Бейсенбі, 23 Қазан 2025
Білгенге маржан 696 0 пікір 22 Қазан, 2025 сағат 14:08

Рукесте: Шежіре түзудің кестелеу үлгісі

Сурет: Автордың архивінен алынды.

Бұған дейін шежірені таратудың жырлау, қара сөздік нұсқасы, схемалық, сондай-ақ, «ағаш» көріністері немесе тармақтап жазу болғаны белгілі. Алайда, қазіргі жағдайға сай, санаға сіңімді, қабылдауға оңай, жазуға ыңғайлы түрін іздестіре келе, кестелік (таблицалық) жаңа тәсілді енгізуді қолға алғанымызға 20 жылдан асты. Алғаш рет бұл шежіре жазу үлгісі 2001 жылы кітапша болып басылған еді.  Бұны соңғы кезде кітаптарға да енгізіп жүрміз.

Шежірелік кесте алты бағаннан тұрады: ұрпақ, әулет, арыс, жанұя, перзент. Бұл тәсіл қажетті мәліметтерді, оның ретін ешбір шатастырмай, шұбалаңқы етпей, көз алдыға рет ретімен ұсынуымен тиімді. Бұлайша шежіре түзу ретін РУКЕСТЕ атап отырмыз. Бұл математикалық шежіре кестелеу бірнеше ұрпақты, әулетті, жанұяны, перзенттерді жыныстарына қарамастан енгізу мүмкіндігін ашып отыр.

Тағы бір бағанды «ұран/таңба» атағанбыз, бірақ ол әрбір аталықта емес, әрбір руға ғана тән болғандықтан, бұл бағанды алып тастадық. Енді әркім өз ұраны мен таңбасын рукестенің маңдайына  сыйғызуына болады.

Сонымен бұл кестені толтырудың нұсқаулығын беріп, оңнан солға қарай түсіндіруді жөн санадық. Қолайлы болу үшін оңнан солға қарай жүрейік:  кестенің оң жағына түскен ПЕРЗЕНТ бағанынан бастайық. Бұл бағанға әкеден туған барлық балалар, жынысына қарамастан жасына қарай тізіледі – әуелі тұңғышы, соңында кенже, арасында ортаңғы перзенттер. Сонымен бірге, лақапатпен әйгілі болған перзенттің егер тарихта болса,  атына лақапатын жақша ішінде көрсету жөн саналды, себебі, басқа перзентпен/арыстармен шатасу орын алмайды және есімді сәйкестеу нақтылана түседі.

Қыздардың есімдерінің алдына «-» таңбасы қойылады. Есімдердің арасы үтірмен ажыратылады. Егер де бала шетінеп кетсе, болмаса ұрпақ тарамай қалса, онда «.» оның есім соңына нүкте қойылады. Бұдан басқа мәлімет ретінде перзенттердің анасын да жазуға болады, ол үшін «Перзент» бағанын бастағанда шешенің есімі бірінші жазылып қос нүкте қойылып, содан туған перзенттер тізіледі; егер де екі немесе үш әйелден туған балалар болса, әр шешенің есімінің алдына оның реті қойылады. Асырап алынған бала да дәл осылай енгізіледі, оны таппай баққан шешенің аты да осылайша бала есімінің алдына жазуға әбден болады.

Сонымен бірге Жанұя бағанындағы әке есімінің алдына қойылған сан, оның осы ұрпақ бағанына (бұл әр ұрпақ буынын білдіретін сан) түскен барлық жанұялардың ретін көрсетеді. Өйткені, бір аталықта бірнеше жүз адам бір буындағы замандас әкелерден таралады. Осылар өз буынында жайғасуы тиіс. Оны жалпы кестеден қарап ұғуға оп-оңай.

АРЫС: бұл Жанұядағы әкенің нешінші арыс/бала екенін көрсететін рет. Мысалы, Сырымнан  шежіре одан әрі оның үш ұлынан таралады, қыздан туған жиендердің өз елі бар, сөйтіп Сырым ұлдары Аржан, Нартай, Нұршаттың перзенттері келесі ҰРПАҚ кестесіне түседі, сол кезде Арыс бағанында осы үшеуінің сәйкесінше реттері былай болады: 1 (Аржан), 2 (Нартай), 3 (Нұршат). Яғни, ұлдар ұрпақ бағанында өз реттерімен АРЫС реті болып түседі: «Арыс» бағанындағы 1,2,3 сандары Алдыңғы буындағы Перзенттердің тұңғыштан кенжеге дейінгі реттері мен неше арыс екенін білдіретін сан. Арыстар әдетте ұлдар, қыздар емес! Сол себепті АРЫС болып, солардың реттері ғана түседі.

«Арыс» бағанына «Перзенттер» бағанындағы ұл перзенттердің реті осы бағандағы үтір арқылы нешінші тұрғанына қарай нөмір болып түседі.

ӘУЛЕТ бағанындағы цифр шын мәнінде «Жанұя» бағанындағы ӘКЕНІҢ нөмірі. Бірақ ол Ұрпақ ауысқанда келесі жолға түседі. Төмендегі кестеде Әулет бағанында Сырым әкенің нөмірі жазылған: Әулетте соның шифры.

Осылай барлық әулеттер кестеге түскеннен кейін, бұлардың келесі буыны ҰРПАҚ бағанында жалғасады. Ұрпақ бағанының нөмірі Рим цифрымен өз ретімен жазылады. Мысалы, Сырым түпкі теката болса, оның ұрпақ нөмірі – І болады да одан әрі ұрпақ жалғасып тізіледі. Біздің кестемізде әзірге екі буынның ұрпағы ғана көрсетіліп тұр. Ол бірнеше буынға созылуы бек мүмкін.

ІІ ұрпақта Сырымның ұлдары Аржан, Нартай, Нұршат өз жанұяларына ие болады да, сәйкес бағанға түседі және Арыс бағынында олардың нешінші арыс екенін білдіретін реттері жазылады. Ал Сырымның өзі енді жаңа Ұрпақта әулет иесі болып шыға келеді!

Төмендегі мына кестедегі 10-ұрпаққа түскен Жаңабай жанұясындағы  екі қатарға тізілген оның сәйкесінше екі әйелінен туған перзенттер:

1.Бекболат, Итес, Намаз, Құлмағамбет, Көбек

2.Өтебай, Көккөз, Қойгелді, Төле, Алдаберген, Тұрым,Сейіт, Тамтық

Бұл екі топ екі әйелден туған бір Арыстың перзенттері деп ұғылады. Бұл жерде екі анамыздың есімдері бірақ көрсетілмеген – белгісіз. Рукесте алгоритмін толық түсіну үшін әдейі 10 ұрпаққа дейін таратып беріп отырмыз.

Осы толық кестені шолып, зерделеп қарасаңыз, бәрі оңай түсінікті болады: Ұланақтан екі перзент бар, Рим цифрымен көрсетілетін «Ұрпақ ретінде» Есіл мен Тобылдың Әулет реті -1, себебі 1-ұрпақ реті бағанындағы Ұланақтың алдында 1 цифры тұр. Ұланақтың Арыс реті -4, өйткені, ол Жанұядағы 4-бала. Бірақ өзінен екі ұл тарапты: Есіл, Тобыл...

Бұл шежірелі рукесте әр әулетке, әр шаңыраққа, өз алдына бөлек шыққан әр отау төріне ғана лайықты емес, кәмелетке толған әрбір жасқа қажет екенін дәлелдеу артық болар. Өйткені, бұл халқымыздың мол тарихының әрбір жанұяға қатысты бөлігін жинап қана тұрған жоқ, әр қазақтың бұдан былай медицинада аса қажет болмақ, перзенттің генеалогиялық тазалығы мен қуатын іске асырушы бірден бір төлқұжат болуы ықтимал.

ЕСКЕРТІМ: Тыныс белгілер мынаны көрсетеді:

(ХХХХ) – «Перзенттер» бағанындағы жақша ішіне кейде перзенттің қосымша есімі де беріледі;

«,,»  «Перзенттер» бағанындағы ақпараттың үзік екенін білдіреді,яғни мәлімет табылғанда толтыру мүмкіндігі қалдырылған;

«,» –  перзенттер арасын жалғаушы тыныс белгі;

«.» –  арыстың «тұяқсыз» өмірден өткендігін білдіреді;

«-» минус – перзенттерге қыздарды қосқанда көрсетілетін белгі, бірақ қыздан тарайтын жиендер нағашысына берілгенде болмаса, одан әрі таратылмайды.

Рукестеден іздеген адамды қалай табуға болады?

Ол үшін ең әуелі ұрпақ реті бойынша ізделген адам есімін «Әулет» бағанынан тауып, сол екеніне көз жеткізу үшін, қасындағы «Перзенттер» бағанынан оның балаларын тексеру керек. Одан әрі ұрпақ нөмірін Рим цифрымен белгіленген ретін ескеріп алып, келесі ұрпақ (аттап кетпей) нөмірінен одан тараған әулеттер мен перзенттерді іздеп табуға болады. Ұрпақ нөмірі жоғарыдан төмен қарай өсе береді. Іздегенде төменнен жоғары қарай да, керісінше де іздей беруге болады.

Математикалық жолмен бұл шежіре түзу тәсілі сәл-пәл дағдыны талап етеді, бір үйренгесін оңай әрі қызық және де өте ыңғайлы да тиімді болмақ. Берілген кестелерге қарап, өз жеті атаңызды түзіп көріңіз. Бұл рускесте бойынша жеке Аталығын түзуге көмек алу үшін мына емайлға толық мәліметті жіберуге болады: erserik@gmail.com

Серік Ерғали, жетіататанушы.

Астана. 2025 жыл

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 1049
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10422