Құрылтай додасында қай партия озады?!
Президент қол қойған Жаңа Конституция заңнамасына сәйкес алдағы 1-шілдеде қазіргі Парламент тарап, жаңа Құрылтай сайлауы науқаны басталатыны жұртқа аян. Елдің саяси өміріндегі айтулы оқиға болғалы тұрған Құрылтайға қай партиялардың өтетіні қазірдің өзінде көп назарын аударып отыр.
Елде өтіп келе жатқан әр кезекті парламент сайлауы кезінде жаңа партиялардың пайда болып, өзінен бұрынғылардан аты озып шығатыны үйреншікті жағдайға айналған жайы бар. Биылғы бір палаталы Құрылтай сайлауы басталар алдында сол жағдай тағы қайталанды.
Кеше 1 маусымда Әділет министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «Әділет» саяси партиясын ресми түрде тіркегенін жария етті.
«Әділет» партиясына әртүрлі сала өкілдері енген екен. Қатардағы еңбек адамдарынан бастап, мұнай сервистік және тау-кен металлургиясы саласының қызметкерлері, шахтерлер, спорт, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, кәсіпкерлік, IT-сектор, құқықтану және креатив индустрия өкілдерін қамтыпты.
Партия бағдарламасында басты басымдықтар ретінде заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидаттарын нығайту, тиімді институттарды дамыту, өңірлерді қолдау, цифрландыру, адами капиталды дамыту және бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру белгіленген екен.
2023 жылғы Парламент сайлауында жаңа бизнес өкілдерінен құралған «Республика» партиясы саяси аламанда аяқ астынан төске өрлеп, әйдік Олжас Сүлейменовтің батасын алған «Байтақ» жасылдар партиясын ығыстырып, мандатсыз қалдырған еді.
Міне бұл жолы «Әділет» партиясы жаңарған кейіпте Құрылтай додасына тыңнан қосылғалы отыр. Осы жолы да алдынғы жолғы жағдай қайталануы мүмкін бе? Қоғамда әртүрлі болжамдар айтылуда. Біреулер «Әділет» партиясы алдағы 10 маусымда партия сиезін өткізуді жоспарлап отырған «Аманат» партиясының орнын басуы мүмкін десе, енді біреулер өздерін қазіргі Парламеттегі оппозиция санайтын «Ақ жол» партиясын ығыстыруы мүмкін дейді.
Саясаттанушы Асхат Қасенғали Президенттің «Жаңа Қазақстан» идеасы кең қолдау тауып отырған кезеңде өткелі отырған «бұл жолғы Құрылтай сайлауы «Байтақ» жасылдар партиясына жақсы мүмкіндік» дейді. Тәуелсіз журналист Нұрбек Түсіпханның пікірінше Құрылтайға «Аманат», «Әділет», «Ауыл», «Ақ жол», «Республика», «Қазақстан Халық партиясы» ғана өтуі мүмкін екен.
Құрылтайдан жоғарыдағы партиялар ғана мандат алса, можоритарлық жүйемен сайланған аз болса да саз депутаты бар қазіргі мәжіліс сияқты жұрттың назарында болуы екіталай деп айта беруге болады. Біздің ойымызша бұл жолы аусайдер болатын партия басқа емес, атын өзгертсе де бағытын өзгертпеген «Халық» (бұрынғы коммунистік партия) болуы керек. Олардың өкілдері Құрылтай төріне емес, Халық кеңесінен орын алса да жетіп жатыр.
Abai.kz