Дүйсенбі, 8 Желтоқсан 2025
Ғалым 428 0 пікір 8 Желтоқсан, 2025 сағат 14:50

Елшіл, ерен ғалым

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Зиябек Ермұқанұлы! Бұл есім Қазақ елінің көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарына, ғылыми ортаға әбден таныс. Тарихшы ғалым, отаншыл, елшіл азамат. Бұған біздің куәгер көзіміз талай жеткен. Ол – тарих ғылымының іргелі салаларын зерттеу, зерделеу ісінде және оны насихаттау һәм ұйымдастыру, шәкірт тәрбиелеу жұмыстарында толағай табысқа жеткен тұлға. Зекең ұлт тарихының екі іргелі саласында өнімді еңбек етіп келеді. Бірі – Қазақ хандығының тарихы, екіншісі – Алаш тақырыбы.

Зиябек мырза – кеңестік кезеңдегі қалың тарихшы ғалымдарының  батылы бара бермеген Қазақ хандығы дәуірді зерделеуде докторлық диссертация қорғаған зейінді ғалым. Ұстазы – көрнекті тарихшы ғалым Жанұзақ Қасымбаев. Ал Алаш тақырыбына оны жетелеген көңіл көкірегіндегі елшілдік сезім, отансүйгіштік қасиет. Бұған біздер куәгер болған көріністер көңілімізді сақталып қалыпты. 2012-2013 жылдары Еуразия университетінде қызмет жасаған кезімізде Зиябек мырзаның Алаш тақыбырында жасаған жұмыстарының шет жағасын көрген едік. Бұл жылдары біздің кейіпкеріміз Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Евразия» ғылыми зерттеу институтының директоры қызметін атқарды. Орталық университеттің ғылыми кітапханасына орналасты.

Зиябек мырза бастаған ғалымдар кітапхананы Бас штабқа айналдырды. Мұнда Зекеңді сырттан іздеп келетін кісілердің ізі суымайды. Алаш зиялыларының ұрпақтары, Астанадағы суретшілер мен мүсіншілер қауымдастығының өкілдері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының авторының бірі Жандарбек Мәлібековтер орталыққа жиі-жиі ат басын бұратын. Ғалымдар мен докторанттар орталыққа жиналып, ғылыми тақырыпта дискурс құратын еді. Бал арасын өсіруші омарташыдай маңына кісі жинайтын Зекеңнің кең мінезі ортаның қауқылдасып, кең пікір алмасып отыруына оң ықпал жасайтын.

Орталық бұрын-соңды беймәлім болып келген Алаш зиялыларына қатысты зерттеулер жүргізіп, олардың мұрасын насихаттауға көп еңбек сіңірді. Омбы өңірінің тумасы, Алаш зиялылары Асылбек, Мұсылманбек, Мұратбек Сейітовтердің ғұмыры мен қайраткерлік келбеті туралы зерттеу жұмыстарының қалай ұйымдастырылғаны біздің көз алдымыздан өтті. Ел жадынан жырақтап, тасада қалған оқымысты қайраткер Сейітовтер туралы естеліктер жиналып, архивтік материалдар ақтарылып, арнайы зерттеу жинағы жарияланды. Докторанттарға ғылыми тақырыптар ұсынылып, кандидаттық және докторлық диссертациялар жазылды. Жігерлі, талапшыл ғалым тынбай еңбек етті: академиялық ортаны былай қойғанда, бұқаралық ақпарат құралдарымен, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орнатты. Астананың тарихын жазуымен айналысып, бұрынғы Ақмола қаласының байырғы тұрғындарынан ақпарат жинады. Ғалымның еңбегі Астанада ЭКСПО-2017 өткен уақытта қазақ, орыс, ағылшын тілінде жарық көріп, көрмеге келушілердің назарына ұсынылды.

Омбы демекші, жалпы, Зиябек мырза – «Қазақ – елім, Сарыарқа – жерім» (Абылай хан) деп келген қандас, өзі айтатындай, «квотасыз оралман». Оның туған жері – Омбы өлкесі. Сол жақта орта білім, Омбы университетінің тарих факультеінде жоғары білім алған. Студент кезінде Омбыдағы қазақ жастарының басын қосып, ұлттық сипаттағы мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға мұрындық болады. Сол жақта жүрген уақытында кеңестік әскер сапына шақырылған кезде «ажал апаны» болған Ауғанстанға өз еркімен сұранған. Бірақ әскери комисариат мұның «Кабульдинов» деген фамилиясына назар аударып, оны Кабулға қарай жібермей қояды. Сөйтіп, ол әскери борышын Кеңес одағының территориясында өтейді.

Еліміз тәуелсіздік 90-жылдардың басында Зекең Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыда өтетін «Жігіттің сұлтаны» байқауына қатысады. Оны бұл байқауға туған жерге деген іңкәр сағынышы мен құрметі «сүйреп» келген болатын. Көп ұзамай ол Ресейдің Омбы өлкесінен Қазақстанға қоныс аударады. Төмендегі Омбыдан Ертістің бойымен жоғары өрлеп келіп (Керулен өзенін жағалаған Шыңғыс хандай), Керекуге ат басын тірейді. Қызмет еткен мекемесі – қоғамдық тәртіп сақтаушыларды дайындайтын оқу орны. Одан Елордаға-Астанаға бет бұрады. Мұнда ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінде ұзақ жылдар бойы ұйымдастырушылық қабілетті қажет ететін түрлі басшылық лауазымда қызмет жасады.

Ел-жұртын аңсап келген Зиябек мырзаның бойында қазақ оқығандарының қалыптасуына сеп болған Омбы қаласының зиялылығы орныққан. Бұл шаһарда қазақтың атақты ғалымы Шоқан, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан, ағайынды Сейітовтер, Қошке Кемеңгерұлы, Смағұл Садуақасұлы сынды қазақ зиялылары білім алып, қызмет жасаған. Мұнда 1902-1904 жылдары Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қазақ ауылдарында бастауыш мектептер ашу үшін құрылған «Ақмола, Семей облыстарының халық училищелері» мекемесінің ісжүргізуші лауазымында қызмет жасайды. Қазақ зиялыларының үлкен шоғыры қалыптасқан Омбы қаласының қадір-қасиеті Зиябек мырзаның бойына сарқыт болып қалған. Оның ғалымдық, азаматтық келбетін еңбекқорлық, іздемпаздық, ғалымдық талант-қабілетке тән сыпайы ізет, тілтапқыштық, кішіпейілділік, адалдық сынды адами қасиеттер толықтырады. Екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейтін және ағылшынша тіл білуі – Зекеңнің айрықша қасиеттерінің бірі. Мұны туған жердің топырағынан жұққан қадыр-қасиет деп танимыз.

Бір қызығы, Омбы өлкесінде туған Зекеңе Омбы қаласында аты шыққан жұлдызды ғалым Шоқанды «жанына» байлап жүру бұйымыс болды. Ол бүгінгі таңда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры қызметін абыроймен атқарып келеді. Қоғамдық көзқарас тұрғысынан қарағанда, аталған институт гуманитарлық саладағы «қызуы жоғары» зерттеу институтының бірі, тіптен, бірегейі. Кеңестік дәуірдегі қоғамда бұл институттың қызуы болат балқытатын «домна пешіндей» болғаны бәрімізге белгілі.

Қазіргі таңдағы шындықтың шарайнасында институттың жұмысы «жұрттың ыстық назарында» тұрғаны анық. Темірді илегенде қызу (өткірлік) мен суықты (сабырлық) араластыра отырып суыратындай мінез қажет. Біздің кейіпкеріміздің табиғи бойында өткірлік пен сабырлық тең дәрежеде өріс тапқан. Көрші жұрттың Е. Федоров, П. Толстой, К. Затулин, Д. Медведев сынды саясаткерлері мен қоғам белсенділері бұқаралық ақпарат көздері арқылы екі елдің қарым-қатынасына, достығына ши жүгірткен уақытта Зиябек мырзаның дәйек пен дерекке сүйеніп жазған батыл ойлары әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді. Тарихи құжаттарға сүйене сөйлеген Зекең ресейлік саясаткерлердің «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп жаудырған сөздеріне толымды, тосын ойлармен жауап қайтарды. Оның отансүйгіштік, елшілдік мінезі осы кезде ерекше жарқырады. Оның тарихты терең танитындағы, көрші елдің тіліне жүйріктігі аузына келгенін оттаған көкбет, бейбақ қарсыластарының мысын басты.

Зиябек мырзаны кең-байтақ Қазақстаның әрбір өңірі жақсы біледі. Ол қызмет бабымен де, ғалымдық ізденіс бағытымен де өңірлерді көп аралайды. Бұл орайда, Зекеңнің Қостанай өңіріне жиі ат басын бұрып тұратындығын атап өту ләзім деп ойлаймыз. Торғай-Қостанай өңіріндегі ғылыми жиындарға, қоғамдық маңызы бар форумдарға Зиябек Ермұқанұлы жиі қатысып тұрады. 2017 жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі Кейкі батыр Көкембайұлының шет елде қалған денесінің елге оралуына орай үлкен жиын өткізілді: батырға кесене соғылып, ас беріліп, Арқалық қаласында ғылыми конференция ұйымдастырылды (1 сурет). Ғылыми жиында Зиябек мырза бас баяндамашы ретінде терең танымды, толымды баяндама жасады. Даңқы батырдың ғұмырнамасы мен ерлік істеріне қатысты институт тарапынан жүргізілетін зерттеу жұмыстарының бағытымен таныстырды.

1 сурет.2017 жыл. Торғай даласы, Тасты ауылы. Кейкі батыр кесенесінің ашылуы. Солдан оңға қарай: Ерлан Қалмақов, Еркін Әбіл, Қалқаман Жақып, Бек Ибраев, Зиябек Қабылдинов, Алмасбек Әбсадық.

Қостанай жұртшылығы Зекеңнің Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мырағазы Есболұлына арналған іс-шараларға офлайн, онлайн форматында қатысқан белсенділігімен де жақсы таныс. 2021 жылы Қостанай қаласында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына орай ұйымдастырылған Республикалық ғылыми-парктикалық конференцияға Зиябек Ермұқанұлы бір топ танымал, көрнекті Алаштанушы ғалымдармен бірге қатысып, толымды баяндама жасады (2 сурет). Ғалым Қостанай өңіріне бірнеше тарихшы шәкірт-ғалымдар дайындады. Олардың зерттеу еңбектері өлкетанушылық мәйек-мазмұнға құралған еді.

2 сурет. 2021 жыл. Қостанай қаласы. «Алаш тарихынан тағылым: Әлихан Бөкейхан және Торғай-Қостанай өңірі» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференция.

Хақ ілімге сүйенген ырымшыл халқымыз айтады: Жаратушы әлдебір ауыр, жауапты жұмысты кімге жүктелетінін өзі бұйыртады. Қазіргі таңда Зиябек Ермұқанұлының басшылығымен Қазақтан тарихының 7 томдығы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша жаңа көзқарас, тың таныммен жазылып жатыр. Жұртымыздың бұл шарадан күтіп отырған үміті де зор. Сол ауыр да, жауапты жұмысты қазақстандық ғалымдарды жұмылдырып, жақсы істі ұйымдастыруға Ермұқан баласы Зиябек басшылық жасауда. Бұл жұмыс ғалымдардың ұсыныстары мен қоғамдық талқылаулар негізінде, яғни  жұртшылықтың көз алдында жүзеге асып жатыр.

«Нар жолында жүк қалмас» деген, зілдей ауыр жүкке еш қаймықпай жон арқасын тосқан алып пілдей мінезге ие Зекең бұл істі өзінің ерік-жігері мен ерен еңбегі арқылы көтере біледі деп ойлаймыз. Оның үстіне бұл жүк азаматтың ғұмырындағы «тал түс» кезеңіне келіп тұр. Көктегі күн тал түске келген кезде шуағы мол шапағатты мың сан сәуле төгеді. Зиябек мырзаның ғалым, азамат, қайраткер келбетіндегі жан-жағына шашар шапағаты мен шуағы ұзағынан болғай деп тілейміз!

Алмасбек Әбсадық,

филология ғылымдарының докторы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры

Abai.kz

0 пікір