Сәрсенбі, 8 Қазан 2025
Аласапыран 162 0 пікір 8 Қазан, 2025 сағат 15:06

Украина Ресей МӨЗ-деріне шабуылды арттырды

Сурет: tsn.ua сайтынан алынды.

Ресейде 32 үлкен және 40-тан астам кіші МӨЗ-дер (НПЗ) бар. Ресей жыл сайын 250-270 млн тоннадан астам мұнайды өңдейді. Бұл өте көп. Аталған көрсеткіш Ресейдің ішкі нарығын қамтуға және сыртқа жанармай сатуға жеткілікті саналады. Мұнайды шикі күйінде сатқанға қарағанда, оны өңдеп, дайын өнім ретінде сату әлдеқайда тиімді. Сонда бағасы бірден бірнеше есе қымбаттайды ғой.

Украина дәл осы салаға соққыны арттырып жатыр. Тамыздан бері МӨЗ-дерге соққыны арттырды. Хронологияға қарайық: Новокуйбышев мұнай өңдеу зауытына 2-тамыз, 20-қыркүйекте соққы жасалған. Рязань мұнай өңдеу зауытына 2-тамыз, 5-қыркүйекте соққы жасалған. Афип мұнай өңдеу зауытына 7-тамыз, 28-тамызда соққы жасалған. Саратов мұнай өңдеу зауытына 10-тамыз, 16-қыркүйек, 20-қыркүйекте соққы жасалған. Волгоград мұнай өңдеу зауытына 14-тамыз, 19-тамызда соққы жасалған. Сызрань мұнай өңдеу зауытына 15-тамыз, 24-тамыз, 30-тамызда соққы жасалған. Новошахтинск мұнай өңдеу зауытына 21-тамызда соққы жасалса, Куйбышев мұнай өңдеу зауытына 28-тамызда соққы жасалған. Краснодар мұнай өңдеу зауыты 30-тамызда соққы жасалды. Иль мұнай өңдеу зауытына 7-қыркүйекте соққы жасалды, ал Жаңа-Уфа мұнай өңдеу зауытына 13-қыркүйекте дрондар соққы жасады. Кириш мұнай өңдеу зауыты 14-қыркүйекте соққыға ұшыраса, Газпром нефтьхим Салават мұнай өңдеу зауытына 18-қыркүйекте дрондар қонаққа барды. Одан бері де бірнеше МӨЗ соққыға ұшырады. Көріп тұрғанымыздай, әр зауытқа кемі екі мәртеден шабуыл жасалған.

Күні кеше ғана Орынбордағы Орск мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасалды. Ал бүгін Reuters Кириш мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатқанын айтты. Соңғы мәрте бұл зауытқа 4-қыркүйекте украин дрондары соққы жасаған болатын.

Дрондар МӨЗ-дегі АВТ жүйелерін атқылайды. Бұл МӨЗ-дегі ең маңызды құрылғы саналады. Атмосфералық-вакуумдық қондырғы. Ол екі түрлі қызметті атқарады екен. Біріншісі, мұнайды атмосфералық қысымда қыздырып, бензин, керосин, дизель сияқты жеңіл өнімдерді шығарады. Екіншісі, қалған ауыр қалдықтарды төмен қысымда айдап, мазут, гудрон сияқты өнімдер алынады. Міне, бұл МӨЗ-дің жүрегі. Украина осы қондырғыларды нысанаға алады. Себебі қуатты зымыран жоқ. Қуатты зымыран саны көп болса, тұтастай МӨЗ-ді ұруға болатын еді. Бірақ Украинада ол жоқ. Сондықтан дрондар арқылы АВТ жүйелерін атқылайды.

Жалпы АВТ қондырғысы велосипедтің шынжыры іспеттес. Егер шынжырды үзіп тастасаң, онда велосипед жүрмей қалады. Құр темірге айналады. АВТ қондырғылары да дәл солай дейді мамандар. Не оны жөндеу керек, не алмастыру қажет. Бұл аралықта зауыт жұмысы тоқтап тұрады немесе аз қуатпен жұмыс істейді. Осылайша нарықта жанармай тапшылығы пайда болады.

Қазір Ресейде жанармай тапшылығы пайда болды. Мәскеу жанармайды Қиыр Шығыстан тасуға және сырттан кіргізуге ниетті. Соның бір бағыты Иран болуы мүмкін. Себебі Иранда 9 үлкен МӨЗ бар. Екінші ел ретінде Беларусь аталуда. Беларусьқа мұнай кіргізіп, қайта өңдеп, Ресей ішіне жанармай жеткізуі мүмкін. Беларусьта екі ғана МӨЗ бар, артықшылығы Украина оларды атқыламайды. Сарапшылар Ресейдің Орталық Азиядан жанармай алуы екіталай дейді. Өйткені Орталық Азия керісінше Ресейден алады.

Осылайша Ресейде жанармай тапшылығы болуда. Украина шабуылды үдетуі мүмкін. МӨЗ-дермен қатар құбырлар, станциялар, терминалдар мен порттар нысанаға ілігуде. Ал оккупациялық аумақта жанармай құю бекеттерін атқылауда.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 738
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 9671