Header Banner
Сейсенбі, 10 Наурыз 2026
Әдебиет 161 0 пікір 10 Наурыз, 2026 сағат 13:21

«Сен өлгенде бір адам қуанбаса, өмірің зая кеткені»

Суреттер: ulysmedia.kz, qalamger.kz сайтынан алынды.

Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов Назарбаев заманында кітәбі өртенген жалғыз жазушы. Ол өмірден өткенде оның біраз «достарының» қуанғаны рас. Ол байқұстар қазір де жазушының аруағымен алысып, оның қазақ әдебиетіне, қоғамға сіңірген еңбегін кемсітіп көрсеткісі келеді.

Кейбір білгіштер Жұмаділовтің 1962 жылғы көштің басы-қасында болғанына күдік тудырғысы келеді. Ол көш екі елдің келісімімен болды дегенді алға тартып, «оған Қабдештің қатысы жоқ» дейді. Біреулер білместіктен айтса, енді біреулер қасақана, мүмкін біреулердің айдақтауымен, Халық жазушысының бұл еңбегін жоққа шығарғысы келеді. Бірақ соларынан ешнәрсе өне қоймас. Өйткені бұл – жазушының көзі тірісінде мойындалған тарихи факті. Қазақ тарихындағы бұл құбылысқа тарихшылар әлі шындап назар аудармай отыр. Бірақ, түбі бұл көштің қазақ халқының тарихи тағдырындағы орны әлі-ақ айшықталады. Архивте жатқан біраз құжаттар мен хаттар жарық көреді.

Екі ел арасындағы келісім бойынша қазақтар 1955 жылы «паспортпен» өткен. Сол паспортпен менің нағашы атам Әукен Мұқымбайұлы мен апам Сәлимаш Нұрғазықызы бала-шағасымен өткен болатын. Ал 1962 жылғы көштің бұйдасын ұстап өткен Қабдеш Жұмалілов. 200 мыңнан аса қазақты Тарбағатай аймағынан шекарадан өткізіп, тарихи отанына қоныстандырды. Егер Қытай мен Совет екі елдің келісімі болса, онда Алтай мен Іле аймағының қазақтары 1962 жылы сәуірлің 20-сы мен мамырдың 1-і арасында неге қозғалған жоқ?!

Оның үстіне сол көштің куәгерлері әлі тірі. 1962 жылы шекарадан өткен 200 мың қазақтың ұрпағымен бүгінгі саны 1 млн-нан аса керек. «1962 жылғы көшке Қабдештің қатысы жоқ, олай емес», деп бүгінге дейін солардың біреуі айтқан жоқ! Керісінше, сол тірі куәлар мен олардың ұрпақтары Халық жазушысын алғыспен, тек жылы лебізбен еске алып, әр тұста жер-суға жазушының атын беріп жатыр.

Арғы беттен шекараны бұзып өткен қазақтардың мінезі советте таланған, қырғынға ұшырап жасқаншақ боп қалған адамның мінезі емес! Ерік-жігері бойында, сөздің күші кетпеген, шындықты тосылмай айтатын дәстүрлі көшпелі қазақ қоғамының адамы. Ұнамаған нәрсесін бетің бар, жүзің бар демей, тіке айтады. Қазақ совет өнерінде елге, жерге деген сағыныш пен махаббатын білдіретін алғашқы туындылар соларлың қаламынан туды. Өйткені олардың бойында «ұлы халықтан», «аға ұлттан» жасқану болған жоқ.

Бір мысал ғана айтайын. Ауылға арнап жазылған, ауылдың гимініне айналған алғашқы «Ауылым» деген өлең арғы беттен келген ақын Жабайыл Бейсеновтың қаламынан туды. Тәуелсіздіктен кейін «Көк тудың желбірегені» өлеңінің авторы да арғы беттен келген ақын Алмас Ахметбек. Ал, әлі күнге дейін барлық жастар сүйіп айтатын «Жас қалам» әнінің авторы Төлебек Жақыпбаев та арғы беттің азаматы. Сол көшпен бүгін Қазақстанның мақтанышына айналған қоғам мен мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, өнер адамдары мен ғалымдар қаншама... Керек десеңіз, соғыстан кейін қазақтың ер-азаматтарының саны күрт азайып, қазақтарды өзгелер басынып жатқан шақта соларды тәубесіне келтірген де арғы беттен келгендер болатын. Басынан сөз асырмайтын көшпелілердің ұрпағы!

Бөлінгенді бөрі жейді. Жарылғанды жау алады. Қазақты айрандай ұйытудың орнына кейбір азаматтарымыз әлі де империялық сананың бұғауынан босай алмай, қазақтардың арасына ши жүгіріп, жершілдікті, рушылдықты қоздыртып арандатып отыр. Ол да құлдық сананың, надандықтың бір көрінісі болса керек. Ол сорлылар Қабдеш Жұмаділов сияқты «Гималайды» қозғалтпақ түгіл жанына жолай алмайды!

Иә, Жаратқан ием, әкеміздің рухын шад-шадыман етіп, жанын жанатта қыла көр! Биыл атап өтетін 90 жылдығын абыроймен атқаруды несіп ете көр!

Арман Жұмаділов

Abai.kz

0 пікір