Жексенбі, 25 Қаңтар 2026
Билік 819 0 пікір 24 Қаңтар, 2026 сағат 16:34

Алғашқы отырыс: Конституциялық комиссияның құрылуы тарихи оқиға!

Суреттер: ҚР Конституциялық сотының телеграм арнасынан алынды.

Бүгін Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы басталды.

Түрлі сала мамандарынан құралған 120-ға жуық мүшесі бар комиссияға Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етеді.

Комиссия төрағасының орынбасарлары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева. Комиссия құрамына Парламент депутаттары, мәслихаттар төрағалары, БАҚ өкілдері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың, өңірлердегі қоғамдық кеңестер мен ғылыми қоғамдастық өкілдері, сарапшылар кірді.

Сурет: ҚР Конституциялық сотының телеграм арнасынан алынды.

Эльвира Азимова:

– 2025 жылғы 8 қыркүйекте Президент «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында жасанды интеллект дәуірінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі оң ықпал ететін жаңа саяси реформаны жариялады. Мемлекет басшысы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде елімізде бір палаталы Парламент құру бастамасын көтерді.

Өздеріңізге белгілі, парламенттік реформаны әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы 2025 жылғы қазан айынан бастап белсенді жұмыс атқарды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен сарапшылар, саяси партиялар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Осы уақыт аралығында жұмыс тобы барлық ұсынымдарды мұқият зерделеп, жүйеледі, сондай-ақ азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды жан-жақты талдады.

Азаматтар өз ұсыныстарында тек бір палаталы Парламент мәселесін ғана көтерген жоқ. Осыған орай, Мемлекет басшысы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы шешім қабылдады, - деді.

Өз сөзінде Эльвира Азимова Конституциялық реформаның басты мақсаты мен міндеттерін атады.

– Қазіргі уақытта Жұмыс тобының мүшелерінен бөлек, азаматтардан екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін ерекше атап өткен жөн. Кеңейтілген құрамдағы Конституциялық комиссияның құрылуы осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстың қисынды жалғасы, сондай-ақ бірнеше айға ұласқан пікірталастар барысында қалыптасқан ауқымды қоғамдық сұранысқа берілген жауап болды. Президент ұсынған мемлекеттік билікті бір палаталы Парламентке – Құрылтайға өткізу, Халық кеңесін құру, Вице-Президент лауазымын енгізу және басқа да мәселелер жан-жақты әрі кешенді түрде зерделеп, пысықтауды қажет етеді. Қазақстан Республикасы саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басуда. Мемлекет басшысы әрі қарайғы дамудың институционалдық тепе-теңдікті нығайту, заң шығарушы биліктің тиімділігін арттыру, тежемелік тепе-теңдік жүйесін күшейту, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік басқаруға қатысуын қамтамасыз ететін конституциялық механизмдерді жаңарту арқылы ғана мүмкін екенін айқын атап көрсетті, - деді Азимова.

Конституциялық комиссия жетекшісі Эльвира Азимова аталған реформа қоғамның барлық саласында кең талқылауға ие болғанын тілге тиек етті.

Барлық саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлік құрылымдар, сондай-ақ заңгерлер мен сарапшылар өз бастамаларын жолдады. Сол себепті Конституциялық комиссияның құрылуын салалық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға өту ретінде қарастырған жөн, - деді Азимова.

Комиссия құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мәслихат төрағалары, БАҚ басшылары, қоғамдық белсенділер, мемлекеттік органдар мен өңірлік қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ сараптамалық және ғылыми қауымдастықтар енген.

– Бұл қоғамдық көзқарастардың, тәжірибе мен сұраныстың әралуандығын көрсетеді. Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұр – бір жағынан конституциялық құрылыстың іргелі қағидаттарын сақтай отырып, екінші жағынан заманауи сын-қатерлерге қатысты өз ұстанымымызды лайықты түрде айқындауға мүмкіндік беретін Ата заңның тиісінше теңгерімін қамтамасыз ету. Сіздердің кәсіби тәжірибелеріңіз, отансүйгіштік және салмақты ұстанымдарыңыз барлық ұсыныстарды жан-жақты қарастыруға, оларды жүйелеп қорытуға, еліміздің дамуына қуатты серпін бере алатын нақты әрі сараланған өзгерістер жобасын әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін, - деді Конституциялық сот төрағасы.

Сурет: ҚР Конституциялық сотының телеграм арнасынан алынды.

Ерлан Қарин:

– Конституциялық комиссияның құрылуын тарихи оқиға деуге болады. Қазақстан ауқымды өзгерістің, түбегейлі бетбұрыстың алдында тұр. Халқымыз ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басқалы отыр. Міне, осындай шешуші сәтте бізге аса маңызды миссия жүктелді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Бүгін осы залға түрлі саланың кәсіби мамандары, тәжірибесі мол, елге белгілі азаматтар жиналған. Бәріміздің мақсат-міндетіміз – ортақ. Сондықтан, осы айрықша міндетті абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін, - деді.

Ерлан Қарин Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының атқарған ісіне тоқталды.

– Бүгін жұмысын бастағалы отырған Конституциялық комиссия – осыған дейін жарты жыл бойы жұмыс істеген Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының заңды жалғасы. Сондықтан, алдымен осы Жұмыс тобының жалпы қызметі мен оның аясында атқарылған шаралар туралы баяндап беруге рұқсат етіңіздер. Өздеріңіз жақсы білетіндей, өткен жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бір палаталы Парламентке көшу туралы бастама көтерді. Мұны ел азаматтарының көпшілігі қолдады. Қазан айында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген зерттеуге сүйенсек, респонденттердің 70 пайызға жуығы осы идеяға қолдау білдірген.

Бір айдан кейін 8 қазанда Президент Өкімімен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Парламенттегі саяси партия фракцияларының жетекшілері, белгілі заңгер-ғалымдар, сарапшылар мен қоғам белсенділері, Ұлттық Құрылтай мүшелері енді. 14 қазан күні Жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Оған Президент арнайы қатысты. Сол отырыста Жұмыс тобының мүшелері ауқымды өзгерістер Конституцияның бірнеше бөлімін қамтитынына назар аударды. Мұндай ауқымды түзетулер кезінде азаматтардың да пікірі ескерілуге тиіс. Сол себепті 14 қазанда азаматтардың ұсыныс-пікірін жинақтау үшін e-Otinish және eGov порталдарында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. Парламентаризм институты келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, жүйелеумен айналысты.

Сонымен қатар бұл іске Заңнама және құқықтық ақпарат институты, Стратегиялық зерттеулер институты тартылды. Бұл құрылымдар парламентаризмге қатысты халықаралық тәжрибені бір ай бойы мұқият зерделеді. Осылайша, Жұмыс тобының мүшелеріне барлық ақпарат пен талдау нәтижелері ұсынылды. Қазан айынан бері парламенттік реформаға қатысты ұсыныстар түгел жинақталды.

Соның ішінде Жұмыс тобының мүшелеріне алдағы реформаға қатысты өз ұсыныс-пікірлерін әзірлеуге бір ай уақыт берілді. Жұмыс тобының мүшелерімен қатар, Amanat, Ауыл, Respublica, Ақ жол, Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өздерінің ой-пікірін дайындап, жолдады. Сондай-ақ «Байтақ» партиясы, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы, Республикалық адвокаттар алқасы, «Toqtamys» адвокаттар қауымдастығы, Халықаралық арбитраж және медиация палатасы, Парламентаризмді дамыту қоры, Экономикалық саясат институты, «Азаматтық бастама» бастамашылық тобы және басқа да ұйымдар өз ұсыныстарын жолдады, - деді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин:

– Осы аптада, яғни, 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Қазақстанның алдағы саяси бағыт-бағдарын айқындап берді. Жұмыс тобы әзірлеген жалпы тәсілдердің негізгілерін халық назарына ұсынды. Ұсыныстар Парламенттік реформа аясынан шығып, Негізгі заңның басқа да бөлімдерін қамтитынын атап өтті. Мемлекет басшысы конституциялық реформаға қатысты өз ұстанымдары мен ұсыныстарын ортаға салды. Өздеріңіз білетіндей, Президент жаңа Парламентті Құрылтай деп атауды ұсынды. Бұл бастаманың мән-маңызы – ерекше. Мемлекет басшысы «Еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек» деп нақты атап өтті. Шын мәнінде, жаңа кезеңде жаңа өкілеттікке және ерекше атауға ие болған Құрылтай қазақ жеріндегі парламентаризмнің тамыры тереңде жатқанын аңғартады. Енді, Жұмыс тобы конституциялық реформаға қатысты ұсынған жаңашылдықтарды тарқатып айтып берейін, - деді.

Сонымен:

Бірінші – Құрылтайдағы депутат саны туралы. Бұл мәселе Жұмыс тобы мүшелері арасында біраз пікірталас туғызды. Біздің түпкі мақсатымыз – кәсіби әрі тиімді Парламент құру. Осыны ескере келе, Жұмыс тобы Құрылтайда 145 депутат болуы керек деген тоқтамға келді.

Екінші – Құрылтайға депутат болудан үміткерлерге қойылатын талаптар туралы. Осы мәселеге қатысты да түрлі пікір айтылды. Бұлай болуы заңды да. Кейбіреулер қазіргі талаптарды сол күйі қалдырайық, ешқандай өзгеріс енгізудің қажеті жоқ деген пікір айтты. Енді біреулер талаптарды барынша қатаңдату қажет деп санайды. Қазіргі заң бойынша жасы 25-тен асқан азаматтарымыз Мәжіліс депутаты бола алады. Сондай-ақ, олар кейінгі 10 жылда еліміздің аумағында тұрақты тұруы шарт. Ең бастысы, елге қызмет етем деген азаматтардың халық қалаулысы атануға мүмкіндігі болуы қажет. Жұмыс тобы қазіргі Мәжіліс депутаттарына қойылатын талаптар Құрылтайға да қатысты болып, сол қалпында қалғаны жөн деген пайымға келді. Ал Құрылтай депутаттарына қойылатын қосымша талаптар конституциялық заңда айқындалуы мүмкін.

Үшінші – Құрылтай депутаттарын сайлау жүйесі туралы. Жұмыс тобы толығымен пропорционалды тәсілге көшуді бірауыздан қолдады. Бұл – Мемлекет басшысы былтырғы қыркүйектегі Жолдауында көтерген бастама. Сол кезде Президент: «Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын. Бұл – әлемде кеңінен таралған парламенттік рәсім» деген болатын. Пропорционалды сайлау жүйесі партиялардың кадрлық саясатын дамытып, институционалдық рөлін арттыра түседі. Саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін де күшейтеді.

Төртінші – Құрылтай депутаттарының өкілеттілік мерзімі туралы. Мемлекет басшысы бұған қатысты ұстанымын Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткен отырысында айтты. Ол «Жаңа Парламентте депутаттарды бес жыл мерзімге сайлау көзделіп отыр» деп нақты атап өтті. Жұмыс тобы да осы пайымға тоқтады. Бұл мерзім болашақ Құрылтай құрамын жаңартып отыру тұрғысынан тиімді, яғни сайлау науқандарының жиілігі жағынан алғанда қолайлы болмақ.

Бесінші – Бір палаталы Құрылтайдың заң шығару үдерісі туралы. Бұл мәселе де Жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде, Құрылтай жұмысына заң жобаларын үш оқылымда қарастыру форматын енгізу ұсынылды. Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны айқындалады. Ал үшінші оқылым заң жобасының заңнамалық тұрғыдан дұрыстығын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, заң шығару үдерісінің үздіксіз болуын қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Парламентте екінші палатаның болмауы бұған кедергі келтірмеуге тиіс. Сондықтан, Парламент болмаған кезде заң шығару функциясы мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы – Президентке жүктеледі. Жұмыс тобы осындай ұсыныс енгізді.

Алтыншы – Парламенттегі квоталар. Бұл туралы Президент Ұлттық құрылтай отырысында егжей-тегжейлі баяндады. Мемлекет басшысы айтқандай, «президенттік квота» деген болмайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың отырысында «Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс» деді. Мұндай қадам болашақ Құрылтайдың құрамын жасақтағанда бәріне бірдей мүмкіндік берілуін қамтамасыз етеді. Ал әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған партиялық квота сақталады. Себебі бұл – Парламенттік емес, партиялық тізімдегі квота. Мұның барлығы конституциялық заңдар деңгейінде шешілетін мәселелер.

Жетінші – Президент институтының қызметіне қатысты Құрылтайдағы дауыс кворумы туралы. Бұл да Жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды. Жұмыс тобы қазіргі Конституцияның 47-бабында қамтылған барлық рәсімдерді болашақ Құрылтай моделінде қалдыруға болады деген байламға келді. Бұл – тепе-теңдік тежемелік механизмдерін сақтауға мүмкіндік беретін қадам. Сондықтан, қазіргі конституциялық рәсімдер мен дауыс берудің ара қатынасын Құрылтай моделіне бейімдей отырып сақтап қалу ұсынылды.

Сегізінші – Негізгі мемлекеттік органдардың құрамын жасақтау ісіндегі Құрылтайдың құзыреті туралы. Жұмыс тобының бұған қатысты ұсыныстарын Мемлекет басшысы Қызылордадағы Құрылтайда айтып өтті. Бір палаталы Парламент үлгісіне көшуге байланысты заң шығарушы органның рөлін күшейту кезінде тежемелік тепе-теңдік жүйесін қамтамасыз ету өте маңызды. Қазіргі Конституцияға сәйкес, Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау құзыреті Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінген. Енді осы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшесі Құрылтайдың келісімімен ғана тағайындалуы қажет деген ұсыныс айтылды. Бұған қоса Президенттің ұсынысы бойынша Жоғары соттың барлық судьяларын сайлау құзыретін жоғары өкілді орган депутаттарына беру ұсынылды. Сонда Құрылтай конституциялық органдарды қалыптастыратын беделді институтқа айналады. Бұл – билік тармақтары арасындағы тежемелік тепе-теңдік жүйесін нығайту және ұлттық парламентаризмді дамыту жолындағы маңызды қадам. Осылайша, Жұмыс тобы Сенаттың ерекше қарауына кіретін өкілеттіктерді қайта қарады. Ал, Мәжілістің өкілеттіктерін Құрылтайға беру ұсынылды. Мұндай тәсіл «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасымен толық үндеседі.

Сурет: ҚР Конституциялық сотының телеграм арнасынан алынды.

Ал Конституциялық комиссия мүшесі Ержан Жиенбаевтың айтуынша, Қазақстанның Халық Кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын орындауды жалғастыратынын айтты.

– Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы «бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып келе жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйіні» ретінде тарихи әрі маңызды ұсыныс айтты. Президент бірқатар елдерде бар Вице-президент институтын енгізуді ұсынды. Мемлекет басшысының өзі атап өткендей, «біздің жағдайымызда бұл лауазымды енгізу мемлекетті басқару процесін тұрақтандырады. Сондай-ақ билік иерархиясын біржола айқындап береді». Сонымен қатар реформалардың жаңа кезеңінде қоғам дамуының барлық мәселесіне қатысты тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құру ұсынылды. Аталған орган халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын орындауды жалғастырады. Осы екі маңызды институт бойынша негізгі ережелер Конституция деңгейінде тиісті регламенттеуді талап етеді, - деді.

Өз сөзінде Ержан Жиенбаев Вице-президенттің өкілеттігіне қатысты конституциялық өзгерістерге тоқталды.

– Вице-Президентті жалпы депутаттар санының көпшілік дауысымен білдірілген Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды. Вице-Президентті қызметінен Президент босататын болады.

Вице-Президент:

– Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіреді;

– Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік етеді.

Сонымен қатар Вице-Президент Қазақстан Республикасы Президенті атынан Қазақстан Республикасының және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады.

Вице-Президенттің өзге де өкілеттері Президентпен айқындалады.

Вице-Президент институтының енгізілуіне байланысты Конституциядан Мемлекеттік кеңесші туралы нормалар алынып тасталады. Конституция деңгейінде Вице-Президентке қойылатын талаптарды көздеу қажет. Вице-Президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде Вице-Президент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс. Мұндай тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымға сәйкес келеді, - деп түсіндірді.

Abai.kz

0 пікір