Бибісара Асаубаева шахматтан 12-ші әлем чемпионын жеңді
Бұл нәтиже қазақстандық шахматшыға 2027 жылы Германияның Вайсенхаус қаласында өтетін әлемдік чемпионатқа жолдама берді.
Германияда фристайл-шахматтан, яғни Фишер шахматынан әлем чемпионаты өтті. Турнир тек ерлер арасында ұйымдастырылды. Ал әйелдер арасында тек Бибісара Асаубаева мен Александра Костенюк арасында көрме матчы ойналды.
Төрт партиядан тұрған матч қазақстандық шахматшының жеңісімен аяқталды. Есеп 2,5:1,5 болды. 2027 жылы ұйымдастырушылар әйелдер арасында фристайл-шахматтан әлем чемпионатын өткізуді жоспарлап отыр. Бұл турнирге Асаубаева нақты қатысады.
Матч барысында 12-ші әлем чемпионы Александра Костенюкті жеңдім. Жеңіске жету әрдайым жағымды, себебі бұл жетістік 2027 жылы Вайсенхауста өтетін келесі фристайл-шахматтан әлем чемпионатына қатысуыма кепілдік береді, – деді Асаубаева.
Атақты қарсыласты жеңу тек беделді жетістік қана емес, сонымен қатар маңызды турнирлік қадам болды. Бұл нәтиже қазақстандық шахматшыға 2027 жылы Германияның Вайсенхаус қаласында өтетін әлемдік чемпионатқа жолдама берді.
Бибісара үшін бұл жеңіс — халықаралық аренадағы жоғары деңгейі мен тұрақтылығының кезекті дәлелі. Экс-әлем чемпионынан басым түсуі жас қазақстандықтың әлемнің ең мықты шахматшыларымен бәсекелесуге дайын екенін көрсетті.
Abai.kz