Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті «Росатом» сала ма?

Қазақстанда салынатын алғашқы атом электр станциясын (АЭС) ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы басқаратын консорциум іске асыратын болды. Бұл жөнінде ресми ақпаратты Қазақстан Республикасының Атом энергетикасы агенттігі таратты.
Агенттіктің мәліметінше: «АЭС салу бойынша «Росатом» компаниясының ұсынысы қауіпсіздік, технологиялық шешімдер және қаржыландыру шарттары тұрғысынан ең тиімді деп танылды», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, агенттік таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі таңда «Росатом» компаниясының бастамасымен Ресей тарапынан мемлекеттік экспорттық қаржыландыру тарту мәселесі қарастырылып жатыр.
ҚР Атом энергетикасы агенттігінің деректеріне сүйенсек, АЭС құрылысына қатысты шешім қабылданбас бұрын жетекші реакторлық технологияларды өндіретін төрт ірі халықаралық компаниямен кең ауқымды келіссөздер жүргізілген. Олардың қатарына Ресейдің «Росатом», Қытайдың China National Nuclear Corporation, Францияның Électricité de France және Оңтүстік Кореяның Korea Hydro & Nuclear Power компаниялары кіреді. Келіссөздер барысында қазақстандық делегациялар осы компаниялардың өндірістік нысандарын аралап, олардың технологияларымен тікелей танысқан.
Барлық қатысушы компаниялар Қазақстандағы АЭС құрылысына қатысты кешенді техникалық және коммерциялық ұсыныстарын ұсынған. Бұл ұсыныстарда жоба құны, жүзеге асыру мерзімі, қаржыландыру схемалары, құрылыс пен өндірісті жергіліктендіру тәсілдері, кадр даярлау бағдарламалары, ғылыми база қалыптастыру, әлеуметтік міндеттемелер мен ядролық отын цикліне қатысу мүмкіндіктері қамтылған.
Ұсыныстар арнайы әзірленген әдістеме бойынша бағаланды. Бұл әдістеме ҚР Атом энергетикасы агенттігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС және француздық Assystem инжинирингтік компаниясының қатысуымен жасалған. Бағалау критерийлеріне АЭС қауіпсіздігі, технологиялық және қаржылық көрсеткіштер, халықаралық тәжірибе, кадрларды оқыту деңгейі мен өндірісті жергіліктендіру мүмкіндіктері сияқты факторлар енген.
Кешенді талдау нәтижелері Атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияға ұсынылды. Комиссия «Росатом» компаниясының ұсынысын ең тиімді және экономикалық тұрғыдан ұтымды деп таныды. Екінші орынды Қытайдың CNNC компаниясы, ал үшінші орынды Францияның EDF және Кореяның KHNP компаниялары бөлісті.
Агенттіктің хабарлауынша, Қазақстан АЭС құрылысы бойынша халықаралық консорциум құру бағытында шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты жалғастыра береді.
Жанар Жұмабекова
Abai.kz