Кие
Қазір мақала оқысаң да, әлеуметтік желі шолсаң да, жұртпен әңгімелессең де... үнемі бір керемет сипаттамаларға кезігесің – «киелі Түркістан», «киелі Тараз», «киелі Сыр елі», «киелі Жайық бойы», «киелі Маңғыстау», «киелі...», т.б... Жалпы бүкіл облыс осылай қамтылады.
Яғни қазақ жерін жаппай «киелі» деп айту – дәстүрге айналған.
Демек, қазақтың барлық жері – киелі екен!
Мен бұған еш күмәнданайын деп отырған жоқпын. Сенемін! Қазақстанның әр бұрышын, әр аймағын еш бөле-жармастан жақсы көремін, әр өлке тарихының, топырағының қасиетін ұғынуға тырысамын. Жолым түссе – сапарлаймын.
Өткенде бір тойда тіпті бір дардай кісі: «Киелі Жантақтыдан келіп отырмыз!» – деп те салды. Бірақ ол Жантақтының қай киелі облыстың қай киелі ауданынан екенін ести алмай қалдым.
Ал... егер... қазақтың барлық жері киелі болса, әр облыс-аймақтың киелі екенін ерекше бөлектеп айтуда не мән бар? Киелі мен киелінің арасында айырмашылық болушы ма еді? Бүкіл Қазақстан киелі болса, «біз киелі Қиырданбыз», «біз киелі Қиғаштан шықтық» немесе «киелі Іргенің ұланымыз» деп айрықшаланудың қажеті не? Бәріміз де түгел киелі қазақ жерінен екенбіз, ендеше «Түркістаннан түлеп ұштық», «Тараздан қыз алып жатырмыз», «Маңғыстаулықтармен құда болдық»... деген сияқты «киелісіз-ақ» сөз саптауға болмас па екен?
Әлде «біз бәрібір басқаларыңнан киелірекпіз!» деген де бір көкірек бар ма...
«Той» демекші, тойға барсаң да асаба шіркіндер аңыратады ғой: «Бұл шаңыраққа ежелден қасиет қонып, қыдыр дарыған, бесігіне бақыт ұялаған...» деп той иелерін әспеттейді (той иесінің көзі бақырайып кеткен: «біз шынымен сондаймыз ба-ей?» деп). Сосын құдаларды құрметтеп шақырады: «Тамырында алаш жұртының таза қаны аққан текті әулеттің өкілдері келді ортамызға!». Олар да жан-жағына қарап, мақтағанды кім жек көрсін, шынымен сондай екенбіз деп, кеуделерін керіп, маңғазданып-ақ мәз болып қалады...
Сосын қарадай қысылып, қара терге түсесің: «Апыр-ай, осындай киелі, қасиетті, қадірменді, көргенді, үлгілі ортада отыруға менің моральдық құқым бар ма өзі?». Дейсің де (өзіңнің ондай сипаттамаларға лайық емес екеніңді білесің ғой), көзге көп түсе бермей, тездетіп тайып тұрасың...
Сәкен Сыбанбай
Abai.kz