Алматыдағы әскери-патриоттық тәрбие: мектептерде жаңа үлгі қалыптасып келеді
Алматы қаласында әскери-патриоттық тәрбие беру бағытындағы жұмыс біріздендіріліп, білім беру саясатының маңызды бөлігіне айналды. Қазіргі таңда шаһарда 216 мемлекеттік және 131 жеке мектеп бар. Барлық оқу орындарында оқушылардың бойына патриоттық құндылықтарды сіңіру ерекше назарда.
2022 жылдан бері Алматыда 50-ден астам жаңа білім нысаны салынды. Соның ішінде 47 мектеп оқушыларды қабылдап үлгерді. Қазір қала бойынша тағы 47 нысанның құрылысы және жаңарту жұмыстары жалғасуда:
– 7 балабақша,
– 37 мектеп (оның 21-і «Жайлы мектеп» жобасы аясында),
– 2 колледж,
– «Жанұя» мамандандырылған интернаты.
Жаңа ғимараттардың барлығында алғашқы әскери дайындық сабақтарына арналған кабинет, жаттығу бұрышы және патриоттық тәрбиеге бағытталған арнайы инфрақұрылым қарастырылған.
«Алғашқы әскери және технологиялық даярлық» пәнінің өткізілу сапасына байланысты мониторинг жыл сайын жүргізіледі. Соңғы тексеріс 2025 жылдың 10 ақпаны мен 30 сәуірі аралығында өтті. Қаладағы 216 мектептің барлығы зерттелді (жөндеудегі білім ошақтарынан басқа).
Ал тексеру нәтижесі бойынша АӘжТД пәні бар барлық мектепте қажетті оқу кабинеттері жабдықталған. 10–11 сыныптары жоқ 7 мектепте пән жүргізілмейді.
Мамандар бұл деректерді Алматыдағы әскери-патриоттық жұмыс жүйелі түрде жолға қойылғанын көрсететін маңызды көрсеткіш деп санайды. Әскери-патриоттық сабақтар тек әскери негіздермен шектелмейді. Оқушыларға қазақ батырлары мен тарихи тұлғалардың ерлігі, ел тарихындағы шешуші оқиғалар, мемлекеттік рәміздердің мәні, Отанға адалдық пен жауапкершілік сияқты құндылықтар кеңінен түсіндіріледі.
Мектептерде ардагерлермен кездесулер өткізу, деректі фильмдер көрсету, әскери клубтардың жұмысын жандандыру дәстүрге айналған. Оқушылардың қызығушылығына сай жаңа форматтағы іс-шаралар да көбейіп келеді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жастар тәрбиесіндегі патриотизмнің маңызын әркез атап өтеді. Осыған сәйкес 2019 жылы «Жас Сарбаз» жобасы іске қосылып, Алматы мектептерінде арнайы сыныптар ашылды.
2025 жылы Ұлттық гвардия бастамасымен «Жас Бүркіт» сыныптары құрылып, бұл бастама Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды. Мұндай сыныптарда оқушылар әскери тәртіпке, дала жағдайында өзін ұстауға, ортақ жауапкершілікке үйренеді.
Белсенді Нұрболат Әукеннің пікірінше, Алматыдағы патриоттық тәрбие жұмысы елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін аса маңызды:
«Алматы — елдің рухани әрі интеллектуалдық орталығы. Мұндағы жастардың көзқарасы бүкіл қоғамға әсер етеді. Қазіргідей күрделі геосаяси кезеңде патриоттық тәрбие — формалды шара емес, ұлттық қауіпсіздікті күшейтудің негізгі тетігі», — дейді ол.
Алматы соңғы жылдары әскери-патриоттық тәрбиені жаңаша деңгейге шығара алды. Арнайы сыныптар ашылып, жаңа мектептерде патриоттық бағытқа арналған кеңістіктер жасақталуда. Бұл жүйелі жұмыс жас буынды Отанын қорғауға дайын, жауапты азамат ретінде тәрбиелеуге ықпал етеді. Мұндай бастамалар қаланың ғана емес, ел жастарының рухани беріктігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Abai.kz