Өгіз терісі
Қазақ арасына ертеден таныс аңыздардың бірі – билеуші ханның келісімімен көрші жұрттың өкілі қазақ жерінен қала салып қоршап, кейін ол жерге жергілікті халықты жақындатпай қуып, ақыр соңында елдің тұтас өңірден айырылып қалғанын баяндайтын мазмұнға құрылған ел әңгімесі. Оның мазмұнына билеуші ханның көрші елден шебер шақыртып, сәнді сарай салдыру немесе әлдебір елде жоқ таңсық қызметті пайдалану қаракеті арқау болған. Ханға өз қызметін ұсынған шебер өтемақының шартына өгіз терісінің көлеміндей жер беруді сұрайды. Хан келісім береді. Шартты орындаған шебер теріні жұқалай кесіп, жерді өлшей келгенде, ол ұлан-ғайыр көлемді қамтиды.
Аңыз мазмұнында тыңдаушынының назарын ерекше аударып, таң қалдыратын басты көрініс – өгіз терісі. Әрі кетсе, екі-үш шаршы метрлік көлемдегі өгіз терісіне тұтас қалаға қоныс болатын жер қалай айырбасталған? Онда қандай қулық, амал-тәсіл бүркемеленген? Өгіз терісін бүгінгі милиметрлік, тіптен, нанометрлік өлшемен жіңішке етіп таспа қанша тілінсе де, қалаға қоныс болар жердің шықпасы анық. Олай болса, «өгіз терісі» астарлап, жұмбақтап, тұспалдап суреттеудің бір көрінісі болып тұрғаны сөзсіз. Ал ол қандай тұспал, қандай жұмбақ?
ХҮ ғасырдың орта шенінде сол Жошы ұлысы мен Шағатай ұлыстарының қонысынан бой көтерген Қазақ Ордасы – Шыңғыс заманынан келе жатқан ел билеу дәстүрін (шыңғыстық ата тектіктегі хандық билік, құрылтай шақыру арқылы хан сайлау, көші-қон, сауда-саттық, көршілермен дипломатиялық қарым-қатынас, ел ішіндегі жөн-жосық тәртібін белгілеу т.б.) және отырықшы өлкемен тығыз экономикалық байланыстағы көшпелі тұрмыс-тіршілікті орнатқан, далалық демократия қағидасын тұтынған, түрлі сабақтастықты сақтаған қара шаңырақ болып қалыптасты. Орда қара шаңыраққа тән қасиетпен мемлекеттіліктің ғасырдан-ғасырға ұласқан дәстүрі мен жөн-жоралғысын бұзбай сақтап, оны тарихтың тоқтаусыз толайым керуеніне қосты. Тарих керуеніне қосылған көрікті көштің қатарынан Шыңғыс заманынан нәр алып, Жошы ұлысының тарихынан өріліп, Қазақ хандығының тыныс-тіршілігінен, тұрмыс танабынан хабар беретін, тағылымы терең, қатпары қалың қазына – фольклорлық рухани мұралар да орын алады. Сол қазынаның ішінде Алтын Орда мен Қазақ хандығының берік сабақтастығын айшықтайтын көмбенің бірі – халық аңыздары.
Аңыздар – халықтың өзі баяндаған көркем мазмұндағы, шығармашылық сипаттағы тарихы. Халық шығармашылығының көмбесінде Алтын Орда мен Қазақ хандығының тұсындағы белгілі тарихи тұлғалар мен айтулы оқиғалардан, тұтас бір кезеңдерден хабар беретін аңыздар желісі дүниеге келді. Мысалы, «Қан шеңгелдеген Шыңғыс хан», «Ақсақ құлан – Жошы хан, жоқтау айтам осыған», «Нар мойыны кесілген Бердібек», «Түгел сөздің түбі – бір, түп атасы – Майқы би», т.б. сынды тұрақты тіркестермен көмкерілген, құшағына тарихи кезеңдердің шындығын, таным-тағылымын құндақтаған аңыздар шоғыры бар.
Тарихи шындық елесін сақтаған аңыздар желісінің бірі – ханның келісімімен көрші жұрттың өкілі қазақ жерінен қала салып қоршап, кейін оған жергілікті халықты жақындатпай қуып, ақыр соңында елдің тұтас өңірден айырылып қалғандығы туралы ел әңгімесі. Өкініш сазына оралған бұл сарынның басты мазмұнына билеуші ханның көрші елден шебер шақыртып, сәнді сарай салдыру немесе өз жұртында жоқ әлдебір таңсық қызметті пайдалану қаракеті арқау болған. Ханға өз қызметін ұсынған шебер өтемақының шартына өгіз терісінің көлеміндей жер беруді сұрайды. Хан келісім береді. Шартты орындаған шебер теріні жұқалай кесіп, жерді өлшей келгенде, ол ұлан-ғайыр көлемді қамтиды.
Ел-жұртты өкінішке ұрындырған мұндай қаракеттің басында Әз-Жәнібек хан бейнесі тұр. Әз-Жәнібек хан – Алтын Орданың атақты билеушісі Өзбекұлы Жәнібектің прототипі. Оның ұзақ жылдарға созылған билігі тұсында Алтын Ордаға мұсылман діні, толық орнығып, елде әділдік пен тұрақтылық орнаған бейбіт өмір салтанат құрады. Ш. Уәлиханов атап өткеніндей, ел жадында Әз-Жәнібек билік құрған кезеңі ноғай мен қазақтың бірлігі жарасқан «алтын ғасыры» деп аңыздалады. Қазақ пен ноғай – ежелден қонысы аралас, қойы қоралас туысқан халық болғаны баршаға аян.
Қазақ-ноғай дәуірінен жеткен сол аңыздық әңгімелер мазмұны бойынша, Әз-Жәнібек хан орыстан арнайы шеберлер шақыртып Сарайшықтан да үлкен Сарай (кейде Аштархан қаласы деп аталады – авт.) қаласын салдырады. Ханның бұл қаракетін ақылгөй, данышпан, әйгілі Асан Қайғы «жөнсіз іс» деп сынап, қатты уайымға батады. Ол ханға «Саған Сарайды орыстар салып берді – [оны] орыс алады»,- деп өкпелеп, ханның саясатына келіспей, қазақ жұртына жаудан алыс, маңы тыныш жайлы қоныс – Жиделі Байсынды іздеп кең даланы шарлайды.
Ендігі бір аңызда «құдіретті» Әз-Жәнібек ханның кеңесші, ақылшысы –Жиренше шешен. Бұл аңыз «Тургайская газета» басылымының 1897 жылғы №131 санында «Иван Калита» деген атаумен жарияланады. Әңгіме Ақтөбе уезі Бөрте болысының №1 аулының сыйлы ақсақалы Мамбет Асауовтан жазып алынады.
Аңыздың мазмұны бойынша, күндердің бір күнінде Әз-Жәнібек ханға бір орыс кісі келеді. Хан оны Жиренше шешенге сынатады. Тапқырлық пен шешендіктің озық үлгісі арқылы орыс кісі Жиреншені мүдіртіп (Жиренше әйелінің ақылы тығырықтан шығады), Әз-Жәнібекті таң қалдырады. Ол оған риза болып «қалағаныңды ал» деп жомарттық танытады.
«Әлгі кісі:
– Сіздің әділдігіңіз бен қайырымдылығың шексіз, құдіретті хан, бірақ менің сұрайтыным өте шектеулі: маған тек бір өгіздің терісі сиятын жерді меншікке берсеңіз болғаны, – деп, иіліп жауап береді орыс.
– Солай болсын! – дейді хан.
– Хан ием, маған өгіздің терісіндей жерге иелік ету туралы пәрменіңізді (грамотаңызды) беріңіз, – деп өтінеді орыс.
Хан бұл өтінішті орындап, орысқа өзі сұраған жер көлеміне иелік етуге құқық беретін мөр басылған грамота тапсырады. Грамотаны алғаннан кейін орыс өгіз терісін таспа етіп өте жіңішке қылып тіледі де, сол таспалармен үлкен жер аумағын қоршап алады. Жылдар өтіп, бұл иемденген жерде Үйшік қаласымен Сарайшық бекінісі бой көтеріп, оған өте көп орыстар қоныстанады.
Ханның қарамағындағы халық орыстардың жерді басып алғанын көріп, оларды қуып шықпақ болады, бірақ қарсылық көріп, беті қайтады. Содан кейін олар ханға келіп, орыстың хан пәрменіне қайшы келіп, көп жерді басып алғаны туралы шағымдана бастайды. Хан бұл шағымдарға сенбей, арызданушыларды өлім жазасына кеседі. Бірақ өлім жазасына кесілгендердің орнына ханға дәл осындай шағыммен басқалары келе береді. Бұл жағдай ханды шағымды тексеруге мәжбүр етеді. Көрсетілген жерге келген хан шынымен де халық тығыз қоныстанған үлкен қаланы көреді. Орыстың бұл өз бетінше әрекетіне ашуланған хан оған айқайлайды.
– Менің жерімді басып алуға қалай батылың барды?
– Сіздің хан атынан берген пәрменіңіз негізінде алдым. Сіз маған өгіздің терісі қандай аумақты қамти алса, сондай жерді сыйға тарттыңыз, мен оны таспа етіп тіліп, жерді қоршап алдым, одан артық алған жоқпын.
Хан орыстың сөздерінің әділдігіне көз жеткізеді. Кейін белгілі болғандай, әлгі орыс Иван Калитаның өзі болып шығады».
Тарихи деректер бойынша, Иван Калита – Мәскеу князы, Алтын Орда ханы Өзбектің тұсында өмір сүрген, Орыс княздығын біріктіріп, Ордаға кідіртпей, кикілжіңсіз алым-салық жинап, онымен ұзақ жылдар бойы тату қарым-қатынас орнатқан, Орыс княздығы билігін елді мекендерді сатып алу жолымен де кеңейткен билеуші.
Дәл осыған ұқсас аңыз 1900 жылы «Дала уалаятының газеті» бетінде жарияланады, Аңызды 1890 жылы қазақ даласының Жайық өңіріне сапарлаған орыс жұртының өкіліне жол серік болған Мәмбет есімді қазақ кісі баяндап берген. Әңгіме мынадай жолдармен басталады: «Бұрынғы уақытта, көп жылдар болды дүниеде біздің атамыз түгіл бабамыз жоқта, күллі осы күнде (гі) қазақ-орыстар (казак-орыстар –авт.) тұратұғын жерлер – Ораладан бастап төмен (дегі) Орал өзені бойының екі жағы, оның дәл Астраханға дейін һәм Волга (Еділ – авт.) өзенінің сол жағына дейін көшіп жүрді – біздің халық Темірлік ханның қол астында. Сіздің қазақ-орыс яки өзге орыстар мүлде жоқ еді. Дәл Орынборға шақты (жерлерде – авт) біздің халық тұрды һәм өзінің еркінші, уайым-қайғысыз. Сол уақытқа дейін, қашан келді ханға Самардан яки Орынбордан білмеймін, бір сорлы, байғұс орыс – үсті-басы жыртық, бірақ қалай байқалды артынан – амалшы дәл сайтанның өзіндей. Ол орыс өзі ісмер екен әр жұмысқа. Өзі – балташы, пешші, ұста, зергер һәм уа ғайры жұмысшы. Сол себепті ол тұрды ханның сарайында бек жағымды Темірлік ханға ісмерлігімен, әңгімеші һәм сырнайшы болғаны үшін».
Аңыздың бұдан ары қарай өрбейтін сюжеттік мазмұны Әз-Жәнібек пен Асан Қайғы туралы аңыздағы желіге ұқсас. Хан әлгі орысқа жасатқан істерін мақтаныш етіп, жұртты жинап бірнеше той жасайды. Ханның тойына қариялар мен ақылды кісілер бармай қояды. ...Ақыр соңында хан орыс ұстаға: «Сыйға қалағаныңды ал», – дейді. Сонда ол: «маған бір өгіздің терісіндей жер берсең, разымын», – дейді.
Хан өзінің малынан үлкен өгізді сойып, терісін орысқа береді. Орыс теріні алып оны жіңішке етіп тіліп, қайыс қылады. Қайысты бір-біріне жалғап, сонымен жерді төрт жаққа өлшеп жіберіп, қанша жерді өлшейді, сол жердің барлығы орысқа өтеді. Ол жерге өзге орыс ағайындарын көшіріп ала бастайды. Жылдан-жылға орыстар көбейіп, Орал өзенінің бойына қала сала бастайды, сөйтіп қазақтарды бұл жерден қуып жібереді.
Бірі Орынбордағы, екіншісі Омбыдағы мерзімдік басылмдар бетінде жарияланған аталған аңыздарға ортақ мазмұн – билеуші ханның ешбір ойланбастан, қиналмай сыйлаған өгіз терісінің көлеміндей жерге орыс жұртының қала салып, кейін ол жерге қазақтарды қуып шығуы.
Тарихтан белгілі, Ресей патшалығы Алтын Орда ыдырағаннан кейінгі уақытта «бір қала – бір хандық» болып қалыптасқан Қазан, Аштархан сынды шағын хандықтарды жаулап алып, ХҮІІІ ғасырда кең сахарадағы Қазақ хандығының жеріне ауыз салады. Осылайша, Ресей патшалығы көрші елдермен ұзақ жауласып, ішкі бірлігі ыдырап әлсіреген Қазақ хандығының батысы мен солтүстігіндегі Жайық және Ертіс өзендерінің бойын жағалатып әскери бекіністер мен қорғандар сала бастайды. Мұны олар көшпелі елдермен сауда-саттық жүргізуді орнықтыру және Орта Азиядан Ресей шекарасына келетін сауда керуендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажет деген сылтаумен жүзеге асырады.
Ресей әкімшілігінің бұл саясатына қазақ билеушілерінің де қатысы болды. Мысалы, 1735 жылы Ор өзенінің Жайыққа құяр сағасына орналасқан Орынбор бекінісі (кейін Ор бекінісі болып аталды) Кіші жүз ханы Әбілқайырдың қалауымен, рұқсатымен салынды. Бекіністі орыс үкіметі қазақ билеушілеріне «Империя құрамындағы қалмақ пен башқұрттың қазақ жұртымен жауласу қауіпін сейілту және Ресей патшалығының Ұлы Татариямен және Бұқара, Ташкент, Балхы қалаларымен қауіпсіз сауда-саттық жүргізу мақсатында салып жатырмыз» деп түсіндіреді. Бекіністің іргетасын қалаған салтанатты рәсімге Әбілқайыр ханның баласы Ералы сұлтан басқарған қазақ билеушілері де қатысады.
Әбілқайыр хан патша үкіметінен Жайық бойындағы шекаралық өңірдегі Орынбормен шектелмей, Қазақ хандығының оңтүстік өңіріндегі Сырдария өзенінің бойына қала салып беруге қолқа салады. Оның бұл өтінішін орындау мақсатында Орынбор әкімшілігі 1740 жылдың 5-қыркүйегінде поручик Д. Гладышев, геодезист Муравин, инженер Назимов бастаған әскери қызметкерлерді Сыр бойына аттандырады. Кейін ол жерде Райым бекінісі пайда болады.
Қазақ даласынадағы ірі өзендер бойына сыналап салынған әскери бекіністер уақыт өте келе өзге де фортпостар, бекіністер, әскери казактардың хуторларының пайда болуына әкеліп соқтырады. Сол шағын әскери бекіністерден Орынбор, Омбы, Семей сынды үлкен қалалар бой көтереді. Басқаша айтсақ, Алтын Орда мен Қазақ хандығының жерінің тұтастығы әскери бекіністер мен қалалар салу арқылы бөлшектенеді, көшпелі тіршіліктің тынысы тарылады, қоныс азайды және далалық өлкелерге қоныс аударушылар көбейіп, жер саудаға түсе бастайды. Бұл – тарихта болған шынайы оқиғалар. Сол шынайлықтан аңыздық сарындар құралып, тарихи шындық халық шығармашылығына тән көркемдік әдіс-тәсіл, образдар арқылы бейнеленеді.
Аңыздағы аңғал хан, өнері асқан қу көрші, жерінен айырылған елдің өкініші – мұның бәрі тыңдаушы жұртты бей-жай қалдырмайтын көркем образдар. Бұл орайда, тыңдаушының назарын ерекше аударып, таң қалдыратын көркем образ – өгіз терісі. Әрі кетсе, екі-үш шаршы метрлік көлемдегі өгіз терісіне тұтас қалаға қоныс болған жер қалай айырбасталған? Мұнда қандай қулық, амал-тәсіл бүркемеленген? Өгіз терісінің милиметрлік, тіптен нанометрлік өлшемен жіңішке етіп таспа қанша тілсе де, қалаға қоныс болар жердің шықпасы анық. Олай болса, «өгіз терісі» астарлап, жұмбақтап, тұспалдап суреттеудің бір көрінісі болып тұрғаны сөзсіз. Ал ол қандай тұспал, қандай жұмбақ?
Біздіңше, өгіз терісі – жердің бедері мен көлемі сызылатын топографиялық картаның көркем бейнесі. Ол бейненің қазақ фольклорында пайда болуына орта ғасырларда, тіптен, берідегі ХІХ ғасырға дейін топографиялық карталар қара мал (өгіз, бұзау) терісінен жасалуы сеп болған. Топографиялық карталар тез тозбауы және қолданыста ұзақ сақталуы үшін өгіз немесе бұзау терісіне бедерленді. Қазіргі таңда зерттеушілер қазақ даласына қатысты топографиялық карталардың Еуропа мен Ресейдің музейлері мен кітапханаларында сақталған түпнұсқаларының кейбірі өгіз (бұзау) терісінде жасалғанын жазып жүр.
Демек, Алтын Орда мен Қазақ хандығының жер-қонысының отарлану тарихынан хабар беретін белгілі аңыздағы өгіз терісі – қаланың картасы сызылған карта. Өгіз терісі – өнер-білімі озық көрші жұрттың өнері кемшін елден өз қулығын асырған қимыл-әрекетінің астарлы, фольклорлық тұспалмен жұмбақтап жеткізген көркем бейнесі. Жалпы, айтылар ойды жұмбақтап, тұспалдап беру – фольклордың басты көркемдік сипаттарының бірі.
Біздің жеке мұрағатымызда Ор (алағышқыда Орынбор бекінісі деп аталды) бекінісіне патшайым Анна Ионовнаның тарапынан 1734 жылдың 7 маусымында берілген құқықтық Грамотаның (Привелегияның) көшірмесі бар. Грамота ескі славян тілінде жазылып, оған Ресей империясының екі басты қыран құс бейнеленген гербі таңбаланған (сурет 1).

Сурет: А.Әбсадықтың мұрағатынан алынды.
Патшайымның қандай жерлер мен елдерге иелік ететін сипаттаудан басталған мәтіннің соңында, құқықтық грамотаны дайындаған кісілердің аты-жөнімен қатар «Привилегия написана на коже двух телят», яғни «Грамота екі бұзау терісіне жазылды» деген сөз жазылған (сурет 2).

Сурет: А.Әбсадықтың мұрағатынан алынды.
Қазақ жұртына осындай өгіз терісіні сызылған карталар мен грамоталардың таныс болғандығы анық. Сол көрініс аңыз мазмұныны өтіп, көркемдік образға, бейнелеп суреттеуге айналған. Аңыз мазмұны мұндай көріністің туындауына билеушінің аңғалдығы, оның өнер-білімінің таяздығынан деп таниды және бұл жағдайға уайым мен өкініш білдіреді.
Қазақ жерінен қала саламыз деп алғашқыда шағын жерді алып, кейін қаланың картасы сызылғанда ол жердің мүлдем кеңейіп кету көрінісін іргетасы 1879-1883 жылдары қаланған Қостанай қаласының тарихынан көруге болады. Алғашқыда Тобыл өзенінің сол жағалауындағы «Қостанай өткелі» мен «Әбіл-сай» деп аталатын алқап аралығындағы 350 десятина жерге тұрғын жай салу арқылы орналасуға тиісті қоныс, 1895 жылдан басталып, 1907 жылы аяқталған картада қала тұрғындардың тұрғын жайы үшін белгіленген жер көлемі 834 десятинаға дейін кеңейіп, ал қала тұрғындарының қажетті үшін пайдаланатын жер көлемі 13 500 десятинадан 35 474 десятинаға дейін артады.
Бұл – кешегі күні ғана болған тарихтан мысал. Ал Алтын Орда мен оның мұрагері Қазақ хандығының алғашқы отарланған кезеңінде тарихи оқиғалардың қалай өрбігені бір Жаратуышының өзіне ғана аян!
Алтын Орда мен Қазақ хандығының сабақтастығынан сыр шертетін халық аңыздарының қыр-сырымен тереңірек танысамын деген оқырмандар біздің «Жошы ұлысы және қазақ аңыздары» (Қостанай, 2026) атты зерттеу кітабымызбен танысуына болады (сурет 3).

Сурет: А.Әбсадықтың мұрағатынан алынды.
Зерттеу еңбек Алтын Орда хандығындағы тарихи тұлғалардың атқарған қызметіне, өмірде болған оқиғаның мән-маңызына байланысты айтылатын аңыздардың тарихилығы мен фольклорлық көркем белгілерін, сыр-сипатын талдауға құрылған. Онда Шыңғыс ханнан бастап Жошы хан, Майқы би, Қоңқұтан Меңілік, Алаша хан, Әз-Жәнібек хан, Асан Қайғы, Бердібек хан, Едіге би сынды тарихи тұлғалардың аңыздағы бейнесі зерделенеді.
Зерттеу аз тиражбен жарық көрді. Тұсаукесер рәсімі үстіміздегі маусым айының соңғы күндері өтеді. Бұл жайында біздің Фейсбук парақшамызда хабарлама беріледі. Кітапқа қызығушылық танытып, хабарласамын деген оқырмандар үшін электрондық пошта мынадай: almas9172447@gmail.com
***
Мақала ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіның қаржыландыруы негізінде жүзеге асырылып жатқан АР 26199503 «Тургайские областные ведомости» (1891-1917), «Тургайская газета» (1895-1910) басылымдары: тарихи, этнографиялық және фольклорлық дерек көзі» Жобасының негізінде дайындалды.
Алмасбек Әбсадық, филология ғылымдарының докторы, Қостанай қаласы
Abai.kz