Кедейлер мен байлардың табысы жер мен көктей

Ranking сарапшылары осындай байлам жасапты. Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда экономикалық теңсіздік жағдайы оңала қойған жоқ дейді олар. Бұған халықтың ең кедей 10%-ы мен ең ауқатты 10%-ының табысы бойынша жасалған статистикалық деректер дәлел болыпты. 2019 жылдан 2023 жылды қоса алғанға дейін бұл екі топтың табыс алшақтығы 5,9-6 есе болса, өткен жылы рекордтық 6,2 есеге жеткен.
Ұлттық статистика бюросының мамандары халықтың табысын есептегенде, бүкіл халықты децильдік деп аталатын 10 топқа бөледі. Бұл орайда кедейлер қатарына халықтың ең төменгі 10%-ын ғана емес, одан кейінгі кемінде төрт топты да қосуға болады. Бұл топтарда жан басына шаққан табыс тіпті 85 мың теңгені құрайтын ең төменгі жалақыға да жетпейді. Ел бойынша барлық табыстың тек 30,2%-ы ғана халықтың осы шартты жартысына тиеді. "
Қазақстанда кірістің көп бөлігі азғантай топқа тиесілі. Мысалы, ең ауқатты 10% қазақстандық елдегі жалпы табыстың бірден төрттен бірін (24,1%) алады. ҰСБ деректеріне сүйенсек, халықтың осы 10%-ына айлығы 181,3 мың теңгеден 1,6 миллион теңгеге дейін жететін жандар кіреді. Айырмашылық өте үлкен. Шынымен де, 181,3 мың теңге алатын адамды «ауқатты» деуге бола ма? Осы 10%-дың ішінде нағыз дәулеттілердің үлесі үлкен емес. Ауқатты азаматтардың шамамен қанша екенін анықтаудың тағы бір тәсілі – барлық жалдамалы жұмысшыларды айлық көлеміне қарай бөлу. Мамандар жасаған есеп тек жалдамалы жұмысшылар арасындағы экономикалық айырмашылықты көрсетеді. Бұл статистикада өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен шағын кәсіпорындарда (қызметкерлері 100 адамға дейін) жұмыс істейтіндер ескерілмеген", дейді сарапшылар.
Олардың пайымдауынша, ең ауқатты 10%-дың ішінде орта таптың үлесі көп болғандықтан, олардың шығыны аз қамтылғандардан аса қатты ерекшеленбейді. Мысалы, бірінші тоқсанда екі топ та тұтынушылық шығындарының көп бөлігін азық-түлікке жұмсаған. Аз қамтылған отбасылар өз бюджетінің 60,6%-ын тамаққа жаратса, ең ауқатты 10% бұл мақсатқа 51,7%-ын жұмсаған. Ал өмір сүру деңгейі әлдеқайда жоғары Еуропа елдерінде азық-түлікке жұмсалатын шығын үлесі небәрі 8-12%-ды құрайды. Осыдан-ақ жағдайымыздың қандай екенін шамалай беруге болатын сияқты.
Abai.kz