Ресейден қуылған Сабыров Қазақстанда сотталуы мүмкін
Атышулы әзілкеш Нұрлан Сабыров тағы да дау ортасында. Күні кеше Мәскеуге кіре алмай, елге қайтып келген комик ресейлік баскесерлерге қолдау білдіргені үшін ұзақ жылға сотталуы мүмкін деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Танымал заңгер Бауыржан Оңғаровтың мәлім еткеніндей, Сабыровқа қатысты Қылмыстық кодекстің «жалдамалы жендеттік» туралы 170-бап 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.
Бұл бап бойынша айыпталушыға 7 жылдан 12 жылға дейінгі аралықта жаза тағайындалады. Заңгердің айтуынша, ресейлік «Уағнер» жеке әскери жасағына қаржылай және материалды қолдау көрсеткен Сабыровтың әрекеті әлгі баптың талабына толық сәйкес келеді әрі қылмысы толық дәлелденген.
Жақында әлемжеліде Сабыровтың Украин жерінде небір зұлымдық жасаған «Уағнер Истра» жасақтарына 10 мотоцикл сыйлаған сәті тарап кеткен еді. Бұдан бөлек комик соғысқа арналған қорға 2 млн рүбл аударған. Тіпті әлгілерге «жеңіспен оралуды» тілеген сәті де анық көрінеді.
Алғаш рет видео ресейлік телеграм арналарда тараған. Сабыровтың айналасындағы шу күшейгесін ролик дереу өшірілген екен. Таспаны тексеріп шыққан Factcheck порталы оның шынайы екенін растап отыр. Комиктің Қазақстанға қайтып келгеніне жергілікті қауым да аса бір қуанып отырған жоқ. Қазақтілді аудитория оның қазақ тілі туралы айтқан орынсыз әзілдерін бетіне басуда.
Айта кетейік, Сабыровқа Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салынған. Ресейде оның тапқан табысы 50 миллион рүблден асып кеткен.
Abai.kz