Дүйсенбі, 23 Ақпан 2026
Бәсе... 140 0 пікір 23 Ақпан, 2026 сағат 14:06

Референдумға дейін Ата Заң мәтіні тағы жаңарса...

Сурет: Qazaqstan.kz сайтынан алынды

Ақпанның бесінші күні ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин мәтін мазмұны мен тіл тазалығы талқы болған жаңа Конституцияның кезекті отырысында өзгерістерді талқылау жарты жылға созылса да қазіргі Ата заңда терминологиялық қателіктер көп екенін ескерткен.

Жетінші ақпанда Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов 9-отырыста Конституциялық комиссия жаңа мәтін жарияланған сәттен бастап 4 мыңнан астам  келіп түскен барлық ұсыныстар, пікірлер мен ескертулерді мұқият зерделеп жатыр, - дегені есімізде.

11 ақпан күні Президентіміз 15 наурызға республикалық референдум тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Біз 12 ақпанда Конституциялық сот және «Абай.кз» сайтында жариялаған жаңа мәтінді сапырмасақта, саналы түрде бір шолып шықтық.

Иә, Конституцияда алғаш рет Қазақ тілінде дайындалды, әрі тұңғыш рет «Ата заң» атауы көрініс тапты. Жаңа мәтінді оқып, оған көзқарас пен ұсыныс білдіру Ата заңның шынайы халықтық сипатын айқын көрсетті. Бұл анық.

Ал саясаттанушылар мен заңгерлер мәтіннің тілі жеңіл, жаттық, түсінікті  деп жатыр. Мәтін мазмұны мен тіл тазалығы туралы алқалы жиын да өтті. Алайда, тілге тиек болар кемшіліктер жоқ емес. Ең оқшауы – «мүмкін» мен «тиіс» сынды екіұшты мағанасы бар сыңар сөзден сүрінесің...

«Мүмкін»:

5 баптың 6-тармағы: «Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында қаржы саласына қатысты арнаулы құқықтық режим немесе «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимі конституциялық заңдарға сәйкес белгіленуі мүмкін» (?). «Осы арнаулы құқықтық режимдер мемлекеттік басқару, сот жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктерін көздеуі мүмкін» (?) я болмаса «...шектелуі мүмкін» т.с.с..  Не үшін мүмкін?! Солқылдақтықтың салдарынан заңдарға сәйкес қаншама жағдайлар, дүниелер белгіленбеуі де мүмкін ғой? Байқасаңыз сөйлемнің екі көзі екі жаққа қарап тұрғандай. Ал екінші сөйлем әлде нені көздеп, әлде неге жол ашып тұрғандай теріс әсер береді. Керісінше Ата заңда көрсетілмеген нормалар іс жүзінде іске асып немесе басқаша қолданысқа еніп кетуі өте ықтимал. Сондықтан да еш қандай саңлау болмау қажет! Және де Ата заңда «көздеуі» дегендей бейнелі әдеби сөздер қолданылмауы керек. Аталған тірестер «белгіленеді», «шектеледі», ал анау «көздеу» де, «көзделеді» де емес, «назарға алынады немесе басшылыққа алады» деп жазылғаны дұрыс. Мұндай сан түрлі дүдәмал қолданыстар өте көп кездеседі. М.: 5/6, 7/2, 8/2-3, 34, 41/1, 57/2,58/4, 60/6, 80/1, 90/2-3-4, 91/2: «...қоғамның адамгершілік болмысын қорғау мақсатында шектелуі мүмкін», «...жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін», «...орнынан түсуі мүмкін», «...тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкін», «...сот тәртібімен де жойылуы мүмкін»... Жаңа жобада не көп, мүмкін көп!

Бұл олқылықтар рефрендумнан бұрын тұзетілмесе «Ата заң» алдында үлкен қиянат болып есептеледі.

«Тиіс»:

8-бап 2-тармақта меншікті пайдалану хақында «...заңмен қорғалатын мүдделеріне нұқсан келтірмеуге тиіс» - деп кездеседі. Бұл тәрізді етістіктің болымсыз түрімен тіркесіп келетін «тиіс» формуласы жиі кездеседі (8-2, 15/5, 23/4, 25/2, 61/5, 67/1, 68/3, 75/2-3, 81/1, 95/1-2-3-4: ...шектелмеуге, бұзбауға,  келмеуге, орындалмауға тиіс...). Ондағы барлық «тиістердің»  нақтылығы мен салмағы орташа деңгейде. Яғни «міндетті» деген нақты мағанасы ашық емес. Біздіңше «тиіс» емес, «келуге болмайды» - деп үзілді-кесілді айтылып жазылуы керек. Бұл Ата заң болғасын сөз қолдану нормаға, реңкке сәйкес болу шарт. Ал кей тармақтарда екі «тиістің» нақты айырмашылығы контекс пен етістік мағанасына байланысты түрліше мән беретіні де байқалады.

Жаңа Конституция жобасы мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтары күмәнсіз. 6-бап бес шағын тармақтардан тұрады. Шанағына Қоғамдық бірлестіктердің қызметтері мен мақсат-міндеттері өзек болған. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи «Референдум-2026» атты онлайн-марафонда: «Жаңа Конституция жобасы қабылданса, елдегі саяси партиялардың саны арту керек. Бір палаталы Құрылтайға қазіргі 6 партия ғана кірсе, қоғам бізді түсінбейді» деген пайым айтты. Қысқасы Депутат мүлдем жаңа Партиялар құрылуы мүмкін деп қарайды. Тіпті Құрылтай құрамында оппозициялық партиялар да болады деп жатыр. Жарайды делік, алайда 6-бапта мемлекеттік органдарды есептемегенде Қоғамдық бірлестіктердің немесе кімнің партия құруға болады не болмайды деген қандай да бір түсінік берілмеген. Ендеше бұл Бапқа да қатысты толықтру керек емес пе?

Осы баптың 4-тармағының жол басына Қоғамдық бірлестіктерге немесе Коммерциялық емес үйымдарға деген анықтамалық ұғым жазылу қажет. Енді және де осы бап және басқада баптарда «Қазақстанның заңдарына сәйкес немесе заңға сәйкес, заңмен шектеледі...» (6/5, 7/2, 34, 35/4, 37/3-тармақтары) дегендей тіркестер жиі көзге түседі. Осыған байланысты біздің ойымыз, онда қандай нақты заңдарға сәйкес болуы анық жазылып көрсетілуі керек.

Ал 15/6-тармағы: «Әр адамның мемлекеттік органның немесе оның лауазымды адамының заңсыз әрекетімен келтірілген зиянды мемлекеттен өтетіп алуға құқығы бар». Бұл «өтетіп» дегенді  тіпті де түсінікті болу үшін жұрт жиі қолданатын «өндіріп» атауымен алмастырсақ, қалай?

37/3-тармақта: «...жасыруы заңға сәйкес жауаптылыққа алып келеді» Бұл 47/3 тармақта екі рет, 48/1-тармақта бір рет кездеседі. Ал 57/2-тармақта: «...Құрылтай Төрағасы лауазымынан кері шақырып алынуы, сондай-ақ орнынан түсуі мүмкін» (және де 44/3-тармағы). Біздіңше көп кездесетін «жауаптылыққа» дегенді «жауапкершілікке» деп біріздендіріп, ауыстыру керек. Ал «түсуі»(?) емес, бізше «түседі», ең дұрысы «босатылады». Және де осы тармақта «Қызметінен кетірілген...» дегенді «шектетілген» деп алған орынды сияқты. 46/1-тармақ: Қазақстан Республикасының Президенті: 1) Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жолдау жасайды» дегендегі «ж» үлкен әріппен жазылу керек: Жолдау. Осы баптың 2-тармағы: «Президент...Вице-Президентті лауазымынан босатады, оның өкілеттігін айқындайды» емес, негізінде «Президент...Вице-Президенттің өкілеттігін айқындайды, лауазымынан босатады» деп орнын ауыстырып дұрыстап жазылғаны жөн. Демек, жаңа мәтінде бұл тектес терминдер мағынасына қарай жүйеленіп, біріздендірілгені абзал.

Өкінішке орай дүркін-дүркін өткен алқалы талқы отырыста бас құжаттың барынша сауатты  жазылуына «басымдық беріліп, басы артық сөздер алынып, мәнсіз аудармалар түзетілді:  «...мысалы,   «болып табылады» деген сөлекет аударма барлық жерден алынды» дегенімен «...сайланады деп санадады» деген тіркес 43/4-тармақта, «...босатылады деп саналады» , «...тоқтауға алып келеді» 50/1-тармақта деген тіркес, және де 50/3, 55/1-2, 56/2, 56/16, 89/4, 92/2-3 тармақтарында сопаң етіп алдыңнан жүгіріп-жүгіріп шыға береді...

Сөз басында аталғандай жаңа мәтіндегі тіл тазалығы туралы алқалы отырыстың өткені зиялы қауымға аян. Алайда сөз арасын бөтен сөзбен былғамай (қатыстырмай) жаңа мәтін тілінің тазалығын әлі де жетілдіре түсу керек сияқты. Төл тілімізде баламасы мүлдем жоқ күрделі ұғымдарды немесе ежелгі қайнар көзін грек және ағылшын тілдерінен алатын халықаралық деңгейде ортақ жаттық айналымға ие, ескі және жаңа  кірме терминдерді (демократия) айтпағанда мемлекттік нагарада, грамота, валюта, режим, прогресс, агрессия, судья, эмиссия, комиссия, сессия, регламент, вице, акт, консуьтация, бюджет, функция, норматив...осылай жалғасып кете беретін жүз түрлі терминдарді қайта саралап, Ата заң алғаш қазақ тілінде жазылып жатқан соң да бай тіліміздегі дәл де дұрыс баламаларын зерделеп тауып қолданғанымыз келер ұрпаққа өшпес өнеге болар деп ойлаймыз. Өйткені  «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» (9/1-тармақ»!). Ата заңның тілі де – Қазақ Тілі!!

21 ақпан ресми ақпарат көздері он мыңнан артық ұсыныс түскенін ресми хабарлады. Дәуірлік мәні зор бас құжат үшін Әр адамның пікірі маңызды. Біз бір адам ретінде ғана көтерген кемшін тұстарды тіпті жай редакциялық, атау-термин, мазмұндық, мағыналық және грамматикалық тіке қатысты олқылықтардың әлі де бар екенін ескергенде, 130 ақыл-ойдың иесі алтын уақыттарымен қалай жұмыс жасағаны күмән тудырады деген елдің сөзінің жаны бар ма дейсің. Оған 12 кезек өткен жүйелі талқы отырысын қосыңыз! Тақырыпқа дәйек болған бұл деректер тек шолғыншының көзіне іліккендері ғана. Қойшы, Сонымен жаңа Конституция мәтіні осылай қабылданып кете бере ме??

Біздің ұсынысымыз, Ата заңның бүгінге дейін өзгерістер енгізіліп, толықтырылып жаңарған, жетілдірілген ең соңғы Нұсқасы тағы бір рет БАҚ беттерінде ашық жариалануын ерекше өтінеміз.

Думан Аманұлы

Abai.kz

0 пікір