Header Banner
Сәрсенбі, 18 Наурыз 2026
Әне, көрдің бе? 143 0 пікір 18 Наурыз, 2026 сағат 14:19

Лариджанидың өлімі Иранға қалай әсер етеді?!

Сурет: bbc.com сайтынан алынды.

Израильдың кезекті қастандығынан Иранның қауіпсіздік саласындағы жоғары лауазымды шенеунігі Әли Лариджани қаза тапты. Сөйтіп Иран ең тәжірибелі әрі өте ықпалды стратегінен айрылды.

Лариджани әскери қолбасшы емес, бірақ ол Иранның стратегиялық шешім қабылдауындағы негізгі тұлға.

Жоғарғы Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы ретінде ол соғыс, сыртқы саясат және ұлттық қауіпсіздік саласында басты шешім қабылдаушы болды.

Оның көзқарасы бүкіл жүйеде, әсіресе Иранның АҚШ және Израильмен қақтығысында маңызды рөл атқарды.

28 ақпанда Иранның Жоғарғы көсемі Әли Хаменеи өлтірілгеннен кейін Лариджани қатаң түрде Иранның ұзаққа созылатын соғысқа дайын екенін мәлімдеді.

Лариджани қайтыс болудың алдында үш ірі дағдарысты реттеуге жауапты болды.

Біріншісі соғыс. Ол Иранды ұзаққа созылатын соғысқа дайындап, соғыс отын аймақтық және халықаралық деңгейге дейін ушықтыруға, Ормуз бұғазын бір жолата жабуға үгіттеді.

Екіншісі ішкі наразылық толқыны, бастапқыда экономикалық наразылықтан туындаған ереуіл, артынан Ислам Республикасын құлатуды талап еткен кең ауқымды наразылықтарға ұласты. Бұл наразылықтар күшпен басылып, ел бойынша мыңдаған демонстранттардың қазасына әкелді.

Үшіншісі Иранның ядролық бағдарламасы, сондай-ақ  Вашингтон тоқтатқан келіссөздер, екеуі де әскери шабуыл кесірінен кедергіге ұшырады.

Оның өлімі бұл мәселелерді аяқсыз қалдырды, орнын басатын болашақ мұрагері осы түйткілердермен бетпе-бет келеді. Иран табанды қарсыласып, әлемдік энергетикалық нарыққа ықпал ете алатынын көрсеткенімен, әуе кеңістігі қорғаныссыз ашық жатыр. Кез келген жаңа тұлға нысанаға алынып, ажал құшуы мүмкін.

Соның салдарынан билік әскерилердің қолына шоғырлана беруі мүмкін. Президент Масуд Пезешкианның соңғы мәлімдемелері егер жоғарғы басшылық әлсіресе, қарулы күштер бөлімшелеріне тәуелсіз әрекет ету үшін кең өкілеттіктер берілетінін көрсетеді. Іс жүзінде бұл шешім қабылдауды жылдамдатқанымен, бір орталықтан үйлестіру шектемеге ұшырауы мүмкін.

Иранның жоғары басшылығы арасында жаңа құрам мәселесінде екіұдайылық бары байқалады. Жаңа аятолла Моджтаба Хаменеиді қоса алғанда, бірнеше тұлға ел көзіне көрінбеді. Бұл қауіпсіздікке байланысты ма, әлде ішкі тұрақсыздыққа байланысты ма, ол жағы жұмбақ болып тұр.

Уақыт өте келе, жоғары лауазымды тұлғаларын жоғалта беретін жүйенің тиімді жұмыс істеуі қиындай түсуі мүмкін, өте-мөте 90 миллионнан астам халқы бар елде.

Сондықтан, Лариджанидің өлімі - Иран үшін бір ықпалды тұлғадан айырылу ғана емес. Ол басшылық дағдарысын тереңдетіп, соғыс беталысы мен Иран режимінің жалпы тұрақтылығына бірдей әсер етуі мүмкін.

Abai.kz

 

0 пікір