Бейсенбі, 29 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 147 0 пікір 29 Қаңтар, 2026 сағат 13:56

Президент үш агенттіктің функцияларына өзгеріс енгізді

Сурет: Ақорда сайтынан алынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимылды күшейтуге бағытталған бірқатар жарлықтарға өзгерістер енгізді.

Президент Жарлығымен үш мемлекеттік органның, атап айтқанда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің және Қаржылық мониторинг агенттігінің функциялары кеңейтіліп, нақтыланды.

Құжатқа сәйкес, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы заңнама талаптарының сақталуына бақылау және қадағалау жөніндегі өкілеттіктері нақтыланды. Агенттіктің бақылау аясына Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі, бейрезидент банктер мен сақтандыру ұйымдарының филиалдары, бейрезидент сақтандыру брокерлері, сондай-ақ ұлттық пошта операторы енгізілді.

Сонымен қатар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің функцияларына да өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, агенттікке тауар биржаларының, тауар биржаларында қызмет атқаратын және биржалық тауарлармен мәміле жасайтын биржалық брокерлердің, сондай-ақ тауар биржаларының клирингтік орталықтарының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы заңнама талаптарын сақтауына бақылау жасау міндеті жүктелді.

Бұдан бөлек, агенттікке қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті органмен келісу арқылы тауар биржалары, биржалық брокерлер және клирингтік орталықтар үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту функциясы берілді.

Қаржылық мониторинг агенттігі туралы ережеге де бірқатар өзгерістер енгізілді. Агенттік қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді немесе жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қатысы бар деп күдік туындаған жағдайда, жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлға құрмай әрекет ететін шетелдік құрылымдар туралы ақпаратты құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға жолдайды әрі бұл жөнінде Бас прокуратураны хабардар етеді.

Сондай-ақ агенттікке жария лауазымды тұлғалардың, олардың жұбайлары мен жақын туыстарының тізбесін жүргізу және оны қалыптастыру тәртібін айқындау құзыреті берілді.

Бұдан бөлек, қылмыстық жазасын өтеп шыққан, бірақ соттылығы әлі алынбаған адамдарды терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты тұлғалар тізімінен шығару тәртібін айқындау жөніндегі нормалар нақтыланды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің функциялары көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл шараларын қабылдаумен, қаржылық мониторинг саласындағы тәуекелдерді бағалау жұмыстарын үйлестірумен және тәуекелдерді төмендетуге бағытталған шараларды іске асырумен толықтырылды.

Сонымен қатар агенттікке қаржылық мониторинг субъектілерінің заңнама талаптарын сақтауына мемлекеттік бақылау жүргізу, Үкіметке тиісті ұсыныстар енгізу, клиенттерді тиісті тексеру тәртібін және жеке кабинет жүргізу қағидаларын айқындау өкілеттіктері берілді.

Аталған Жарлық қолданысқа енгізілді.

Abai.kz

 

0 пікір