Жұма, 17 Сәуір 2026
Абай.tv 819 0 пікір 15 Сәуір, 2026 сағат 14:48

Қазақстан мен Түркия: Ортақ басымдық – Орта дәлізді дамыту!

Сурет: ҚР Үкіметінің телеграм арнасынан алынды.

Түркия мен Қазақстан түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамыту туралы құжаттарға қол қойды...

Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Түркия вице-президенті Жевдет Йылмаз сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясының 14-ші отырысына қатысты.

Іс-шара барысында мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, тауар айналымының көлемін одан әрі арттыру мақсатында екіжақты іс-қимыл әлеуетін ашу шаралары қаралды.

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Түркия республиканың негізгі бес сауда серіктесінің бірі екенін атап өтіп, өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 9%-ға өскенін айтты.

Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік органдары басшыларының қатысуымен өткен Үкіметаралық комиссияның отырысында сауда, инвестициялар, өнеркәсіп, көлік және логистика, энергетика, цифрландыру және жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері қаралды.

«Біздің мемлекеттеріміздің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоғанның шынайы достығы жақсы дәстүрге және екіжақты қарым-қатынастардың берік іргетасына айналды. Біздің сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарымыз қарқынды дамып келеді. Түркия – Қазақстанның бес негізгі сауда серіктесінің бірі. Елдер арасындағы тауар айналымы өткен жылы 9%-ға артты. Оның ішінде Қазақстан тауарларының экспорт көлемі 17%-дан астам өсіп, $3,9 млрд-қа жетті. Қазақстан Үкіметі сауданы әртараптандыруға, оны шикізаттан қосылған құны жоғары өнімге ауыстыруға бағытталған бірлескен жұмыс жүргізуге мүдделі», — деп атап өтті Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов.

«Түркия мен Қазақстан – тек дос және бауырлас мемлекеттер ғана емес, сонымен бірге ортақ тарих пен мәдениет байланыстыратын стратегиялық серіктестер. Біздің ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейіне қол жеткізуде президенттеріміз — Режеп Тайып Ердоған мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешуші әрекеттері мен ортақ көзқарасы үлкен рөл атқарды. Үкіметаралық комиссияның бүгінгі отырысын біз алдағы уақыттардағы сауда-экономикалық қатынастарымыздың Жол картасын қалыптастыратын стратегиялық консультациялардың негізі ретінде қарастырамыз», — деп атап өтті Түркия Республикасының вице-президенті Джевдет Йылмаз.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ: АЛЫС-БЕРІСТІҢ АУАНЫ ҚАЛАЙ?

Қазақстан тарапы жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру шеңберінде өнеркәсіптік платформалар мен мемлекеттік қолдау құралдарын ұсынуға дайын екендігін атап өтті. Өткен жылы экономикаға шамамен $390 млн түрік инвестициясы тартылды, небәрі 20 жыл ішінде бұл сома $6 млрд-тан асты. Бүгінде құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, металлургия, АӨК өнімдерін терең өңдеу, көлік және логистика, фармацевтика өндірісі, электрондық аспаптар және тағы да басқа салаларда жалпы сомасы $4 млрд болатын 98 инвестициялық жоба іске қосылды. Одан бөлек $3,9 млрд болатын тағы 50 жоба жүзеге асырылуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалы 6,4 млн тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 35%-ға артты. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымал көлемі 4 млн тоннадан асты.

ОРТАҚ БАСЫМДЫҚ - ОРТА ДӘЛІЗ!

Ортақ басымдық – Орта дәлізді дамыту және осы бағытта инфрақұрылымды жаңғырту, «тар» учаскелерді жою, порттық және терминалдық қуаттарды кеңейту, цифрлық шешімдерді енгізу және тарифтік саясатты үйлестіру бойынша бірлескен жұмыстар жүргізу. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бұл бағыт бойынша жүк ағыны 7 жылда 5 есеге өсті, жеткізу мерзімі 13 күнге дейін қысқарды.

Өз кезегінде Жевдет Йылмаз ынтымақтастықты дамыту бойынша қабылданып жатқан қадамдардың арқасында тараптар жақын арада екіжақты сауда көлемін 15 миллиард долларға жеткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, Агроөнеркәсіп кешенінде өткен жылы тауар айналымы 25%-дан астамға артып, $360 млн-ға жетті. Уәкілетті органдар мен Қазақстан мен Түркия бизнесі арасында агротехнология және сақтандыру саласында тәжірибе алмасу жолға қойылған. Отырыс барысында қатысушылар экспорттық ассортиментті кеңейту және қосылған құны жоғары жаңа бірлескен өнім өндірісін іске қосу арқылы тауар айналымын әртараптандырудың өзектілігін атап өтті. Сонымен қатар бидай, жасымық, жемшөп және майлы дақылдар бойынша қазақстандық экспорт көлемін одан әрі ұлғайту мақсатында ветеринария және фитосанитария саласында бірлескен жұмыс қажеттігі атап өтілді.

Мұнай-газ саласында, геологиялық барлау және басқа да ірі бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы энергетикалық әріптестікті дамыту мәселелері қаралды. Түркия аумағы арқылы өтетін және қазақстандық мұнайды тасымалдайтын «Баку – Тбилиси – Джейхан» құбыры инфрақұрылымының стратегиялық маңызы атап өтілді. Энергетика, көмір және өзге де салаларда инновациялар енгізу бойынша тәжірибе алмасу екі ел арасындағы ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге көтереді.

Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде Қазақстан мен Түркия өзге елдермен бірлесіп, Киберқауіпсіздік жөніндегі кеңес пен CubeSat-12u жерсерігін әзірлеу бағытында бірлескен жұмыс жүргізуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасын цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі бастамаларына ерекше назар аударылды. IT-білім беру, финтех, киберқауіпсіздік және электрондық қызметтер саласындағы бірлескен жобалардың әлеуеті атап өтілді. Астана қаласында Орталық Азиядағы екі ірі суперкомпьютерлік кластер іске қосылып, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Сонымен қатар инвесторлар мен серіктестерге қуаттар, инфрақұрылым және арнайы салық жеңілдіктері ұсынылатын «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасы жүзеге асырылуда.

Денсаулық сақтау саласында инвестициялық ынтымақтастық, ақпараттық технологиялар және академиялық тәжірибе алмасу негізгі бағыттар ретінде айқындалды. Түрік серіктестерінің қатысуымен Қазақстанда жаңа ауруханалар салу, онкологиялық инфрақұрылымды, университеттік клиникаларды дамыту және фармацевтикалық өнім өндіру бойынша жобалар жүзеге асырылуда.

Көлік, Сауда және интеграция, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Өнеркәсіп және құрылыс, Оқу-ағарту министрліктерінің басшылары Қазақстан тарапынан әріптестікті одан әрі нығайтуға қатысты ұсыныстар беріп, пікір білдірді. Түрік тарапынан Көлік және инфрақұрылым, Сауда, Энергетика және табиғи ресурстар, Ауыл және орман шаруашылығы, Өнеркәсіп және технологиялар, Ұлттық білім министрліктерінің басшылары қатысты.

Жиын қорытындысы бойынша Бектенов пен Йылмаз сауда, инвестиция, өнеркәсіп, көлік, энергетика және басқа да салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беретін отырыс Хаттамасына және Іс-қимыл жоспарына қол қойды.

Abai.kz

0 пікір