Мүмкіндігі шектеулі азаматтар баршамен тең!
Инклюзия және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрмет көрсету қазақ қоғамның маңызды бөлігіне айналуда. Қоғамдық бастамалар аталған топтағы қазақстандықтарға бейімделуге, мамандығын дамытуға, спортпен айналысуға және мәдени өмірге баршамен тең дәрежеде қатысуға көмектеседі.
Осы тұрғыдағы ұлттық ұранымыз: «Мүгедек төрт қабырғада жалғыз отыруға тиіс емес». Бұл біздің мемлекеттің басты мақсатына айналып, бақытсыз жағдайға ұшыраған әрбір адам өзін жайлы және еліне қажет екенін сезінетін өзара түсіністік пен қолдау ортасын құруға қол жеткізе алды.
Мемлекет Қазақ зағиптар қоғамына тегін негізде телефондар мен ноутбуктер ұсына отырып, белгілі бір қолдау көрсетуде, мұның қазіргі заманғы ақпараттық ағынға ықпалдасудың маңызы зор. Бұдан басқа, КЗҚ-та көру қабілеті бұзылған адамдарды смартфондар мен басқа да құрылғыларды пайдалануға үйрететін маман жұмыс істейді, бұл олардың қоғам өміріне неғұрлым белсенді қатысуына және ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын қоғамдық ұйым орталық басқарудан жаңа үй-жай алып, апатты жағдайдағы ескісін ауыстырды. Бұл жұмыс жағдайын жақсарту және оның мүшелері үшін қолайлы жағдай жасау жолындағы маңызды қадам болды десек артық айтпаймыз.
Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қандай құқықтары бар?
Бүгінгі күні республикада мемлекет тарапынан халықтың осы санатын әлеуметтік қорғаудың түрлі шаралары көзделіп, барынша жағдай жасау күннен-күнге кең қанат жайып келеді. Мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақылар мөлшерінің тұрақты өсуінен басқа, елімізде азаматтардың осы санатының өмір сүру жағдайларын кешенді жақсартуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдаудың көпжақты тәсілі бар, қалалар мен ауылдарда қажетті инфрақұрылым құру жөніндегі шараларды қоса алғанда, мүгедектікті алу рәсімдерін оңайлату, оның ішінде қызметтер мен деректерді цифрландыру есебінен осы процесті онлайн режимге көшіру, оңалту жүйесін одан әрі жақсарту, жұмысқа орналасу кезінде қолдау көрсету, білім алуға қолжетімділікті арттыру, қоғамда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрметпен қарауды қалыптастыру және т.б. жақсы жолға қойлып отырған жайы бар десек артық айтпаймыз.
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау ел Конституциясымен, «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңмен, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңмен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.
Мемлекет ел тәуелсіздігінің 30 жылдам астам уақыты ішінде заң бойынша азаматтардың осы санатына: - әлеуметтік қорғауға, оның ішінде оңалтуға, қоғамға кірігуге; - әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету; - ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету; - білім алу, қызмет түрін, оның ішінде еңбекті еркін таңдау; - Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі; - кәсіптік даярлау және қайта даярлау, еңбек ету қабілетін қалпына келтіру және жұмысқа орналастыру; - Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй; - мемлекеттік және өзге де ұйымдарда, оның ішінде денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс, көлік ұйымдарында, қызмет көрсету саласында бірінші кезекте қызмет көрсету; - мүгедектігі бар адамдардың шығармашылық қабілеттерін қолдауды жолға қоя білді.
Бұл ретте мемлекет мүгедектігі бар адамдарды, бала кезінен мүгедектігі бар адамдарды және мүгедектігі бар балаларды бағып-қағуға арналған шығыстарды олардың білім алу кезеңінде ел заңнамасында белгіленген тәртіппен толық немесе ішінара көтереді. Жергілікті атқарушы органдар ҚР халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс орындары санының екі-төрт пайызы мөлшерінде мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квота белгілеу арқылы мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ, билік жеке кәсіпкерлікті, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы мүгедектігі бар адамдар үшін қосымша жұмыс орындарын құруды жалғастыру үстінде.
Бұдан басқа, республика заңнамасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы, сондай-ақ әлеуметтік жұмыс орындары құрылып, өз игілін бере бастады. Қажет болған жағдайда мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік оқыту ұйымдастырылып, бірталай жан өз кәсіби біліктілігін көтер білді. Сондай-ақ бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленіп, ұзақтығы кемінде күнтізбелік 6 күн жыл сайынғы ақылы қосымша еңбек демалысы берілетін болды.
Осы санаттағы азаматтарға көмектің жаңа шаралары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген және ҚР Парламенті Сенатының қарауында жатқан ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында да қарастырылғанының өзі осы бағытта билік тарапынан істеліп жатқан шараның кең ауқымдылығын танытатынын мақала соңында айырықша атап өтпекпіз.
Abai.kz