Жұма, 13 Ақпан 2026
Жаңалықтар 1277 0 пікір 13 Ақпан, 2026 сағат 15:33

"Отбасы банк" қазақстандықтарға тамаша тосынсый дайындап жатыр

Сурет: Gov.kz сайтынан алынды

Бұл туралы Қаржы институты LS басылымының сауалына берген жауабында хабарлады.

Ресми ақпаратқа сай, "Отбасы банк" исламдық ипотеканы іске қосу бағытында жұмыс жүргізуде, деп жазады inbusiness.kz сайты

Еске салайық, биылдан бастап коммерциялық банктерге исламдық банк операцияларын жүзеге асыруға заң жүзінде рұқсат берілген еді.

Қаржы институтының хабарлауынша, халал қаржылық операцияларды енгізу үшін "Отбасы банкіне" рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту қажет. Ол үшін "Тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы" заңға өзгерістер енгізу талап етіледі.

– Заңға енгізілетін өзгерістер басталды, қазір бұл мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр, – деп нақтылады "Отбасы банк" өкілдері.

Сонымен қатар, исламдық қаржыландыруды енгізу аясында бірқатар ауқымды техникалық және әдіснамалық өзгеріс қажет. Атап айтқанда:

  • айыппұл санкцияларының болмауы (төлем мерзімі кешіккен жағдайда алынатын айыппұлдар қайырымдылыққа бағытталады);
  • дәстүрлі пайыздың қолданылмауы (жалгерлік төлемдер мен банк маржасы бүкіл жалдау мерзіміне бөлінеді);
  • өнімдер мен операциялардың ислам қаржы қағидаттарына сәйкестігін растайтын шариғат кеңесінің шешімінің болуы;
  • әрбір қаржылық операция бойынша жеке келісімшарттар жасасу қажеттілігі (жылжымайтын мүлікті сатып алу, жалға беру, сату).

Банк мәліметінше, қазір ипотека мен кейін сатып алу құқығымен жалға беру тетіктерінің бірнеше нұсқасы қарастырылып жатыр. Олардың қатарында мурабаха, иджара, мушарака бар. Сондай-ақ депозиттік өнімдер ретінде мудараба, вакала, мушарака модельдері зерделенуде. Бұл өнімдерді толық енгізу мен іске асыру заңнамалық талаптар мен лицензияға тікелей байланысты болмақ.

Аталған ипотеканың басты ерекшелігі мынада – онда дәстүрлі пайыз атымен жоқ. Банк табысын жалдау немесе үстеме ақы арқылы ғана алады. Қарапайым тілмен айтқанда, банк берген ақшасына пайыз қоспайды. Оның орнына үйді өзі сатып алып, тұтынушыға уақытша жалға береді. Ол ай сайын сол үйде тұрғаны үшін ақысын төлейді.

Қаржы институтының дерегіне сай, Қазақстандағы мұсылман ересек халықтың 2 миллионнан астамы (шамамен 20%) тұрғын үй жағдайын жақсартуды құп көреді. Десе де, қолданыстағы ипотекалық бағдарламалардың басым бөлігі ислам қағидаттарына сай келмейді.

Мұнан бөлек, халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында, Байтерек холдингінің еншілес ұйымы саналатын "Отбасы банк" Пәкістандағы ислам банкингі қағидатымен жұмыс істейтін ірі қаржы ұйымдарының бірі – Meezan Bank Limited банкімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Abai.kz

0 пікір