Сәрсенбі, 20 Мамыр 2026
Білгенге маржан 262 0 пікір 20 Мамыр, 2026 сағат 14:29

«Қылмыс» романындағы «Ақай» - Абақ Қасымов

Суреттер автордың жеке архивінен алынды.

Жанкешты жазушы Қажығұмар Шабданұлының елге әйгілі «Қылмыс» романының (2-кітап, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, Алматы - 2009) 99-бетінен 106-бетіне дейін ауырып жатқан Ақай деген жігіт туралы сөз болады:

«Сүйдің ауданынан келген Ақай қытай тілі сыныбында оқып жүргендердің ең алғыры да, ең арындысы да еді. Қандай қиын деп айтылатын лекцияларды да түтікпей-мүдірмей, тұп-тұнық қазақ тілімен жаттық аударатын. Ол бар жерде тілмәштардың көбі жалтаң еді. Орта бойлы, жуан бас бұл сары жігіт бауырмалдығымен де бар сабақтасын баурап жүретін. Бүгін мұндай болып жатқанда Момынбайдан басқа ешбір қимасы тұмшаланбай жақындамайды... Ақайды класс бойынша кезектесіп үш-ақ тәулік бақтық. Екінші күні кеште дәрменнен мүлде айрылды, құсарда басын көтеруден қалды да, есінен танды. Үшінші түні таң біліне үзілді. Жас өмірі, жарқын үміті бір-ақ кесіліп, күндіз-түні бас алмай оқитын кітабынан мәңгіге қол үзді. Арыз-арманы да, ата-анасына арналған аянышты сәлемі де айтылмай, қара жерге өзімен бірге көмілді. Біздің қолымыздан бар келгені жылап-сықтап табыт көтерісу, басына аты-жөнін жазып, сайғақ қадау ғана болды... Ақай өлер кезінде түтін мен тұманнан көре алмай кеткен Үрімжі аспанын біз көріп, сол бір аянышты өлімді күрсіне еске алып төрт-бес күн өткіздік».

Романда қытай тілі сыныбының үшінші жылдығында оқитын Ақай «менингит»тен ауырып қайтыс болады. Бұл көркем әдебиет, ал шын өмірде сол «Ақай» кім болған?

«Ақайдың» шын өмірдегі аты – Абақ Жармұқамет (Жармай) ұлы Қасымов. Ол 1920-жылы наурыздың 13-жұлдызында Іле қазақ автономиялық облысы, Қорғас ауданының Ластай ауылында, Қасым қажының бесінші ұлы Жармұқамет (Жармай)дың шаңырағында дүниеге келген.

Жастайынан жалындап өскен жас түлек ауылдағы аталары ашқан мектепте үлкен әкесі Абдықадыр апенді қолынан оқығаннан кейін, Сүйдің Күредегі «Мың-қа» шөтаңда (мұңғол-қазақ мектебі) жалғасты білым алған, одан Үрімжідегі мұңғол-қазақ мектебіне оқуға түскен. Одан Үрімжі сіфан мектебінде (педагогикалық колледжінде) оқыған.

Бұл туралы Қабимолла ағамыз: «Абдықадыр апенді үш баласын бірдей Үрімжідегі мектепке оқуға аттандырады. Оның Абақ, Айса, Уалит деген ұлдары Үрімжі сіфан мектебінің қытай сыныбында оқыған» – дейді («Қазақ оқу-ағарту тарихынан қысқаша деректер», Қабимолла Манжыбайұлы, Шынжаң халық баспасы, 1995-жыл, 334-бет).

Сол жолғы оқыған балалар ішінде қытай тілін өте шебер игеріп, ағалап алға шығып көзге көрінген оқушылардың бірі саналған ол Үрімжіде Гоминьданға қарсы жасырын ұйымға қатысқандықтан сезіліп қалып, түрмеде өлтіріледі. Бұл жерасты ұйымы (күпия ұйым) сол кездегі зиялы жастар жағынан құрылған «Гоминьданға қарсы жастар ұйымы» болуы мүмкін. Өйткені, Абақпен түйдей құрдас, тарбағатайдың түлегі Дүбек Шалғынбаев Нұртазаұлы осы ұйымның басшыларының бірі болатын. Қазақ совет энциклопедиясының 12-томының «Ш» бөлімінде: «Дүбек 1941-жылы Шынжаңда Гоминьданға қарсы жасырын жастар ұйымына басшылық жасаған, марксизм идеяларын таратуда үлес қосқан» делінеді. Материалдардағы Дүбектың 1942, 1943-жылдары Үрімжіде қолға алынып түрмеде отыруы оның осы әрекетіне байланысты болса керек.

Осы жолы бірталай оқушы жастар қолға алынып, аянышты түрде өлтіріледі. Солардың қатарында Бұрхан Шахидының қарындасының ұлы Рүстем де бар. Бұл туралы Бұрхан: «Түрмеден шыққаннан кейін мен мыналарды ашынышты түрде естідім: қарындасымның күйеуі Қайдар (татар) Шыңшысай жағынан түрмеге түсіп, 1943-жылы түрмеде ауырып өліпті. Қайдардың 17 жастағы ұлы Рүстем 1943-жылы педагогикалық мектепте оқып жүрген кезінде идеялық жақтан жалынды болып, сол кездегі үкіметке наразылық білдіріп, өлең және үгіт қағаздарын жазады. Мұны Әкпар  (яғни Ашурын, кейін келе сақшылар басқармасы аударушы бөлімінің орынбасар бастығы болған) әшкерелеп қойғандықтан, бірқанша сабақтастарымен бірге қолға алынады. Менің осы жиенім түрмеде бамбук шеге қағу, таңба басу қатарлы алуан түрлі қинау көріп, ақыры аянышты түрде түрмеде өледі. Кейбір көне достарымның, айталық, Тайырбек, Шарыпқан, Иұй Уынбин (Жұнысбек) қатарлылардың да түрмеде құрбан болғандығын қайғылы түрде естідім. Шарыпқан зор денелі болатын, тергеу кезінде қарсылық көрсетіпті. Жыртқыштан бетер рақымсыз жендеттер қолдарына қылыш алып, оны тірідей кескілеп өлтіріпті» дейді. («Шынжаңда өткен елу жыл», Бұрхан Шахиды, 580-бет)

Ал жетпістің желкесіне мініп отырған Абақтың туған қарындасы Намазқан апа: «Есімде қалуынша, сол Үрімжіде қолға алынып өлтірілетін жылы жаздық демалыста ауылға келген еді. Мектеп басталар уақыт таяғанда: «Үрімжі қалаймақан болып жатыр, бармаймын» деп айтқан болатын. Бірақ Абдықадыр қатарлы әкелері: «Ең соңғы бір жылың қалды, неге бармайсың? Бар!» деп жіберген еді. Бәлкім сонда Абақ шын сырын айтса, үлкендер оны жібермес те шығар. Содан кеткенде ағаштан салған үлкен үйдің сырт қабырғасына мынандай өлең жазып кетіпті. Мұны біз сияқты кішкентайлар оқып жаттап алған едік. Деседе біраз жерін ұмытып отырмын» – дейді.

Шынын айтқанда, Абақ Үрімжіде жерасты төңкерістік ұйымға қатынасқан, әрі жасырын төңкерістік жұмыстармен шұғылданған. Сондықтан оның Үрімжіге оқуға бармай қоюы мүмкін емес еді.

Бұл өлеңнің толық емес нұсқасын 2004-жылы 2-айда Намазқан апаның айтуы бойынша өзім бір бөлегін жазып алған едім. Кейін осы Абақтың тағы бір қарындасы Сәулетқан деген кісіден сұрап, кем-кетігін толықтағандай болдым. Десе де қартайып отырған кісілер біраз жерін естеріне түсіре алмады. Сондағы Абақтың үй қабырғасына жазып кеткен өлеңі:

«Оқыдым жас уақытымнан талаптанып,
Жолына оқу, өнер барын салып.
Әйтеуыр тырысудың арқасында,
Жетіліп адам болдым, білім алып.

Қытайша дәл бес жылдай оқығаным,
Ойыма білім, өнер тоқығаным.
Талап қылып Үрімжіге кетіп барам,
Әйтеуыр аман болсын шыбын жаным.

Мен кеттім Үрімжіге, қош, аман бол!
Оқуға бір-ақ жылдық созамын қол.
Дәм татып есен-аман келе қалсам,
Ойлайтын күнніз-түні арманым сол.

…………………………………..

Мен жаздым осы хатты, атым Абақ,
Бес жылдай жаңа үкімет берген сабақ.
Өзімнің затым Керей, ежелден-ақ,
Туылдым атам Қасым Керейден-ақ».

Жоғарыдағы екі кісінің айтуы бойынша, Абақ бұл өлеңді дәл сол қабырғаға қатарынан қытай, қазақ екі ұлттың тілінде жазған екен. Екі жазуда керемет көркем. Сол дәуірде қытайша білетіндер тым аз болғандықтан, қытайшасын ешкім де жаттай алмапты. Кейінгі кездері төменге түсірілген талайлаған қызмет тобындағы жолдастардың, мейлі қазағы болсын, мейлі қытайы болсын, бәрі де бұл екі өлеңді салыстырып оқып, бастарын шайқап: «Бұл адам қайда?» деп талай мәрте сұраған кездері де болған екен (Ашамайлы Керей Шымойын шежіресі, 2013-жыл, Үрімжі, 170-171-бет).

Абақ Үрімжіде оқып жүргенде алғабасар төңкерістік идеяны қабылдаған. Сол себепті Жұңго коммунистік партиясының Шынжаңға келген мүшелерімен жасырын қою барыс-келіс жасаған. Ол өте-мөте солардың ішіндегі төңкерісшіл құрбан МауЗыминге тәнті болған сияқты. Сол себепті ол өзінің қытайша есімін «А Зыминь» деп қойып, өз атының бас әрпі «А»ны сақтап қалып, соңына Мау Зыминь деген есімдегі «Зыминь» деген бөлігін тіркеп, «А Зыминь» (阿泽民) деген есіммен аталған.

Бұндай қытайша ат қою туралы Қабимолла Манжыбайұлы: «Шыншысай дәуірінде Үрімжіде оқыған оқушыларда аттарын қытайшаластырып қоятын әдет болған. Мысалы: Тұсыпбек – Дүбек (杜别克) деп, Ануар Мамырқанов – Ан Жианжун (安建忠), Қаусылқан Қозыбаев – Хы Личың (何立成) деп аталған. Бұл әдет 1941-жылы қалған» – дейды («Қазақ оқу-ағарту тарихынан қысқаша деректер», Қабимолла Манжыбайұлы, Шынжаң халық баспасы, 1995-жыл, 269-бет).

Абақтың (А Зыминьнің) жасырын төңкерістік ұйымға қатысқандығы сатқындар жағынан әшкереленіп қалған соң, Шыншысай кертартпа үкіметі жағынан қолға алынып, түрмеде өлтірілген.

Бұл туралы Абақтың туған қарындасы Сәулетқан Жармұқаметқызы да: «Ағамның қытайша аты А Зыминь екен. Ол оқып жүрген кездерінде қытайдың мықты адамдарымен байланыста болыпты. Артынан құпия жұмыстары сезіліп қалып, аяусыз жадыға туралып өлтіріліпті. Кейін 70-те ме, 80-жылдар ма екен, Үрімжіден бірнеше қытай жолдастар Абақтың осы жақтағы туыстарын іздеп келген екен. Бірақ Абақ деп емес, А Зыминь деп қытайша аты бойынша іздеу салыпты. Бұл жақтағылар «А Зыминьнің» Абақ екенін қайдан білсін? «Бұндай адам болған емес» деп жолға салыпты. Бұны мен кейін естідім, қатты өкіндім. Бұл обалды кеткен ағам туралы оқиғаның жай-жапсарын қанық білуге келген бір жақсы орай еді, аттең! Енді оның артына шам жағып іздейтін бізде кім бар еді?» – деп ағыл-тегін жылап алды.

Абақтың өлім хабарын ақын Таңжарық Жолдыұлы Үрімжіден ауылға қайтарда Сайрам бойында отырған елге келіп, өлеңмен естірткен деген бір әңгіме бар ауыл арасында. «Сонда өлгеніне бір жыл болыпты десіп жататын үлкендер» – дейді Сәулетқан апа. Ақын Таңжарық Жолды ұлы 1945-жылы жазда қайтқан екен. Сонда Абақ Жармұқамет ұлы 1944-жылы Шыншысайдың қара лағы болған болады. Абақпен бірге Ластайлық Айса деген жігіт те өлтірілген екен.

Сол кездегі Таңжарықтың өлеңін осы ауылдың қағылез жеткіншектері жаттап алған екен. Өкінішке орай оны білетін  көне  көздердің дені кетіп, бұл өлең сақталмаған. Тек Абақтың қарындасы Сәулетқан апамыздың ауызынан тыңдағанын жазып алдық, қолымызға жеткені:

«Ұлгі еткен оқу жолын жағалады,
Аман ба Қасым қажы балалары.
Әйтеуыр, аман келдім дегеніммен,
Көңілім жазылмастай жараланды.

Жеті жыл бұрын талқы кезеңінен,
Айдалып асқам ұзап өз елімнен.
Айырылып не бір есіл бауырлардан,
Жалғыз келдім, жауыздық себебінен.

Сұм дүние-ай! ісі аққа жала қылған,
Жазықсызды зарлатып, қан ағызған.
Солардың бірі болып оралмасқа,
Аттанып Абақ кетті арамыздан.

…………………………………..

Бейбіт күнде ел тыныш, қазан отта,
Ер аман, жаласыз да, қаза жоқта.
Періште құс бейіске ұшып кетті,
Жаратқан иман берсін азаматқа».

Ал Үрімжіде Абақпен бірге оқыған Амит Абайұлының айтып қалдыруынша: «Бір жолы мектепте көлемді жиын болды. Сонда мынбеге Абақ шығып сөз сөйледі. Қолындағы қағазға қарағанда жоқ. қытайшаны айдатып жатыр. Төмен жақтағы қазақ бізді қойып, қытайлардың өзі қағазға түртіп, ұлгіре алмай қалды. қытайшасы өте күшті еді. Мақал-мәтелмен сөйлегенде, мен-мен деген қытайдың мықтыларының өзі сөз таба алмай қалатын еді. Сол жолы Абақ екі сағат сөз сөйледі. Сол лекциясы мектепте өте зор дабыра қозғап жіберді. онсызда Абақтың атағы едәуір болатын».

Бұл әңгімені Амит Абайұлының ауызынан 1992-жылы Қазақстан, Жаркентке туысшылай барған Әқпар Шайытұлы жазып қалдырыпты. Сол Амит ағаның айтуынша, Абақтың қытайша жазуы өте керемет, көрген жан таң қалатындай көркем жазады екен.

Осы Амит Абайұлы Үрімжіде Абақпен бірге оқығанда жасырын ұйымға қатынаспаған сяқты, өйткені ол кісі Үрімжідегі Гоминьданнан Гүнчандаңға өзгерген (ақиқатқа қайтқан) әскери дивизияның тәржіманы болған, кейін Ұлт азаттық соғысына қатысқан. Бұл туралы Болатқадыр Қонысбекұлының «Азаттық ұшын арпалыс» мақаласында дерек келтіріледі: «1949-жылы 9-айдың аяқ шенінде радиосит Амит Абдықадырұлы мен Иван (орыс) екеуі Матсофыны шақырып алып, Мәскеуден Бейжіңге берілген хабарда: «Ахметжан Қасыми бастаған 11 адам сыртқы Моңғолияда аэроплан (ұшақ) шырғалаңынан қаза тапты», – делініпті деген».

Ал белгілі зерттеуші Қалиолла Нұртазаұлының айтуынша: «Абақ қытай сыныбында оқып жүріп, мұңғол сыныбына «Санминжуи» дан сабақ береді екен. Абақ қайтыс болардан бұрын Гоминьданға қарсы жасырын ұйым «Демократияшыл жастардың» жауапты хатшысы болыпты» – деген еді.

Ал сол Сүйдің ауданындағы Иманалы Жүрекбайұлы ақсақал да Абақ туралы: «Абдықадырдан оқыған балалардан өз ұлы Амит Абдықадыр, Уалит Абдықадыр, Абақ Жармайұлы, Ашым Ыдырыс ұлы қатарлы бір топ оқушы «Мың-қа» шотаңда оқып, жоғары білым алғандар. Осылардың ішінде Абақ Жармайұлы Үрімжіде Гоминьданға қарсы әрекетке қатысқандықтан Гоминьдан жағынан өлтіріледі. Абақты Қажығұмар Шабдан өзінің романының 2-томы, 160-бетінен 180-бетке дейін ерекше жазған. Сол ретті оқыған балалар ішінда қытай тілін өте шебер қолданып, ағалап алға шыққан оқушы еді деп жазған» – деп әңгіме айтады.

Ал сол жазушы Қажығұмар Шабдан Абақты қытай тілі сыныбының үшінші жылдығында «Ақай» деп әдеби атпен алған. Онда: «Сүйдің ауданынан келген Ақай қытай тілі сыныбында оқып жүргендердің ең алғыры да, ең арындысы да еді. Қандай қиын деп айтылатын лекцияларды да түтікпей-мүдірмей, тұп-тұнық қазақ тілімен жаттық аударатын. Ол бар жерде тілмәштардың көбі жалтаң еді. Орта бойлы, жуан бас бұл сары жігіт бауырмалдығымен де бар сабақтасын баурап жүретін» – деп жазады.

Ал 1985-жылы Дашыгүр ауылынан Ыскендір деген қісіның Кұдыбай (Абақтың інісі) арқылы Рашида Қасымоваға (Шажарй Заңгынің қызы, Үрімжіде қызметте болған) жазған хатында Абақ туралы тағы бір тың деректі айтады: «Менің руым Шеру. Абақтың жолдасы, әрі бажасы боламын. Бұрын Іледе Сарашүн, Баташүн деген адамдар болған, ұлты сібе. Екеуі де бұрын Советте (Кеңес Одағы) консул болып тұрған. 43-жылдары Гоминьдан уақытында екеуі де қолға алынған. Мен тарихи байланыспен Баташүнның үйіне барғанымда: «Қайдан келдің?» – деп сұрады. Мен: «Қорғастан келдім» – деп едім. «Абақтың жағдайын сұрап, танисың ба?» – деді. Мен: «Танимын, бізге туыс болып келеді» – деп едім. Сонда Абақтың аманат сөздерін айтты. Екеуі Үрімжіде түрмеде бірге жатқан екен. Біраз уақытқа дейін Абақ таныстық бермепті. Абақты бірінші рет сұраққа алып, ұрып-соғып, қатты қинапты. Екінші рет сұраққа алынғанда шекесіне көмірдің шоғын басып, қолдарына, тырнақтың көбесіне шеге қағып, су-май шашып, қатты ұрып зақымдандырған екен. Түрмеге кіріп бір сөткеде әрең тілі біткен. Сонда Абақ Баташүнның қайдан келгенін, бұрын не істегенін сұраған. Баташүн өзінің Советте консул болып тұрғандығын, Советте пен қатысы бар деп қолға алынғандығын, Ілелік екенін айтқанда, Абақ Баташүнға: «Менің үйім Сүйдің Ластайда. Әкемнің аты Жармай. Мен Шынжаңдағы Жұңго Гуншандаңының ұйымына қатынасқам. Мені 3-рет сұраққа алып шықса, тірі келмеймін. Менің осы сәлемімді сіз тірі қайтсаңыз, менің семьяма жеткізіп қойыңыз. Сізге аманат!» – деген екен.

Бұны Баташүн маған айтқан еді. Әрі осыны айтып тұрып Баташүн: «Қазақтан шыққан ұлы зиялы еді, амал жоқ» – деп күрсінді. Мен мұны 56-жылы Уалитке айтқамын. Баташүн өлді. Оның баласы (Гиду) және бір аты Сасынжа әзір Үрімжіде Әскерй районда демалыста. Ескерту: бұларды Ли Шу Сан, Шаршабек біледі» – дейді. Құдыбай ағаның айтуынша, бұны 1956-жылы Баташүн Ыскендірге айтқан екен.

Есімде қалуынша, Абақты бесікте атастырған екен. Бесік құда болған қызы Шеру руындағы Жықан деген қісіның қарындасы Парида атты қыз, Молтан қажының ауылынан болады. Абақ он алты жасында үйленген. Парида жеңгемізден бір бала сүйген, бірақ ол бала ұзақ тұрмады.

Абақ жастайынан домбыра тартып, күй ойнайтын домбырашы болған. Онымен қоса орыстың гармониясын да нақышна келтіріп, тамаша ойнаушы еді. Жас болған соң оқудан қайтып демалысқа келген кездерінде ауылдағы құрбы-құрдастарымен бірге серілік құрып ойнап кететін. Сондай кездердің бірінде Керімбек мампаң қос атпен Абақты алдырып, ән салдырып, күй тартқызып, сауық-сайранның отауын құрып береді. Ойынның қызығы қашан таусылушы еді. Содан қалың қыз-жігітпен бірге тігілетін үйлерін алып, сауатын биелерін айдатып, Ортақсарының арасанына (жер аты) бірнеше күн ойнап барып қайтады.

Сонда Парида жеңге: «Өңкей қыздың қасында болып, бірге барып сайрандап келдің» деп наз айтушы еді. Бірақ бұлқан-талқан болған мінезін, қара қазандай болған өқпесін көрген жоқпыз. Әне келеді, мыне келеді деген Абақтың өлім хабарын естігеннен кейін, Парида жеңгеміз қайғы-дерттен төсек тартып қалды. Сол шемен болып байланған ауыр дерттен ахлап-ұклеп, ұзаққа бармай, қасіреттен қайтыс болды.

Ал артта қалған үлкен апайым Халида бір жағынан бауырының қыршынынан қиылғанына егілсе, тағы бір жағынан Париданың да жастай солғанына қарап, шын жүрегімен езіліп, Үрімжіге анау-мынау жұмыспен аттанған адамдарға:

«Үрімжі, Манас, Алакөл,
Алакөлге бара кел.
Абаққа барған ағалар,
Абақтан сәлем ала кел!

…………………………

Айналайын Абағым,
Ашылмай кетті-ау, қабағың!
Бір сұмдықты біліп ем,
Болмаған соң хабарың!
Артта қалды езіліп,
Парида сынды маралың…»

– деп сәлем айтушы еді» – деп көз жасын сығымдап алды Сәулетқан апамыз.

Абақ туралы тағы бір тың деректі Ластайдағы пенсионер мұғалым Рапат Ермей (Ермұқамет)ұлы былай келтіреді: «Абақ Жармай (Жармұқамет) әкеміздің үлкен ұлы. Інісі Кұдыбай (Сыдық), қарындастары Халида, Сәулетқан, Намазқан (Шажарй заңгы бағып алған). Абақ жас кезінен ұғымтал болып, бастауышты ұздік оқыған. Біздің нағашымыз Суан Кенембайдың Айса деген баласы екеуінің аты тең аталатын. Абдықадыр әкеміз мектептегі оқушыларының ішінен талдап Абақ, Айса, Ашым, Амит (Хамит) қатарлы балаларды Үрімжіге оқуға аттандырады. 1942-1943-жылдары Шыншысайдың қара ниеті қабынып, алға басар елбасыларын, зиялыларды, тіпті жас оқушыларды да түрмеге жауып, қинап өлтірді. Тұтқындалған оқушыларды жерастындағы суық залға су төгіп, киімдерін шешіп алып, жалаңаш қамайды. Мұздаған оқушылар: «Дене жылытамыз» деп табаны мұз залда тоқтаусыз жүгіріп, соңынан сілесі қатқанда отырған орнында жан үзеді екен.

Ал Абақ пен Айса екеуі мектептегі оқушылардың ұйым басшысы болғандықтан қинап өлтірілді. Біреулер «жадыға турап өлтірді» десе, біреулер «қылқындырып өлтірді» дейді. Басқалардың орнына айдалған Құдыретбайдың айтуында Абақ пен Айсаның аузында, құлағында мақта бар екен депті. Соған қарағанда оларды жадыға турамаған сияқты.

Сол кезде Қорғас Ластайдан Абдылда, Құдыретбай деген екі адам жалған жаламен басқалардың орнына түрмеге айдалады. Құдыретбайдың сүйегі Жалайыр ішінде Ақбұйым, Бейісбай болыстың баласы. Ол Орнықбай деген адамның орнына айдалған. Абақ, Айсалар түрмеге түскенде бұл адам түрменің ешкісін бағады екен. Түрмеге түспестен бұрын да араластығы бар екен. Ол адамның айтуынша, екі баланың сүйегін түрмеден сұрап алып, бір ұйғырға жаназалатып, Үрімжінің сыртындағы бір зиратқа алып барған. Зираттағы қөр қазушылар бір құдыққа төрт ақым шығарып, төрт адам жерлейді екен. Сонымен Абақ пен Айсаны бір құдыққа жерлеген. Сынған көк кесектен белгі қойыпты».

Бұл деректі Құдыретбай деген жалғыз адам айтып отырғандықтан, таразы баса алмауы мүмкін. Десе де сол Шыншысайдың түрмесінде өлгенін айтады. Демек, Абақ туралы айтылымдар әртүрлі болғанымен, оның Шыншысайдың түрмесінде өлгенін барлығы дәлелдеп отыр.

Абақтың өскен ортасы оның тез жетілуіне әсер етті. Ауылда аталары салдырған мектеп болды. Шетелде білім алған әкелері, ағалары болды. Мысалға, Түркиядан оқыған Абдықадыр, Алматы, Мәскеуден оқыған Абай қатарлы әкелері, Алматыда оқып 1938-жылы атылған Несіпбек Қасымов сияқты ағалары болды. Абақ соларға қарап өсті.

Әттең! Тарыдай шашылған қазақтың жас түлек балапаны 24 жасында аққан жұлдыздай болып, қыршыннан қиылмағанда қандай тұлға болып шығар еді кім білсін?..

Ермек Шаяхмет

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2959
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2067