АҚШ-тың демократия жорығы

Кезінде «биологиялық қару жасады» деп негізсіз айыптап, Саддам Құсайынды дарға асқан АҚШ билігі бүгінде Нетаньяхудың айтағымен «атом бомбасын жасауға жақын қалды» деген желеумен Иран ислам республикасына ауыр соққы жасады.
Сонымен бірге Иран билігін ауыстыру ниеті де айқын көрініс тапты.
Шетелде босқын болып жүрген парсы шахы мұрагері Иран халқына үндеу жасап: «Мен билікке келсем демократия орнатамын, дін мен билікті бір-бірінен бөлемін, сөз бостандығын жүзеге асырамын», - деп белсене бастады.
Оның айтқандарынан артында кім тұрғаны соқырға таяқ ұстатқандай анық көрініп тұр. Жалпы АҚШ-тың мұсылман елдеріне жасаған демократия жорығы бір бұл емес екені анық. Соны бір шолып өтсек:
2001 жылы «11 қыркүйек» оқиғасынан кейін АҚШ бастаған НАТО әскері Ауғанстанды соққының астына алып, Тәліптерді Кабулдан қуып шықты.
АҚШ Ауғанстанға демократия орнатты делінген 2001-2021 жылдар аралығында 3600 америка сарбазы мен 50 мың бейбіт тұрғын қайтыс болды.
2021 жылдың жазында АҚШ амалсыз Ауғанстанды тастап шықты. Тәліптер қайта билікке келді. Ақ үйдің Ауғанстанды демократияландыруға жұмсаған 1 триллион доллары бір түнде құмға сіңгендей күйіп кетті.
АҚШ Саддам билігін аударған 20 жылдан астам уақыттан бері Ирак ішкі соғыстың құрсауында қалды. Діни топтар арасындағы қайшылықтар ушығып, қанды соғысқа ұласты. 2014 жылы Ислам мемлекеті террористік ұйымы халифат орнатуға шақ қалды.
2011 жылы 20 қазанда АҚШ-тың әскери көмегіне иек артқан Ливия ереуілшілері ел көсемі Каддафиді атып өлтірді. Содан бері бұл елден тыныштық кетті. Әлі күнге дейін екі түрлі билік, қарулы топтар қатар өмір сүріп, қақтығысып келеді.
Жоғарыдағы фактілер АҚШ-тың мұсылман елдеріне жасаған демократия жорығының ел тыныштығын бұзғаннан басқа ешқандай пайда әкелмегенін көруге болады. Нетаньяху мен Трамптың Иран билігін ауыстыру ойынан тез айнуы да сол өткеннен сабақ алудың бастамасы болса керек.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz