Сәрсенбі, 10 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 200 0 пікір 10 Желтоқсан, 2025 сағат 16:07

Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі А.Ғ. Балаеваға

Сурет: check-point.kz сайтынан алынды.

Жуырда Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында шетелден қаржыландыру алушылардың тізілімі жарияланды. Бұл құжаттағы мәліметтер Отанымыздың ақпараттық дербестігі мен ұлттық қауіпсіздігі үшін аса зор алаңдаушылық тудырып отыр.

Деректерге сәйкес, еліміздегі 186 жеке және заңды тұлға, соның ішінде қоғам белсенділері, құқық қорғау ұйымдары, медиақұрылымдар және шетелдің үкіметтік емес ұйымдарының еншілес өкілдіктері тұрақты түрде шетелден қаржы алып тұрады.

Олардың нақты қанша қаржы алатынын ешкім білмейді. Кейбір БАҚ-тардың бағалауы бойынша, жалпы көлемі жылына шамамен 60 миллион долларға тең. Бұл ең шындыққа жақын болжам. Белгілісі – USAID кейінгі 10 жылда елімізге 150 миллион доллардан астам грант бөлген.

Бұл ақша қайда және қандай мақсаттарға жұмсалады? Елімізде қандай да бір тұлғалар осыншама ірі сомаларды алып жүр, ал оның нақты қайда бағытталып жатқанын ешкімнің бақыламағаны қалай? Сіздердің Отанымыз үшін жандарыңыз ашымай ма?

Қазіргі қолданыстағы тізілім тек қаражат алынғаны туралы фактіні тіркеп отыру міндетін атқарады. Онда мына деректер қамтылмаған:

  1. Қаржыландырудың нақты көздері белгісіз (шетелдік донорлар).
  2. Алынған қаржы көлемі – жалпы сома ма? Әлде әрбір алушы мен жоба бойынша бөлек көрсетілген бе?
  3. Қаражат қандай мақсат пен міндет үшін берілді?
  4. Қаражаттың мақсатты жұмсалуын салықтық есептілігін бақылау тетіктері жоқ.

Яғни, бұл – ашықтықтың құралы емес, оның тек сыртқы көрінісі ғана.

Алайда басты қауіп бұдан тереңде жатыр. Тізілімге тізбектің тек алғашқы буындары ғана енеді. Ал одан әрі не болады? Шетелден келген ақша шетелдік ұйымдардың филиалдарына түседі, содан кейін екінші деңгейлі грант ретінде ел ішіне толқындай тарап кетеді. Ал қоғаммен тікелей жұмыс істейтін негізгі қаржы алушылар бақылау аймағынан мүлде жоғалады. Осы заңнамалық олқылықтың салдарынан орасан зор «көлеңкелі аймақ» құрылып, жасырын операцияларға қолайлы орта туғызып отыр.

Мұндай схема денсаулық сақтау немесе білім беру саласындағы маңызды әлеуметтік бастамаларды қолдау үшін пайдаланылуы мүмкін. Алайда, дәл сол схема азаматтарымыздың санасына іріткі салу үшін де қолданылуы әбден мүмкін!

Осы қаражат есебінен мынадай бағыттар қаржыландырылуы ықтимал:

  1. Қазақ халқының киелі дәстүрлеріне, отбасына және рухани құндылықтарына мүлде жат әрі зиянды идеологияны насихаттау.
  2. Қоғамда әлеуметтік жанжалдарды тұтатуға, азаматтарды бір-біріне қарсы қоюға, ғасырлар бойы қалыптасқан татулық пен түсіністіктің орнына өшпенділік пен алауыздықты қоздыру.
  3. Қоғамдық келісімді бұзу, құқық қорғау деген желеуді бетперде етіп, шын мәнінде біздің рухани негіздерімізді шайқалтатын мәдени агрессия жүргізу.

Яғни, шетелден қаржы алатын белсенділер мемлекеттің ашық болуын талап етеді, ал өзінің қаржыландырылуы құпияға толы. Бұл – сұмдық парадокс, нағыз екіжүзділік.  Осы ақпараттық соғыс арқылы біздің дербес дамуға деген құқығымызды шетелдік гранттармен сатып алуға тырысып жатыр. Біздің санамызға жат құндылықтар мен идеологияны зорлап таңу арқылы ішкі істерімізге ашық араласуда.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты, өз құзыреті шегінде, Қазақстан Халық партиясы фракциясы мынаны талап етеді:

Қазақстан Республикасының заңнамасына қысқа мерзім ішінде  шетелдік қаржыландыру тізілімінде міндетті түрде жариялануға тиіс ақпарат көлемін түбегейлі кеңейтуге бағытталған қажетті өзгерістерді әзірлеу.

  1. Міндетті түрде ашық болуы тиіс деректер:

Қаржы бөлетін донорлар;

Әрбір алушы мен әр келісім бойынша алынған қаржы көлемі (грант);

Қаражат бөлінген жобалардың егжей-тегжейлі мақсаттары, міндеттері мен күтілетін нәтижелері. Атқарылған жұмыстың актілері;

Алынған қаражаттың мақсатты жұмсалғаны туралы тәуелсіз аудиттен өткен жыл сайынғы жария есептілік;

Алынған сомадан төленген салық туралы дерек.

  1. Шетелден қаржыландыруға және оны пайдалануға қатысты ақпаратты жасырғаны немесе әдейі жалған мәлімет бергені үшін жауапкершілікті күшейту.

Бұл мәселедегі ашықтық – бюрократия емес. Бұл – ұлттық өзін-өзі қорғау актісі. Бұл – біздің халқымызбен шетелдік чектердің тілі арқылы сөйлеспек болғандардың кім екенін және мақсаты не екенін білуге деген егеменді құқығымыз.

ҚХП фракциясы осы талапқа ұлттық маңызы бар мәселе ретінде қарай отырып, заңда белгіленген тәртіппен жауап беруіңізді сұрайды.

Abai.kz

0 пікір