Дүйсенбі, 10 Қараша 2025
Аласапыран 176 0 пікір 10 Қараша, 2025 сағат 13:53

НАТО Бас хатшысы: Әлемге қауіп – Ресейден!

Сурет: pikabu.ru сайтынан алынды.

НАТО Бас хатшысы Марк Рютте қарашаның басында Бухарестте (Румынияда) өткен НАТО форумында Ресей жақын болашақта Еуропа мен әлемде тұрақсыздық туғызатын фактор болып қала беретінін мәлімдеді.

Рютте бұл туралы Бухарестте өткен «НАТО-өнеркәсіп» форумында Украинада жалғасып жатқан соғысқа байланысты сөзінде айтты.

«НАТО-өнеркәсіп форумы» өнеркәсіптік серіктестердің НАТО-ның қорғаныс инвестициялары мен өндірістік мақсаттарына қалай қолдау көрсете алатынын басты назарға алып, НАТО мен өнеркәсіп арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған. Биылғы форумға НАТО-ның 26 мүшесімен серіктес елдерінен 800-ден астам өкіл, сондай-ақ қорғаныс өнеркәсібінің 300-ден астам компаниясы қатысқан.

Қауіпсіздік мәселелеріне қатысты Рютте тұрақты қауіппен күресу үшін озық технология мен атыс күші қажет екенін атап өттен ол: «НАТО нақты және тұрақты қауіп-қатерге тап болып отыр, Ресейдің Украинадағы себепсіз соғысы оған ең жарқын мысал. Бірақ Ресейден келетін қауіп осы соғыстың тоқтауымен аяқталмайды. Жақын болашақта Ресей Еуропада және әлемде деструктивті күш болып қала береді», - деді.

Румыния президенті Никучор Дан: «Бейбітшілік пен қауіпсіздік ешқашан тегін берілмейді. Қайта қарулану – бұл опция емес, қажеттілік. Біз өзімізді қорғау үшін көбірек әрекет етуіміз керек», -деді. Ол былай деп қосты: «Ресейдің Украинадан тыс жерлердегі агрессивті әрекеттері жақында одақтастардың әуе кеңістігін бұзуға және гибридті шабуылдарға ұласты. Біз Румынияның ұлттық, еуропалық және трансатлантикалық қорғаныс өнеркәсібін нығайтуымыз керек», - деді.

Соңғы айларда НАТО әуе кеңістігіне ұшқышсыз ұшақтардың көптеп кіруіне байланысты НАТО мүшелері Польша мен Румыния ресейлік ұшқышсыз ұшақтардан қорғаныс үшін жаңа қару жүйесін орналастыра бастады. «Merops» деп аталатын АҚШ-та жасалған бұл жүйе орташа өлшемді жүк көлігінің төсегіне сыятындай шағын. Ол дрондарды анықтап, оларға жақындай алады және спутниктік және электронды байланыс кедергіге тап болғанда навигация үшін жасанды интеллект пайдаланады.

НАТО әскери шенеуніктерінің «Associated Press» агенттігіне хабарлауынша, бұл жүйені Польша мен Румыниядан басқа Дания да пайдаланады. Бұл НАТО-ның Ресеймен шекара қорғанысын қамтамасыз ету, қорғанысын құшейту әрекетінің бір бөлігі. Жаңа қорғаныс жүйесі солтүстіктегі Норвегиядан оңтүстігіндегі Түркияға дейінгі, сондай-ақ шығыс қанатындағы елдерге Ресей әскерінің баса-көктеп кіруіне тосқауыл қояды.

Abai.kz

0 пікір