Дүйсенбі, 12 Қаңтар 2026
Біртуар 283 0 пікір 12 Қаңтар, 2026 сағат 14:12

Момышұлын сағыну

Сурет elordainfo.kz сайтынан алынды.

поэма

1

Заңғар едің заманында бір туған,
Кеніш едің кеудесіне нұр тұнған!
Ерлігіңе,  өрлігіңе таңғалам,
Болмайтынды болады деп ұмтылған.

Аяладың көктемдерді құлпырған,
Тазаладың көңілдерді кір тұрған.
Шешендігің көсемдігің секілді,
Әрі қарай асқақтады шын тұлғаң!

Тағдырыңа тік қарадың жасқанбай,
Тәлімдерің көнермейтін дастандай.
Арманыңның кеңістігі тұңғиық,
Ақиыққа өріс болған аспандай!

Елеңдедің  сәттілікті тосқандай,
Сенің қолың соның жолын ашқандай.
Кесірліні тәубасына келтіріп,
Кесапатқа  мойымадың ешқандай.

Ашуыңды аярлыққа төгіп ең,
Аттың оны әділеттің оғымен.
Күресіңнің құнын білмей өткендер,
Үлесіңнің құр қалдырды көбінен!

2

Зиялы едің әнін ұққан бұлбұлдың,
Тұяғы едің сүрінбейтін дүлдүлдің.
Ауыздыққа көнбейтінін қазақтың,
Арыстанның  ашуымен білдірдің.

Үйлестірдің ізгіліктің ырғағын,
Бір басыңа ұялады мың дарын.
Қуатыңды  біліміңмен  шыңдадың,
Дәуірлерді даналарша тыңдадың.

Тауып едің ой түбінен алтынды,
Сақтап едің өнегелі салтыңды.
Дауылдар да шытыната алған жоқ,
Шарболаттай қайыспаған қалпыңды!

3

Кедергіні кесіп өттің күрделі,
Ғасырыңнан озып кеттің  ілгері.
Шабысыңа тигізбеді зиянын,
Шәбеленіп қандендердің үргені.

Қабілетің қанатыңды  жайдырған,
Келешекке зымырады ой жылдам.
Абай сынды мыңмен жалғыз алыстың,
Ақыл көрдім  қуаныш пен қайғыңнан.

Жауынгердің әкесіндей дем бердің,
Тірегі едің иманына сенгеннің.
Қараулардың зәре-құтын қашырып,
Тұйығына шектелмедің шеңбердің.

Айтарыңды абыздарша толғадың,
Айнымаған шешімдерді қолдадың.
Ақиқаты аласарған қоғамда,
Биік болып өмір сүру – ол да мұң!

4

Жанарыңнан шашыраған әр ұшқын,
Жарқырады оты болып намыстың.
Қырық бірде...  Москваның түбінде...
Атой салып, аждаһамен  алыстың!

Қолаң шашты Ресейдің орманын,
Сахараңды қорғағандай – қорғадың!
Шейіттердің ең ақырғы арманын,
Жүрегіңе алтын жіппен жалғадың.

Қылышыңды  сермегенде жауларға,
Қара жылан кіре алмады бауларға.
Қаһарыңмен қамалдарды қиратып,
Иығыңды тірегенсің тауларға.

Алапаттың  жалынына жанбадың,
Аңыздағы ақсұңқардай самғадың.
Жанын – арға садаға еткен, ардағым,
Сын сағатта тәуекелді таңдадың!

Арпалыстан арылмаған қиын күн,
Дірілдетті талшықтарын миыңның.
Өлім күйі – қорқынышқа толы күй,
Сынбау үшін бір Аллаға сиындың!

5

Жылап жатты жетім қалған балалар,
Құлап жатты жесір қалған аналар.
Махаббаттың отауына оқ тиді,
Күңіренді күйік шалған қалалар.

Есіл өмір естен танып аһ ұрды,
Қатыгездер қансорпаны сапырды.
Танкілердің жылан бауыр табаны,
Сәбилердің ойыншығын жапырды.

Ысылдайды тіршілікті жұтқалы,
Жұлып алмақ ең ақырғы тұтқаны.
Құл болуды қаламаған тіршілік,
Өздеріңнен ұлы айқасты күтті әлі.

Сұм дүние адастырды ақылды,
Не мықтылар жансауғалап сатылды.
Күретамыр үзілмесе екен деп,
Күрестіңдер дем қалғанша ақырғы!

Атақ алсам, орден тақсам демедің,
Саудагерлік «айырбасқа» жоқ едің.
Жауынгерлік міндетіңді атқарып,
Топансудың арналарын бөгедің.

Атасына ұқсап туған асылдай,
Шатырладың сәуірдегі жасындай.
Көкбөріні кие тұтқан қалпыңда,
Өмір сүрдің лауазымға бас ұрмай!..

7

... Бүгін біздің қасымызда  болар ма ең?!
Айналаны ақсұңқардай шолар ма ең?!
«Ұйқысынан» оянды ғой  арыстар ,
«Сөйлесудің» сәті түсті солармен!

Ұлы дала арманымен қауышты,
Бодан өмір бостандыққа ауысты.
Тоңы қатқан үш жүз жылдық азапты,
Көк байрақты  көтергенде тауысты.

Адаспайды көздегендер алысты,
Меңгеруде межесі кең жарысты.
Десіңіз бен сесіңізден қаймығып,
Өткірлейтін еді бәрі намысты?!

Қайта жанды көңілдегі шырақтар,
Ойдағыдай түйінделді сынақтар.
Бұйырсаңыз  «сауығатыны»  анық қой,
Ана тілге «керең» болған  құлақтар.

Отан жайлы жазылады жыр қалай?!
Бұл туралы танымыңыз  сырға бай.
Ұлтыңыздың көшін дұрыс бастарда,
Орныңыздың  үңірейіп тұрғаны-ай!

8

Өркениет  қол бұлғады  десек те,
Тиымдар жоқ телефондағы  «өсекке».
Обалсынбай ертоқымын тұлпардың,
Кеше біреу ерттеп жатыр есекке.

Дәлдүріштер үкілейді жабысын,
Айлакерлер түгендейді «табысын».
Атқа мінсе ойы шолақ  тоғышар,
Қалтырайды  қалтасының қамы үшін.

Енді біреу суға салып аяғын,
Маужырайды  қалқасында саяның.
Шырмаса да несиенің «тұзағы»,
Жиын-тойда күмпілдейді  баяғы үн.

Мойын бұрсаң көкелерге көшелі,
Өзін-өзі мысал етіп бөседі.
Өзгелерден би іздеген «білгіштер»,
«Өзімізде мықтылар жоқ» деседі.

Келмейтіндей кемелдіктің кезегі,
Ақиқатшыл  бәсекеден  безеді.
Уыздыққа жарығандар көбейіп,
Ұлтымыздың ағарса екен өзегі!

Елемесе ескерткенді ақырын,
Естілмей ме күркіреген батыл үн?!
Бұйрығыңды орындатар едің-ау,
Асауларды бағындырған, Батырым!

9

Момышұлын ұлықтаса жастарым:
Ұғар еді  Дала дейтін дастанын.
Тияр еді көрсеқызар қылықты,
Қаңсығына таңсық болған басқаның.

Білер еді  адалдығын  асының,
Тілер еді бірігуін басының.
Қырдың қызыл гүлдерінің ішінен,
Іздер еді Қыз Жібектей ғашығын.

Толғар еді тағылымның мың түрін,
Жалғар еді жақсылығын ғұрпының.
Адалдықтың ақ жолына ұйытып,
Тұрар еді тұғыры боп ұлтының.

Ашар еді қоржындарын ой толған,
Қашар еді қараниет сайтаннан.
Нағыз жігіт – ақиқаттың сақшысы,
Жоғалғанды иесіне қайтарған!

Өрендерім  бағындырса  қияны,
Өзендерім мұхиттарға құяды.
Терезені теңестіру үшін де,
Ұрпақ  қажет Бауыржандай зиялы!

Абыройын асыратын бағымның,
Жақынына айналатын жанымның;
Тазалығын  қадірлейтін қанымның,
Тыныштығын  күзететін таңымның –
Сіздей батыр туар ма екен қайтадан?!
Момышұлы Бауыржанды сағындым!
Момышұлын сағындым!

Батық Мәжитұлы

Abai.kz

0 пікір