сонымен қатар өзара ұлттық менталитетті қалып­тастырады. Мемлекеттік рәміздер мә­дениетіміз, тарихымыз бен менталитеті­міздің көркем туындысы болуы керек. Еліміздің азаматтарының рәміздерге деген қарым-қатынасы, олардың қаншалықты деңгейде өздерін осы елдің азаматы санайтындықтарының және болашаққа сенімінің, отансүйгіштіктің көрсеткіші іспеттес.

Еліміздің ежелден аңсаған Тәуелсіздігіне қол жет­кізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді қас­терлеу азаматтарымыз үшін басты мін­дет болып табылуы тиісті. Сондай-ақ ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылып өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін төл нышандарымыздың атқаратын қызметі айрықша.

Abai.kz

0 пікір