Гомер дала хикаяларынан шабыттанды ма?
Одиссей мен Алпамыс
Кристофер Ноланның «Одиссей» кино-эпопеясын көріп отырып, бір қызық сезім мазалады. Одиссейдің шырғалаңға толы әр сынағын көрген сайын, бала күнімде, шешейдің маңдайымды сипай отырып айтып беретін Ертөстік, Алпамыс, Қобыланды, Алтын сақа, Кендебай секілді хикаялар еріксіз есіме орала берді. Әсіресе Алпамыс пен Одиссей қатты ұқсайды.
Тіпті бар ғой, кинодағы кейбір эпизодтарда: «Қазір былай болады», – деп, миым алдын ала болжап отырды. Бұл Гомерді жатқа білгенімнен емес. Ертөстікті жақсы білгенімнен.
Сол кезде бір ой келді. Алпамыс пен Одиссей: Бұл екеуі — екі бөлек әлем емес, бір тамырдан тараған, бір мифологиялық матрицадан шыққан хикая болып шықса ше?!
Жә. Болжам-күмән күйде қалдырмай, дәлелдеп көрейін:
"АЛПАМЫС ПЕН ОДИССЕЯ". КІМ-КІМНЕН КӨШІРДІ?
«Одиссея» мен «Алпамыс батыр» жырларын қағазға шығарып, қатар қойыңыз. Екі сценарийдің қаңқасы — жүз пайыз бірдей. Бұл — жай ғана ұқсастық емес, бұл — дайын сценарийлік канонды қолдану. Кім-кімнен көшірді? Батыл идея айтқым кеп тұр. Бүкіл Батыс цивилизациясының алтын қазығы саналатын Гомердің «Одиссея» хикаясы — негізінен Ұлы Даланың ауызша эпостарының грекшеленген көшірмесі болса ше? Еуроцентристік тарих баулыған біздерге бұл қып-қызыл абсурд естілуі мүмкін. Түсінем. Бүкіл әлем, адамзаттың бар жақсысын көне гректер ойлап тапты дегенге сендіріп тастаған ғой. Бірақ, дәл осы тұста, бәрі керісінше болса ше?!
Салыстырып көрейік:
КЕЙІПКЕРДІҢ ҰЗАҚ УАҚЫТ ЖОҚ БОЛУЫ, ТҰТҚЫНДА БОЛУЫ: Мәселен: Алпамыс 7 жыл қалмақ елінде, 7 құлаш терең зынданда жатады. Одиссей Троя соғысынан қайтып келе жатып, теңізде қаңғып, сұлу-пері Калипсоның аралында 7 жыл тұтқында болады.
ПАТШАЛЫҚТЫ ОҢБАҒАННЫҢ БАСЫП АЛУЫ:
«Алпамыста» құл болған Ұлтан таққа отырып, хандықты басып алады. «Одиссейде» соғыстан жалтарған, арамтамақ жас шонжар Антиной оның сарайын талан-таражға салады.
ӘКЕЛЕРДІҢ ҚОРЛАНУЫ ЖӘНЕ ӘЙЕЛГЕ ТИІСУ:
Ұлтан Алпамыстың 90-дағы әкесі Байбөріні сарайдың босағасына табалдырық етіп етбетінен жатқызып, арқасынан таптап өтіп жүреді. Алпамыстың жары Гүлбаршынды зорлықпен алғысы келеді. Ал грек жырында, Антиной бастаған топ Одиссейдің әкесі Лаэртты егістікте диуана етіп қаңғыртып, жары Пенелопаға күнде зомбылық жасайды.
ДИУАНА/ҚАЙЫРШЫ КЕЙІПТЕ ЕЛГЕ ОРАЛУ:
Алпамыс та, Одиссей де елге келгенде батыр образда, салтанатты кейіпре кірмейді. Екеуі де үстіне жұрым-жұлым киім киіп, қайыршы-диуана кейпінде ел ішіне білдіртпей кіреді. Екеуін де алғаш болып адамдар емес, жануарлар мен адал қызметшілері таниды (Алпамысты — Байшұбар мен адал адамдары, Одиссейді — кәрі иті Аргос пен күңі).
МЕРГЕНДІК СЫНАҒЫ ЖӘНЕ ҚАНДЫ КЕК:
Екі эпоста да сатқындардың көзін жою үшін той ұйымдастырылады. Алпамыстың жары Гүлбаршын Ұлтанға бірден көнбей, уақыт созу үшін мергендік сайысы және бәйге өткізуді сұрайды. Кім алтын байланған теңгені үзіп түссе, соған шығамын,-деп талабын айтады.
«Одиссей» жырында Пенелопа - ауыр садақтың адырнасын аңырата керіп, оқты балталардың көзінен өткізу шартын қояды. Диуана кейпіндегі батырлар садақты оңай иіп, мергендігін көрсетеді де, сатқындардың бәрін (Ұлтанды да, Антинойды да) қырып салады. Бұл екі жырдың авторы бір адам сияқты.
СҰРАҚ: Жердің екі шетінде жатқан екі халық бір уақытта, бір-біріне еш әсерсіз, осындай ұлы хикая ойлап табуы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Одиссейдегі сюжеттің дені - Ұлы Даланың хикаяттары...
ТІЛДІК ЖӘНЕ ТАНЫМДЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ: АТ ҚАЛАЙ КЕМЕГЕ АЙНАЛДЫ?
Енді ең қызық жеріне келдік. Егер гректер даланың аңызын алса, оны неге тура сол оригинал қалпында жырламады? Себебі қарапайым. Кез-келген аңыз басқа халыққа өткенде, оның өмір сүру салтына (ландшафтына) сай бейімделеді. Көшпенділер шексіз далада өмір сүрді. Гректер - шетсіз теңіз жағасында тұрды.
Номад үшін ұшы-қиыры жоқ кеңістікті игерудің, ажалдан қашудың, алысты жақындатудың жалғыз құралы — Жылқы. Атсыз батыр — кеңістікте дәрменсіз.
Ал айналасы көк айдын теңізбен қоршалған гректер үшін батырды ажалдан алып шығатын, шексіз кеңістікті бағындыратын жалғыз құрал не еді? Кеме!
Гректер көшпенділердің аңыздарын өз мифіне айналдырғанда, даланы - теңізге, ал атты - кемеге алмастырды. Бір қызығы: Қандай да бір ұлт бөтеннің аңыздарын көшіргенде оның сыртқы пошымын өз тұрмысына оңай бейімдей алады, бірақ мифтің түпкі кодын (архетипін) санадан өшіре алмайды. Гректер эпостағы Батырдың атын өздерінің тұрмысына ыңғайлап Кеме еткенімен, сол кемедегілерді қорғайтын, су стихиясын билейтін ПОСЕЙДОН бейнесінен Жылқыны өшіре алмай қалды! Иә, Посейдонның символы - жылқы! Теңіздің ақ көбікті долы толқындарын «Посейдонның ақжал асау аттары» деп суреттейді гректер. Яғни Одиссей эпосы даладан барғанына осы жылқы символы дәлел болады!
- БАТЫРДЫҢ СЕРІКТЕРІ ҚАЛАЙ "ҚҰБЫЖЫҚҚА" АЙНАЛДЫ?
«Ертөстік» ертегісін еске түсіріңізші. Төстіктің жанында кімдер бар? Таусоғар, Көлтауысар, Желаяқ, Саққұлақ. Бұлар — Төстікке қиын-қыстау сәтте көмектесетін, табиғаттың жойқын күштерін меңгерген жағымды кейіпкерлер, одақтастар.
Ал «Одиссейде» мұның бәрі -ҚҰБЫЖЫҚТАРҒА айналып кеткен!
Таусоғар: «Ертөстікте» тауды тауға соғып, батырға жол ашса, «Одиссейде» ол — алып тастарды Одиссейдің кемесіне ататын, бір көзді құбыжық Циклоп Полифемге айналған.
Көлтауысар: «Ертөстікте» көлдің суын бір жұтып, Төстікті шөлден құтқарса, «Одиссейде» ол — теңіз суын ішке тартып, кемелерді жұтып қоятын сұмдық иірім-құбыжық Харибдаға айналған.
Саққұлақ пен Желаяқ - грек аңызында теңізшіні арбап, жартасқа соғып арбайтын Сиреналарға және ешкімге бағынбайтын Эол желдеріне айналған.
Неге бұлай болды?
Көшпенділер табиғатпен БІРГЕ өмір сүрді. Ол үшін Тау да, Өзен де, Жел де — бауыр, одақтас. Ал гректер — қалалық, отарлаушы мәдениет. Олар табиғаттан ажырап кеткен. Олар үшін қаланың сыртындағы, бағынбайтын жабайы табиғаттың бәрі — қауіпті, бағындыру керек ҚҰБЫЖЫҚ. Сондықтан даланың жағымды кейіпкерлері гректің санасына сыймай, сұмдық контентке трансформацияланып кетті.
ТАРИХИ КӨПІР: СКИФ ДАНЫШПАНЫ АНАРХАСИС ЖӘНЕ ГОМЕР.
«Жақсы, ұқсастық бар екен. Ал мұны далалықтардан гректерге кім жеткізді? Дәлелің кана?» дерсіз. Айтайық. Біздер гректерді Эгей мен Жерорта теңіздерінде ғана жүзіп жүрген,-деп санаймыз. Жоға. Осыдан 2500-2700 жыл бұрын, эллиндер Қараң теңіз, Азаулы теңіздерінің жағасына Борисфен, Херсонес, Танаис, Нимфей секілді сауда-қалалар соққан. Гректің бұл факторияларына дала жұрты Скифтер мыңғыртып мал айдап әкеп, арба толы бидай әкеп сатқан. Металл, тері өнімдерін сатқан. Ал адамдар сауда жасағанда тек зат алмаспайды. Әңгіме алмасады. Ертегі, аңыздарды да ала барған.
АНАРХАСИС - ДАЛАНЫҢ ГРЕКШЕ СӨЙЛЕГЕН ДАУСЫ:
Грек әлеміне көшпенділер дүниетанымын паш еткен, таныстырған ұлы тұлға бар. Ол – сақ даласының перзенті Анахарсис. Гректердің өзі «Әлемнің ең данышпан 7 адамының бірі» деп мойындаған сақ философ-данышпаны Анахарсис, өмірінің көп бөлігін Афиныда өткізді. Ол грек элитасының ортасында отырып, сақтардың салт-дәстүрін, мақал-мәтелдерін, даланың дастан-аңыздарын айтып беріп, грек ойшылдарын аузына қаратты. Ең қызығы: Анахарсис сияқты даладан барып, Элладада аңыз айтқан шешендер мен жыраулар жүздеп саналған. Жалдамалы сақ жауынгерлерін қайда қоямыз? Отқа шырпы тастап қойып, эллиндерді таңдай қақтырып, жыр-эпостарын айтпады дейсіз бе? Айтты әлбетте.
ИЛЛИАДА ҺӘМ ОДИССЕЯ АВТОРЫ - ГОМЕР ТУРАЛЫ...
Бір қызығы, Гомер гректердің мекенінде емес, қазіргі Анатолия аймағында ғұмыр сүрген данышпан,-деседі. Ал Анадолы өлкесі - қадым заманнан антикалық әлемге қарама-қарсы, көшпенділер өркениетіне тиеселі жер еді. Киммерліктер, Сақтар осы Анатолияда ғұмыр сүрді. Бұл жерлерді ежелгі деректерде «Сакасена» (Сақтар мекені) деп атаған! Яғни Гомер - номадтардың жерлесі боп шығады. Сосын, Гомер деген атпен тарихта адам болды ма, болмады ма? Бұл 200 жыл бойы ғалымдар пікір таластырып келе жатқан даулы мәселе. Бір білеріміз, Гомер деген сөздің өзі грекше "тұтқыннан клеген адам" деген мағына береді. Жә. Енді осы қолдағы бар пазлдардыы біріктіріп көрейік:
- Көшпенді Киммер және Сақ халқы Ұлы Даладан Кавказ арқылы Анатолияға еніп, теңіз жағасындағы грек қалаларына өздерінің ат мәдениетін, аң стилі өрнектерін, металл өңдеу мәдениетін және ең бастысы — «Ертөстік» пен «Алпамыс» сияқты архаикалық ауызша эпостарын ала келді.
- Анатолияның теңіз жағасында жүрген Грек жыршылары, ішкі аймақтағы көшпенді скифтермен араласып, олардың «тұтқыннан оралған батыр», «жер астына түскен қаһарман», «тауды қопарған алыптар» туралы жойқын аңыздарын естіді.
- Грек жыршылары бұл аңыздарды өздерінің Троя соғысы туралы оқиғаларына икемдеп, теңіз географиясына бейімдеп, жырлай бастады.
- Осы жыршылардың ғасырлар бойы айтқан ұжымдық мұрасын киелі санап, кейінгі ұрпақ оны «Гомер» деген данышпан жинақтаушының атымен байланыстырып қойды.
Сонымен: Гомер — жеке автор емес, ол — Ұлы Даладан Анатолияға келген сақ-киммерий аңыздарын Эллада тілінде сөйлеткен грек жыршыларының ұжымдық бейнесі боп шығады!
P/S: «Айналайын Гомер, Одиссеяны әдемі бейімдепсің! Бірақ, бұл сюжетті біздің анамыз бізге бала кезде-ақ айтып берген...»
Нұрбек Бекбау
Ескерту: ЖИ генерациялаған.
Abai.kz