Бейсенбі, 4 Маусым 2026
Жаңалықтар 121 0 пікір 4 Маусым, 2026 сағат 15:20

Жаңа Конституцияға сәйкес 77 заң мен кодекс жаңартылады 

Сурет: Сенат сайтынан алынды

Сенат депутаттары Қазақстан Конституциясының жаңартылған редакциясына сәйкес заңнаманы кешенді түрде жаңартуды көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда қолдады.

Құжатта сайлау жүйесіне, прокуратура қызметіне, инвесторлардың құқықтарын қорғауға және өзге де салаларға қатысты түзетулер қарастырылған.

Заң жобасы 77 заңнамалық актіге, оның ішінде 11 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Түзетулер Азаматтық, Жер, Еңбек, Экология, Бюджет кодекстерін және басқа да бірқатар кодексті қамтиды.

Реформаның негізгі бағыттарының бірі мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге арналған. Атап айтқанда, сайлау комиссияларын құру тәртібін нақтылау және сайлаушылардың кері шақырып алуына байланысты мәслихат депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату рәсімін реттеу ұсынылып отыр.

Сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару органдары жергілікті қоғамдастық жиындарының құрамы туралы ақпаратты өздерінің интернет-ресурстарында жариялауға міндеттеледі.

Түзетулердің жеке бір блогы инвесторлардың құқықтарын қорғауға арналған. Президент тапсырмаларын іске асыру аясында Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетін құру және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тетіктерін кеңейту ұсынылады. Бас прокурор инвестициялық омбудсменнің функцияларын атқара алады, ал өңірлерде бұл өкілеттік инвестициялық прокурорларға жүктелмек.

Сондай-ақ заң жобасында Бас прокуратураға заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган мәртебесін беру және мүліктің заңды жолмен алынғанын тексеру тәртібін нақтылау көзделген.

Заң жобасын әзірлеушілердің пікірінше, құжатты қабылдау жекелеген құқықтық қайшылықтарды жоюға, заңнаманы Конституция талаптарына сәйкестендіруге және азаматтар мен инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Талқылау қорытындысы бойынша Сенаттың бейінді комитеттері заң жобасының тұжырымдамасына қатысты ескерту мен ұсыныс білдірген жоқ.

Abai.kz

 

0 пікір