«Нұртілеуді тұтқындау» туралы ақпарат қайдан шықты?

Кеше ҚР СІМ басшысы Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиев тұтқындалды деген ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Ақпарат тарасымен, күллі Қазақстан қоғамы улардай шуласып жатты.
Мұрат Нұртілеу ел саясатындағы аты-заты белгілі тұлғалардың бірі. Әртүрлі әлеуметтік сауалнамаларда алдыңғы ондықта аты аталатын адам. Әсіресе, қазіргідей жаһандық геосаяси тартысты кезеңде еліміздің Сыртқы саясатындағы бет-бейне адам. Мұндай категориядағы адамның «тұтқындалғаны» туралы әңгіме кім-кімді болмасын, елең еткізбей қоймасы анық.
Ал гәп мынада: Мұрат Нұртілеудің тұтқындалғаны туралы ақпарат жалған болып шықты.
Оны ҚР «Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы» ресми түрде терістеп: «Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы хабарлайды: Гүлнар Бажкенованың ("Orda" және "Bazhkenova vs.") ресурстарында таратылған Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Орталық ресми мәлімдейді: әдейі жалған ақпарат тарату қоғамдық сенімге нұқсан келтіріп, болып жатқан оқиғаларға бұрмаланған көзқарас қалыптастырады. Азаматтарды сақ болуға және тек ресми, тексерілген дереккөздерге сенуге шақырамыз. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жалған ақпарат тарату және оның таралуына жәрдемдесу үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін қарастырылғанын еске саламыз», - деді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында аталған ақпаратты терістеп: «Кейбір ресми БАҚ пен анонимді телеграм-арналарда мемлекеттік қызметшілердің ұсталуына қатысты расталмаған ақпарат таралуда. Ақпарат таратқанда оның шынайылығын тексеру міндетті. Кінәсіздік презумпциясы қағидасы және журналистік этика бар екенін естен шығармау қажет. Көбіне расталмаған «хайп қуған» деректерге еремін деп, журналистер мұндай мәлімет азаматтарға және олардың жақын туыстарына зиян тигізуі, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруі, жала болып шығуы мүмкін екенін есте ұстауы тиіс. Әріптестерді кәсіби БАҚ пен журналистер сақтауға тиіс міндеттемелерді орындауға шақырамын. Сондай-ақ, жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламын», - деді.
Жалған ақпарат жарға жығады. Заңдық нормалар қабылданғанымен, ғаламтор кеңістігіндегі фейк жаңалықтарға тосқауыл қою мүмкін болмай тұр. Жалған ақпарат арқылы халық санасын манипуляциялап, көздеген мақсатына жетуді көксейтін әртүрлі мүдделі топтар да көп. Жалған ақпараттың қоғамдық сананың дамуына зияны орасан. Мұндай ақпарат түрлері адамдардың санасын, біріншіден, улайды, екіншіден, адастырады. Критикалық ойлау, медиасауат секілді түсініктерді ысырып қойып, шындыққа жанаспайтын, жоқ нәрсенің шырмауында кетеді. Бұл материалдық, моральдық шығынға ғана емес, рухани соқырлыққа да алып баруы ғажап емес.
Журналист – ең алдымен қоғамдық пікірді қалыптастырушы. Сондықтан жалған ақпаратпен белсенді күресу керек. Осы тұста «Дезинформацияға қарсы күрес орталығының» белсенділігін атап өту керек.
Abai.kz