Түркітануға қатысты қытай деректерінің қоры және олардың кәдеге жаратылу жағдайы
Қазіргі кезде түркі халықтарының тарихына, мәдениетіне қатысты деректер қытай тарихи жазбаларында мол деген ұғым түркітанушы немесе түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қызығатын адамдарға біршама таныс екендігі белгілі. Ендеше, қытайда түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты деректер неліктен мол болады? Оның топаны тегі қаншалық? Ол қайсы жақтардан белең береді? Оның қазіргі түркітанудағы керекке жаратылуы қаншалық? Оның артықшылықтары мен олқылықтары не? деген сұраулардың барлығы түркітанушы әрбір оқымыстыны қызықтырары және ойға салары белгілі.
Ендеше, қытайда түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты деректер неліктен мол болады?
Байырғы қытай тарихы мен мәдениетінің пайда болуы және оның терістік көшпенділерімен байланысы:
Қазіргі кезде түркі халықтарының тарихына, мәдениетіне қатысты деректер қытай тарихи жазбаларында мол деген ұғым түркітанушы немесе түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қызығатын адамдарға біршама таныс екендігі белгілі. Ендеше, қытайда түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты деректер неліктен мол болады? Оның топаны тегі қаншалық? Ол қайсы жақтардан белең береді? Оның қазіргі түркітанудағы керекке жаратылуы қаншалық? Оның артықшылықтары мен олқылықтары не? деген сұраулардың барлығы түркітанушы әрбір оқымыстыны қызықтырары және ойға салары белгілі.
Ендеше, қытайда түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты деректер неліктен мол болады?
Байырғы қытай тарихы мен мәдениетінің пайда болуы және оның терістік көшпенділерімен байланысы:
Қытай мәдениетінің пайда болуы туралы көзқарастардың саны мол. Біреулер қытай мәдениетін бір негізді мәдениет деп қараса, енді біреулер көп негізді мәдениет деп біледі. Бір негізді мәдениет деп қараушылар қытай мәдениеті бүкілдей Хуаң-хы (Сарыөзен: қытай мәдениетінің анасы саналатын осы өзеннің мағынасын қытайдың «Кіндік жазығы» деген атаумен мәндес деп қарауға болады) алабынан пайда болған және бүкілдей сырттан қабылданған мәдениеттен келген деген екі ағымға бөлінеді. Ал, көп негізді деушілер қытай мәдениетінің төркінінде, яғни Хуаң-хы (Сарыөзен) алабының мәдениеті де, сырттан қабылданған мәдениеттер де бар деп қарайды. Ал, олардың үлесі туралы тағы да парықты көзқарастар баршылық.
Мәдениет бір-ақ күнде пайда бола қалмайды. Ол бұрынғы мәдениеттердің негізінде қалыптасады, дамиды. Алайда қытай жерінде ең гүлденген мәдениет құрған әулет – Шаңдар (б.з.б. ХVІІ ғ.–б.з.б.ХІ ғ. аралығында қытайдың Хуаң-хы (Сарыөзен) алабындағы кіндік жазығында династия құрған) болғандығы белгілі. Қазірге дейінгі ғылыми зерттеулерде қытай мәдениетінің төркіні туралы көбінде таласты талқыға түсетіні: біріншіден, қытайға алғашқы қолашылық, жылқы және арба сияқтыларды кім әкелді? енді бірі, Шаңдардың мәдениетінің негізі болған, дамыған қола өнері, арба, бейнелі жазу, алғашқы астрономия, күн тізбе, уақыт белгілеу жүйесі мен уақыт бірлігі, т. б. қайдан келді? Бұлар басқа мәдениет ошақтарынан келді ме, әлде қытай жерінде тыңнан жаратылды ма? деген мәселелер.
Батыс ғалымдарының көбі қытайдың байырғы Хуаң-хы (Сарыөзен) мәдениеті батыстан барған үнді-европа тілділер жаратқан деп қарайды.
Қытай ғалымдары қытай өркениетінің пайда болуы туралы да алуан түрлі көзқарастарды ортаға қойып келеді. Біреулері қытай өркениеті атам заманнан қытайдың өз жерінде пайда болған. Қытай мәдениеті мен батыс және Орта Азия мәдениетіндегі ұқсастықтар мәдениеттің тасымалдануынан, таралуынан болмаған, кездейсоқ құбылыс деп санайды.
Қытай байырғы заман өркениетін зерттеуші Чи-лияң мырза өзінің «Қытай өркениет тарихы» атты кесек еңбегінде: «XVIII ғасырда, батыс оқымыстылары Қытай өркениеті Египет өркениетінің әсеріне ұшыраған деп қарады, тіпті, кейбіреулер, қытайлықтардың өзі Египеттен барғандар деп санады. XIX ғасырда, кейбір айтылмыс қытайтанушылар Қытай өркениеті Қосөзен алабынан (қазіргі Ирак) барған деп көрсетті. Олардың көлденең тартқаны – Қытайдың бейнелі жазуы Қосөзен алабының сына жазуына, Қытайдың түсті керамикаларының әсемделуі Орта Азияның түсті керамикаларының әсемделуіне ұқсайды екен. Бұл назарияның қаншалық қисынсыз екендігі өзі-ақ белгілі. Екі өңірдегі байырғы мәдениеттегі ұқсастық тек өркениеттің пайда болған өңірінің басқа-басқа, ішкі мазмұнының бірдей екендігін ғана түсіндіреді, оны бірінің енді біріне әсер етуінен болған деп тұжырымдауға болмайды» деп жазады [1].
Ал енді бір ғалымдар қытай өркениеті мен батыс және Орта Азия өркениеті аралығында байланыстың барлығын мойындай отырып, бұндағы мәдениеттік төркіннің де, этникалық төркіннің де арғы шыққан жерін қытайдың Хуаң-хы (Сарыөзен) алабына балайды. Бұндай көзқарас ұстанушылардың бірі қытайдың Евразия мәдениетін зерттеуші әйгілі ғалымы Иү-тай-шан (余太山) мырза. Иү-тай-шан мырза Сақтар қытай жерінен таралған, қытай тарихындағы Үйсіндерді қамтыған көшпенділерді түгелдей Хуаң-ди жүйесіне жатқызады [2].
Егер Иү-тай-шан мырзаның пайымдауын дұрыс деп қарауға тура келсе, онда жапониялық ғалым Хашимото және басқа Norman-Mei, Norman Jerry сияқты ғалымдар тіл мәдениеті тұрғысынан, қытай тіліндегі өзен дегенді білдіретін «жияң» (江), «хы» (河) сөздерінің қытай жеріндегі жағырапиялық таралу жағдайына сай ортаға қойған, ең байырғы бір замандарда Хуаң-хы (Сарыөзен) алабын терістіктегі алтай тілді халықтар мекендеген, Чаң-жияң өзені алабын заң-миян тілді халықтар мекендеген, кейінгі қытай тілі осы тілдердің тоғысуынан қалыптасқан деген көзқарасына жүгінуге тура келеді. Бұл көзқарасқа сай байырғы Хуаң-хы және оның терістігінде өзен арғы заманғы қытайша «гал» (河) делінген де бұл алтай тілдерінен келген, ал Чаң-жияң алабында және оның терістігінде өзен «жияң» (江) деп аталған, бұл тибет-бирма тілдерінен келген[3]. Бұндай көзқарас ұстанушы қытай ғалымдар да бар [4]. өркениетінің, одан да арғы Египет өркениетінің байланысын дәріптей отырып, алғашқы қытай өркениеті тікелей Батыс Азиядағы Египеттен немесе Қос өзен алабының мәдениетінен келген деп тұжырымдайды.
Қытайдың әйгілі оқымыстысы Го-мо-ро: «Шаңдар өздері батыстан келген болып, келгенде жұлдыздық күн тізбені ала келіп, ішкері қытайға (кіндік жазық) енгеннен кейін жалғасты қолданған ба? Әлде, Шаңдардың тегі шығыстан болып, жұлдыздық күн тізбені Шияң-жия (商贾) немесе малшылар әкелген бе?» дейді [5]. Су-шуе-лин ханым да сонау 40-жылдары Чүй-юанның «Тәңірден сұрау» (天问) атты өлеңін зерттеген еңбегінде, сол кездегі (Чүй-юанның заманын айтпақшы – Я.Қ.) қытайлықтар Батыс Азияның жай-жапсарын қазіргі бізден де қанық біледі дегенді ортаға қояды [6].
Іс жүзінде байырғы Қосөзен алабы мен Орта Азияны қамтыған тұтас Евразия даласының мәдениеті мен байырғы Қытайдың орта қазығы мәдениетіндегі жақындық бейнелі жазу мен түсті керамикаларының әсемделу стиліндегі ұқсастық ғана емес еді. Терістіктен Қытайдың орта жазығына енген мәдениет үлгілері бұлардан басқа қолашылық, жылқы, арба, қастасы, әскери қару-жарақ, киім-кешек, әсемөнер және ән, күй, би, мәдениет, тотем және салт-санаға дейін барлық жақтардан байқалатын еді.
Осынша мол да алуан түсті әрі адамзаттың ең басты, ең озық мәдениет үлгілері бірінің соңынан бірі, алдымен Орта және Батыс Азияда, оның соңынан Қытайдың терістігі мен батысында, соңында Қытайдың орта жазығында пайда болуы, алайда олар төркіндес емес, өз-өз жерінде пайда болып, бір–біріне ұқсас үлгіде қалыптасуы адамзат мәдениетінің даму заңдылығын былай қойғанда, математикалық ықтималдықтың заңдылықтарына да үйлеспейтін еді. Ал, адамзаттың көлігі, көшіп-қонуы, мәдениет тасымалдауы, таратуы әлі де соншалық мешеу күйде тұрған сол қараңғы дәуірде, сонау Египеттен немесе Қос өзен алабынан мәдениетті бірден қиыр шығыстағы он мыңдаған шақырым шалғайдағы қытай жеріне жеткізу мүмкіндігі қаншалық екендігі де белгілі жәйт.
Және бір жағынан Батыс Азия болсын, Орта Азия болсын байырғы қытайдың Сарыөзен алабымен теңіз немесе басқалай асу бермес жаратылыстық бөгеттер арқылы бүкілдей ажыралып тасталған екі бөлек тұйық өңір емес, олардың аралығында тарихта батыс пен шығысты жалғастырған шығысы Жапон теңізінен басталып, батысы Спан түбегіне тірелетін әйгілі жібек жолы өтетін жанға жайлы евразия даласы жатқаны мәлім. Атам заманғы тарихтан бері осы құтты даланы шығысы мен батысына дейін көшпенділер кезген. Олар шығыс-батыс мәдениетін ұштастырған, мәдениеттің тез, кең таралуына дәнекер болған.
Археологиялық жақтан, қытайдағы ең байырғы ана мәдениеттердің әйгілісі Хуаң-хының (Сарыөзеннің) орта-жоғарғы ағарындағы Яң-шау (仰韶) мәдениеті деп саналады. Үнді ғалымы А.К.Нарайн (A.K.Narain) «тарихтағы ең алғашқы үнді-европалықтар» атты еңбегінде, Тохарлар мен Нүкістерді (Иүздер:月氏) алғаш Қытай жеріне тараған деп қарайды. Ол Қытайдағы Сарыөзеннің орта-жоғарғы аңғарындағы Чи-жия (齐家) мәдениеті, тіпті, Яң-шау (仰韶) мәдениеті уәкілдік еткен мәдениет дәл Тохарлардың «ең алғашқы» мәдениеті, тохарлар сырттан келген «жат жұрттықтар» емес, қайта сол жердің жергілікті тұрғындары. Ол одан да арыға барып, үнді-европа тілділер қытайдан тараған болса керек, тохарлар сол «ең алғашқы» үнді европа тілділердің бір тармағы ретінде, ата мекенінен ең ақырғы көшкендер болуы мүмкін. Тохарлармен төркіндес «ең алғашқы» үнді-европалықтардан Хиттестер (Hittites) мен Кентұм (centum) тіл тобындағылар болып, олар осы өңірден осыдан бес-төрт мың жылдар бұрын батысқа қоныс аударған болуы мүмкін, яғни тохарлар – нүкістердің, тіпті, тұтас үнді-европа тілділердің ата жұрты Қытайдың терістігі деп қарайды [7].
Чи-жия мәдениеті мен Яң-шау мәдениетін тохарлардың және «алғашқы» үнді-европалықтардың мәдениеті деп қарау, кем дегенде археологиялық және антропологиялық жақтан дәделденген. Бұл екі мәдениет туралы қытай ғалымдарының біршама жеткілікті зерттеуі бар деп қаралады [8]. Қытай ғалымдарының ішінде Чи-жия мәдениеті мен Яң-шау мәдениетін моңғол нәсілділердің мәдениеті деп қарайтындар да бар [9].
Әйгілі ғалым Жаң-гуаң-жы: «Хы-ши дәлізіндегі б.з.б-ғы сан ғасыр тарихтан бұрынғы мәдениет қалдықтары, нүкістер мен үйсіндердің тарихтан бұрынғы мәдениетін зерттеудің ең маңызды материалы. Егер бұл ұлыстар Сы-ба (四坝) немесе Ша-жиң (沙井) мәдениетімен тікелей байланысы бар болса, сондай-ақ нүкістер мен үйсіндердің этникалық төркіні батыстағы кавказдықтарға жуық болатын болса, онда бұл Сы-ба мәдениетінің төркіні мен Чи-жия мәдениетінің ұлттық тегімен байланысын анықтауда аса маңызды дерекпен қамдайды» дейді [10].
Ал сақтар қытайдың орта жазығына енгендігінің тарихи және археологиялық деректері де жолығып отырады. Алайда сақтар Қытайдың орта жазығына қашан, қайсы жолмен келген деген мәселе әлі де түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Бұнда адамды толғандыратын екі мәселе бар: бұның бірі, сақтар қытай тарихындағы аңыз-ертегілік түріндегі болсын, әлде тарихи жазбалардағы болсын қайсы кейіпкер, қайсы этностармен байланысады? Енді бірі, сақтар Кіндік жазыққа алғашқы Қытай мәдениеті пайда болғаннан кейін келген бе? Жоқ әлде Кіндік жазыққа еніп алғашқы қытай мәдениетін жаратушылар ма?
Біреулер ең алғашқы Кіндік жазықтағы Яң-шау мәдениетін және Чи-жия, Сы-ба сияқты алғашқы қола мәдениетіне ие археологиялық мәдениеттерді батыс терістіктен енген Үнді-европа әулеттері әкелген, бұлар сақтар немесе сақтармен байланысты этностар деп біледі. Біреулер Қытай мәдениеті мен тарихының атасы Хуаң-дидың тайпасын Қытайдың орта
жазығына батыс терістіктен енген көшпелі сақ тайпасы деп қарайды. Ал, біреулер батыс Жоу династиясының патшасы Жоу-му-уаңмен (周穆王, Му-тиян-зі деп те аталады) барыс-келісі бар, Құрым (Күнлүн) тауындағы көл бойында (瑶池) шарап ішісіп, жыр жырласқан Ши-уаң-муды (西王母) сақтардың көсемі деп қарайды. Енді біреулер Қытайдың орта жазығына тым арыдан енген батыс терістік этностарын нүкістер (月氏) мен үйсіндер (乌孙) деп таниды, әрі оларды сақ тайпаларының тармақтарына жатқызады. Бұл көлді де әркім әр түрлі жориды.
Тағы бір ерекше ескерерлік жай — «Чи-жия», «Яң-шау» мәдениеттеріндегі адам бас сүйектерін бір бөлім ғалымдары үнді-европа типіне, енді бір бөлім ғалымдары моңғол типіне жатқызады. Осыған қарағанда бұл адам бас сүйектері осы екі типтің аралығында, яғни үнді-европа типі мен моңғол типінің аралығында болуы да мүмкін. Бұндай аралықтағы, тип Евразия көшпенділерінің ішіндегі түркі халақтарына тән екендігі жұртқа белгілі жай. Осы талдауға сай, бұларды түркі тілді көшпенділердің мәдениеті болса керек деп күмәндану тіпті де орынды сияқты.
Қытай жазба деректері және терістік көшпенділері
Жалпы ұлт мәдениетінің тарихын зерттеуде тарихта сол ұлтты құраған этникалық топтардың жасаған, көшіп-қонған, басқа халықтармен этникалық және мәдениет жақтарынан араласқан аймақтарындағы ерте заман мәдениет қалдықтарын құнттап зерттеуге тура келеді. Бұл арғы ата-бабалары кезінде шығыстағы Жапон теңізінен батыстағы Балқан түбегіне дейінгі Евразия сахарасын еркін жортқан көшпенділердің ұрпағы түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуде тіпті де қажетті. Түркітанушы мамандар бұл жағында ертеден-ақ көрегендік танытып келеді.
Бұнда ең алдымен түркі халықтарының тарихи мен мәдениетіне қатысты тарихи деректердің Қиыр шығыс деректерінде молынан жолығуының мүмкіндіктерін мына жақтардан аңғара аламыз:
Бірінші, қытайдың арғы заман ұлыстарының терістік көшпенділерімен байланысы қою болған.
Мыңдаған жылдарға жалғасқан қытай тарихында оның елін билеген, әкімият құрған әулеттердің тең жарымынан астамы терістік көшпенділері болғаны белгілі. Қытай тарихындағы ең алғашқы патшалық Шиялар (б.з.б. ХХІ ғ. - б.з.б.ХVІІІ ғ.) терістік көшпенділерімен ерекше байланыста болған, кейін Шаңдар Шияларды талқандап патшалық құрғанда, Шияң ақсүйектері терістік көшпенділеріне қашып барып қосылған. Шаң династиясының (б.з.б. ХVІІ ғ.–б.з.б.ХІ ғ.) терістік көшпенділерімен ұзақ уақыттық араластығы, терістік көшпенділерінің Шаңдарға қосылып, орда жұмысына дейін араласқандығы сүйек жазуының деректерінен молынан байқалады. Шаңдардың соңғы мезгіліндегі астанасы Инндегі қабырстандарынан табылған адам бас сүйектерінің де көп бөлегі терістік көшпенділерінікі
екендігі дәлелденген [11]. Кей мамандар Шаң дәуірінің соңғы мезгіліндегі әйгілі әйел әскери қолбасшы Фу-хауды (妇好) Шаң дәуіріндегі терістіктегі белгілі елдің (方国)Шаң патшасы У-диңге (武丁) ұзатқан қызы деп қарайды. Ал, Шаңдарды аударып билік құрған Жоулар (б.з.б. ХІ ғ.–б.з.б. 256 ж.) терістік көшпенділерімен етене болған, тіпті, бір мезет терістік көшпендісі Номдармен (戎:ғұндардың арғы аталары) бірге көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған. Жоуларды аударып, патшалық құрған Чиндер (б.з.б. 221 ж.–б.з.б. 206 ж.) тегінде батыс терістікте жылқы шаруашылығымен шұғылданатын көшпенді ел болған [12].
Терістік көшпенділерімен араластық қытай тарихында құдды Хан династиясынан (б.з.б. 206 ж.–б.з. 220 ж.) бастап күшейе түскен тәрізденеді. Іс жүзінде хан династиясынан бастап Қытайда шынайы жазба тарих пайда бола бастады. Екіншіден, Қытайдың орта жазығындағы қытай ұлты да хан дәуірінен кейін қалыптаса бастады. Одан ілгергі Кіндік жазық тұрғындарында Хан дәуірінен басталған хан ұлты ұғымы қалыптаспады. Іс жүзінде Хан династиясынан арғы тарихқа ішкерлеген сайын Кіндік жазықпен терістік көшпенділерінің байланысы қоюлана түседі. Тіпті, Хан династиясының алдындағы Шия, Шаң, Жоу, Чин династиялықтарының жарым жартысын терістік көшпенділерінің құрайтындығын қытайтанушы ғалымдардың көбі мойындайды [13].
Сарыөзен алабындағы байырғы қытай династиялықтарын былай қойғанда, Қытайдың шығыс оңтүстігіндегі б.з.б-ғы Жоу династиясы заманында Чаң-жияңның орта ағарында құдіретті ірі ел құрған «Чу» елінің иелерін Мыңчибгли мырза Ган-судың оңтүстігі арқылы Хан-жоңға еніп, одан Ханшүй-Чаңжияң алабына жеткен түркі тілділер деп қарайды [14]14. Сын-жоң-миян сонау 1960 жылдары Чулардың батыстағы Медия жеріне келгендігі екі Жоу заманындағы тарихи деректерде баяндалған, Мидияда бұрын Скифтер болған. Мидиялықтар б.з.б-ғы ІХ ғасырда елдік құрған. Сондықтан шығысқа Жоулармен бірге ілесіп келгендер Тұрандар яғни түркілер болса керек деп жазады [15]. Демек, ең алдымен жылқыны қолда үйретіп, ең алдымен атты жасақ құрған сақ атты Евразия көшпенділері Орта Азияны орталық етіп төңіректің төрт бұрышына түгел өз әсерін тигізген, құдіретін жеткізген, мәдениетін таратқан да.
Кей қытай ғалымы 5000 жылдың алдындағы Хуаң-ди дәл байырғы деректердегі Гуа-жу (瓜州) өңірде жасаған «Сан-мияу» (三苗) деп жазады.
Ал, Чулар елдік құрған Чаң-жияңның төменгі орта бөлегіндегі байырғы этностың аты да Мяу (苗) болған. Осы Мияулардың кейінгі ұрпағы саналатын қытайдың батыс терістігіндегі Мияу-зу, Иі-зу ұлттарының қазіргі мәдениетінде де ою-өрнек және басқа мәдениеттерде түркі мәденитіне ұқсайтын детальдардың мол екендігін бұрын да түрлі дәлел-фактілермен көрсеткен болатынбыз.
Чулардың терістіктегі көшпенді ұлттармен этникалық байланысы тек оның мәдениетіндегі ұқсастықтан ғана емес еді, одан да қызығы – қытай тіліндегі осы елдің атын білдіретін «楚» (чу) иероглифі Қытайдың арғы ерте замандағы тілінде «Чу» деп емес, қайта «Сак» деп оқылатын еді. Яғни, ғалымдар терістік көшпенділерімен төркіндестірген осы елдің байырғы аты «Сак» немесе «сақ елі» (楚国) болған. Бұл Қиыр Шығысқа келген сақтардың бірден-бір «сақ» атымен аталған елі еді.
Екінші, Ішкері Қытайға (Кіндік жазық) терістік көшпенділері молынан сіңген.
Кіндік жазық тұрғындарына терістік көшпенділері атам заманнан бері тоқтаусыз қосылып, сіңіп кетіп отырғандығы көпке белгілі жай. Басқасын былай қойғанда, терістіктегі түркі тілді халықтардан б.з-дың алды-артында тұтас Терістік Азияны тітіренткен империя ғұндардың жарым-жартысы болған оңтүстік ғұндар Хан династиясына бағынышты болып ішкері қытайға (кіндік жазыққа) сіңіп кетті; Таң династиясы дәуірінде (б.з. 618ж - б.з.907ж) терістікте әкімият құрған табығат түріктер Ішкері Қытайға (Кіндік жазық) сіңіп кетті; моңғолдар құрған Юан династиясы дәуірінде Орта Азия мен моңғол даласынан жер аударылып Ішкері Қытайға көшірілген керей, найман, қоңырат, қыпшақ, арғын, т.б. ұлыстардың неше он мыңдаған үрім-бұтақтары сіңіп кетті. Бұлардың барлығы Қытайдың Кіндік жазығына өз тарихы мен мәдениетін ала кірді. Әсіресе моңғолдар құрған Юан династиясы дәуірінде Кіндік жазыққа көшірілген ортаазиялық ұлыстардың (керей, найман, қоңырат, қыпшақ, арғын, т.б.) ұрпақтары негізінен өнер иелері мен соғыс мамандары болды. Міне бұлардың барлығы Ішкері қытайдағы (Кіндік жазық) қытай тұрғындарына өзіндегі мәдениет атаулының барлығын лақтырып тастап, тыр жалаңаш күйінде енген емес, сонымен бірге өз тарихы мен мәдениеттерін де ала кірді.
Үшінші, терістік көшпенділері ішкері қытаймен (кіндік жазық) атам заманнан көрші жасаған.
Түркі халықтарының арғы ата-бабаларын құраған байырғы ғұндар, үйсіндер, нүкістер (иүзлер), тағы басқа ұлыстар мен олардың да арғы аталары саналатын Шаң дәуіріндегі Гүр-фаң, Коң-фаң, Рұн (允) сияқтылар, Жоу династиясы дәуіріндегі Ном (戎), Тиек (狄) сияқты ұлыстар сонау біздің заманымыздан бұрынғы мыңдаған жылдардың арғы жағында Қытайдың орта
жазығымен қоңсылас жасағандығы белгілі болса, ал кейінгі Таң династиясы дәуіріндегі түркілер, моңғолдардың Юаң династиясы дәуіріндегі керей, найман, арғын, қоңырат, қыпшақ, меркіт, жалайыр сияқты түркі ұлтын құраған басты ұлыстар түгелдей Қытаймен шектес Сарыөзеннің терістігінде, Жапон теңізіне жуық лияуніңде, ішкі моңғолдың шығыс оңтүстігінде, Моңғол үстіртінде, Алтай атырабында және Тәңіртау қойнауларында жүргені белгілі.
Міне осы себептерден жазу-сызу мәдениеті ерте дамыған Қытайдың байырғы жазбалары мен басқа да байырғы мәдениет үлгілерінде түркі халықтарының арғы аталарын қамтыған терістік көшпенділерінің тарихы мен мәдениетіне қатысты деректер молынан жолығады. Қытай тарихи жазба деректері әдетте арнаулы тарих (正史), бейресми тарих (野史) және әдеби туындылар болып үшке бөлінеді:
Бірінші, Қытай арнаулы тарихтарындағы (正史) түркітануға қатысты тарихи деректер.
Бұл – ерте замандардан тарихшылардың түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуде баса назар аударып келе жатқан аумақ. Бұдан бұрынғы тарихи зерттеулерде бұл жағы үнемі дәріптеліп және пайдаланылып келеді. Қазіргі түркітанушылардың қытай тарихи жазбаларындағы түркітануға қатысты деректер дегенде көздейтіні осы арнаулы тарихтағы деректер.
Байырғы қытай тарихи жазбаларындағы түркітануға қатысты деректерді танып айыру және оны түркі, ұйғыр тілдеріне аударудың түркі тарихы мен мәдениетін зерттеудегі маңызының зорлығы айтпасақ та түсінікті. Қытайда қыруар жұмыстар тындырылды. «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректемелердің» бірінші, екінші томдары жарық көрді, үшінші томы дайындалып болды [16]. Кейін тағы төртінші, бесінші томдары қолға алынбақ. Ал осы шығармалардың ұйғыр тіліне аударылып басылуы да ерте қолға алынып, қыруар еңбектер тындырылғаны белгілі. Қырғыз тілінде де жұмыс атқарылды. Қазақстандағы түркітанушы ғалымдар да осындай тарихи аударма жұмыстарына ынталы араласуда.
Қытайдың арнаулы патшалық тарихтарында түркі халықтарының этникалық тегіне қатысты деректердің молдығы белгілі: ғұндар, үйсіндер, иүзлер, түріктер, оғыздар кейінгі керей, найман, арғын, қоңырат, қыпшақ, меркіт, жалайыр, т.б. ұлыстар туралы деректер молынан жолығады.
Ал, біздің жоғарда тілге тиек етіп отырған қытай тарихнамаларындағы түркітануға қатысты деректемелеріміз негізінен Қытай тарихындағы хандықтар тарихы саналатын 26 тарихтан (біз айтып отырған арнаулы тарих) сұрыптап алынған түркі және түркі халықтарының арғы аталарына қатысты тарихи деректер. Іс жүзінде Қытайда бұлардан басқа да бейресми тарихи жазбалар, деректер толып жатыр. Олардағы тарихи деректер арнаулы
тарихтардағыдан неше есе мол деуге болады.
Екінші, Қытай бейресми тарихтарындағы (野史) ТҮРКІТАНУҒА ҚАТЫСТЫ тарихи деректер.
Қытай тарихындағы арнаулы тарих ретінде саналатындар негізінен қытайдың Хан династиясы дәуірінен кейінгі патшалықтар тарихи айтылады. Ал қытай тарихындағы ең алғашқы жазба деректер Қытайдың Ин-Шаң дәуіріндегі бейнелі сүйек жазбаларынан [17], батыс Жоу династиясы тұсындағы қола жазбаларынан басталса [18], бұлардың соңы батыс Жоу патшалығы дәуірлеріндегі «Тау-теңіз шежіресі» (山海经), «Жылнама» (春秋), «Зуо-чуан» (左传), «Ана тілі» (国语), «Уәзір» (尚书), «Му-тиян-зінің қиссасы» (穆天子传) сияқты сандаған жазба тарихи-әдеби еңбектерге ұласып жатады. Бұлардың барлығы қытайдың арнаулы патшалықтар тарихы жазыла бастаудан бұрынғы замандағы (Чин-хан династиялықтарынан бұрынғы) тарихи-әдеби еңбектер. Оларда ғұндардың, үйсіндердің тағы басқа терістік көшпенділерінің арғы аталары Ном (戎), Тиек (狄) т.б. ұлыстар туралы қыруар тарихи мәліметтер жолығады.
Тек сүйек жазуларын ғана мысалға алсақ, Шаң заманында Қытайдың орта жазығы мен оның төңірегіндегі аймақтарда бір-бірінен дербес көптеген елдер мен ұлыстар өмір сүрген. Сол қатардағы Коң-фаң, Гүр-фаң ﹙鬼方﹚ тағы сол сияқты көшпелі ұлыстарды қытайтанушы ғалымдар Ғұндардың арғы аталары, ал, Рүн ﹙允﹚ сияқты ұлыстарды Үйсіндердің арғы аталары деп дәлелдейді [19]. Cүйек жазуларында осылардың ішіндегі Ғұндардың арғы атасымен төркіндестірілген ұлыстардың бірі болған тек Коң-фаң елі туралы мазмұндар қамтылған барлық сүйектердің саны 500-ден асады. Бұлар негізінен Шаң династиясының соңғы дәуіріне тура келетін 22-әулет атасы У-диң патша заманына шоғырланған [20]. Осы Коң-фаң еліне қатысты сүйекке жазылған мәтіндерден Коң-фаң елінің Шаңдармен байланысын жүйелі түрде аңғаруға болады. Мысалы, «Жаурын жазуының жинағы» [21] ﹙合﹚ ﹙ендігі жерде “жинақ” деп алынады) 6069-жауырынның оң бетінде, 6087-жауырынның оң бетінде Коң-фаң елінің Шаңдарға шабуыл жасау қаупі болжанады; жинақтағы 137-жауырынның теріс бетінде, 584-сауыттың, 6068-жауырынның оң бетінде Коң-фаң елінің Шаңдарға шабуыл жасағаны баяндалады; жинақтың 6344, 6345, 6347, 6349-сүйектерінде Шаңдардың Коң-фаң еліне жаза жорығын жасағандығы баяндалады; «Англияда сақталған 559-сүйекке, жинақтағы 6171, 6169, 6172, 6173, 6174-сүйектерге Шаңдардың Коң-фаң еліне жаза жорығын жасағандағы, жорық көлемі баяндалады.
Дәл осы тәрізді Коң-фаң елімен бір, Ғұндардың арғы атасы деп
дәлелденген Гүр елі ﹙鬼 方﹚ туралы жинақтың 8591, 8592, 8593-сүйектерінде Гүр елі мен Шаңдардың жауластығы жазылса, 137-сүйектің, 203-сүйектің, 1114-сүйектің оң беттеріне, 1114-сүйектің теріс бетіне Гүр елінің Шаңдарға тәуелді болып, патшалықтың жұмысына араласқандығы, 5577-сүйектің бетіне Гүр елі адамының мансап аты, тағы басқа сүйектерде Шаң патшасының Гүрлерге жарлық түсіргендігі жайында, 20757-сүйекке Шаң патшасының Гүр еліне барғандығы туралы деректер жазылған [22].
Осымен бірге сүйек жазуларында көп жолығатын ұлыстардың бірі – ғалымдар Үйсіндердің арғы атасы деп дәлелдейтін Рүндер ﹙允﹚. Сүйек жазуын
танушы ғалымдар дәл осы Рүндерді білдіретін иероглифтің бейнелі сүйек
жазуындағы көрінісін басына түйіншегін бір жақ шекесіне қаратып шыт тартқан адамның бейнесі деп шешеді [23].
Басына осындай шыт тарту әдеті түріктің керей, найман тайпаларында жақынғы заманға дейін жалғасып келгені белгілі. Тіпті қазірде аздап табылады. Ал осындай шыт тарту әдеті кезінде Хан династиясы дәуірінде оңтүстік ғұндар, кейінгі Таң патшалғы дәуірінде Тағыбат-түріктер сіңіп қалған Қытайдың сары топырақты үстіртінде осы заманға дейін жалғасып келгені белгілі. Ал байырғы ғұннан қалған суреттерде де олардың бастарына шыт тартатындығы байқалады [24].
Ғалымдар сүйек жазуларынан бұлардан басқа жоғарыда баяндалған Ғұндармен, Үйсіндермен, Сақтармен төркіндестірілген Коң, Гүр, Рүн тағы сол сияқты ұлыстардың жағрапиялық орнын да анықтайды [25].
Бейресми тарихтарға бұлардан басқа Чин-Хан династиялықтары тұсынан басталған қытайдың арнаулы тарихтарымен қоса жазылған түрлі қосымша тарихтар, авторлық еңбектер, арнаулы тарихтар туралы түрлі-түсті түсініктемелер, толықтамалар, т.б. барлығы қамтылады. Бұлардың жалпы топаны қытайдың арнаулы тарихтарына қарағанда ондаған, жүздеген есе артық. Ал тарихи құны арнаулы тарихтан артық болмаса кем болмайтындығы да белгілі.
Үшінші, терістік көшпенділерімен етене қытай әдебиеті.
Қытай байырғы заман әдебиеті мен біздің арғы ата-бабаларымыздың екі түрлі байланысы бары белгілі: бірі, қытай байырғы әдебиетінде біздің арғы ата-бабаларымыз туралы деректер молынан жолығады; енді бірі, қытайдың байырғы әдебиетіне біздің арғы ата-бабаларымыздың әдебиеті күшті әсер жасаған.
Аңызда қытай тарихы Хуаң-ди туралы аңызбен басталады. Хуаң-ди Қытайдың орта жазығына алғашқы мәдениет әкеледі. Аңыздарға сай жазылуынша, Хуаң-ди батыс терістіктегі көшпенді тайпа болған. Оны көптеген ғалымдар сақтармен немесе басқа да терістік көшпенділерімен байланыстырады.
Осы Хуаң-ди тайпасы Шуан-юан (轩辕) деп те аталады. «Тау-теңіз
шежіресі ішкі құрлық батыс баянында» (山海经•海内西经): «Шуан-юан елі,
… адам басты, жылан денелі» деп жазылады. Хуаң-диды білдіретін Шуан-юанның қытайша жазылуы 轩辕 болып, оның екі әріпі де арбаны білдіретін 车 қосымшасымен қосылып жасалған. Бұның алдынғысы: 轩 – биік деген мағынаны, соңғысы: 辕 – арба дәртесі. Демек бұдан жеке-жеке мағыналағанда биік арба дәртесі деген мағына шығады. Бұл бір жағынан биік арба дегенді білдіреді. Сақтар арбамен көшіп жүретін халық болған. Түркі көшпенділерінде арбамен көшетін халықтар көп болған. Тіпті арба атымен аталатын этнонимдер де болғаны белгілі. Оның бер жағында, Қытайдың орта жазығына арбаны терістік көшпенділері әкелгендігі де ғылымда тұрақтанған
көзқарас. Тарихи аңыздарда баяндалуынша, Хуаң-ди да Құрым тауынан (Күн-лүннен) Қытайдың орта жазығына айдаһар жегілген арбаға отырып, алдынан бөрі жол бастап, артынан аруақ қолдап, қорғап келеді. Бұл Хуаң-ди тайпасы Қытайдың орта жазығына батыс терістіктен келген Сақтар болуы мүмкін деген күмәнді арши түседі. Қытайтанушы ғалымдарда ұлуды жылқымен байланыстырушылар да көп. Жазба деректердегі Қытайдағы «ұлуды» (айдағарды) тотем етудің арғы сілемін Хуаң-ди тайпасына дейін апаруға болады. Алайда ұлу тотем ең әуелі Сарыөзенің терістігіндегі көшпенділер мекенінде пайда болғандығы белгілі. Ал алғашқы жылқыны қолға үйретіп, арбаға жеккендер де сақтар болған. Бөрі иесі жол бастап, аруақ қолдап, қорғайды деп сенгендер де терістік көшпенділері екендігі тарихи мәдениеттен азын-аулақ хабары бар адамдардың барлығына белгілі жәйт. Қытай тарихшылары Қытайдың орта жазығына Хуаң-ди қола қорытуды, ат пен арбаны, тағы басқаларды әкелді деп біледі.
Қытай тарихи аңыздарында Хуаң-диден кейінгі көп ауызға алынатын Қытайдың алғашқы этникалык тегіне және мәдениетіне қатысты тағы бір тарихи бейне – Чы-ю (蚩尤). Чы-ю аңыздарда көбінде кейінгі тарихтарда терістік көшпенділерінің суреттелгені сияқты «жауыз» түрінде жолығады. «Заман әділетінде» (世纪正义) «Айдаһар балықты өзен сызбасынан» (龙鱼河图) нақыл алып, «Чы-ю ағайынды сексен бір, олар хайуан денелі, адам сөзді, қола бас, темір иық болыпты, құм жейді екен, әскери қару-жарақ жасап, аспан астын тітірентеді, төңірегін рақымсыз қырып-жояды». Батыс Азиядан терістік Африкаға дейінгі өңірлерде де ерте заман адамдары адам басты, жануар денелі адамдар туралы аңыздар таратады, сурет салып, мүсіндер ояды. Ғалымдар бұларды аталған өңірдің адамдары жылқы мінген терістік көшпенділерін алғаш көргенде шығарған деп тұжырымдайды. Ендеше, жоғардағы Чы-ю (蚩尤) туралы аңыз да осыған ұқсайды. «Хайуан денелі, адам сөзді, қола бас, темір иық» – астына жылқы мінген, басына дулыға, үстіне сауыт киген байырғы сақтардың жауынгері. Олардың «құм
жеуі» – терістікте, құмды далада жасайтындығы. «Әскери қару-жарақ жасап, аспан астын тітірентеді, төңірегін рақымсыз қырып-жояды» делінуі де атам заманнан терістік көшпенділеріне телініп келе жатқан ерекшелік екендігі белгілі. Демек қытай әдебиетінің ең алғашқы нұсқаларынан болған сол кездегі тарихи шындықты көрініс еткен алғашқы аңыз-ертегілердің өзі терістік көшпенділерімен байланысты екендігі байқалады.
Ал байырғы қытай жазба әдебиеттерінің ең алғашқы нұсқаларынан болған, әрі тарих, әрі әдеби үлгі алған батыс Жоу династиясы дәуіріндегі «Му-тиян-зі», «Тау-теңіз шежіресі» сияқты туындылар бір жағынан терістік көшпенділерімен байланысты болса, енді бір жағынан терістік көшпенділері туралы қыруар тарихи деректермен қамдайды.
Осылай, заман қанша алмасса да қытай байырғы әдебиетіндегі терістік көшпенділерімен болған байланысы бір сәт толастаған емес.
Терістіктегі түркі көшпенділерінің арғы заманғы әдебиеті туралы да қытай деректерінде қыруар құнды деректер сақталған. Сян-пилердің (байырғы қытайдың терістігінде жасаған түркі тілді этнос) арғы заманда қытай тіліне аударылған ерлік эпостарынан үзінділер қазір де қытай ғалымдарының зерттеу тақырыбынан орын алып келеді, ол қытай поэзиясының дамуына оңды әсер жасаған деп танылады [26]. Тарихта б.з.б-ғы 121-жылы Хан династиясының шеріктерімен шайқаста ғұндардың жеңіліп, суы мол, шөбі шүйгін, қысы жылы, жазы салқын Ши-лан тауы мен Ян-жы тауынан айырылғандығы белгілі жағдай. Міне, дәл осы тарихи жағдай бейнеленген, ғұндардың «Ши-лан таудан айырылып, малға шөп қалмады, Ян-жы таудан айырылып, елде өң қалмады» деген жыр жоқтауының қытайдың батыс терістігіндегі халық әніне айналған екі жолы (қытай тілінде) таяу кездерге дейін жалғасып келген [27].
Бұлардың барлығы Қиыр Шығыста арғы әдебиетімізге қатысты біз зерттеуге татитын деректердің молдығынан дерек береді.
Бұлардан басқа Қытайдың орта жазығындағы роман жанры да терістік көшпенділерінің әсер-ықпалынан аулақ қала алмады. Оның арғы «Му-тиян-зі», «Тау-теңіз шежіресі» сияқты қағаз бетіне түсірілген көлемді тарихи аңыз-ертегілерін былай қойғанда, кейінгі замандарда жазылған бүкіл әлемге әйгілі төрт классикалық романы «Үш патшалық қиссасы», «Батысқа саяхат», «Су бойында», «Қызыл сарай түсі» сияқтылар да оқиғасы терістікпен байланысты болып қалмастан, баяндары мен идея-көзқарастарына дейін терістіктік әсерге ұшырағандығы байқалады. Бұлардың бір бөлімін терістік көшпенділерінің ұрпақтары жазған.
Жалпы қытай әдебиеті әлімсақтан бері жанры, идея-көзқарастарына дейін терістік көшпенділерінің әдебиет әсеріне ұшырап отырды, тіпті, белгілі мағынадан байырғы Қытайдың Кіндік жазық әдебиеті терістік көшпенділерінің әдебиет әсерінің арқасында қалыптасып, көркейгендігін байқауға болады.
Қытай әдебиетіне терістік көшпенділерінің әсер ықпалында тағы бір айрықша орында тұратыны – қытай тіл-жазуында әдебиет жасампаздығымен
шұғылданған терістік көшпенділерінің ұрпағынан болған әйгілі қаламгерлер. Олардың бізге белгілілерінен Таң-Соң династиялықтары тұсындағы ақындардан бір бөлім ғалымдар терістік көшпенділерінің ұрпағы санайтын Ли-бай, тағы басқа ақындар. Ал, моңғолдардың Юан династиясы кезінде Орта Азиядан Қытай жеріне қоныс аударылған мыңдаған оқымысты, өнер иелерінің бір бөлімінің қаламгерлер екендігі, тағы бір бөлегінің Қытайдың Орта жазығында туылып, тәрбие алып, кейін әйгілі әдебиетші, суреткер, т.б. мамандықтардың иесі болып жетіліп, қытайдың әдебиеті мен мәдениетіне аса зор үлестерді қосқаны белгілі.
Мәдениет тарихының қамбасы – қытай иероглифі.
Қытай иероглифі жасалу үлгісі, жолы, дыбысталуы, білдіретін мазмұны және жалпы топаны жағынан аса хикметті бір дүние. Оның өн бойына байырғы Қиыр Шығыс мәдениетінің нілі мен ділі сіңірілген. Оны
белгілі мағынадан қытай мәдениетінің (кеңейтілген мағынада қиыр шығыс мәдениетінің) энциклопедиясы деп айтуға да болады.
Осы қытайдың иероглифінде біздің арғы ата-бабаларымыздың тарихы мен мәдениетіне қатысты қыруар жіп ұштары жасырынған. Бұл туралы «Ана тілдегі ана мәдениеттің іздері», «Тіл мәдениет тарихының айғағы», «Садақ тартып, ту көтерген рулар туралы қытай, моңғол деректері не дейді?» атты мақалаларымда да көптеген жанды мысалдар бар [28]. Осы арада тағы да бұл туралы бір тамаша мысалды көлденең тартуға болады:
Мысалы, қытай тіліндегі тек бір аттың «ерін» білдіретін бір «鞍» деген иероглифті талдаудан мынадай қорытындылар шығара аламыз:
“Ер”-ді орысша “седло”, ағылшынша “saddle”, моңғолша “эмээл”, манжу тілімен түбірлес сібе тілінде “оңгон”, қытайша “ән”, қыпшақша “ейер” деп атайды.
Осы қытай тіліндегі аттың ерін білдіретін “ән” ﹙鞍﹚ деген сөз байырғы қытай тіліндегі буын соңындағы “-р” дыбысының “-н” дыбысына алмасу заңдылығына сай түркі тіліндегі “ер” немесе “ейер” дегеннен өзгеріп қабылданған деген көзқарасымды бұрынғы мақалаларымда ортаға қойған болатынмын [29].
Ал, қытай иероглифтеріндегі “ән” деп оқылып, аттың ерін білдіретін
осы “鞍” иероглифі қытайдың Шаң дәуіріндегі сүйек жазуында жолықпайды. Ол Жауласқан бектіктер заманыннан кейін (б.з.б. 476-жылдан кейін) барып пайда болған. Бұл иероглифтің осылай жасалуы да тегін емес. Ол қытайшадағы жануардың терісін білдіретін 革 иероглифі (бұның алғашқы қытай бейнелі иероглифіндегі көрінісі малдың терісін союға қатысты) мен “ән” деп дыбысталатын 安 иероглифінің біріктірілуінен жасалған. Бұл қытай иероглифтерінің жасалу жолдарының бірі. Яғни, қытай иероглифі көбінде екі бөлектен қосылып жасалған, оның алдыңғы жарым бөлегі сол иероглиф
білдіретін нәрсенің қасиетін, соңғы бөлегі сол нәрсенің дыбысталуын көрсетеді. Сонымен, жоғарыдағы айтылғандар бойынша, Қытайда аттың ері дегенді білдіретін осы “鞍” иеорглифі жасалған тұста ер ағаштан емес теріден жасалып, “ән” деп аталатындығын білеміз.
Біз бұдан қытай тіліндегі аттың ерін білдіретін “ән” түркі тіліндегі “ер”-ден қабылданды деуден тыс тағы мынадай жіп ұштарын байқай аламыз:
a. Қытайдың орта жазығы аттың ерін түркі тілділерден қабылдаған.
ә. Қытайдың орта жазығы ат мінуді Ғұндардан үйренген деп қаралады. Бұдан аттың ерін де Ғұндардан қабылдаған деп тұжырымдаймыз. Сонымен Қытай Ғұндардан аттың ерімен қоса “ер” деген сөзді де қытай тілінің үндестілік заңына сай “ән” деп дыбыстап қабылдаған. Бұл Ғұндардың аттың ерін “ер” деп атайтындығын, яғни олардың түркі тілділігін көрсетеді.
б. Жоғарыда айтылғандай, қытайлар аттың ері мен “ер” деген сөзді
қабылдап, ерді білдіретін иероглифті «тері»-ні білдіретін 革 иероглифі мен “ән” деп дыбысталатын 安 иероглифінің (арғы заманда қытайлар «ер» -ді «ән» деп дыбыстаған) бірікпесінен жасауы, сол кезде ердің ағаш ер емес теріден жасалған тоқым ер екендігін ұғындырады. Егер ағаш ер болса, ерді көрсететін қытай иероглифі басқаша, ағаштан жасалған бұйым екендігін аңғартып (алдынғы бөлегі ағашқа қатысты) жасалуы керек еді.
в. Жоғардағы баяндаулардан Ғұндарды, Үйсіндерді қамтыған түркі тілді халықтар ағаш ер пайда болмай тұрғандағы теріден жасалған тоқым ерді де (пазырық мәдениетіндегі алтай көшпенділерінің атының ері) “ер” деп атаған деген тұжырымға келеміз.
Міне бұлардың барлығы қытай иероглифтерінде біздің тарихымыз бен мәдениетімізге қатысты қаншалық информацияның жасырынып жатқандығын ұғындырады.
Терістік көшпенділерімен байланысты қытай деректерінің зерттелу, кәдеге жаратылу жағдайы мен ондағы кемістіктер.
Қытай тарихи деректері негізінде түркі халықтарының тарихын, мәдениетін зерттеу жағында қыруар еңбектер тындырылды. Кітаптар, мақалалар жазылды. Бұған қытай ғалымдары да, түркі ғалымдары да, дүниедегі басқа халықтардың ғалымдары да ат салысты. Түркі халықтарының
тарихын (мәдениет тарихында қамтыған) жазуда осындай тарихи деректер мен ғылыми еңбектерден молынан пайдаланылды. Алайда жалпы жағдайдан қарағанда байырғы қытай деректеріне сүйене отырып арғы ата-бабаларымыздың тарихы мен мәдениетіне қатысты жіп ұштарын іздеуде мынадай олқылықтардың барлығын байқауға болады:
Біріншіден, қытайдың арнаулы тарихынан түркі халықтарының этникалық құрамына қатысты деректерді қарастырумен көбірек шектелу жәйті ауыр.
Екіншіден, бейресми тарихтарға жеткілікті мән бермеу нысаны байқалады. Іс жүзінде бұндай деректердің топаны арнаулы тарихтағыдан әлдеқайда мол, деректік құны аса жоғары.
Үшіншіден, көшпенділер мәдениетіне тел көзбен қарау нысаны ауыр:
Көптеген ғалымдар байырғы египет мәдениеті, қосөзен мәдениетімен, анатолия және парсы мәдениеті мен қытай мәдениетіндегі көптеген ортақтықтарды байқайды да оны не жеке мәдениеттер, не өзара тікелей әсер еткен мәдениеттер деп біледі. Олардың ойында әуелі «өркениет ошақтары» деген ұғым мықтап орын алған. Дүниедегі мәдениет атаулы осы өркениет ошақтарынан тараған деп біледі. Ал өркениет ошақтарының мәдениеті төңірегіндегі көшпенділер мәдениетінің жиындысы мен тұнбасы болуы мүмкін деген ой оралмайды. Басқа аймақта мәдениет болған, олар да мәдениет таратқан дегенге нанғысы келмейді.
«Алыстағы ата мұра» атты монографиямда: « … дала мәдениеті сонау қарлы шыңдардан басталатын мөлдір бұлақтар, … олар тоқтаусыз ағылып, ойпаттағы тұңғиық, тоймас көлдерге құйып жатады. Бұл көлдер
тұрақты егін шаруашылық мәдениеті. Олар өзіне құйылып жатқан дала мәдениетін жинайды, қорытады, соңында барлығын өзінікі етеді. Дала мәдениеті қорланбайды, тоқтаусыз ағылып, отырықшы егін шаруашылық мәдениетін жаңа мәдениеттермен қамдап отырады» деп жазған едім [30]. Байырғы қиыр шығыс мәдениетінің гаухары – қытайдың ең арғы мәдениеті – Шия (б.з.б.ХХІ ғ.–б.з.б.ХVІІ ғ.), Шияң (б.з.б. ХVІІ ғ.-б.з.б.ХІ ғ.) династиялықтары тұсындағы мәдениеті мен одан да кейінгі дәуірлердегі кіндік жазық мәдениеттерін кілең қазіргі мағынадағы қытай ұлтына ғана тән мәдениет деуге болмайды. Ол алуан ұлыстардың тоғысуынан пайда болған алуан түрлі мәдениеттің қорытпасы. Онда біздің арғы ата-бабаларымыздың да қыруар үлестері бар.
Төртіншіден, Қиыр Шығыстағы ұлан-ғайыр байырғы мәдениет қазыналарынан арғы ата-бабаларымыздың мәдениет деректерін қарастыруға жеткілікті мән бермеу жағы бар.
Кейбір мамандарымыз түркі жерінен басқа аймақтардағы мәдениет үлгілерінің барлығына үрке, сезіктене қарайды. Олардан өз мәдениетіміздің ен-таңбасын тануды, төркінін іздеуді біреуге барып қосылып кету, өз мәдениетінің төркінін басқаға телу, басқадан қарастыру немесе ұлттың тегін бөтен қайнардан қарастыру деп біледі.
Іс жүзінде, археологиялық қазбалардың, түрлі тарихи-мәдени ескерткіштердің (тіл, жазу, әдебиет, ою-өрнек, ән-күй, салт-сана, наным-сенім т.б.) тарих және мәдениеттанудағы құны біз айтып жүрген аталмыш тарихи жазбалардан артық болмаса, кем түспейтіні де белгілі. Жазба тарих та белгілі мағынадан алғанда салыстырмалы ұғым. Әрқандай халық өз тарихын басқаның есебіне жазбайтындығы белгілі. Тарихта өз атасын даттап, басқаның атасын мақтап жазған тарих кемде-кем ұшырайды. Тіпті осындай туынды болған күнде де, ол тарих есептелмесе керек.
Бесіншіден, Тарихи жазбалардағы олқылықтарға тура мәміле жасау
мәселесі.
Қазіргі түркітануға қатысты тарихи жазбалардың мүлде басым көпшілігі өз ата-бабаларымыздың емес басқа халықтардың өкілдерінің қолымен олардың өз тарихын жазуы кезінде қосымша жазылған. Мысалы, тарихтағы қытай тілі мен қытай жазбаларында қытайдың кіндік (орта) жазығындағы ұйытқы халықтардан басқа жат жұрттықтарды (бұратаналар) кемсітетін дерек көздері де мол ұшырайды. Бұны да түрлі жағдайлардың келтіріп шығарғаны белгілі. Біздің кей ғалымдарымыз осы жағдайды көзде ұстап, жалпы Қиыр Шығыс тарихи деректері мен арғы заман мәдениет үлгілеріне жатырқай қарайтын мінез танытып келеді.
Тарихи жазбаларда түсінбестіктен немесе қолдан жасаудан қалыптасқан қателіктердің де бар болары күмәнсіз. Бұған Тарихи жазбалардың Ғұндар баянындағы ғұндарға келген қытай елшілерінің ғұндардың салт-дәстүрін кемсіте айтқан сұраулары мен оған ғұндарға ұзатылып келген қытай қызы Жұңғаңюенің ғұндардың салт-дәстүрін ақтай, түсіндіре берген жауабы ең жақсы дәлел бола алады [31]. Көшпенділерді
ындысыз, аш көз, әдеп-иба, жөн-жосық, ұят-намыстан жұрдай етіп көрсету ғұндардан басқа халықтарды баяндауда да жолығады. Ал, шынайы тарихқа бақсақ, басқалар өз тарихында ындысыз, аш көз, әдеп-иба, жөн-жосық, ұят-намысы жоқ, жабайылар деп баяндайтын осы арнаулы ордалық идеологиясы, заң-жарлығы тапшы дала көшпенділерінде қылмысы ең аз, түрмесі жоқ, өзара қайырым, адамгершілігі ең күшті, зорлықты күшке емес аталы сөзге, бабалар дәстүріне ең жүгінетін салиқалы да саналы халық болғаны белгілі. Керісінше осы көшенділер Орхон-енисей ескерткіштерінде Кіндік жазықпен етене табғаштарды жақындасаң жаман қылық үйретеді деп жазғырады [32]. Бұлар бізге түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуде жазба тарихи деректерге ғана сүйенбей, басқа мәдениет үлгілеріне тіпті де ден қоюдың қажеттілігін ұғындырады. Бұл жағында біздің зерттеушілеріміз зерттеуге тиісті аумақтар толып жатқаны белгілі.
Ал арғы заманғы қытай жазба мәтіндерін емлелік және мазмұндық жақтан түсіну, түсіндіру жақтарында да белгілі алалықтар бары белгілі. Біріншіден, арғы заманғы қытай жазба мәтіндерінде үтір-нүкте болмаған. Ондағы үтір-нүктелерді кейінгі зерттеушілер қойған. Мәтіндерге үтір-нүкте түрліше қойылса, одан түрліше мағыналар шығуы да мүмкін. Екіншіден, қытай мамандарында тарихи жазбалардағы мәтіндер мен иероглифтерді түсіну, түсіндіру жақтарында да кейбір ұқсамастықтар, өзгеше пікірлер кездесіп отырады. Міне бұлардың барлығы тарихи жазбалардың кейінгі сұрыпталған нұсқаларында алғашқы мағынасындағы мазмұннан ішінара алшақтау тудыруы мүмкін. Ал біздің қазіргі қытай тарихи жазбаларынан түркітануға қатысты деректерді сұрыптап аударушы мамандарымыздың аударып жүргендері кейінгі байырғы қытай деректерін танушы ғалымдардың түсінігі мен талғамына сай үтір-нүктесі қойылып, түсініктемесі беріліп, байырғы қытай тілінен қазіргі қытай тіліне қотарылған дайын нұсқасы. Сондықтан осы дайын нұсқада да олқылықтар болуы мүмкін.
Алтыншы, қытайдың байырғы әдебиеттеріндегі терістік көшпенділеріне байланысты мазмұндарды зерттеуге сәл қарау құбылысы бар.
Әдебиеттанушы қытай ғалымдары қытайдың әдебиетінің тарихтан бері терістік көшпенділерінің әдебиет және мәдениет әсеріне ұшырап келе жатқандығын мойындай отырып, қазіргі қытай әдебиет тарихын зерттеудегі терістік көшпенділерінің әсеріне немқұрайлы қарау нысанына кейістік білдіреді. «Біздің батыс өңір (батыс өңір деп көбінде қытайдың батыс терістігі мен Орта Азия өңірін меңзейді – Я. Қ.) әдебиетінің ықпалына қаратылған танымымыз тым кенже жатыр. Батыс өңір мен Қытайдың Кіндік жазықтың әдебиет байланысы ең бері болғанда «Тау-теңіз шежіресі» замандарынан басталған. Одан кейінгі ең көрнекті құбылыстардың бірі: әр түрлі дін батыс өңір арқылы Кіндік жазыққа енгенде, қиял-ғажайып аңыздарын ала келді. Бұл қиял-ғажайып ертегілерінің көбі батыс өңірден өрбіген, ол қытайдың орта жазығына енгеннен кейін, Қытайдың орта жазығының әдебиетіне, музыкасына, биіне және басқа көркемөнеріне терең әсер жасады» деп жазады [33].
Қытай әдебиетін зерттеудің, кілең қытайлық және кіндік жазықтық қайнарға байланған кезектегі күйіне разы болмай, оның тарихи картинасын қайта сызуды дәріптеген қытайлық әдебиеттанушы Яң-иі (杨义) мырза: «Қытайдың терістігіндегі ұлттар құрған әкімияттың әдебиетін зерттеудің маңызынан алғанда, ол тек ерекше жағдайдағы, ерекше өңірдің әдебиетін зерттеудегі күңгірт түйіндер мен әлсіз буындарға ғана қаратылған ақтаңдақты толтыру нысанасындағы зерттеу болмауы қажет. Оның біздің қытай әдебиеті мен қытай өркениетіне қаратылған тұтас тұлғалық танымымыздың қалыптасуын жебеуі тіпті де маңыздысы», «Егінші ұлттар мен көшпенді ұлттар тайталасқан тарихи тілдік ортадағы терістік ұлттарының әдебиеті, тұтас қытай әдебиетінің бітім-болмысына, өміршеңдік қуатына және тарихи тағдырына терең әсер етті» деп жазады [34].
Терістік көшпенділерінің әдебиеті қытайдың орта жазығының әдебиетіне ғана емес, сонымен бірге қоғамдық наным-сенім, идея-көзқарастарына дейін тереңнен әсер етті. Қытайдың әдебиеттанушы маманы Уаң-чиң (王青) көшпенділер әдебиетінің қытайдың Кіндік жазық халықтарының наным-сеніміне жасаған әсер-ықпалы туралы: «Батыс өңір мәдениетінің енуімен, кіндік жазыққа қыруар тың елестер (表象) ағылып кірді, бұлар қытайлықтардың ой жүйесіндегі елес (表象) желісін барынша байытты», «Батыс өңір мәдениетінің енуі, елестер аралығында байланыс орнату қағидасын өзгертіп, түрлі елестер ара тіпті де оңай, тіпті де еркін байланыс орнайтын етті. Сонымен тың елестер майданға келді. Міне бұл батыс өңір мәдеинетінің Кіндік жазықтың елестік қабілетіне әсер жасаған ең басты формасы, оның қытай әдебиетінің әрқайсы жақтарына жасаған әсері аса зор болды». «Ол қытайлықтардың дүниенің және барлық тіршілік ғаламының өмір сүруі туралы танымын өзгертті. Әлемдегі барлық заттың иесі мен киесі болады көзқарасы мен қытайлықтардың жаратылыстың заңы – бастысы қозғалыстың өзгеріс заңы деген көзқарасын өзгертті және дамытты. Кіндік жазықтықтарды материясыз бірлік, тұрақты өлшемі, қозғаушы күші, нысанасы болмаған қозғалыс (өзгеріс) өмір сүреді, мүлде еркін түрдегі қозғалыс және өзгеріс болады дегенге сендірді» деп жазады [35]. Демек автор қытай қиял-ғажап әдебиеті терістік көшпенділерінің әдебиетінің әсерінде қалыптасқан демекші.
Ұзақ жылдардан бері батыс терістік көшпенділерін зерттеудің түйіні мен тәсілінде шынайы заттық дәлелге ие болу жағына баса мән берілді. «Тау-теңіз шежіресі», «Му-тиян-зі» сияқты әдебилігі ерекше күшті шығармаларда батыс терістік көшпенділеріне қатысты тарихи мазмұндар көп болса да, ондағы баяндар туралы шынайы дерек, археологиялық факті, қатаң дәлелдеу талап етіліп келді. Осындай талаптың жетегінде батыс терістік көшпенділерін зерттеу саласында археологтар, тарихшылар, географтар көптеп көзге көрінді де, әдебиет зерттеу аумағында жемісті еңбек, тартымды табыс мәз болмады. Осындай шынайы дерек қууға табан тіреу, батыс терістік әдебиетінің Кіндік жазыққа жасаған әсерін, яғни қытай әдебиетінің қалыптасу барысына әкелген үлесін зерттеуді немқұрайлы қалдырды. Ал көп сандағы адамдар үшін батыс терістік тек реалдықтың өмір сүруі ғана емес, сонымен бірге аңыздағы және елестегі өмір сүру ретінде қала берді. Әдебиет реалдық пен ақиқаттың нағыз өзі емес. Оған адамдардың рухани сезімдік деталдары, тіпті, елестік, ойдырма нәрселері молынан қамтылады. Сондықтан да ол адамды өзіне баурайды, адамға реалдықтан да артық әсер береді. Нағыз тарихи жазба мен археологиялық қазындылар бізге сол дәуірдегі адамдардың сезімдік, психикалық және рухани бейнелерін толық бейнелеп бере алмайды. Ал қолмен қойғандай шынайы тарих саналатын байырғы тарихи жазбалардың бізге қалдырғаны тек тарихтың құр қаңқасы мен бұлдыр елесі, алмасқан хандықтардың шежіресі ғана. Оған сол дәуір әкімиятының идеологиясы да сіңірілген. Нағыз қан мен терден құралған, сезімдік дүниеге бай тарих әлдеқашан келмеске кеткен. Сонымен, тарихи жазбаларда қалдырылған тарих ғасырлар қатпарында көмулі қалған шынайы тарихтың тек болымсыз ғана бір бөлегі. Осы жоғалған тарихты шынайы жазба немесе археологиялық дәлелдермен қайта тірілтудің мүмкіндігі жоқ дерлік. Қазіргі адамдардың қолынан келетіні сол бағытта талпыныс жасау ғана. Осы мағынадан алғанда, әдебиет мұраларынан қаншалық алыс дәуірден төгіліп-шашылып, өзгеріп-өңделіп бүгінге жеткен болса да, көптеген мәңгіге жоғалған тарихи сораптардың елесін болса да байқай аламыз. Тіпті, олардан тарихи жазбалар мен археологиялық деректерден табылмайтын сол дәуір адамдарының рухани жан дүниесін аңғарамыз [36]. Әдебиет әрі тарихи, әрі рухани дүние. Ал, тарих пен археологиялық деректерде негізінен тарихилық қасиет ғана орын алады. Жоғарыдағыларға негізделгенде, қытай тарихы мен мәдениетінен түркі халықтарына қатысты деректерді зерттегенде, әдебиетті де түйін ете, оған арнаулы тарихты және материялық негізді қоса зерттегенде ойламаған олжаларға ие болуымыз әбден мүмкін.
Жетінші, терістік көшпенділерінің байырғы тарихи-мәдени келбетінің көптеген жақтарын оның қытайдың орта жазық мәдениетіне жасаған әсерінен қарастырып тауып алуға болады. Біздің зерттеулерімізде осы жақтары жеткіліксіз.
Сегізінші, тарихи-мәдени деректерге көшпенділердің көзімен қарау кемшін.
Белгілі тарихи баянға, сөз-сөйлемге, мәтінге, тіпті иероглифке (қытай иероглифіне), сондай-ақ басқа да тарихи-мәдени детальдарға (археологиялық, т.б.) наным-сенімі, салт-дәстүрі, тұрмыс-тірлігі, тарихи–мәдени бітім-болмысы басқа-басқа халықтар түрліше тұрғыдан назар салады. Бұл арғы заманда да болған, қазір де бар. Белгілі тарихи объектіге қала-қыстақты халық қала-қыстақты халықтың, көшпенділер көшпенділердің көзімен назар салады, ойымен саралайды. Сондықтан тарихи жазбалар, археологиялық қазындылар, тағы басқа да тарихи-мәдени деректер туралы басқалардың шығарған қорытындысын малдана салу емес, көшпенділердің көзімен қайта сараптауға тура келеді.
Тоғызыншы, байырғы Қытай мәтіндерінің мазмұнына мән беру жағы басым да, жоғарыда көрсетілгендей, қытай иероглифтерінің жеке басында жасырынған көмескі дерек көздерін қарастыру жағы кемшін.
Бұған жоғарыда баяндалған «ер» туралы баян жанды мысал бола алады. Тіпті қытай иероглифтерінің кейбір сырларын көшпенділер мәдениетін дәнекер еткенде ғана ашуға болатын тәрізді. Бұның бірнеше жанды мысалын бұрынғы мақаламда жазған едім [37]. Мысалы, қытай иероглифіндегі жебенің бейнесіне еліктеп жасалған 矢 (алғашқы бейнелі жазудағы көрінісі жебенің сызбасы) иероглифінің «жебе» деген мағынасынан басқа және «ант ішу», «серт беру» мағынасы да бар. Жебе мағынасындағы бұл иероглифтің әрі жебе, әрі ант мағынасын беруі де әсте кездейсоқ құбылыс емес еді. Терістік көшпенділеріндегі Сақтардың, Ғұндардың және бақа да арғы заман этностарының малдың, әсіресе ақ боз аттың қанына жебенің немесе найза, қылыштың ұшын батырып тұрып ант беріп, серттесетіндігін біздің заманымыздан бұрын грек тарихшысы Геродот та, қытай тарихшысы Сымашиян да жазғандығы көпке белгілі жай. Бұл әдет түркі көшпенділерінде кейінгі замандарға дейін жалғасын тапты. Ал қытай иероглифтерін танушы ғалымдар «жебе»-нің осы «ант» деген екінші мағынасының тектегенде, оның терістік көшпенділерінен келгендігін байқамаған.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Чи-лияң, «Қытай өркениет тарихы» (қытайша: 中国文明史), Хуа-чың баспасы, 32-б.
2.Юй-тай-шан, Байырғы ұлыстарды тыңнан зерттеу (қытайша:古族新考), 92-б, Бей-жиң, Жұң-хуа шу-жүй, 2000 ж.
3. 桥本万太郎 (Хашимато): «Тілдердің типологиялық географиясы», (қытайша: 语言类型地理论), Қытайшасы 1985 ж, Бей-жиң, 72-76-б. (Gengo ruikei chiri ron, 1978ж, Токию.)
4. Жу шуеюан: Қытайдын терістігіндегі ұлттардың төркіні(қытайша). Жуңхуа кітап мекемесі, 2002ж. Бей-жиң.
5. «Гуо-мо-ро мақалалар жинағы» (қытайша), археология бөлімі, 1-том, Ғылым баспасы, 1982ж, 284 б.
6. Ху-шияу-хұй: «Жартас суреттері және жыныс мүшесіне табыну» (қытайша: 岩画与性殖巫术), Шин-жияң әсемөнер баспасы, 1993 ж. 206 б.
7. A.K.Narain, On the «first» Indo-Europeans: The Tokharian-Yuezhi and their Chinese homeland, Papers on Inner Asia, 2, Bloomington, Indiana, 1987.
8. Шүйуынкан: «Тохарлардың төркіні» (қытайша: 吐火罗人的起源), Күнлүн баспасы, 2005ж., Бей-жиң. 41 б.
9. Шүйуынкан: «Тохарлардың төркіні» (қытайша: 吐火罗人的起源, Күнлүн баспасы, 2005 ж., Бей-жиң. 44 б.
10. Жаң-гуаң-жы: «Археологиядан байқалған Хан дәуірінен бұрынғы батыс терістік» (қытайша: 考古学上所见汉代以前的西北), Орталық академия тарих-тілтану
институтының журналы, 2-кітап, 1-бөлім, 1970-ж, Тай-бей, 96б.
11. Лу-лиян-чың: «Қола мәдениетінің қамбасы» (қытайша: 青铜文化的宝库), Сы-чуан оқу-ағарту баспасы, 1996 ж., 53-54 б.
12. Гуо-у: «Ұлыстың ұлы ісі – Қытайдың байырғы соғыс арбасы және соғыс жылқысы» (қытайша: 国之大事 — 中国古代战车战马), Сы-чуан оқу-
ағарту баспасы, 2004 ж.
13. Жу-шуе-юан: «Қытайдың терістігіндегі ұлттардың төркіні» (қытайша: 中国北方诸族的源流), Жуң-хуа кітап мекемесі, 2002 ж. Бей-жиң.
14. Мыңчибгли: «Дала мәдениеті және адамзат тарихы» (қытайша: 草原文化与人类历史), Халықаралық мәдениет баспасы, 1999 ж., Бей-жиң.
15. «Жуң-шан университеті ғылыми журналы» (қытайша: 中山大学学报, 1961, № 2.
16. «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер», Ұлттар баспасы, Бей-жиң, 1-томы 1998-жылы, 2-томы 2003-жылы басылым көрді.
17. Сүйек жазуы – Қытайдың Ин-Шаң дәуіріндегі бал ашуға пайдаланылған малдың жауырын сүйектері немесе тасбақаның сауыттарына ойылып жазылған бейнелі жазу.
18. Жоу династиясы дәуірінде құйылған қола құралдарының бетіндегі жазулар.
19. Иү-тай-шан: «Байырғы ұлыстарды тыңнан зерттеу» (қытайша: 古族新考﹚, Бей-жиң, Жұң-хуа шу-жүй, 2000 ж.
20. Иү-тай-шан: «Байырғы ұлыстарды тыңнан зерттеу» (қытайша: 古族新考﹚, Бей-жиң, Жұң-хуа шу-жүй, 2000 ж, 92 б.
21. Го-мо-ро бас болып Қытай ғылым академиясы тарих институты құрастырған: «Сүйек жазуының жинағы», Бей-жиң, Жұң-хуа шу-жүй, 2000 ж.
22. Го-мо-ро бас болып Қытай ғылым академиясы тарих институты құрастырған: «Сүйек жазуының жинағы», Бей-жиң, Жұң-хуа шу-жүй, 2000 ж.
23. Иү-тай-шан: «Байырғы ұлыстарды тыңнан зерттеу» (қытайша: 古族新考﹚, Бей-жиң, Жұң-хуа шу-жүй, 2000 ж, 92 б.
24. Жаңрүйли, Жау бин: «Чин-Хан династиялары дәуірлеріндегі ғұндардың киім-кешек үлгілері туралы ізденіс», (қытайша: 秦汉匈奴服装形制探析), Батыс өңірді тану журналы, 2000 ж, №2, 63-64-б.
25. Жоғарыда аталған Иү-тай-шанның «Байырғы ұлыстарды тыңнан зерттеуі».
26. «Он алты бектік дәуіріндегі Мұрұң-Сиянби жырлары» (қытайша:
十六国时期的慕容鲜卑歌), Батыс өңірді тану журналы, 2006ж, №2, 66-б.
27. Шуе-зоң-жың бас болып құрастырған: «Қытай Шин-жияң байырғы қоғамдық тұрмыс тарихы» (қытайша: 中国新疆古代社会生活史), Шин-жияң халық баспасы, 1997 ж, 90-б.
28. Ясиын Құмарұлы: «Ат әбзелдерінің пайда болуы туралы», Шин-жяң университеті ғылыми журналы, 2005ж, №1, 30-36-б.
29. «Алаш» журналы. 2006 ж, №5, 2007 ж, №3, №5.
30. Ясиын Құмарұлы: «Алыстағы ата мұра», Ұлттар баспасы, 2003-ж, Бей-жиң, 5-бет .
31. «Ханнама ғұндар баяны».
32. «Күлтегін мәңгі тасының» оңтүстік беті 5-жолында.
33. Лиу-жын-уй: «Батыс өңір мифологиясын зерттеудің жағдайы және маңызы»
(қытайша: 西域神话研究之现状及其意义), Батыс өңірді тану журналы, 2006 ж, №1, 102-б.
34. Яң-иі: «Қытай әдениет тарихының картасын қайта сызу қажет – Яң-иі мақалалар жинағы» (қытайша: 重绘中国文学地图 – 杨义学术讲演集), Қытай қоғамдық ғылымдар баспасы, 2003ж, 89б.
35. Уаң-чиң: «Батыс өңір мәдениетінің әсеріндегі орта заман хикаялары» (қытайша:西域文化影响下的中古小说), Қытай қоғамдық ғылымдар баспасы, 2006 ж, 94-96б.
36. Лиу-жын-уй: «Батыс өңір мифологиясын зерттеудің жағдайы және маңызы» (қытайша: 西域神话研究之现状及其意义), Батыс өңірді тану журналы, 2006 ж, №1, 135-б.
37. «Алаш» журналы. 2007 ж, №3, 80-б.
Ясиын ҚҰМАРҰЛЫ (Үрімші)
«ТҮРКОЛОГИЯ» журналы, № 1-2, 2008 жыл.