Жұма, 7 Қараша 2025
Жаңалықтар 322 0 пікір 7 Қараша, 2025 сағат 19:44

Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы OpenAI-мен бірге ChatGPT-дің қазақша нұсқасын дамытады

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары аясында Вашингтонда Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы мен OpenAI, Inc. компаниясы ChatGPT-дің қазақ тіліндегі қызмет сапасын арттыру және оны терең дамыту бағытында бірлесе жұмыс істеуге келісті.

OpenAI компаниясының білім беру және мемлекеттік бағдарламалар жөніндегі жетекшісі Кевин Миллс пен Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тілінде жасанды интеллектінің дәл және сапалы жұмыс істеу әлеуетін арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыру жайын талқылады.

Негізгі міндет – қазақ тіліндегі деректер қорын көбейту, тілдік модельдердің дәлдігін жетілдіру және жүйені ұлттық мәдениет, әдебиет пен тарихқа қатысты мазмұнмен байыту.

Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы білім беру саласын қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Келісім нәтижесінде мұғалімдерге қазақ тіліндегі оқу бағдарламалары мен сабақ жоспарлары, дәрістер және әдістемелік материалдарды жасанды интеллект құралдарының көмегімен әзірлеуге жаңа мүмкіндіктер ашылады.

Бұл серіктестік – қазақ тілін заманауи технологиялар кеңістігінде дамытуға және жаһандық цифрлық экожүйеде оның орнын айқындайтын маңызды қадам.

Еске сала кетейік, Қазақстан және OpenAI жасанды интеллекті негізінде білім беруді дамыту туралы меморандумға қол қойды.

Abai.kz

0 пікір