Сәрсенбі, 13 Мамыр 2026
285 0 пікір 13 Мамыр, 2026 сағат 18:26

Заңды импорттан — қайта салық өндіру. 5 мың көліктің дауы парламентке жетті

Қазақстанда BYD Destroyer 05 маркалы гибрид автокөліктеріне қатысты кедендік және салықтық дау туындауды. Мәселе тек азаматтардың шағым деңгейінде қалып қоймай, енді Парламент Мәжілісі депутатының ресми депутаттық сауалы арқылы Бас көлік прокуратурасының қарауына ұсынылды.

Қазақстанның бір топ азаматы, нақтырақ айтқанда 51 көлік иесі Мәжіліс депутаты Абзал Құспанға ресми хат жолдап, BYD Destroyer 05 маркалы гибрид автокөліктеріне қатысты мемлекеттік кірістер органдарының әрекеттеріне құқықтық баға беруді сұрады. Олар өз өтініштерінде BYD Destroyer 05 көліктерін әкелу кезінде барлық рәсімдер қолданыстағы заңнамаға толық сәйкес жүргізілгенін, кедендік төлемдер сол уақытта бекітілген ережелер бойынша төленгенін алға тартқан.

DESTROYER НЕНІ БҰЗЫП КЕТТІ?

Көлік иелерінің мәліметінше, 2025 жылдың ақпан мен қыркүйек айлары аралығында Қазақстанға BYD Destroyer 05 үлгісіндегі 5000-нан астам автокөлік әкелінген.

Олар кедендік рәсімдеуде сол кезеңде қолданыста болған заңнама мен алдын ала сыныптау шешімдеріне (АСШ) сүйенгенін айтады. Яғни, импорттаушылар барлық төлемдерді ресми тарифтер бойынша төлеп, рәсімдерді толық аяқтаған. Сол кезеңде импорттаушылар алдын ала сыныптау шешімдеріне (АСШ/ПКР) сүйеніп, ТН ВЭД 8703603099 коды бойынша рәсім жүргізген. Бұл код сол уақытта жеңілдетілген салық режимін қолдануға мүмкіндік бергені айтылған. Одан кейін ТН ВЭД коды өзгертіліп, 8703603098 нұсқасы енгізілген және бұрынғы рәсімдерге қатысты қосымша салық есептеулері жасала бастаған.

«2025 жылдың қыркүйек айынан кейін аталған көлік құралдарын сыныптау тәсілі өзгертілді. Кейіннен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті аумақтық мемлекеттік кірістер департаменттеріне азаматтарға кедендік төлемдер мен салықтарды қосымша есептеу туралы талаптармен бұзушылықтарды жою жөніндегі хабарламалар жолдауды тапсырды.

Хабарламаларды алғаннан кейін азаматтардың басым бөлігі белгіленген мерзімде жазбаша түсініктемелер мен қарсылықтарын ұсынды. Соған қарамастан, аумақтық мемлекеттік кірістер органдары ұсынылған дәлелдерді тиісінше қарастырмай және уәжді жазбаша жауап берместен, хабарламалардың орындалмағаны туралы шешімдер шығарды», - делінген депутатқа жолданған хатта.

БҰҒАУ МА, БҰҒАТТАУ МА?

Даудың маңызды бөлігі – қаржылық шектеулер. Кейбір азаматтар мен жеке кәсіпкерлердің банктік шоттары бұғатталғаны, төлем жасау мүмкіндігі шектелгені, тіпті қаржылық қосымшаларға қолжетімділікке кедергі келгені айтылады.

Сонымен қатар бір субъектке орта есеппен шамамен 1 миллион теңгеге дейін қосымша салықтар мен төлемдер есептелген жағдайлар тіркелген.

«Мемлекеттік кірістер департаменттері жеке кәсіпкерлердің банктік шоттарын бұғаттап, жеке тұлғалардың, оның ішінде Kaspi Bank қосымшаларына қолжетімділігін шектеді. Аталған әрекеттерді біздің конституциялық құқықтарымыз бен заңдылық қағидаттарын өрескел бұзу деп есептейміз», - делінген хатта.

DESTROYER ДАУЫ – ДЕПУТАТ САУАЛЫ

Осы дауға байланысты Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Бас көлік прокуратурасына депутаттық сауал жолдады. Депутат өз сауалында көлік прокуратурасы мен мемлекеттік кірістер органдарының әрекеттеріне кешенді құқықтық баға беруді, сондай-ақ қабылданған шешімдердің заңдылығын тексеруді талап етті.

Депутаттық сауалда негізгі назар бірнеше мәселеге аударылған. Біріншіден, 2025 жылы әкелінген көліктердің барлығы сол кезеңдегі заңнамаға сәйкес рәсімделгені және алдын ала сыныптау шешімдері ресми түрде қолданылғаны айтылған. Екіншіден, кейінгі өзгерістердің бұрынғы мәмілелерге кері күшпен қолданылуы құқықтық нормаларға қайшы екені көрсетілген. Үшіншіден, банктік шоттарды жаппай бұғаттау мен қосымша салық салу тәжірибесі бизнеске қысым ретінде бағаланған.

Сонымен қатар депутат прокуратурадан тексеру нәтижелерін 5 жұмыс күні ішінде ұсынуды, заңсыз шешімдер анықталған жағдайда оларды жоюды, шоттарды бұғаттауды тоқтатуды және жауапты тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беруді сұрады. Сауалда бұл жағдайдың жүйелі сипат алғаны және мемлекеттік органдарға деген сенімге әсер етуі мүмкін екені де атап өтілген.

Қазіргі таңда бұл жағдайдың қалай шешілетіні прокуратураның тексеру қорытындысына байланысты болмақ. Егер заң бұзушылықтар расталса, аталған іс Қазақстандағы кедендік реттеу тәжірибесіне қатысты маңызды құқықтық прецедентке айналуы мүмкін.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2689
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1809